Бір ай бойы жанкүйерлердің делебесін қоздырған Ресейдегі әлем чемпионаты да аяқталды. Финалда Франция Хорватияны жеңіп, өз тарихында екінші рет мәртебелі кубокқа ие болды.

Ресейдегі әлем чемпионатында біраз сенсациялар тіркелді. Германия құрамасы топтан шыға алмаса, Испания, Португалия, Аргентина 1/8 финалда үйлеріне қайтты. Басты фаворит саналған Бразилия құрамасы да ширек финалдан әрі аса алмады. Биылғы чемпионаттың жартылай финалында тек Еуропаның құрамалары ойнады.

Топтық кезеңде жеребесі жеңіл түскен алаң иелері Ресей құрамасы үздік сегіздіктің қатарынан көрінді. Олар плей-оффта пенальти сериясынан 2010 жылғы әлем чемпионы Испания құрамасын қапы қалдырды.

Осы чемпионатта алғашқы рет VAR бейнеқайталау жүйесі қосылды. Соған сәйкес пенальти де өте көп болды. 32 құраманың арасында Исландия мен Панама алғаш рет әлем чемпионатында бақ сынады.

Бельгия – қола жүлдегер

Бельгия құрамасының ойыншыларына сүйсінетіндер көп. Оған себеп те жоқ емес. Эден Азар, Тибо Куртуа, Кевин де Брейне, Ромелу Лукаку, Дрис Мертенс секілді жалғаса беретін тізімдегі ойыншылардың барлығы Еуропаның беделді клубтарында ойнайды. Осы чемпионатта олар топтағы үш ойында 9 ұпай жинаған үш құраманың бірі болды. Плей-оффта Жапониядан 0:2 есебімен ұтылып жатып, жеңісті жұлып алды. Ширек финалда Бразилияны үйіне қайтарды. Бірақ жартылай финалда болашақ чемпион Франция құрамасына жол берді.

Ал үшінші орын өткен ойында Англияға ешқандай мүмкіндік қалдырған жоқ. Екі таймда бір-бір голдан соқты. Сөйтіп, өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатында үздіктер қатарынан көрінді. Бұған дейін Бельгия футболшылары 1986 жылы Мексикада төртінші орын алған. Ол кезде қола жүлде үшін тартыста Платини бастаған Францияға есе жіберген.

20 жыл күткен жеңіс

Финал. Франция – Хорватия. Ешкім күтпеген жұп. Әсіресе, Тәуелсіздігін Қазақстанмен қатар алған Хорватияның шешуші финалда ойнайтынын кім болжаған? Бірақ Модрич бастаған футболшылар осы чемпионатқа тыңғылықты дайындалып келіпті.

Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешамды осы ойынның алдында екі таңдау күтіп тұрды. Бірі – үш бірдей ірі халықаралық жарыстың финалында жеңілген жолы болмайтын бапкер деген атау (Дешам бұған деійн 2004 жылы «Монакомен» Чемпиондар лигасының, 2016 жылы Франциямен Еуропа чемпионатының финалында ұтылған). Екіншісі –  ойыншы әрі бас бапкер ретінде әлем чемпионы атанған жер бетіндегі үшінші адам болу. Дешамның және Франция құрамасының бақытына орай екінші жол бұйырды. Сөйтіп, Дидье бразилиялық Марио Загалло мен неміс Франц Беккенбауэрден кейін осындай қуанышқа кенелді.

Сонымен, Мәскеудегі «Лужники» стадионында 21-рет ұйымдастырылған мундиальдың финалы да басталды. Құрметті қонақтардың қатарында Франция президенті Эммануэль Макрон, Хорватия президенті Колинда Грабар-Китарович, Ресей президенті Владимир Путин, ФИФА президенті Джанни Инфантино отырды.

Бірінші таймда Хорватияның ойыны үздік көрінді. «Үш жолақты» елдің футболшылары қақпаға тура тек бір соққы жұмсады. Оның өзі Антуан Гризманның пенальтиден тепкен добы. Хорватия пас саны жағынан да алда болды (231-120). Алайда Францияның қорғанысы әдеттегідей сенімді ойнады. Дешам шәкірттері қарымта шабуылға ие артқанымен, онысынан түкте шыққан жоқ. Дегенмен бірінші таймды 2:1 есебімен жеңді. Финалдағы алғашқы голды Марио Манджукич өз қақпасына соғып алса, 38-минутта Перишич өз айып алаңында қолмен ойнады. VAR-дың көмегімен төреші пенальти белгіледі. Нүктеге келген Гризманн мүлт кеткен жоқ. Екі голдың арасында Хорватия бір доп салған.

Екінші таймда Франция бапкері Нголо Кантені ауыстырды. Бірінші 45-минутта «Челси» футболшысы сары қағаз алғанннан басқа түк бітірген жоқ.  Хорватия футболшылары допты әуелетіп беріп, бойы қысқа Кантенің алдын орап кетіп отырды. Мұндай матчтарда бойы ұзын Стивен Нзонзидың пайдасы көбірек екенін бас бапкер жақсын түсінгендей.

Үзілістен кейін Франция Мбаппенің жылдамдығын тиімді пайдаланды. 19 жастағы вундеркиндтің көмегімен жиі қарымта шабуыл ұйымдастырды. Соның арқасында тағы екі гол соқты. Оның біреуін «Манчестер Юнайтед» ойыншысы Поль Погба өз атына жазса, соңғысын Мбаппе салды. Килиан – мундиальдың финалында мергендігімен көзге түскен Пеледен кейінгі екінші жас футболшы. Мбаппенің жасы – 19-да. Пеле 1958 жылы Швециядағы чемпионаттың финалында 17 жасында дубль жасаған.

Осымен бәрі бітті деп отырғанымызда, Франция қақпашысы Уго Льорис қателік жасады. Оны еңбекқор шабуылшы Марио Манджукич тиімді пайдаланып кетті. Сөйтіп Хорватия ойыншысы бірінші таймдағы автоголын жуып шайғандай болды. Бірақ бұдан әріге Хорватияның шамасы жеткен жоқ.

Францияның тарихи жеңісіне Антуан Гризманның қосқан үлесі көп. Ол бірінші таймда екі нәтижелі стандарт орындады. Үшінші голда Погбаға пас шығарып берді. Мбаппе соққан төртінші гол кезінде дұрыс позиция таңдап, Хорватия қорғаушыларын алдап соқты. Матчтан кейін футболшы финалдың үздік ойыншысы атанды.

Биылғы финалда жалпы саны 6 гол көрдік. Бұған дейінгі 4 әлем чемпионатының финалында соғылған голдардың саны осындай екен. Бірақ бұл жолы гол көп болғанымен, ойын сапасы жоғары бағаға лайық емес. Голдардың барлығы стандарттан және өрескел қателіктерден кейін соғылды.

Хорватия үшін күміс жүлде алтынға пара-пар деуге келеді. Соңғы рет хорват футболшылары 1998 жылы Франциядағы әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болған.

Франция – Хорватия – 4:2 

Голдар: Манджукич, 18-өз қақпасына (1:0). Перишич, 28 (1:1). Гризманн, 38-пенальтиден (2:1). Погба, 59 (3:1). Мбаппе, 65 (4:1). Манджукич, 69 (4:2).

Франция: Ллорис, Павар, Варан, Юмтити, Эрнандез, Мбаппе, Канте (Н`Зонзи, 55), Погба, Гризманн, Матюиди (Толиссо, 73), Жиру (Фекир, 81).
Хорватия: Субашич, Врсалько, Ловрен, Вида, Стринич (Пьяца, 81), Ребич (Крамарич,71), Ракитич, Брозович, Модрич, Перишич, Манджукич.

Төреші: ПИТАНА, Белатти, Майдана (бәрі де Аргентина).

15 шілде. Мәскеу. «Лужники» стадионы. 78 011 көрермен.

Қызықты деректер

*Франция құрамасының қорғаушысы Рафаэль Варан бір маусымда әлем чемпионы әрі Чемпиондар лигасында жеңіске жеткен төртінші футболшы атанып отыр. Осының алдында Кристиан Карамбе, Роберто Карлос және Сами Хедира осындай қуанышқа кенелген. Бір қызығы, төртеуі де «Реал» клубының ойыншылары;

*1998 жылы Израиль әншісі «Еуровидение» музыкалық байқауында жеңіске жетеді. Сол жылы Чемпиондар лигасында «Реал» клубы топ жарды. Ал әлем чемпион атағы Франция құрамасына бұйырды. Арада 20 жыл өткенде сол үрдіс тағы қайталанды. 63-рет өткізілген «Еуровидениеде» Нетта Барзилай атты Израиль әншісінің бағы жанды. Киевтегі Чемпиондар лигасының финалында Мадрид футболшылары жеңіс тойын тойлады. Ресейдегі әлем чемпионатының кубогы Франция құрамасының еншісінде кетті.

*Ресейдегі чемпионат голдар саны жөнінен үшінші орында. Жалпы, бұл мундиальда 169 гол соғылды. Рекордты қайталауға екі доп жетпей қалды. Әзірге рекорд 1998 жылғы Франциядағы және 2014 жылғы Бразилиядағы чемпионатқа тиесілі (екеуінде де 171 гол соғылған).

Осы 169 доптың 73-і стандарттан кейін қақпада тулап жатқан.

*Марио Манджукич – әлем чемпионатының финалында автогол соққан алғашқы футболшы

*Соңғы рет финалда үш және одан көп гол 1998 жылы «Стад де Франс» стадионында соғылған екен (Франця – Бразилия – 3:0). Ал 1974 жылдан бері бірінші таймда үш доп кіріп көрмеген. Ол кезде ГФР мен Нидерланды ойнаған.

Жалпы, 1966 жылдан бергі финалдардың ешқайсысында 6 гол болмаған. Англия мен Германия Федеративтік Республикасы 1966 жылы экстра-таймға дейін ойнаған. Матч 4:2 есебімен аяқталады.

*Қатардағы әлем чемпионаты 2022 жылдың 21 қарашасы мен 18 желтоқсаны аралығында өтеді. Тарихта алғаш рет әлем чемпионаты қыс айында болмақ. Мұндай шешім Катардың климат жағдайына байланысты қабылданды.

Турнирдің үздік ойыншылары

«Алтын доп» (үздік ойыншы) – Лука Модрич (Хорватия);

Үздік жас футболшы – Килиан Мбаппе (Франция;

Үздік қақпашы – Тибо Куртуа (Бельгия);

«Алтын бутсы» (сұрмерген) – Харри Кейн (Англия, 6 гол).

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №30
24 шілде 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз