Әлеуметтік желіде ойнақы, әзілге толы жазбаларымен танымал Бекзат ұзақ уақыт үнсіз қалды. Өзі тұрып жатқан Вьетнам елі туралы да таныстырып отыратын. Сондағы аустралиялық IT компанияда интерфейс дизайнері. Бір күні парақшасына мүгедектер арбасында отырған суретін салғанда, оны ешкім танымай қалды. Тепсе темір үзетін жігіттің аяқ асты осындай аянышты халге түскеніне кім сенсін?! Құр сүлдері қалған. Жақ сүйегі қушиып кеткен. Отырған отырысына қарағанда, өз аяғымен жүруі мұң секілді… Солай болған екен. Арада бір жылдан аса уақыт өтті. Қазір біршама қалыпқа келген сияқты. Дегенмен… Хал-жағдайын өзінен сұрастырдық. Оқиғасын баяндап беруін өтіндік. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дейді ғой қазақ. Бекзаттың бастан кешкені, бәлкім, біраз жанның өз денсаулығына бей-жай қарамауына сеп болар…  

«Мұндай диагноз туралы бұрын-соңды естімеген екем. Былтыр басқа түскенде бір-ақ білдім. Жиі-жиі фастфуд жеп, кола ішесіңдер ме? Ұйқы режиміне мән бермейсіңдер ме? Оның ақыры не боларын айтайын, жас достарым, сабақ болсын», − дейді 29 жастағы Бекзат Садықов.

Дәрігерлер «аман қалмайды» депті…

− Иә, дәрігерлер менің туыстарыма «аман қалмайды» деген екен. Өйткені, сырқатым асқынып кеткен еді. Құдайға шүкір, аман қалдым. Ол кезеңдер өте жағымсыз, қорқынышты болды. Тыныштандыратын дәрімен ғана өмір сүріп жүргендей халде болдым. Оқиға былай басталды. Былтыр ақпанда қызметтік демалысқа шығып, Алматыда туған-туыстарымның ортасында жүрдім. Демалысымның аяқталуына аз күн қалғанда достарыммен кездестім. Сол кездесу кезінде асқазан тұсымның қатты шаншығанын сездім. Достарым дереу ауруханаға жеткізді. Бірден қан мен зәрдің сараптамасын тапсырдым. Қорытындысы бойынша асқазаныңда тас бар деді. Дәрігерлер тез арада ота жасату қажеттігін айтты. Қалалық тіркеуім болмағандықтан, үйге қайтып кеттім. Түнімен ауырып шықтым да, таңертең басқа ауруханаға барып, қайтадан сараптамадан өттім. Тексеріс қорытындысы бойынша алдыңғы нәтиже қайталанды. Сондай-ақ, бұл күні көзім сарғая бастағаны да анықталды. Бұл сырқаттың қанға тарала бастағанынан екен. Сол күні-ақ қалалық тіркеуге тұрып, №7- қалалық ауруханаға бардым. Панкреатит диагнозын қойды да, ауруханаға жатқызды. Сосын панкреонекроз…

Содан ауруханадағы күндер басталды. Бірнеше күн бойы мені отаға дайындады. Түрлі дәрі-дәрмектер іше бастадым. Шынымды айтсам, сол күндері қатты ауырғандықтан, көп нәрсе есте де қалмады.

Алғашқы ота өте күрделі болды. Алты сағатқа созылды. Отаны хирург Ғани Беристемов жасады. Ауруханаға түскеннен шыққанға дейін Бақтияр Бекішев, Төлегүл Искакова есімді дәрігерлердің қарауында болдым. Біраз күннен соң екінші ота жасалды. Ауруханада бас-аяғы 4 айдай болдым. Дәл менікіндей диагнозға шалдыққандар аз емес екеніне таңғалдым. Мұндай дерт туралы бұрын-соңды естімеген едім.

50/50…

Бұл дерттен айығу оңай емес екен. Кейбіреулер жазылу-жазылмауың 50/50 дейді. Тіпті, бұл дертке шалдыққандардың оннан бірі ғана аман қалады деген қорқынышты деректі есіттім. Ал дәрігерлер түрлі себептерге байланысты мұндай статистиканы сырқаттарға айтпайтын тәрізді. Тек білгенім – дамыған елдердің өзінде бұл дерттен көз жұму қаупі зор. Сұмдық!

Біздің елде адамдар бұл дертке қалай шалдығады дейсіздер ме? Мойындайықшы, кейде тамақтану дәстүріміз дұрыс емес. Кәуапты жеген соң не ішесіздер, айтыңыздаршы? Кола сынды газды сусындар ішкенді жақсы көретіндер өте көп. Тәулігіне бір-екі мәрте ғана апыл-ғұпыл, жеңіл-желпі тамақтана салатын әдеттеріңіз бар ма? Мұндай әдеттеріңіз болса, байқаңыздар. Қазір мен тәулігіне төрт мәрте тамақтанатын болдым. Аз-аздан, бірақ жиі-жиі тамақтанған жөн. Әйтпесе, бұл дерт жас талғамайды екен. Сырқаттанып жатқанымды білгендер түрлі оқиғаларды айтып, маған хат жазатын. Бір кісі осы диагноздан 18 жастағы інісі қайтыс болғанын жазды. Менімен қатар емделген 35 жастағы әйел кісі мен орта жастағы ер адам сауыға алмады… Қандай өкінішті! Мен ауруханада жатқан сәтте бір досым келіп тұратын. Ол құрдасым да дәл осы дертті бастан кешкен. «Қорықпа, сен де мен сияқты сауығып кетесің!» деп, арқамнан қағатын. Көз алдымдағы қайғылы оқиғаларды көріп, өмірден түңіле бастағанымда, сол құрдасым көңілге үміт сыйлайды. Емделу процестерін айтып, әзілдеп күліп алатынбыз. Негізі, күлетін нәрсе емес қой. Түскен еңсемді солай көтергісі келетін…

Бір ине үшін мың доллар…

Оңай баға ма? Мәселен, соматулин сияқты дәрілер мың доллар шамасында тұрады. Ол – бір реттік салынатын ине. Әсері екі аптаға ғана жетеді. Күн сайын қабылдайтын система үшін 6-20 мың теңге көлемінде төлеуің керек. Бұның бәрін неше рет қабылдағанымның есебі жоқ. Емделу уақыты әр сырқат үшін әртүрлі. Біреулер бірнеше ай, ал біреулер жыл бойы ауруханада жатуы мүмкін. Осы аралықта қалтаңда біраз тиының болмаса, жағдай қиын. Мен аяғымнан тұрғанша қанша қаражат жұмсалғанын да білмеймін. Туған-туыс, дос-жаранның бәрі көмектесті. Туған-туыстың осындай қолдауы мен дәрігерлерімнің арқасында аман қалдым.

Панкеонекрозға дейін гастрит, қыжыл, асқазан жарасы сынды сырқат түрлерінен емделгенмін. Содан бері арада біраз жыл да өткен еді. Бұл сырқаттың бәрінің де бір-ақ себебі бар. Дұрыс тамақтанбау және ұйқы режимінің бұзылуы. Сондай-ақ, менің артық салмағым болды. Ауруханаға түскенге дейін 100 келі едім, шыққанда таразы 50 келі ғана тартты. Бұл менің 8-сыныптағы салмағым шығар… Бірнеше ай бойы төсек тартып жатқан соң, 28 жасымда қайтадан жүруді үйренуге тура келді.

Не жеуге болады?

Қазір тамақтанудан зардап шегіп жүрген жоқпын. Ас ішер алдында арнайы дәрі қолданамын. Қуырылған, майлы және ащы тағамдар жеуіме болмайды. Қой еті мен майлы сиыр етін де жеуге болмайды. Жылқы етін, балық және тауық етін жеуге рұқсат. Нан жеуге болмайды дейді. Біраз уақыт өткен соң мұндай диетадан шығарады дейді. Бұлайша тамақтану арқылы артық салмақ, қыжыл, гастрит сынды сырқат түрлерінен айыққаныма қуаныштымын. Қысқасы, дұрыс тамақтанып, уақытында ұйықтасаң – денің сау. Бірақ, бұл түсінікке осындай жағдайлардан соң жеткенім, әрине, өкінішті.

Дәрігер сөзі

Бұл сырқат туралы дәрігер мамандар не дейді? Сұрақтарымызды Бекзатты емдеген Алматыдағы №7 қалалық клиникалық аурухананың дәрігер-хирургі Төлегүл ИСКАКОВА ханымға қойған едік.

− Панкреонекроз  деген қандай диагноз?

− Панкреонекроз – ұйқы безінің жедел қабынуының асқынуынан пайда болатын ұйқы без тінінің өліктенуі. Осыған байланысты қызметі бұзылады.

− Сырқат неден пайда болады?

− Ішімдікті шамадан тыс қолдану, газды сусын, майлы, қуырылған, жылдам дайындалатын тағамдарды көп қолдану. Осы себептерден өт-тас ауруы

асқынады. Іш қуысының ашық және жабық жарақаттары пайда болады.

− Бұл сырқатқа қай жастағы адамдар жиірек шалдығады?

− Жедел панкреатитпен ауырған науқастардың 10-15 пайызы панкреонекрозға ұшырайды. Көбіне егде жастағылар және әйелдер бейім болып келеді.

− Емделу уақыты қанша уақытқа созылуы мүмкін?

− Емдеу уақыты жеңіл түрінде 2-3 апта, орташа түрі 1 ай, ауыр түрі 6 айға дейін созылады. Өте ауыр түрі өлімге алып келуі де мүмкін. Жеңіл түріне шалдыққандар дәрігерге көрінуді қажет етпей, өздігінен ем қабылдайды. Оның нәтижесі көп жағдайда асқынуға апарады.

− Дерттің алдын алу жолдарын айтсаңыз?

− Бірінші кезекте тамақтану тәртібін дұрыс сақтау және жоғарыда атап өткен дерт себептеріне тоқтау қою қажет.

Қарлығаш ДОСАНОВА

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз