Күнделікті өмірде түрлі жаңалықтар мен ақпараттарды естиміз, таратамыз. Уақыт өткен сайын ақпарат айдынының аумағы да кеңейіп келеді. Ал сол мəліметтердің ақ-қарасын ажыратып, рас-өтірігін қалай ажыратуға болады? Ақпарат пен деректердің рас-өтірігін тексеретін FactChecking туралы не білеміз? Думан Смақов бізге осы туралы айтып берді. Ендеше, оқып көріңіз.

FACTCHECKING ҚАШАН, ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

FactChecking ағылшынның «fact» – дерек, «check» – тексеру деген сөздерінен пайда болған. Демек, FactChecking деректің, ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын тексереді. Мейлі, ол саясаткерлердің сөзі болсын, мəдени-ғылыми жаңалық болсын, қарапайым ақпарат болсын, FactChecking оның рас-өтірігін анықтайды.

FactChecking Қазақстанға 2017 жылы ғана келген жаңа термин, жаңа атау. Ал ТМД елдерінде 2014 жылы пайда болған. 2014 жылы қаңтар, ақпан айларында Украина еліндегі соғысқа қатысты түрлі алыпқашпа əңгімелер мен фотосуреттер əлеуметтік желілер арқылы таралып кеткен еді. Халық бұл ақпараттардың қайсысы рас, қайсысы өтірік екенін ажырата алмай, адасушылыққа тап болды. Осы ақпараттардың рас-өтірігін тексеру мақсатында ТМД елдерінде FactChecking саласы жұмыс істей бастады. Жақында ғана Мьянмадағы оқиғаға қатысты таралған кейбір ақпараттардың жалған екенін дəлелдеуде де FactChecking-нің көмегі көп болды.

Қазір Қазақстан бойынша қазақтілді мамандардың саны саусақпен санарлық. Егер бола- шақта сен де осы салаға маманданғың келсе, қазірден бастап шындық пен жалған ақпаратты ажыратуға дағдылануың керек.

FACTCHECKING – АҚПАРАТ КЕҢІСТІГІНДЕГІ ҚАРУ

Журналистика саласында FactChecking жаңадан пайда болған сала емес. Ол бұрыннан бар. Марат Кəрібай- ұлы Барманқұлов өзінің жас тілшілерге арналған оқулығында: «Кез келген елдің əлеуеті нақты ақпарат пен дерексіз нөлге тең» деген екен. Журналистің миссиясы тек қана ақпарат таратып, жаңалық жеткізу емес, оның рас-өтірігін анықтау. Себебі, журналист – қоғамдық пікір қалыптастыруға жауапты тұлға. Ал FactChecking – журналистің ақпарат кеңістігіндегі басты қаруы.

Күнделікті өмірде əлеуметтік желілер арқылы көптеген мəліметтер аламыз. Алайда, олардың қаншалықты шындыққа жанасатынын білмей жатып, басқа қолданушыларға таратып жіберетін адамдар аз емес. Осылайша, қоғамда қате пікір мен көзқарас қалыптасады. Біз мұндайға жол бермес үшін FactChecking саласын меңгеріп, халықтың көзін ашуға тиіспіз.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ FACTCHECK КОМАНДАСЫ ТУРАЛЫ

Factcheck.kz командасы – əлеумет, экономика, мəдениет, саясат жəне тағы да басқа салалар бойынша тəжірибесі бар, елдегі тұңғыш фактчекинг ресурсын ашу жөнінде шешім қабылдаған кəсіби журналистер тобы.

Жобада штаттағы жəне штаттан тыс авторлар бар, олардың арасында жетекші ақпарат агенттіктерінің журналистері мен əр саланың эксперттері де бар.

Жобаның негізгі міндеті – ақпарат құралдарында жария- ланған ақпараттың, əлеуметтік желідегі жазбалардың жəне ел алдында жүрген тұлғалардың мəлімдемелерінің рас-өтірігін тексеру. Сайттағы мақалалар қазақ жəне орыс тілдерінде жарияланады. Болашақта ағылшын тілі де қосылады. Қазақстандағы алғашқы фактчекинг ресурсы оқырманға сенімді дереккөзден тексерілген жəне тəуелсіз ақпарат алуға мүмкіндік беріп, атышулы мəлімдеме жасауға құмар тұлғалардың тарататын ақпаратына барынша мұқият болуына септігін тигізеді.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ «ІЗ» ЕШҚАШАН ӨШПЕЙДІ

Жағалауға барғанда құмның үстінен жүріп өткенде, артымыздан із қалады. Алайда, ол ізді су шайып, жоғалтып жібере алады. Ал əлеуметтік желілердегі «ізіңіз» ешқашан жоғалмайды. Кез келген желіде біреумен хат-хабар алмассаңыз, бір нəрсе туралы жазба жасасаңыз, пікір қалдырсаңыз, бұл əрекеттерді кері қайтара алмайсыз. Сіз бұл деректерді жойып жіберген күннің өзінде деректер базасында сақталып қалады. Сондықтан, желідегі əрбір сөзіңіз бен іс-əрекетіңізге абай болған дұрыс.

БАҚ ПЕН БҰҚАРАЛЫҚ МЕДИАНЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ

Қоғамда ақпарат тарататындарды бұқаралық ақпарат құралдары деген жалпы атаудың аясына сыйғызуға тырысамыз. Маған бұқаралық ақпарат құралдары дегеннен гөрі бұқаралық медиа деген атау жақын. Мысалы, белгілі бір жаңадан шыққан затты жарнамалау үшін журналиске тапсырма берілсе, бұл ақпаратты тарату – бұқаралық ақпарат құралдарының міндетіне кіреді. Демек, өзгелер журналистердің еңбегін мақсатты құрал ретінде пайдаланады. Ал егер редакциялық құрамның тарапынан белгілі бір нəрсе туралы жазуға қызығушылық туып, қоғамда оған деген сұраныс пайда болса, мұндай материалдарды бұқаралық медиа жеткізеді. Сондықтан, біз бұқаралық ақпарат құралдарын емес, бұқаралық медианы дамытуға атсалысқанымыз жөн. Қоғамға қызықты тақырыпты өзіміз іздеп табуымыз керек.

ФАКТ ЖӘНЕ ПІКІР

Көп жағдайда факт жəне пікір дейтін маңызды екі элементті айыра алмай жатамыз. Қате ақпараттың тарауы осы екі факторға тікелей бай- ланысты. Қазақ журналистерінің көпшілігі фактіден қарағанда пікірге жиі сүйенеді. Ақпарат 12 сөйлемнен тұратын болса, оның 7-8 сөйлемінде ғана нақты факті кездеседі. Қалғаны қалыптасқан түсінік, болжам бойынша жазылады.

БІЗ НЕНІ ТЕКСЕРДІК?

Жылда Ұлттық бірыңғай тестілеу науқанында үлкен дау туындайды. Талапкерлер тарапынан, ата-аналар мен ұстаздар тарапынан ақылға қонымсыз сұрақтардың кездескені туралы пікірлер жиі айтылады. «Роза Рымбаеваның сүйікті көйлегінің түсі», «Шыңғысханның жылқысының тісі» деген сұрақтар ҰБТ-да мүлде кездеспеген. Біз мұны дəлелдедік.

ОЖСБ (ВОУД) деген не? Оқу жетістіктерін сырттай бағалау дегені- міз – университет студенттері мен мектеп оқушыларының білімін тексеру арқылы оқу орнының деңгейі мен дəрежесін анықтау. Ал «ВОУД-тан құласаң, аттестат немесе диплом ала алмайсың» дегенді жиі естісеңдер, оған сенудің қажеті жоқ. Фактчек мұны дəлелдеді. ОЖСБ процесі тек оқу орнының деңгейін анықтайды. Оның мектеп оқушысына немесе студентке ешқандай құқықтық салдары болмауы керек. Егер ОЖСБ сынағын дұрыс тапсыра алмай қалып, оқу орны əкімшілігі тарапынан оқу процесінде қандай да бір қиындықтар туындап, қысым көрсетілсе, сіз соттың көмегіне жүгініп, өз құқығыңызды талап ете аласыз.

P.S: 90 минутекі сабақтың уақыты. Біз осы уақыт аралығында ақпаратты тексерудің түрлі тəсілдерін, тегін сервистік жүйелерді, фейк пен спам туралы көп мағлұмат алдық. Бір жарым сағатта алған білімді газеттің бір бетіне сыйғызу мүмкін емес. Алайда, назарларыңа қажет деген ақпараттың аздаған бөлігін ұсынып отырмыз. Болашақ журналистер, ақпарат кеңістігіндегі қаруды дұрыс пайдаланып, бұқаралық медиаға айналуға атсалысуымыз керек. Факті мен пікірдің аражігін ажыратуға, осылайша халыққа нақты мəлімет беруге міндеттіміз. «Журналистикабұл миссия» деп Дебора Кемпбелл айтқандай, миссиямызды мінсіз орындау жолында жалған ақпаратқа жол бермейік.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №47
21.11.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз