Кейіпкеріміз Ескендір Асанқұлмен Назарбаев Университетінің жазғы мектебінде таныстық. Ол – жазғы демалыста Астанадағы аталған оқу орнында жаратылыстану бағыты бойынша білімін жетілдіріп қайтқандардың бірі. Ескендір – Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы.  Робототехника мен бағдарламалауға қызығатын баланың бұл салада жеткен жетістігі де бар. 11-сынып оқушысы осыған дейін мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап, екі бірдей әлеуметтік жоба жасаған. Егер Ескендірдің ойлап тапқан «PHelper» аппараты патенттелсе, нашар еститіндерге ғана емес, құлағы мүлде естімейтіндерге де таптырмас дүние болар еді. Екінші жобасы – «House Control» білезігі де мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін жеңілдететін құрал. Біз Ескендірмен жобалары жайлы әңгімелескен едік…

– Нашар еститіндерге арналған аппарат ойлап табу идеясы қалай келді?

– Елімізде 150 мыңнан астам адамның құлағы естімейтін көрінеді. Олар білім алуда, жұмысқа тұруда, қала инфрақұрылымын пайдалануда, тіпті жедел жәрдем көмегін шақыруда түрлі қиындықтармен күнделікті кезігіп отырады. Идеямды алғашқыда информатика және робототехника мұғалімі Нұрболат Мұратұлына айтып көрдім. Ол кісі жобамның әлеуметтік маңызы бар екенін айтып, жүзеге асыратыныма сенім білдірді. Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға қабылданған күннен бастап робототехника клубына барамын. Осы клубта жүріп робот жасауды, роботтардың атқаратын қызметіне сай оларға нұсқаулық орнатуды, сондай-ақ, arduino платформасы арқылы бағдарлама жазуды үйрендім. Робототехника ең алдымен адамның логикасын дамытады, сосын физика ғылымына қызығушылыққа жетелейді. Сол қызығушылық мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған екі бірдей әлеуметтік жоба жасауыма жол ашты. Сөйтіп нашар еститіндерге арналған аппарат пен дауыс арқылы үйді басқаруға болатын білезік жасап шықтым. «PHelper» мен «House Control» – әзірге ғылыми жоба.

– «PHelper» мен «House Control» қалай жұмыс істеп, қалай басқарылады сонда?

– Мүмкіндігі шектеулі адам қолындағы білезікке үйдің есік-терезесін ашып-жабу, жарықты жағып-өшіру, теледидарды қосып-сөндіру сынды бұйрықтарды дауыстап айтуы қажет. Сонда «ақылды» білезік айтылған пәрменді бірден қабылдап, іске асырады. Мұнда мен білезікке үйді басқаруға болатын бағдарламалық жүйе орнатып қойдым. «PHelper» аппаратын қысқаша түсіндірсем, кішкене көлемдегі вибрациялы құрылғы мен микрофоннан тұрады. Вибрациялы құралды адам тісіне киіп алады, ал микрофон құлаққап (наушник) сынды құлаққа қондырылады. Вибрациялы құрылғы адамның сөзін, яғни дыбысты микрофонға жеткізіп тұрады.

– Қазір нашар еститіндерге арналған аппараттар жоқ емес қой, сіз жасаған құралдың басты ерекшелігі неде сонда?

– Менің аппаратымның ерекшелігі – нашар еститіндермен қатар, мүлде естімейтін адамдар да қолданып, айналадағы дыбысты есту мүмкіндігіне ие болады. Жобамды «Хабар» арнасындағы «Менің арманым» интеллектуалды шоуында қазылар алқасының алдында қорғадым. Жастар жобаларына арналған сол бағдарламада жұмысымды қазылар әлеуметтік маңызы бар, жақсы жоба деп танып, 3-орын иелендім. Ал «House Control» Астананың 20 жылдығына орай өткен «Болашақ қаласы: елорда сәулеті» жас эрудиттердің VIII Наурыз кездесуінде жақсы бағаланды. Бұл кездесуде еліміздің түкпір-түкпірінен келген оқушылардың инновациялық жұмыстарын көріп, танымал ғалымдармен кездесіп-пікірлесуге үлкен мүмкіндік туды.

– Жобаларыңызға авторлық алу, патенттеу жағын ойладыңыз ба?

– Менің қазіргі мақсатым «PHelper» аппаратын әрі қарай жетілдіру, оны ресейлік және шетелдік аппараттармен жақсылап салыстыру. Оған біраз уақыт пен қаржы қажет. Егер болашақта патенттеп, нарыққа шығара алсам, «PHelper»-дің бағасы мүмкіндігі шектеулі адамдардың қалтасы көтеретіндей шамада болады. Жақында «Innovative workplace» яғни технологиялық жұмыс орны деп аталатын тағы бір жобаны бастадым. Бәріміздің қолымыздағы телефон, планшет, ноутбук сынды гаджеттер үнемі қуаттап отыруды қажет етеді. Үйде оларды бір мезетте қуаттасақ, розеткалар, қуаттағыш құралдар бос болмай қалады емес пе? Ал «Ақылды үстел» бірнеше гаджетті бір мезетте қуаттай алады. Мен энергияны электрмагниттік индукция принципін қолдану арқылы жеткізетін етіп оңтайландырдым. Әрі үстелде қуатты үнемдейтін үнемді «ұйқы режимі» бар. Болашақта «ақылды үстелді» сымсыз қуаттау деңгейіне жеткізуді ойлаймын.

– Осының бәрі неден басталды деп ойлайсың?

– Кішкене күнімде ең сүйікті ойыншығым – Лего құрастырғышы болатын. Мен өскен сайын мың сан бөлшек детальдан тұратын Легоның көлемі кішірейіп, құрастыру қиындай түсетін. Сонда да ерінбей, әскери техниканың түр-түрін, зәулім сарай мен алып қамал, перғауындардың кемесін жасап шығамын. Құрастырғышпен ойнағанды жақсы көретінмін, қысқасы. Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы атанбай тұрып, Алматыдағы қарапайым мектептің бірінде оқыдым. 1-сыныптан бастап ата-анам білімді уақытында игеру керектігін санама құйды. Содан болар, барлық сабақты жақсы оқыдым. Мектептегі мәдени іс-шараларда, интеллектуалды сайыстар мен конкурстарда барлық кезде бірінші болуға тырысатынмын. 8-сыныпта туған қалам Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқуға талаптандым. Сөйтіп, орыс тілі, қазақ тілі, ағылшын, математика сынды 4 пәннен емтихан тапсырдым. Екінші кезеңде логикалық тапсырмалар берілді. Екі емтиханның нәтижесінде барлық мүмкін болған 1000 балдан 900 балл жинадым. Сөйтіп Назарбаев зияткерлік мектебінің химия-биология бағытындағы мектебіне қабылдандым. Маған жаңа әлемнің, тамаша кітапхананың, соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған зертханалар мен кабинеттің, ең бастысы, жаңа білім жүйесінің есігі ашылды. Уақыт өте келе, IТ технологияларды қолданып, жаңа инновациялық жоба жасауға деген қызығушылық пайда болды.

– Алда таңдайтын мамандығыңыз да инженерлікпен, робот жасаумен байланысты болады ғой, демек…

– Назарбаев университетінде болған бір апталық дәрістен кейін болашаққа бағытымды нақты айқындадым. Жазғы мектепте инженерия мен робототехника саласы бойынша дамыған елдердің тәжірибесін оқып-білдік. Сондай-ақ, осы мерзімде Елбасы атындағы университетте оқудың барлық тиімді жақтарын өз көзіммен көрдім. Сондықтан инженерия мен робототехника бағыты бойынша аталған оқу орнына қалайда түсемін деген оймен қайттым Алматыма. Былтыр ЭXPO-2017 көрмесі кезінде Астанада робототехникадан «World Robot Olympiad» атты халықаралық додаға іріктейтін олимпиадаға қатыстым. Оған елімізден көптеген бала өзінің инновациялық тың жобаларын әкелді. Болашаққа ең қажетті мамандықтың бірі осы – робототехника. Бүгінде дамыған елдердің бәрінде сауда орындарында роботтар қызмет атқарады. Өзім болашақта әлеуметтік салада қызмет көрсететін робот құрастырғым келеді. Әрине, роботтар адамдарды алмастыра алмайды, бірақ, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін жеңілдететіні сөзсіз. Роботтардан қорқатын заман әлдеқашан кетті. Бізге техникалық прогреске қарай ұмтылу керек. Сенсорлы телефон, банкомат сынды жаңа заттарға тосырқай қарадық қой кезінде, бүгінде оларсыз өмірімізді елестете алмаймыз. Аз жылда «ақылды» роботтарсыз өмір сүре алмайтын боламыз!

Сұқбаттасқан
Қарлыға ИБРАГИМОВА

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз