Бірде психолог маманнан сұқбат алғанымда: «Әлеуметтік желіде өзіңізге білім беретін парақшалар мен адамдарға жазылыңыз. Күніне 20 жазба оқысаңыз, 20 беттік кітап оқығанмен бірдей боласыз. Туыстармен әлеуметтік желіде емес, өмірде көбірек хабарласыңыз», – деген еді. Осыдан кейін әлеуметтік желіде айтары жоқ адамдарға жазылудан бас тарттым. Есесіне, еліміздегі алдыңғы қатарлы мектептер мен оқу орындарының парақшаларына жазылып шықтым. Жетістікке жеткен жастарға қарап сүйсініп отырасың. Қазақстандағы үздік білім беретін 100 мектептің тізімі шығыпты. Көш басын «О.Жәутіков мектебі» аталатын физмат бастап тұр. Назарбаев зияткерлік мектептері мен Білім инновация лицейлерінің әр аймақтағы филиалдары тізімді жалғай береді. Әрқайсысы «үздік ондықтамыз», «үздік жиырмадамыз» деп парақшаларында сүйінші сұрапты.

Бір бала Африкада ауызсудан қиналған адамдарға арнап құдық жасау үшін қаржы жинап жатыр. Бір оқушы информатика пәнінен өткен халықаралық олимпиададан 3-орын алыпты. Ал бүгінгі кейіпкеріміз Абдулазиз, Мансұр Өмірияевтар Burabike қайырымдылық веложарысына қатысып, жүлделі болыпты. Веложарыстан түскен қаржы денсаулығы жоқ балалардың еміне жұмсалады екен. Игі іспен айналысып жүрген Абдулазиз бен Мансұрға риза болдық. Олар халықаралық Spectrum мектебінде оқиды. Абдулазиз 10-сыныпта, Мансұр 5-сыныпта. Мектептің Инстаграм парақшасынан бұған дейін де Абдулазиз туралы оқығам. Ол академиялық ескек есуден спорт шебері.

Ескекші баламен жақынырақ танысқымыз келіп, хат жаздық. Солай Абдулазизпен сөйлесудің сәті түсті. Ол соңғы үш жылда Астана командасының атынан екі рет Қазақстан кубогына, үш рет Қазақстан чемпионатына қатысып, медальдарға ие болыпты. Сондай-ақ жасөспірімдер арасында жұп болып өнер көрсетуде Қазақстан чемпионатында бірінші орын алыпты.

«Академиялық ескек есу спортымен 12 жастан айналыса бастадым. Бұл спорт денедегі бұлшық еттің 95 пайызын дамытады. Сондықтан да барлық ескекшілер аэробтық және анаэробтық жаттығулардағыдай жақсы дайындықта болады.  Ескек есу жүрек соғуының жылдамдығын арттырып,  жүрек қан-тамыр жүйесіне белсенді күш түсіреді», – деп бізге беймәлімдеу спорт түрін таныстыра кетті Абдулазиз. Шәмшінің «Ескегіңді берші маған, мен есейін сен еспе» деген әнін естігеніміз болмаса, ескек есіп көрмеген бізге бұл сала таңсық көрінді. Соңғы кезде еліміздің ескекшілері халықаралық жарыстарда тәуір нәтиже көрсетсе де, оларды аса танымаймыз. Сол себептен де қаншама қазақ баласы болашақта осы спортқа қызығар деп Абдулазиз арқылы ескек есу спортын таныстыруды жөн көрдік. Бәлкім, бүгінгі кейіпкеріміз болашақ олимпиада чемпионы шығар…

– Астана қаласындағы №4 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінде жаттығамын. 4 жылдан бері Асылан Құсайынов деген жаттықтырушымен жұмыс істеймін. Бізде жаттықтырушылардың тәжірибесі мол.  Сабақ уақыты кезінде аптасына алты күн жаттығуға барамын, тек жексенбі ғана демаламын. Ал жазда аптасына 10 рет жаттығу жасаймын (сәрсенбі, сенбі күндері жарты күн, жексенбі – толық демалыс күні). Қайықпен суға шығуды үйрену, ескекті есу қиын болмады. Оны бір жазда-ақ үйреніп алдым. Бұл спортта маған қатты ұнайтыны – жаттығу техникасының маңызды рөл ойнайтыны. Ескекшілер техникамен көп жұмыс істейді. Техникасын меңгеріп кету оңай емес. Бастапқыда маған ыңғайсыз, бірақ қызықты болды. Есекті айналдыру кезінде бірдеңені сындырып алатындай немесе шалт қимыл жасап қойғандай сезімде болатынмын. Спорт осынысымен де спорт. Өйткені әрбір қимылыңды қадағалап, саралау арқылы жеңіске ұмтыласың. Академиялық тәсілмен ескек есуде атлеттер ұзын қайықтарға мінеді. Екі ескек болады. Жарыс ағын суда өтеді. Академиялық есек есетін спортшы минутына 46-48 ретке дейін жұмыс циклін жасауы мүмкін. Негізгі күш аяқ пен арқа бұлшық етіне түседі. Бұл спортта көздің қырағылығы да керек. Өйткені қарсыластарыңның қалай келе жатқанын, мәре сызығына қандай жылдамдықпен келе жатқаныңды бақылап отырасың.

Абдулазиз, сенің веложарысқа қатысатыныңды да білеміз. Велосипедті алғаш үйренгенде барлық балада қорқыныш болады. Құлайды, жарақат алады. Кейбір балалар жарақаттың салдарынан мүлде велосипедке жоламай қояды. Осындай балаларға кеңес айта отыршы. Велосипедті дұрыс тебу үшін нені ескеру керек?

–Спортқа жақын адам болғандықтан бірнеше хоббиім бар. Ескек есуден бөлек велосипед тепкенді, баскетбол ойнағанды ұнатамын.

Велосипедті дұрыс тебу үшін ең әуелі отырғышына назар аудару қажет. Оның дұрыс орналасқанын қарау керек. Аяқтың барынша жазылып тұруын қадағалаңыз. Содан кейін ғана велосипедке отырып педальді айналдыра беріңіз. Ең бастысы, құлап қаламын деген қорқынышты сейілтіңіз. Сондай-ақ мүмкіндігінше басқа шлем киіп, велик тебу ережесін ұстануыңызды ескертер едім. Өйткені великті алғаш тебе бастағанда алдыңнан түрлі кедергілер шығып қалуы мүмкін. Сондайда шалт қимыл жасаймын деп, великтен оңбай құлайтындар бар. Ондай кезде қорғаныш киімдерін кимесеңіз, жараланып қалуыңыз мүмкін.

–Мектептеріңдегі сабақ өту, емтихан алу жүйесімен таныстыршы… Бірнеше тіл білетін шығарсың?

–Халықаралық Spectrum мектебінде оқып жатқаныма 10 жыл болды. Сабақ тек қана ағылшын тілінде жүреді. Таңғы сағат 9-дан 16.20-ға дейін мектепте боламын. Сабағымды жақсы оқимын. Озаттар қатарындамын. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білемін. Биылғы оқу жылынан бастап қосымша француз тілін оқып жүрмін.

Отбасыңда спортпен айналысатын сен ғана ма?

–Отбасымның басқалардан еш айырмасы жоқ, қарапайым. Ата-анам және інім тұрамыз. Інім де менімен бірге есек есу спортымен айналысады.

–Жоғары сыныпта оқисың. Мамандық таңдаған боларсың? Қандай оқу орнын, қай мамандықты таңдадың?

–Болашақта АҚШ-та немесе Еуропа елдерінің бірінде білім алуды жоспарлап отырмын. Инвестициялық басқару мамандығын таңдадым.

Кумирің кім?

–Әзірге өзіме үлгі етерліктей адамды кезіктірмедім.

Замандастарыңа қандай кітап оқуға, фильм көруге кеңес бересің?

–15-16 жас аралығндағы жасөспірімдерге Михаил Булгаковтың «Мастер и Маргаритасын» оқуды ұсынар ем. Сондай-ақ америкалық жазушы Теодор Драйзердің «Финансистінің» де  берері көп. Ал фильмдерден «Интерстеллар» мен «Гоголь» трилогиясын көруге кеңес беремін.

–Әңгімеңе рақмет! Жеңісің көп болсын!

Жадыра НАРМАХАНОВА

«Ұлан газеті», №39
25 қыркүйек 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз