Əдетте ешкі малын онша елей бермейміз. Ауылда өсімі жақсы деп кеспелікке ұстайтынымыз болмаса, сауып, сүтін ішіп жүрген жанды көрмейтініміз рас. Ал 19 жастағы Алмаз Батырхан олай ойламайды. «Ешкі – сойып жесең бір күндік, Сауып ішсең мың күндік» деген сөзді жадына мықтап тоқып алғандай. Ешкі сүтін кəсіпке айналдырып жүрген Алмазды əңгімеге тарттық…

– Ешкі сүтінің пайдасы туралы, оны іске асыру жөнінде бұрыннан ойлап жүретінмін. Мəдениет үйінде іскерлік тəжірибеден өтіп жүрген кезім еді. Бірде аудан əкімінің есеп беру кеші болды. Сол кезде Жаркент қаласындағы негізгі мəселелерді айтқан болатын. Əсіресе екі мəселеге қатты көңіл бөлу керегін айтты. Оның бірі – туберкулез ауруы, екіншісі – асыл тұқымды малды дамыту. Байқасам, осы екі мəселе де ешкі малымен байланысып тұрғандай көрінді. Ешкінің сүті – туберкулезге ем, əрі асыл тұқымдыға жататын түрі бар. Осыны ойлап жүргенімде, ауданға «Жас прожект» деген жоба келді. Төрт облысқа барған екен. Сонда сауын ешкіні дамыту жоспарымды ұсынып көрдім. Жобамның негізгі мақсаты –бір жағы бизнеске айналдыру, бір есептен əлеуметтік жоба. Осыны түсіндірдім. Ешкінің сүтін сатамын жəне ауруханадағы емделушілерге тегін ұсынамын дедім. 4-5 кезеңнен өтіп, жобаны ұтып алдым. Жобадан 1 миллион теңге ұттым. Қаражатты үш бөліп берді. Сауын ешкілерді əр жерден жинадым. Қаңтарға дейін жоба бойынша жұмыстарды өткіздім. Жоба біткеннен кейін де жұмысымды тоқтатпадым. Сүтті сатыпалушылар да көбейді. Сонда да сүттің бағасын бір қалыпта ұстап отырдым. 1 литрі – 300 теңге.

– Қанша ешкің бар?

– 10 ешкі бар. Лақтары да бар. Швейцарияда туберкулезбен ауыратындарды тек ешкі сүтімен емдейтін шипажай бар екен. Ешкінің сүті 99 дертке ем дейді. Демек, пайдасы көп.

– Болашақтағы жоспарың осыған қатысты ма?

– Иə, ешкіні көбейтсем деймін. Мемлекеттен субсидия бөлінсе жақсы болар еді. Себебі əлеуметтік жобаны үзбесем деймін. Емделушілер де алғыстарын білдіріп жатыр. Балалар үйіне де ешкі сүтін жеткізгім келеді.

«Қарекет» бағдарла масында айтылған бір əңгіме маған қатты əсер етті. Бір кедейге бір адам келіп: «Сен жомартсың ба?» – депті. «Қайдан жомарт болайын, ішерге асым, киерге киімім жоқ», – депті кедей. Сөйтсе əлгі адам: «Сенің көзің бар – жақсыны неге көрмейсің!? Қолың бар – жақсылық неге жасамайсың?! Жомарттық байлыққа ғана қатысты емес», – депті. Сол сияқты менің де асып-тасып жатқан байлығым жоқ. Бизнес – пайда табу ғана емес, мəселені шешуші фактор болу керек деп ойлаймын.

– Бəрекелді! Оқыған мамандығың осыған қатысты ма?

– Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжінде «Бағдарламалау» мамандығы бойынша оқып, былтыр бітірдім.

– Сауын жағы əдеттегідей, қолмен ғой?

– Иə, əзірге солай. Аппарат алу ойда бар.

– Сүтін пісіріп іше ме, əлде?

– Негізінен сауған күйі, шикілей ішкен дұрыс. Тағы бір істеген жұмысымыз – ешкі сүтінен қымыз жасадық. Бұрын бір кісі ойлап тапқанын теледидардан көрген болатынмын. Сол кісіні іздеп тауып, айтқаны бойынша жасап көрдік. Ашытып, күн сайын пісіп отырасың. Қымызға ұқсайды, бірақ кішкене қою болады. Кейбір кісілер «ешкі қымыраны» деп атап жүр. Ол кісі «күміс» деп ат қойыпты. Оның пайдасы мынау деп өтірік айтпай-ақ қояйын, себебі оған зерттеу жүргізілген жоқ. Ал ешкі сүтінің пайдасы көп. Оның құнары ананың сүтімен бірдей деп айтады үлкендер.

Дайындаған
Асылан БІРЖАНҰЛЫ

«Ұлан» газеті, №32
7 тамыз 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз