Мәртебелі поэзия

 

Міне, күз де келді… Аңсау, алағызу, сағыныш маусымы. Яғни, зерлі сөздің құлындайтын, түйдек-түйдек шер-шеменнің өлең болып боталайтын шағы. Күзге бір ақынның есімін беруге бола ма? Бізше болады. Ондайда күздің бір есімі – Есенғали Раушанов болар еді. Қазіргі қазақ поэзиясында мектепке айналған Есенғали ақын биылғы күз алпысқа келіп қалыпты. Ақын өмірінің берекелі күзі десек, қателеспеспіз. Ол өзінің мерейлі күндерінде оқырмандарына «Амал деген айыңыз…» атты кітап ұсынбақ екен. Қолжазбасын біз де сүзіп шықтық.

АМАЛ ДЕГЕН АЙЫҢЫЗ…

Амал деген айыңыз – жаңбырлы ай бұл,
Жаңбырлы ай бұл – жылаулы тағдырдай бір.
Мен риза жылаулы тағдырыма,
Өтіп жатқан шөлімді қандырмай бір.

Амал деген айыңыз – мына келген,
Күн қабағын ашар ма сұрағанмен,
Жаңбыр кешіп жүгірген балалық-ай,
Құлыншақтай құлдырлап құба белден.

Иен дала жаңбырмен жуынғанда,
Ен салатын ауылда құлындарға.
Құлағынан қан саулап қасқа құлын,
Дірілдейді, қорқады қыбырларға.

Құлағынан қан аққан құлын дене,
Кетпей қойды көзімнен бүгін неге.
Кісінейтін сияқты қыр астында ол,
Сатырлаған нөсердің үнін бөле.

Осы менің тағдырым неге бұлай,
Көз алдыма кіл жетім келеді ұдай,
Өңірімде шынымен аз болды ма?
Өрен жүйрік, шоң мен би, өрелі бай.

Көз алдымда сай-сайдан өрген елес,
Көш, көш бұлт, елесті өңгере көш.
Не бар сонша бүлінген – амал келді,
Амал келіп жылап тұр – ол мен емес.
Жылай берсін!

***

Ой, біздің ел жазған-ай,
Ой, біздің ел жазған-ай,
Қатпар да қатпар қара тас
Қатты емес деп саздан-ай,
Он құлашты орпа деп,
Қырық құлашты орта деп,
Ана ата қоныс Үстіртте
Тереңдігі жүз құлаш
Үш мың шыңырау қазғаны-ай.

Әлқисса, сол үш мың шыңырау мен барсам
Жер бетіне көтеріліп тіп-тіке,
Биіктігі жүз құлаштан әрі асқан,
Аспанменен таласқан
Үш мың мешіт мұнарасына айналар,
Үстірт үстін күңірентіп түнімен,
Дұға оқитын жолыма,
Ондай қоныс қайда бар?

Үш мың мұнара қирамайды, сынбайды,
Көріп пе едің мұндайды.
Тек мен кеткен соң жерге батып тіп-тіке,
Шыңырау боп тына қалады ақырын…
Қайтып пенде қалпына түседі
Біз сияқты пақырың.

* * *
Жиде гүлдеді, жиде гүлдеді,
Дүние неткен көгілдір,
Сен, бәлкім рас сүймедің мені,
Менікі – соқыр сенім-дүр.

Жапырағы ұшып жүдеген бақтың,
Кебі екен деймін бұ тірлік.
Бақытты болып күле де алмаппын,
Бақытсызбын деу – күпірлік.

Өзімді-өзім аядым-ай кеп,
Бетімді жасқа боятып,
Жиде гүлдеді баяғыдай боп,
Баяғы мұңды оятып.

Сары да сары сағым қашады,
Сары адырларды кемерлей.
Сарылтып атқан таңым да сары,
Сарғайып өл сен дегендей.

Қырқасын асқан қиыр да белдің,
Шаншыпты мизам жолға алтын.
Жиде гүлдерін биыл да көрдім,
Бақыт дегенің сол, бәлкім.

* * *
…Содан кейін жаңбыр жауа бастады,
Көкте бұлттар жошы ұрып.
Жылап тұрды Алматының аспаны.
Екеумізге қосылып.

Жауды жаңбыр – ақ тамшылар секіріп,
Сөне берді отты үміт,
Сізбен бірге бара жатты Өтірік,
“Бақытты бол” деп күліп.

Бұрын оны көрмесем де таныдым,
Суық екен күлгені.
Алдында әлі кездесерін тағы мың,
Бала жүрек білмеді.

Бала жүрек қалды езіліп ұядай,
Құлап түскен ағаштан.
Қапияда тамып кеткен сиядай,
Кітабына жаңа ашқан.

Жүре берді сол өтірік жайылып,
Ғадауат боп біз сорға.
Ол не тапты сізді менен айырып,
Не таптыңыз сіз сонда?

Бүгінде оны ұмыттыңыз, білем мен,
Жаңбыр жасын төгеді.
Көресіз бе, күз келіп тұр түнерген,
Сүйем әлі мен оны.

***
Керім қыс. Тайғақ демей табан астың,
Келеді ала қашқың, жағаласқың.
Әжесі арқалаған ақ баладай,
Мойнында бір уыс қар кәрі ағаштың.

Тағы да таудан асып таң келеді…
Таң келіп сәнденеді, бәлденеді.
Ескі әндей (қайырмасы есімде жоқ),
Жадыңа салғысы кеп әлденені.

Паналап қу жапырақты торғай қонды,
Бұл оған қамқа сары тондай болды.
Қысса да тоңбайды енді қырық күн аяз,
(Шын батыр өлген соң да қорғайды елді).

Жазғырма, қыс дейтұғын «кәрі қуды»,
Жұтқандай, тазармақ боп тағы да уды.
Мұз шайнап, қар түкіріп қабарып тұр,
Кім айтты оп-оңай деп арылуды?!

Жаңа жыл. Жаңа буын. Жаңа дәуір,
Біз ғой ол жаңармайтын қара бауыр.
Сондай бір кер кезеңге келіп тұрмын,
Сырты бүтін, ал, ішің ала дауыл…
Сіз ше?

* * *
Жылы ұшырады қалыбың-дағы, әлібің,
Таныдым, қалқам, таныдым.
Біздің ауылдың ерменісің ғой кәдімгі,
Бұл тауда қайдан адасып жүрсің, жарығым.

Сен қайдан жүрсің,
Қалқам-ау, қашан келдің сен,
Жылайсың бірге, күлесің бірге, мен күлсем.
Сенгім келеді, бәріне сенем осы күн,
Іздеп келдім деп сендірші мені сендірсең.

Біздің ауылдың ермені өсіп тұр топтанып,
Босайды көңілім, кеудемді жалын от қарып.
Бауырын қатты сағынған қыздай бір түнде,
Тартқан-ау, әсте Алатау жақты бетке алып.

Күн астындағы Күнекей асқан белдерді,
Асып өтерде Жер көрді қанша, жол көрді.
“Ағаңа бар” деп әжем ғой, әсте жіберген.
Сағанасының етегі толы ерменді.

Сағынышымен алыстан аңсап ұмтылған,
Басынан сипап қарындасымдай бір туған.
Иіскеп тұрмын, иіскеп тұрмын шашын мен,
Басқа не берем?
Нені алам басқа жұртымнан?!!

* * *
Арманда кеткен ағасын
еске алып сорлы інінің айтқан бір сөзі екен:
Домбыраның жазығы не?
Жоқ деймін.
Сен өлгелі бірақ, оны шертпеймін,
Күні бойы төс табанын тасқа үйкеп,
Күн батарда күлге шөккен көрттеймін.

Баурын жерден көтергенде көрт кейде,
Көретіні – қу құлпытас беткейде.
Шанақ жатыр күл-талқан боп шашылып.
Маған десе жанып, күл боп кетпей ме!

Кебірсіді кешегі айдын кең сағам,
Не айтамын, не айта аламын мен саған.
Анамызды сағындың ба?
О, бірақ,
Мен өлер ем сағыныштан өлсе адам.

Мен өлер ем сол сағыныш құрғырдан,
Өлмейді адам, майысқанмен зіл-мұңнан.
Домбырамды қайта құрап алсам ба,
Сен өлген күн өзім ұрып сындырған.

Домбыраның жазығы не?

* * *
Ай, Бозан сен неге қарасың?
Бұл Бозан деген суыңыз,
Боз биенің сүті еді-ау,
Кешегі атам-қазақ, ағам-ноғай бір тұста,
Жайық үшін жұлқыста,
Қиғаш үшін қырқыста,
Екеуі екі жаққа жол алды,
Жолай жатқа тоналды,
Баптағанын зор алды,
Сақтағанын қор алды.
Шерімді ақтаратын жан таппай,
Сергелдеңнен мән таппай,
Мен Бозанға төктім қайғымды,
Оның қара суға айналғаны содан-ды.

* * *
Ол үй жер бетінен жоғалғалы қашан…
Шалдардан сұраңдаршы біледі ме –
Таппайды, таба алмайды біреуі де.
Көшіріп әкеткем мен себебі оны,
Көшіріп әкеткем мен… жүрегіме.

Сезгенмін болмайтынын ісім оңды,
Бәсіре ат жарқабақтан ұшып өлді.
Көң жақта Жолдыаяқ ит ұлып қалған,
Сол бүгін таң алдында түсіме енді.

Ат өлсін, қирап қалсын арба сынып,
Ұлысын Жолдыаяқ ит жалға шығып,
Төрінде жүрегімнің бір жарық үй,
Ұмтылдым сол жарыққа алға асығып.

Сол үйде тамаша күн – бала шағым,
Сол үйде аласадан аласамын.
Әжемнің құшағында әлди айтқан,
Ақықтай жүзікке ойған жарасамын.

Есігін өз қолыммен ашып кілең,
Жылаймын жауып алып,
Тасып, күлем.
Мысалы қырғи қуған сарышымшықтай,
Қу қырсық өкшелесе қашып кірем.

Әжем мәз – өлі әруақтар сүйіне ме,
Мен риза үйіме де, күйіме де.
Көң жақта ұлып қалған Жолдыаяқты
Бірақ та көрем кейде жиі неге?

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз