Ажал тым қатігез. Соңғы сағаты соққан пенденің қасына жақындап, қалтасынан жарқырата қайралған екі пышақты шалт суырып, қапаш-құпаш қайрағанда қатты рақаттанады-ай! Ажал әсіресе жаны бебеулеп ұшатын сорлының көзіне өзі көрінетін сәтін асыға күтетін. Қарашығы зорайып, жанары ытқып кетердей қиналған құрбандығына сақ – сақ күле төніп, біресе мұрнының ұшына, біресе тырнағының ұшына жүгіре зыр қаққан жанды қақшып алып, теріс бұрылып кете беретін. Селкілдеп күліп бара жатқаны бүлкілдеген иығынан білінетін-ді.

Соңғы кездері Ажалдың шаруасы тым қауырт. Анда-мұнда кезек ауысып, тәуліктің жиырма төрт сағатында тыным алар емес. Қайдағы тәулік, ол ендіктер мен бойлықтарды көктей өтіп, бір төнгенде бірнеше жанды бірден уыстап айызы қанып жүр ғой. Адамзат деген мұнша ақымақ болар ма? Бір елде билік үшін қырғын, бір елде жер үшін, енді бір елде әншейін өнбес дау үшін. Бірақ Ажал артық ойланбақ емес. Оның шаруасы – бебеулеген жанды тәннен үзіп жіберіп, қиял жетпес кеңістікке атып жіберу ғана. Қайта келместей ғып. Орала алмастай етіп.

Дүңк-дүңк атыстар Ажалдың жанын кіргізді. Әне, Шам елінде қырғын болып жатыр. Берегіректегі Ирак та бұлқан-талқан. Жерді мөңкітіп небір зеңбіректермен атқылайды келіп. Ондайда Ажал тамашалап қана тұрады. Ешкімнің жанын тартып алмайды. Жан келіп Ажалды паналайды. Басқа барар жері қалмайды ғой. Мылжа-мылжасы шыққан тәннің қай жерін паналасын байғұс? Дерексіз сандалған талай жанды адамзат мекенінен алысқа аттандырып жіберіп, Ажал мұртынан күледі. Адам жанының осынша құнсыз болғанына күледі.

Тіпті бар ғой, соңғы кездері Ажал соғыс болып жатқан жақтарға көз қырын салуды қойды. Ол жанның қиналғанынан рақат табатын еді. Соғыста қиналмай өле салатындар тым көп. Ауыр снарядтар түскен жерін ойран етеді, бір кезде адам делінген жаратылыстан жұқана да қалмай, айналаға қызыл көбік қан шашырайды. Тәннен жан ғана аман қалады, оны Ажалдан басқа кім көрсін? Одан да Ажалекең барсын да, бейбіт заманда соңғы сәті жеткен адамдарды қинасын. Бала-шағасының жылап қалғанынан ләззат алсын, қимас жардың соңғы сөзін айтқызсын, араша күтіп жалбарынған дәрменсіз пенделердің көзіне көрініп-жоғалып, көрініп-жоғалып ойнасын… Қызықтың көкесі сол емес пе?

Ажал қанды қырғынға еріне көз тастады. Бүйте берсе, ертең мына адамзат жанды Ажалға теп-тегін сыйлай беретін секілді ғой. Жо-оқ, Ажал жанды күреспен алғанды жақсы көреді. Оған тегін жан керек емес. Кейде осы қазір тәннен суырып алған жанды Ажал қолындағы таразысына салып салмақтап көретін-ді. Өзінше күнәсін өлшеген түрі. Таразының күнә басын саусағымен батыра басып жіберіп, сақылдап күледі-ай сосын. Қазір оны да қойды. Топырлап өліп жатқан адамдардың қайбірінің күнә мен сауабын өлшеп тұрсын?

Ауыр снаряд жердің астын үстіне келтіре солқ еткізгенде, Ажал тұтаса көтерілген қою шаңға еміне телмірді. Бәрібір ол да өз жаратылысынан алшақ кете алмайды екен. Қанша жан ұшып шығатынын санауға кірісті. Бір үйлі жаннан алдымен жігіт болып қалған ұлы, сосын анасы, сосын әкесі, артынша таяғына сүйенген әжесі көрінді. Шошынған көздері қандай ғажап еді! «Тұра тұрыңдар!» деді Ажал сыздықтата ысылдап. Қолына таяқ ала қойып, сапырылысқан жандарды адамдардан көргеніндей, дәл хоккей үлгісімен шиіре берді, шиіре берді. Жан ұшып кететін кеңістіктің оқпанына дәл соғып жатқанына разы. «Ай, қандай мергенмін!» деді сүйсініп.

Бұл жердегі шаруасын тындырып болып айнала бермекші еді, жаңа ғана снаряд быт-шытын шығарған үй орнына көзі түсті. Түк қалмапты. Опырылып жатыр. Айналасы түгел сондай. Ажал жұмысын жеңілдетіп берген қарсы беттегі зеңбірекшілерге өшіге қарады. Сағаттары соққанда олардың жанын шырқырата алып кететініне сеніп тұрды.

«Умм, умми» деген сәбидің әлсіз дауысы жалт қаратты. Мәссаған, мына сойқаннан тірі қалған біреу бар ма? Төрт-бес жастағы секиген қара қыз көзін уқалап, сәл аулақтан тәлтіректеп тұрып келе жатыр екен. Оқ екпіні ұшырып жіберген болды ғой. Ажал кітабын ашып қарауға ерінді. Демек, бұл қыздың өлім сағаты сірә соқпаған. Әйтпесе тірі қалмас еді. Бірақ бүгін бе, ертең бе, тіпті арғы күні болсын, бәрібір оның жаны да мұның уысына түседі. Асығып қайтеді? Жыласын, қорғансыз қалғанын түсінсін. Мына күннің ыстығында өзі де ұзаққа шыдай қоймас. Ертең іші шермие кеуіп, бет-аузы күп болып ісіп, күн астында қақталып жатқан жерінен тауып алар.

Алыстағы қазақ даласына төніп келе жатып та Ажалдың ойынан әлгі қара қыз кетпеді. Құдіретке таңғалады бұл. Осындай қыздар ертең-ақ суға салса батпас, отқа салса жанбас болып ала-тыны несі? Бір-бір үйдің шаңырағын ұстап, қандай сынаққа да қайыспай қарсы тұрып, мұнымен ойнауға көшеді. Сірә, мына әлем қайтпас Аналардың жігерімен ғана аман тұрған шығар. Әйтпесе, көз алдындағы мына Жер қандай қасірет көрмеді десеңізші… Ажал өзі көрген соғыстардың есебінен баяғыда жаңылып қалған. Соның бәрінен адамзатты Аналар мейірімі ғана құтқарып келе жатыр. Ажал сондай мейірімдердің өміршеңдігіне таң қалады.

Мейлі, әлгі қыз да қазір өлмей-ақ қойсыншы. Ажалмен арпалысып бақсын. Өссін, өне берсін! Қайта Ажалға сондай қайсар жандармен бетпе-бет келіп алысқан қатты ұнайды. Кеше ғана қорғансыз, бақсыз болған сорлы өлім сағатында бір үйлі жанның қимасына айналып, Жаратушыға мың шүкірмен жантәсілім етеді. Ол қыз да солай болады. Ол қыз да ертең жүрегінің түбінде бұғып жатқан батылдық пен қайсарлықты адаспай табады.

Сөйтсе де, Ажал шыдап тұра алмады. Қазақ жерінде барша бала-шағасымен бақұлдасып үлгерген қарияның жанын ала салып, Шам жаққа асықты. Қыз қайтті екен?

Иә, түйсігі алдамапты. Ажал қара қызды босқындар арасынан тапты. Сора-сора жасы ағып, сілелеп қалған бейбақты мүлде бөтен бір Ана жетелеп алыпты. Ажал тағы да таңдана бас шайқады. Өз жанын әрең алып жүріп, жат перзентті қайтпек-ей?! Аяғы аяғына шалынысып, қарсы кездескен адамдардың бәрінің бет-жүзіне үміттене қарап, анасын іздеп шырқырап келе жатқан қыз оған қосымша жүк болмаса, қосымша ауыз болмаса көр де тұр. Бірақ бөтен Ана бәрібір қайтпады. Беліне байлап алған өз баласына қалай алаңдаса, жетегіндегі бейбаққа солай алаңдап, көз ұшындағы шатырларға өлермендене ұмтылады.

«Бітті, адам болып кеттің, қара қыз!» деп күлді ажал. Шатырда өмір бар. Шатырда нәр бар. Кім біледі, бейшара қара қыз ертең бағы жанып, батыстағы сән-салтанаты келіскен елдердің біріне ауып барар. Сол жерде жаңа ата-ана табар. Зеңбіректің жалқы оғынан жоқ болған ата-анасын, бауырын, әжесін ұмытар. Солқылдақ санасының сақтаушы талшықтары бырт-бырт үзіліп, басынан өткен қасіретті күндерді түгел ұмыттырар…

Ажал да қара қызды ұмытты. Онсыз да жұмысы көп еді. Әсіресе, тундрада үсіп өлген саяхатшының жанын алудың қиынға түскені-ай! Өмірге сонша құштар болар ма? Ажал қанша арбап бақса да, саяхатшы сақылдаған сары аяз сүйегіндегі соңғы майды қатырғанша арпалысты. Әй, бейбақ адамдар-ай, өмірге неге ұмтыла бересіңдер осы? Есейген сайын күнәға белшеден батып, қарызы көбейіп, сүйкімі кемісе де адам деген өмірге тоймайды екен ғой. Иә, саяхатшының соңында әйелі, үш баласы қалды. Бірақ әркімнің өмірі өзінікі, өлімі де өзінікі. Кітабындағы тізімге бір қарап алса болды, Ажал уақыты жеткендерді осылай алды-артына қаратпай әкетеді. Қанша арпалысса да, қанша өмірді қимаса да.

Күн артынан күн өте берді. Ажал өзі қаламаса да, қара жалауы желбіреген жаңа ел жаққа жиі, кейде күн сайын, кейде сағат-минут сайын барып тұрды.

Олар әлі қырғын болып жатыр. Ештеңе түсінбей қырылысып жатыр олар. Кім біледі, екі аяқты хайуандардың саны тым көбейіп кетпес үшін де Жаратушы олардың көзі мен көңілін белгілі бір кезеңдерде соқыр етіп қоятын болар. Жер – Ана олар қанша болса да асырайды ғой, бірақ Ажал Құдайдың есебін жақсы біледі. Іріген-шіріген қоғамға осындай зауалдарды жылдар я ғасырлар аралатып жіберіп отырады Жаратушы. Бірақ осы бір қойнауында қара бұлағы тасып жатқан өлкеден сор арылмағалы жарты ғасырға жуықтады. Ажал бұл арадан қаншама жанды уыстап алып кетіп жатса да тойған емес. Тоймайды да.

Ажал кітабын тағы парақтады. Сәлден кейін Шаммен іргелес жатқан елдің шекарасына жетуге тиіс. Босқындар лагерінде өлім көп. Әйтеуір бір өмір сәулесінен үміт еткен боздақтар бұл жерде топырлап өліп жатыр, өліп жатыр. Әсіресе… Ай-й, Ажал сол жерге барғысы келмейді. Шекарадан сәл ішкері бір елеусіз қора бар. Қараусыз қалған баз. Жақында сол жерге асай – мүсей асынған адамдар қаптап келді. Дереу іске кірісіп, баздың айналасын қымтап, есік-терезесін бүтіндеп, ішін түрлі бөлмеге бөліп, кейбірін жарқырата әктеді. Сосын баздың сыртынан терең ор қазды. Терең болғанда да сұмдық енді. Бұл адам дегенің хайуаннан да қатал екен! Ажал әлгі адамдардың әбігерін түсінген кезде қатты ашуланды. Бірақ бұл араласа алатын іс емес. Базды адамдар жан суыратын лагерьге айналдырыпты. Шаруалары былай іске асады: екі адам нән көлікпен босқындар лагеріне барады. Кіре берістегі қарауылдармен ымдасып, қолдарына қомақты түйіншек ұстатып, ішке енеді. Қараусыз, қорғансыз жеткіншектер мен балаларды таңдап жүріп әкеледі де, көлікке отырғызады. Қайта шекараға еніп, базға кірген соң бейбақ балалар бірден операция үстеліне жатқызылады. Бір дәрі егілген соң бәрі дереу ұйқыға кетіп, бірте-бірте тұңғиыққа сүңги береді. Сәлден кейін-ақ жандары кеуделерінен атқып шығып, Ажалдың уысына түседі. Ажал әуелі түк те түсінбейтін. Апыр-ай, бейкүнә балалар жай ғана ұйықтап кетті емес пе? Олардың жандары неге кенет бұған келіп паналайды, а?! Иә… Оташылар балаларға терең ұйқыға жіберетін, ең бастысы, ешқандай ауруды сездірмейтін дәрі егеді екен. Бейбақ баланың көзі ілінісімен олар епсекті қолдарымен тәнін тіліп, соғып тұрған жүрегі мен бүлкілдеген бүйрегін, бауырын, өкпесін, қысқасы, қажеттінің бәрін алып үлгереді. Бірден қолдарындағы шағын тоңазытқыш қорапқа салып, нөмірлеп сөреге қояды. Келесі бір адамдар осы қораптарды түнделетіп көлікке тиеп, белгісіз бағытқа алып кетіп жатады. Балалар бұдан кейін ешқашан оянбайды.

Ажал осындай отадан шыққан балалардың жүзіне қарай алмайтын. Тілінген кеуделері қалай болса солай тігіліп, ойылған көздерінің орнына мақта тығылып, жансыз денелер әлгі терең орға лақтырыла беретін, лақтырыла беретін. Жауыздар олардың тәндерінен тараған сұмдық сасық иіс ауаға жайылмас үшін үстіне топырақ сеуіп тастайды.

Ажал өлімнің сонша ұсқынсыз, мейірімсіз, аяусыз, жиіркенішті бола-тынын осы баздан көрді.

Бірер айдан кейін терең ор бейкүнә балалардың мәйітіне толды да, үсті топырақпен жабылды. Адамдар тағы да терең ор қазды. Сәл ғана әріректен. Лақтыра салуға алыс болмас үшін.

Міне, қазір де Ажал көктегі кеңістікте сол қораға қарай ілбіп келеді. Кітабында он екі бейбақтың өлім сәті көрсетіліп тұр екен. Кімдер екеніне де қараған жоқ. Аманат жанды тез-тез алып кетіп, мәңгіліктің оқпанына салып кеп жіберсе болды. Ақшаңқан көлік босқындар лагеріне келіп тоқтады. Ажал бәрін көріп тұр. Мұртын жылмита тараған жас жігіт қарауыл көрсеткен жетімдердің басынан сипап, бір-бірлеп көлікке отырғызып жатыр. Кенет… кенет… сұлу мұрт баяғы қара қыздың қасына жақындады. Шашын аялай тарақтап, қолына кәмпит ұстатты.

– Алма, барма оған! – деп жанұшыра айқай салды Ажал.

Сұлу мұрт қызды бөтен Ананың қолынан ажыратып алып, бұрыла берді. Ажал аңырып қалды. Енді қайтті? Ол қыз өлмеуге тиіс қой! Ол қыз бір үлкен әулеттің анасы болуға тиіс қой! Ол қыз адал, ақ өліммен өліп, Ажалға аяулы болып аманатталуға тиіс қой…

– Сен оны сұлу мұртқа берме! – деді Ажал дауысы қарлығып. Бөтен Ана да естіген жоқ. Осы уақытқа дейін Ажалдың үнін естіген пенде баласы болған емес.

– Халықаралық балаларды қорғау ұйымынанмын дедіңіз бе? Жақсы болды ғой. Екі күннен бері қатты ауырып, өзі де әлсіреп кетіп еді. Әуелі тамақты аз-аздан беріңіз, аш өзегіне түсіп кетер, – деді Ана.

– Еш алаңдамаңыз. Біз осы жерден қаншама баланы алып кетіп, жақсы жерлерге орналастырдық. Бұл қыз да ертең бақытты өмір кешеді. Солай емес пе? – деді сұлу мұрт үркектей қараған қыздың мұрнынан тартып.

– Зұлым! – деді Ажал кәрлене айқайға басып. – Сен менен де қатыгезсің! Суайтсың! Сенің соңғы сәтің соққанда жаныңды шырқыратып, қинап, азаптап алатыныма сене бер, арсыз!

– А-а, ұмытып барады екенмін, – деп кілт бұрылды сұлу мұрт. – Қыздың ешқандай құжаты жоқ па?

– Жазған-ау, құжаты қайдан болсын?! Құла дүзде бұратылып жатқан жерінен тауып алмадым ба? Атым Фериде деген. Иә, аты – Фериде.

– Айыпқа бұйырмаңыз. Атын айтқаныңыз өте жақсы болды. Фериде Атсыз деп жазамыз құжатқа. Сізге көп рахмет! Сәбиіңізге абай болыңыз. Алла бақтарыңызды ашсын!

– Мың алғыс сізге, қайырымды жігіт! Фериде сізге аманат!

Сұлу мұрт көркем жымиып, Феридені ертіп шыға берді. Шашы ербиіп, беті қожалақтанып кеткен бейбақ қыз әзер ілесіп келеді. Ақшаңқан көлікке үрке қарап, ішіндегі өзіндей топ баланы көрген соң ғана сәл тыншып, Фериде орындықтың ұшына ғана отырды. Сұлу мұрт серігін асықтырып, қарауылдарға әскерилерше құрмет көрсетіп, газды аңыратып баса берді. Балалар көлік ішін азан-қазан қылды.

Сұлу мұрт босқындар лагерінде қандай мейірімді болса, базға жеткенде сонша қатыгезденіп алып еді. Зәрі бетіне шыға тұлданып, қолына іліккен қорғансыз бейбақтарды желкеден түйгіштеп, әр есіктің алдына бір-бірден қалдырып кетіп отырды. Әп-сәтте он екі бала он екі бөлмеге кіріп жоқ болды.

Ажал Феридені бақты. Оны қарсы алған еңгезердей екі жігіт базды аралатып келіп, ең сасық, ең лас бөлмеге алып кірді. Фериде әуелі үркектей қарады, бірдеңе деп былдырлады. Сосын бақырып жылап еді, екеуі тіпті назар аударған жоқ. Жігіттің бірі оны қырандай бүріп алып, ағаш төсектің үстіне солқ еткізіп отырғыза салды.

Ажал шыдай алмады. Өзін Ажал ғып жаратқалы өлім сәтінен іші өртене қашып тұрғаны осы. Алғашқы бөлмеден шырқырай жылап ұшып шыққан сегіз жасар баланың жанына тіпті назар аудармапты. Бейбақ ана қабырғаға бір соғылып, мына қабырғаға бір соғылып, жайра-жайрасы шыққан тәніне қарап одан әрі бақырып тұрғанда ғана Ажал ес жиды. Күнәға батып үлгермеген пәк жанды қақшып алып, мәңгіліктің оқпанына сілтеп кеп қалды. Басқаларын да сөйтті.

Зұлымдарда еш аяныш сезімі қалмаған екен. Фериде нән инені көргенде одан ары бақырды. «Умми, умми» деді жан-жүйесі түгел селкілдеп. Оташылардың бірі бейбақтың қолы мен аяғын тырп еткізбей ұстап, екіншісі инені пісіп қалды. Қыз қарашығы дір-дір етіп ұйықтап кетті.

Ажал жылады. Иә, ол да жылай алады екен. Құдай сүйген құлдарын Ажал да өлімге қимайды екен. Кеңістікте бүк түсе бұрылып алып, Фериденің анасын қайта-қайта шақырған дауысын құлағында күңгірлете қайталай берді, қайталай берді.

Фериденің жаны кеңістікке дем арасында қалқып шықты. Ештеңені түсінбей, жаңағы азаптан тез құтылғанына таңырқап, көк пен жер арасына ілініп тұрып қалды. Ажал мейлінше түсін жылытып, алақанын жая ұмтылды. Иә, оның жүзін көрген жанның бәрі шошыр еді. Тәннің шошығаны түк емес, жанның шошығанынан жаман не бар? Ажал қапелімде осыны есіне түсіріп, өзін Фериде байқағанша көз алдынан мейірімді Аналардың жүзін неше өткеріп үлгерді. Фериденің анасының түрі қандай еді? Перзенттерін қалай еркелететін еді? Ай-й, бірақ оны Ажал қайдан білсін? Сөйтсе де, Ажал өзі көрген Аналардың әлемді жібіткен мейірімін жүзіне үйіруге тырысып, «Фериде!», «Феридежан!» деп дауыстап қалды. Қара қыз кілт бұрылды. Қарашығы дір-дір ете үңілді.

– Осында екенсің ғой, умм! Мені қайда тастап кеттің? Мен қорықтым ғой, анашым… – деді дауысы жарықшақтанып.

Ажал енді сөйлесе сыр алдырып қоятындай сескеніп, езуіндегі мейірімнен айырылып қалмауға жанталасып, Фериденің жанын алақанына аялай қондырды. «Сенің өлімің Жер бетінде қаншалық қатыгез, қаншалық аянышты болғанмен, мен сені аялап қарсы аламын, Фериде! Жаһан жаралғалы ешкімнің жанын осынша мейіріммен қабылдап алмағаныма жер куә, жеті қат көк куә! Сенің өлімің-ақ өлім, бейкүнә сәби! Мен де сенің жаныңа араша бола алмадым» деді жанды мәңгіліктің оқпанына алып келе жатып. Фериде оны, әрине, естіген жоқ. «Анашым, ағам қайда? Әкем қайда? Олар мені күтіп тұр ма?» деп былдырлай берді. Бір кезде өзінің сонша жылдамдықпен зымырап келе жатқанына сене алмай, мәңгіліктің сәулесіне көзі қарығып, сүйкімді жүзі одан әрі балбырап, көзін жұма берді.

Ажал мәңгілікке Фериде жанын аялай табыстады. Өзі қайтадан жауыздар мекеніне асықты.

Сол сәтте Ажал бірінші рет өз міндетінен тысқары әрекет жасады. Ол сұлу мұрт пен оның серіктері қашан өлетінін білуге асығып, кітабының оқылмаған парақтарын ашып жіберді. Жоқ, тым алыс емес екен. Олардың бәрін азапты өлім күтіп тұр екен. Сосын… мәңгіліктегі мәңгі азап күтіп тұрған болар… Иә, солай болар…

Шамға төніп келе жатып, Ажал миығынан күлді. Бұл жолы жауыздардың жанын көп кешіктірмей алатынына күлді. Ал, мәңгілікте Фериде мен сол қатарлы балалардың бәрін рақат күтіп тұрғанына күмәнсіз сенді.

«Ақ желкен» журналы, №5
Маусым, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз