Бүгінгі таңда халықтың көп тіл білетін  жастарға деген құрметі ерекше. Тіл үйрену заман талабы. Өзге тілді білу жаңашылдыққа жетелеп қана қоймай, жаңа мүмкіндіктер мен әсерлер сыйлайтыны сөзсіз. Бір тілді білу сол тілде сөйлейтін тұтас бір елді білу деген сөз. Осы мақсатта шекара асып, Қытай елінде білімін жетілдіріп келген танымал азамат Ертай Нүсіпжановты сұхбатқа шақырдық.

– Ертай мырза, сізді көпшілік жұрт ұлттық арна эфирінен берілген «Аламан айтыс», «Кешкі қонақ»,  бірнеше бағдарламаның продюсер-жүргізушісі арқылы жақсы таниды. Кейін білім қуып, Қытайға оқуға кеткеніңізді білеміз. Осы орайда сұрағым келгені, көпшілігі ағылшын тілін үйренем деп Еуропаға, АҚШ-қа кеткенде неліктен дәл осы Қытайды, қытай тілін меңгеруді таңдадыңыз?

– Рас, қытай тіліне ертеден қызықтым. Ойып, бейнелеу арқылы жазу-сызуы ертеден қалыптасқан алып елдің мәдениетін үйренуге іштей ұмтылыс болды. Қазір екі елдің қарым-қатынасы сан-салалы дамып жатқан уақыт. Өз саламызда бізге де ол елді білу, әрі жан-жақты зерттеудің қажеттілігі сезіле бастады. Маған сондай ой келгені күні кеше ғана сияқты еді, содан бері он жылға таяу уақыт өтіпті. Бір ауыз сөз білмей, тек тәуекелге бел буып бардым. Таңдауымның қате болмағанына, еңбегімнің жемісті болғанына көзім жетті.

– Жалпы Қытайдағы білім жүйесі туралы айтып берсеңіз? Қандай артықшылықтары бар? Нені үйренуіміз керек?

– Қазір білім білім берудің халықаралық жүйесі қалыптасқан. Сол ортақ жүйе арқылы әр елде орнаған білім берудің өзіндік ерекшелігі бар. Мемлекеттік құрылымы мен стратегиясына, елдік идеясына, ғылым мен техникадағы ұстанымдары мен әлеуметтік-саяси қағидаларына, қоғамдық қатынастар мен халықтық сана деңгейіне қарай ұлттық сипатқа ие болады. Яғни, білім жүйесіндегі артықшылық – елде білім берудің ұлттық жүйесін орната алу-алмауымен айқындалады деп түсінемін. Бұл тұрғыдан алғанда Қытай әлем елдері арасында озық тұр. Себебі Қытайда бүкіл халыққа ортақ ұлттық сана қалыптасқан. Мемлекет ішінен бөлек бір мемлекеттік санада өмір сүріп отырған ешкім жоқ. Ондағы әрбір азаматтың мақсат-мүддесі – тұтас бір мемлекеттің мақсат-мүддесіне толық тәуелді. Миллиардтаған халқы болғанымен де олардың тілі, діні, ұлттық мәдениеті ортақ. Мемлекет халық үшін, ал халық – мемлекет үшін қызмет етеді. Бұл Қытайдың экономикасынан да айқын көрініс тауып отыр. Мұның бәрі де сол ұлттық білім жүйесі негізінде қалыптасқан ұлттық идеологияның тамаша жемісі деп есептеймін. Ал бізде басқаша. Ұлт пен ұлысқа, жүзге, руға бөлінуден бөлек, тілге де, дінге де бөлінеміз. Қытай дәл осы қалпында Қытай болып «аспаннан түсе қалған жоқ». Бірнеше империялық дәуірлерді, тарихи кезеңдерді бастан кешті. Мықты басқарудың арқасында өзіндік тілі, діні, бөлек мәдениеті бар. Қытайдың ұлттық идеология қалыптастырудағы қарекеттері сынға ұшыраса да сәтімен өтті. Ортақ тіл мен мәдениет қалыптаспайынша, білім берудің ұлттық жүйесін қалыптастыру оңай болмайды.

– Көп тіл білу – заман талабы, өмірлік қажеттілік. Тіл үйренуде қандай негізгі талаптарды басшылыққа аласыз?

– Кез келген жемісті істер оған қызығып кірісуден басталады деп есептеймін. Тіл үйренуге де ең алдымен қызығушылық қажет. Тілді дұрыс үйрене алмай, алтын уақытын жоғалтқандардың көбі қызықпай кірісіп кеткендер болып жатады. Ал тіл үйренуге деген қызығушылықты қажеттілікпен ұштастырса, тіптен ғажап болады.

Тіл үйренуде ұялмау керек деп айтамыз. «Ұялу» сөзін осында қолданған дұрыс емес. Өйткені ұят адамға ешқашанда зиян шектіріп, кедергі келтірмейді. Ал тіл үйренуге үлкен кедергі жасайтын ұят емес, ол адамның жасқаншақтық мінезі. Сол себепті, тіл үйренуді мақсат етіп қойғаннан кейін еш жасқанбау керек.

Тілді тез үйренемін деген адам сол тілде көп сөйлеп, үйренген сөздерін қысылмайайта беруі керек. Мен қытай тілін үйренгенде сол тілдегі киноларды көп көретінмін. Түсінбеген немесе сөйлем құрылымын білгім келген тұстарында кадрды тоқтатып қойып талдап, маған бейтаныс сөздерді сөздіктен қарап, оны қолдану тәсілдерін үйренетінмін. Одан кейін, түсінбесең де үйде теледидар қосып жүруді, сыртта радио тыңдағанды әдетке айналдырған өте көп көмектеседі.

Сол тілде сөйлейтін ортаның болуы да аса маңызды. Өз еліңде төрт жыл оқып үйренгеннен, сол елге барып екі жылда артық біліп келген әлдеқайда тиімді.

– Естуімше, қытай жазуында 10 мыңнан аса иероглиф бар деседі. Қытай тілін толық меңгеру үшін қанша иероглифті білу керек?

– Қытай тілінің қиындығы сол – иероглифтерің жазылуын отыз жыл тіл үйретіп жүрген кейбір қытайлардың өзі ұмытып қалады. Иероглифтарды қолдану мағынасы өте кең. Тағы бір ерекшелігі – біреуін екіншісіне, екіншісін үшіншісіне – бірін-біріне қосып сан түрлі мағына шығарады. Сол себепті он мың иероглиф жаттаудың еш қажеті жоқ. Олардың көбі қазіргі қолданыста жоқ. Ауызекі сөйлеу үшін 1500 – 2000 иероглиф білсе жеткілікті.

– Баяғыда үлкендеріміз «Мәскеу көрген», «Тәшкен көрген» деп жиі айтатын болған. «Қытай көргеннің» олардан айырмашылығы қандай?

– Ол заманда шекара аспақ түгіл, көрші ауылға барудың өзі біраз уақыт пен күшті қажет ететін. Ал «Мәскеу көрген» немесе «Тәшкен көрген» деп талай-талай ел мен жерді көрген жиһанкезді, шетелде білім алған сауаты мықты адамдарды айтса керек. Қазіргі уақытта Мәскеу мен Тәшкен ғана емес, әлемнің әр бұрышына бару қолжетімді болды. Оңымыз бен солымызда алпауыт елдер жатқанда, бізге «Қытай көргендер» көп қажет. Қытай көру – шын еңбектену мен нағыз күн көрістің не екенін көру. Қытай көру –  дінсіздік пен нағыз қатыгездікті көру. Қытай көру – тоқшылық пен жоқшылықты көру. Қытай көру – ұлтжандылар мен отансүйгіштерді көру деп айтуға болады.

–Біздің Қытай елі туралы түсінігіміз қай деңгейде?

– Біз деп мемлекеттік тұрғыдағы таным-түсінігімізді сұрап тұрсаңыз, онда біз Қытай туралы мүлдем білмейміз деп айтар едім. Білуге де аса ұмтылмаймыз. Ал Қытай билігі бізді «бес саусағындай жақсы біледі». Біздің халық ретіндегі түсінігіміз, қытайдың бақа-шаян жейтіні, сапасыз тауары мен Үрімжідегі сауда-саттығынан ары аспайды.

– Қазақстандағы үш тұғырлы тіл идеологиясының позитивті және негативті тұстары туралы не айтар едіңіз? Біздің қоғамда негативті тұстары көп айтылып жатқанын өзіңіз білесіз. Орыс не ағылшын тілдерін 1-сыныптан бастап оқытуға қатысты пікіріңіз қандай?

– Егер қазақ тілі мемлекеттік тіл ғана емес, ол әрі күнделікті қарым-қатынас тілі болса онда үш тіл идеясын әр азамат бір ауыздан қуана қолдайтын еді. Өкінішке орай, біздегі жағдай басқаша. Қазақтардың қасіреті орыстардың емес, қазақтардың қазақша сөйлемеуінде болып тұр.  Домбыра сатып алушы қазақ пен сатушы қазақтың қазақша біле тұра бір-бірімен орысша сөйлескенін де көрдік.  Демек, мәселе ана тілімізді білмеуімізде емес, ауыздағы тілді қазақшаға қимылдата алмай тұрған қорлығымызда.

Тағдырымызға орай біз онсыз да екі тілді халықпыз. Ал ағылшын тілін үйренуге әрбір ел мүдделі. Біз де білуіміз керек. Қазір қай елге барсаңыз да ондағы екінші тіл – ағылшын тілі. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, біз ағылшынша білмейтін елдердің қатарындамыз. Халықаралық статусына ие болған ағылшын тілі әлемнің, қала берді ғылымның тіліне айналды. Сондықтан, бұл саясат қазақ тілін жою мақсатында қабылданбаса керек.

– Былтыр талантты әнші Димаш Құдайберген Қытайдағы «Singer» жобасына қатысып, әлемге танылды. Сізді соның басы-қасында жүрген адам ретінде білеміз. Биыл қандай жоспарларыңыз бар? Қазақ эстрадасын әлемге таныту мүмкін бе?

Қазақстан үшін әр салада әлемге шығатын жолдардың бәрі де маңызды. Ал өнер саласында Ресей арқылы танылуда көзге көрінбейтін кедергілер көп бар. Сондықтан Қытай арқылы да мол тәжірибе жинап, экономикалық әлеуетті күшейтудің, сөйтіп әлемге қанат жаюдың мүмкіндіктері көп. Бірақ оған жол табудың, жолы табылса оған лайықты әншіні табудың өзіндік қиындықтары да жоқ емес. Қазақ әншілері әзірге қазақтың ғана талғамынан шығып тұрғаны өтірік емес. Әлемге ортақ музыка тілі қазір қазақ тілі мен музыкасын түсіне қойған жоқ. Немесе біздің әнші-музыканттар сол музыка тілін қазақшалап, шартарапқа құйқылжытып, қазақ музыкасын әлемнің сүйікті әндерінің қатарына қоса алған жоқ. Халық талғамы, әсіресе, соңғы жылдары күрт төмендеп кетті. Міне, осындай жағдайлардың себебінен бұл іс біраз кенжелеп тұр. Әр істің өз сәті болады. Сәті жетсе, жоспардағы талай іс дөңгелеп-ақ кеткелі тұр.

P.S.Иә, біздің айта алмай жүрген бір сөзіміз бар. Біздіңше, проблема үш тілде білгеннен шығып тұрған жоқ секілді. Өзге екі тілді біліп, өз ана тіліңде білмеуден шығып тұр. Әйтпесе, үш тіл білгеннен ұтылған жанды көрмедік.

Сұхбаттасқан Жандарбек ЖҰМАҒҰЛОВ

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз