Ертай Қуанышов – компьютердің «тілін» білетін жеткіншектердің бірі. Интернет кеңістігімен қалай танысып, қалай достасқанын әңгімелеп берді. Ең алдымен мектепте оқып жүріп программалау тілін қалай меңгергенін сұрадық. Ертай жауаптан мүдірген жоқ:

– Бастауыш сыныптан бастап-ақ компьютерге қатты қызықтым. Уақытымның көп бөлігін компьютерлік ойындарға арнадым. 9-сыныпта оқып жүргенде ғана программалау тілін меңгере бастадым. Компьютердің тілін ерте меңгеру ойдың жақсы қызмет атқаруына көмегін тигізеді. Бағдарламалауды үйренгеннен кейін сабақ үлгерімім жақсарды. Қиын пәндерді меңгеру жеңіл болды.

– Бала күніңізде немен айналысқан ұнайтын еді?

– 6-сыныпта оқып жүргенде қолөнермен айналыстым. 10-сыныпқа дейін қолөнер көрмелеріне қатыстым. Ауданаралық жарыстардан жеңімпаз болып жүрдім. Нағашыларым қолөнерді ата кәсіпке айналдырған. Ғылым мен зерттеу жұмыстары, өнертабыс та қызық сала. 2015 жылдан бері қолөнерді қойып, компьютерлік программалау жүйесін қолға алдым. Мектепте оқып жүрген кезімнен бастап «JavaScript» және «PHP» деген бағдарламалау тілдерімен таныстым. Мектебіміздің сайтын жасап бердім. Жеке блог жүргізе бастадым. Блог жүргізуіме Massaget.kz порталының көмегі көп болды. Ол жерде үздік блогтардың рейтингі болатын. Үздік блогерлердің материалын оқығанда, өзіңнен өзің күшті жазғың кеп кетеді. Сол жерге біраз жазбам шықты. Кейіннен жеке сайт құрып, соған жаза бастадым. Осы уақытқа дейін 100-ге жуық жазбам жарық көрді. Барлығы дерлік ақпарат және танымдық материалдар.

– Блогыңызда қандай ақпараттар бар?

– Блогерлердің бірнеше түрі бар. Саяхат тақырыбында жазатын блогерлердің материалын оқып тұрамын. Өзім ғаламтормен байланысты мәліметтерді көбірек жазамын. «Мен пайдалы ақпарат білемін, сен де біл» деген мақсатта замандастарыма ақпарат беріп, тәжірибеммен бөліскім келді. Егер блогымды қараған болсаңыз, ол жерде бірнеше электронды кітап бар. Ең алғашқысы шамамен оншақты бет қана болатын. Бес-алты электронды кітап жаздым. Соңғысы «Алғашқы веб-сайт» деп аталады. Ол жерде «HTML» деген гипермәтіндік белгілеу тілі туралы ақпарат жазылған. Бұл веб программистердің бірінші кезекте оқитын құралы десе де болады. Соңғы уақытта Интернет маркетинг саласы бойынша ізденіп жатырмын. Өте қызықты сала. Осыған қатысты кітаптар оқимын, видео сабақтар қараймын.

– Ғаламтор әлемінде кімді үлгі тұтасыз?

– Еліктеу дегенді әркім әрқалай түсінеді. Көп адамның түсінігінде бұл – кез келген бір адамға ұқсауға тырысып, оның істегенін қайталау. Мысалы, не кисе, соны алып кию, шашын бояса, шашын бояп қою. Ал менің түсінігімде еліктеу дегеніміз – басқа бір адамның ұнамды немесе пайдалы іс-әрекетін алып, соған ұқсауға тырысу. Марк Цукерберг – өте қарапайым және өте ақылды, бірақ ешкімге мен сондаймын деп айтпайды, әркім уақыты келгенде өзі аңғарып қана қалады. Еліктеуге тұрарлық басты қасиеттерінің бірі – негізгі түпкі ойы туралы елдің соңынан ғана айтады. Билл Гейтс – мықты стратег маман. Істі қалай атқару керектігін осы кісілерден үйрену керек. Павел Дуров – өте кең ойлы жігіт және тек белгілі бір мәселелерді шешу үшін ғана еңбектенеді, таза еңбекқор. Ең ұнайтын қасиеті – не істесе де мейлінше беріліп істейді. Оны жасаған жобаларынан-ақ байқауға болады.

– Жоспар қандай?

– IT саласына енді ғана кірістім. Болашаққа жоспарым өте көп. Барлық іс нәтижелі болғанын жақсы көремін. Болашақта елімді ақпараттандыру жүйесі дамыған мемлекеттердің қатарынан көргім келеді. Ғаламтор арқылы мобильді қосымшалар жасауды үйреніп жүрмін. Жеке сайтымды тың мәліметтермен толықтыруды көздеп отырмын. «Youtube» әлеуметтік желісінен жеке канал ашып, компьютер, фотошопқа байланысты видеолар салып, тағы біраз пайдалы дүниелер қатарын көбейтпекпін.

 Ендеше, сәттілік!                                                                                    

Әңгімелескен 

Насиба ЗАРЛЫҚОВА

«Ұлан» газеті, №20
15 мамыр 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз