Білім мен ғылымның дамуы барлық əрекетті арнайы бағдарламалардың көмегімен орындауға мүмкіндік береді. Мұның қиын түгі де жоқ, бір тетікті басу арқылы біраз істі бір мезетте орындауға болады. Бұл бағытта елеулі үлес қосып жатқан ІТ мамандарының еңбегін бағалағанымыз жөн. Бүгінгі кейіпкеріміз Ерсұлтан Сапар балмұздақ сататын мейрамханаларға арналған бағдарламалық қамту жүйесін жасаған. Сенсорлы үстелдерде орнатылған бағдарлама көмегімен даяшыны шақырмай-ақ, балмұздаққа тапсырыс бере аласыз. Бұл шынымен де ғажап емес пе?! Delphi тілімен жазылған бағдарламамен Ерсұлтан республикалық оқушылар арасындағы ғылыми жобалар байқауында І орын еншілейді. Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебін алтын белгімен бітірген кейіпкеріміз жобалары туралы əңгімелеп берді:

– Алматының іргесіндегі Өтеген батыр кентінде туып-өстім. Қазір Назарбаев университетінде компьютерлік ғылым мамандығы бойынша оқып жатырмын. Отбасында алты баламыз. ІТ саласына қызығушылық білдірген мен ғанамын. Сегіз жасымда компьютер тілін еркін меңгеріп алғаным сонша, екі жылдан соң алғашқы бағдарламалық жабдықтаманы құрастырдым. Мен үшін бұл үлкен жаңалық болып, сол сəтте болашақта айналысатын ісім де анықталғандай болды. Адам өмірін жақсарту мақсатында жаңа нəрсені құрастырып, пайдамды тигізу туралы күндіз-түні ойландым. Youtube желісінен түрлі бейнесабақтарды көретін болдым.

5-сыныптан бастап информатика пəнінен ғылыми жобалар байқауына қатыстым. Менің алғашқы жобам – физика пəнінен əртүрлі дереккөздерден жинақталған электронды оқулық. 6-сыныпта мейрамханаларға арналған бағдарламалық жабдықтама құрастырдым. Бұл бағдарламалық жабдықтама жасаудағы алғашқы тəжірибелік жұмысым еді. HTML/CSS бағдарламалық жабдықтамасын əртүрлі курстар мен ғаламтордағы кітаптардан оқыдым. Кейіннен PHP & MySQL бағдарламалық жабдықтамасына ауыстым. Сайттар мен форумдардың құрастырылуы қызығушылығымды оятып, 7-сынып оқығанда қонақүйдегі бағдарламаны автоматтандыруды зерттеп, ғылыми жобалар байқауына қатыстым. 8-сыныпта жас ғалымдардың Мəскеу қаласында өткен Халықаралық ғылыми-зерттеу конференциясына қатыстым. Ғылыми-зерттеу байқауларынан ылғи жүлделі І орынды еншілейтінмін. Бұл бағытта ғылыми жетекшім В.В.Сербиннің еңбегі зор. 9-сыныпта республикалық физика-математика мектебіне оқуға түсіп, өзіме жаңаша əлем аштым. Нақты сол кезде алгоритм, есептерді шығару, деректемелердің құрылымы мен бағдарламалаудың жаңа бағытымен таныстым. Осыған дейін бағдарламалауды тек интуитивті интерфейс пен логика деп түсінсем, физика-математика мектебіне түскеннен кейін бағдарламалаудың математикамен тығыз байланысты екенін түсіндім.

– Физика-математика мектебіне алғаш түскенде қатты қиналған шығарсыз?

–10-сыныпта стереометриядан қиналдым. Өйткені фигураларды дұрыс елестете алмайтынмын. Үшінші тоқсанда мұғалімім фигураларды ағаш таяқшалар мен ермексаздан құрауға кеңес берді. Куб, пирамида, призма құрастырып, 3D моделімен есеп шығара бастадым. Тақтада түсіндіргеннен гөрі осылай істеген ұғынықты болады. Фигураның жан-жағынан қарап, ішіне үңіліп, түсіне алатынмын. Өйткені ол шынайы жəне физикалық кеңістігі бар еді. Осындай сабақтардан кейін ғана стереометрияны түсіне бастадым. Күрделі есептерді фигура болмаса да шығара беретін болдым. Бір жағынан бұл ыңғайсыздық тудырды. Фигураны құрастыру, қайтадан ермексазды қалпына келтіру уақытты алады. Визуалдық жағынан қиналатындықтан, фигураларды үнемі қалтама салып жүретінмін.

– Өзіңіз қатысқан nFactorial Incubator – 2017 байқауы туралы айтсаңыз…

– 11-сыныпта досым nFactorial Incubator – 2017 байқауына қатысуға ұсыныс білдірді. Бұл – жазда өтетін, мобильді қосымшаларға арналған байқау. Екеуміз іріктеу кезеңінен өтіп, мектеп бітіру кешінен соң Астана қаласына бардық. Алғашқы айда бізге Swit бағдарламасын оқытты. Қатысушылардың  Swit бағдарламасы бойынша тəжірибесі бар екен. Біз де тез меңгеріп алдық. Дизайн бойынша бірнеше дəрістен соң əрқайсысы өз қосымшасымен жұмыс істеуді бастап кетті. Learning by doing инкубаторлық оқыту əдістемесі бойынша қатысушылар өздері жоба құрастырды. Барлығы мобильді қосымша құрастырумен мұрындарынан шаншылып жүрсе, мен қандай қосымша құрастырамын деп ой үстінде жүрдім. Шамамен бір апта өткен соң Youtube желісіндегі роликтерді көргеннен кейін шешім қабылдадым. Стереометриядан есептерді шығаратын мобильді қосымша жасадым.

– Мобильді қосымшаның қызметі мен ерекшелігі қандай?

– Фреймворк – бағдарламалық жабдықтаманың құрылымын зерттейтін жүйе, яғни iOS (бұрын ARKit деп аталатын) жақында ғана шыққан бағдарламамен тікелей жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Оның құжаттары əлі өңделіп жатса, ғаламторда бірнеше бірдей нұсқасы бар еді. Сонда да сол бағдарлама маған ұнайтын. Осының бəрі маған голограммамен жұмыс істейтін кейіпкері бар киноны еске түсіретін. Бұл менің 10-сыныпта оқығанда қалтамда жүретін пішіндерді бағдарламалық жүйеде іске асыруға септігін тигізді. Өйткені мектеп оқушыларына стереометрия қиындық тудырса, менің мобильді қосымшам арқылы бұл пəнге деген қызығушылық оянады. Қосымша өте қарапайым. Іске қосу барысында алдымен тегіс жерді сканерден өткізіп, тақырып бойынша өтіп жүрген үшбұрышты призмадан бастап, цилиндрға дейінгі пішіндерді анықтап бере алады. Ең алғашқы жəне негізгі функция қима тақырыбынан тұрады. Өйткені стереометрия курсы осы тақырыптан бастау алады. Бірақ қосымша сіз үшін есеп шығарып, пішін салмайды. Оның басты мақсаты – қолданушының ойлау қабілетін жақсарту. Шынайы пішіндерді қолдану арқылы есепті тақтада немесе қағазда шығарғандай əсерде боласыз.

– Ал қосымшаның құрылымы қандай?

– Мобильді қосымшаны құрастыру үшін екі айдай жұмыс істедім. Менің ісім өзгелерге қарағанда өте баяу орындалды. Өйткені мен пішіндердің суретін салып, есептеп, кодтарын қайта-қайта көшіріп, сапалы қосымша алу үшін көп тер төктім. Маған Swit SceneKit стандартты кітапханасында жоқ пішіндерді салуға тура келді. Барлық пішінді салып болған соң қосымшаны іске қосқанда, бөлмемде куб пен конус пішіндері ұшып жүрді. Оны қалайқалпына келтіруді білмедім. Өте қызық болды. Пішіндерді тегіс үстелдің бетіне қойып бақыладым.Тіпті оларды əр қырынан қарау үшін еденде еңбектедім. Тақтадағы қосымшаға есептеулерді көшірдім. Бірақ iOS 11 құрылғысындағы мобильді қосымшаны App Store-ға енгізе алмадым. Өйткені бағдарламалық жабдықтаманың құрылымына сəйкес емес еді. Сонымен қатар мобильді қосымшама атау қоя алмадым. Demo day-ге бір апта қалғанда, Арман Сүлейменов қосымшаға Platonic AR деген атау ұсынды. Өйткені тетраэдр мен куб платондық денелер деп аталады жəне геометрияда Платонның еңбектері орасан. Байқау аясында көпшілікке мобильді қосымшаны таныстыру үшін арнайы презентация əзірлеу қажет болды. Презентацияға саны көп, сапасы жоқ суреттер қосудың орнына, видеодемонстрацияны енгізіп, мəтінін қарапайым тілде жаздым. Байқауға өмірде шынайы іске асырылатын  екі бағдарламам қатысып,  І орынды иелендім. Мұндай жеңісті өзім де күтпедім.

Қазан айында мобильді қосымшамды iPad жүйесіне енгіздім. Өзім оқыған физмат мектебіне барып, ұстаздарыммен ақылдасып, оқушылармен сабақ та өткіздік. Оқушыларға қызықсыз болып көрінетін пəнге құлшыныс арта түсті. Мен үшін бұл үлкен қуаныш. Қосымшамды тағы бір мектепте таныстырып, оң пікір естідім. Қазіргі таңда қосымшаны əлемнің жеті елінен 400-ден астам қолданушы жүктеп алыпты. Бүгінде мен фидбэк құрылымын зерттеп жүрмін. Қосымшаның əлі де кемшіліктері болғандықтан, толықтырулар енгізіп жатырмын. Еліміздің бірнеше мектебінде таныстырылымын өткізгім келеді. Болашақта білім беру саласында осындай пəнге қызығушылық оятатын бағдарламалық жабдықтамалар құрастырамын. Оған қоса, сайт құрастыруды қолға алдым.

– Үлгі тұтар тұлғаңыз бар ма?

– Илон Маскты құрметтеймін. Өйткені ол тек инженер ғана емес, бағдарламашы, кəсіпкер жəне өнертапқыш. Оның жұмыс істеуге деген құлшынысы да ұнайды. Ал қазақстандық азаматтардан Арман Сүлейменовті үлгі тұтамын. Ол ІТ мамандарды даярлаумен қатар, еліміздегі индустрия саласын дамытушылардың бірі. Арман мен оның ұжымының арқасында көп тəжірибе жинадым.

– Əңгімеңізге рақмет!

Назым САПАРОВА,
«Ұланның» жас тілшісі,
əл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың 1-курс студенті

«Ұлан» газеті, №7
13 ақпан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз