Актер əрі əнші, Астана Жастар театрының директоры Ернар Жұматаевпен сырласудың сəті түсті. Ернардың дауысының өзінде мінез бар! Өмір ырғағына қарсы келмейтін жəне оған бағынбайтын ерек мінез, бұла болмыс. Əнді жүрекпен шырқаған жан əрбір істі де жүректен өткізетіні анық.

«Мағжанның махаббатын» тыңдадыңыз ба? Жан толқытар осы бір əнді Ернар Жұматаев орындайды. Көпшіліктен саяқ жүретін, ойы мен армандары ерек жанның əлеміне бірге аттанайық, ендеше.

Ұлан: Ернар мырза, қайырлы күн! Сұхбатымызды сізді мазалайтын сауалдардан немесе дəл қазір не ойлап отырғаныңыздан бастасақ…

 Е.Жұматаев: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген Абай Құнанбайұлының орамды ойы əрқашан жадымда. Осы өмірге келген əрбір адам өзінің артынан дара жолын қалдыруға ұмтылады. Бүгінгі заманда бізде бəрі бар, барлығы қолжетімді. Сондықтан барымызды бағалауымыз керек. Жалған өмірде жаңылыспай, сыйластықты сақтап, бізге үміт пен сенім артқан жандарды жерге қаратпай күн кешкен дұрыс қой. Мен сізге дəл қазір не ойлап отырғанымды айна-қатесіз жеткізуге тырыстым.

Ұлан: Байқауымша, өзіңізді көп сынайтын секілдісіз. Барлық мағынасында…

Е.Жұматаев: Иə, əрине, əр адам өзіне сырттан сын көзбен қарап, əрдайым қателіктерін түзетіп отыруы керек. Сонда ғана алға ұмтылуға, жетістікке жетуге болады. Бір орыннан қозғалмай өмір сүруге болмайды. Шындығында, өмір өтпейді, біз өте шығамыз.

Ұлан: Балалық балдəуреніңіз қалай өтті? Жадыңыздағы бала Ернар қандай?

Е.Жұматаев: Өмірдің əр сəті қайта оралмайтынымен құнды. Бала кезде тезірек есейсек екен деуші едік. Балалық шақ дегенде қолында домбырасы бар қара бала көз алдыма келеді.

Ұлан: Алматыға домбырамен келдіңіз ғой?

Е.Жұматаев: Иə, негізі, дəстүрлі əнші боламын деп келген едім, бірінші жылы оқуға түсе алмадым. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына эстрадаға тапсыру үшін келдім де, əртістермен танысып, қызығушылығым ояна бастады. Əрі əнші, əрі актер бола алады екенсің. Содан кейін драма актері бөліміне Нұрқанат Жақыпбаевтың «қазанына» түстім. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деп бекер айтылмаған ғой, бүгінде ұстазыммен, бірге оқыған қатарластарыммен мақтанамын.

Ұлан: Ал қазір актерлық жолды таңдағаныңызға еш өкінбейсіз бе?

Е.Жұматаев: Жоқ, өкінген емеспін. Себебі, бала кездегі ұшқыр қиялыңды, армандарыңды, фантазияңды сахнадан көресің. Ең ғажабы, сол процеске өзің де қатысасың. Актер ретінде, режиссер ретінде бағыңды сынап көріп, тəжірибеден өтесің. Əлемдік классиканың дəмін татып, өлеңнің мəнін ұға түсесің. Вокал мен хореографияны да қатар алып жүресің.

…Атақ өзі-ақ іздеп келеді

Ұлан: Астана Жастар театрының директорысыз…

Е.Жұматаев: 2007 жылы Астанада қала күні қарсаңында Жастар театры құрылды. Театрдың негізін қалаушы, көркемдік жетекшісі əрі бас режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. Тұңғыш директоры Ғани Құлжанов ағамыз еді. Соңғы екі жыл көлемінде басшылық тізгіні менде. Оған дейін сегіз жыл шамасында өнер саласында болдым. Əнді де айттым, киноға да түстім, ұйымдастырушылық қызмет те атқардым. Жастар театрының директоры болу маған зор жауапкершілік əрі сенім жүктейді. 2015 жылы театрымыз ғимаратқа ие болды, бұрынғы Күлəш Байсейітова атындағы опера театрының ғимаратын тарту етті. Нұрқанат ағамыздың актерларды бір үйдің баласындай татулықпен, ұйымшылдықпен ұстап отырғанының өзі ғажап емес пе?!

Ұлан: Əрине. Театр актерларының барлығы дерлік Нұрқанат Жақыпбайдың шəкірттері екенін білеміз…

Е.Жұматаев: Иə. Бəріміз сол кісіден қанаттанып, көкке ұмтылдық. Ағай төрт курсты, былайша айтқанда төрт ұрпақты тəмамдатып, барлық шəкірттерінің басын қосты. Қазір 45 актерымыз бар. Театрымыздың он жылдық мерейтойы қарсаңында Алматы қаласындағы өнерсүйер көрерменмен қауышып отырмыз.

Ұлан: Жас басшы ретінде Жастар театрында қандай тың өзгерістерді қолға алдыңыз?

Е.Жұматаев: Актерлардың жан əлеміне терең бойлап, қолымнан келгенше түсіністік танытуға тырысамын. Қай салада болсын, кез келген басшы өзінің тың ойларымен, жаңа бастамаларымен келеді немесе сол ұжымның ығына жығылып, барынша игілікке ұмтылады. Маған дейінгі директорлар да айтарлықтай керемет істер атқарды, гастрольдік сапарларды қолға алды, ғимаратқа ие болуға мұрындық болды. Ал мен театрымызды бұрынғыданда жиірек түрлі фестивальдарға қатыстыруды жөн көрдім.

Ұлан: Сонда сіз үшін фестивальдер мен жарнама маңызды ма?

Е.Жұматаев: Иə, бірінші орында жарнама. Өйткені, мен театр актерларының мықты екенін білемін. Қандай сынақ болса да дайын. Таланттардың қанаты қатайып, көкте қалықтауға əзір тұрғанын көргенде, мақсатым оларды «ұшыру» ғана болды. Жарнама бөлімімен көбірек жұмыс істеп (театр 10 жылда 8 рет Гран-при алған – ред.), соңғы бір жылдың ішінде 3 Гран-приді иелендік. Бұл – жас театр үшін үлкен жетістік. Халықаралық, Республикалық сайыстар мен Орталық Азия шеңберіндегі фестивальдарда үздік атанып жүрміз.

Ұлан: Шығармашылық ұжымға атақ, марапат қатты қажет пе?

Е.Жұматаев: Өмір жолымда жақсы адамдар өте көп кездесті. Ұстазымыз Нұрқанат Жақыпбай ешқашан атақ-даңққа құмартпаған. Бізге əлі де тура жолды нұсқап келеді. Ол кісі бір жаққа барарда, конкурс-фестивальдарға аттанарда бізге «қайтуды ойлаңдар» дейтін. Яғни, бару оңай, қайту қиын. Қалай, қандай абыроймен қайтуды ойлау керек. «Атаққа ешқашан қызықпаңдар. Атақ үшін еңбек етпеңдер. Қолыңнан келген істі тындыр, атақ өзі-ақ артыңнан қуып келеді»… Бұл да – Нұрқанат ағайдың сөзі.

Ұлан: Кеше ғана Түркі əлемі театрларының Халықаралық фестивалінде театр тағы да Гран- приді иеленді. Бір қызығы, театр ұжымы марапаттау рəсіміне қатыспады. Себебі, сіздер осында жүрсіздер…

Е.Жұматаев: Біз Шымкент қаласында өткен сол фестивальға «Асауға тұсау» комедиясымен қатыстық та, уақытымыз тығыз болғандықтан бірден Алматыға қарай жолға шықтық. Кезекті Гран-придің марапатында бола алмадық. Сол жүлдеміз кеше ғана артымыздан өзі іздеп келді (күліп). Біздің актерлар сахнаға халықты таңғалдырамыз деп шығады. Басқа ештеңе ойламайды. Мақсат – мүлтіксіз, еш саспай спектакльді көрермен жүрегіне жеткізу. Осы мақсаттың үдесінен шыққан соң ғана орын тағайындалатыны актер- лардың естеріне түседі. Бұл – актерлардың ойы. Мен екінші жақтан сөйлеп отырмын. Ал өзім фестивальдарға барғанда əрқашан актерларға қолайлы жағдай жасауға, қаражатты үнемдеуге, жоспар бойынша уақытпен жүруге тырысамын. Актерлармен, көркемдік жетекшімізбен, режиссерлармен бас қосып, кез келген мəселені ақылдасып, бірге шешеміз.

Ұлан: Актер режиссер болуы мүмкін, ал режиссер актер бола ала ма?

Е.Жұматаев: Режиссер сахнадағы құбылыстарды əбден зерттейді. Сахнаға шығып өзі ойнамаса да, дайындық барысында актермен бірге ойша ойнап шығады. Сол арқылы көңіліне қонымсыз, шикі тұстарын ретке келтіреді. Кейде режиссерлар да актер болады. Бір ғана мысал, өзіміздің ұстазымыз Нұрқанат ағай студент кезімізде Ж.Хаджиевтің «Исатай – Махамбет» спектаклінде Жəңгір ханды ойнағанына куə болғанымыз бар. Демек, олай да болады екен. Театрымыздың талантты актеры Дəурен Серғазин де бүгінде бірталай спектакльдерді қойып жүр. Мұның бəрі режиссер мен актерлік – құстың қос қанатындай егіз ұғым екеніне дəлел. Кейбір режиссерлер сахнаға актер ретінде шықпайды. Бұл енді əр режиссердің ұстанымына байланысты деп ойлаймын.

Ұлан: Ал сіз ше? Режиссерлікке қалайсыз?

Е.Жұматаев: Мен режиссер болу үшін режиссер болып туылу керек деп ойлаймын. Бұл, əрине, менің ғана пікірім. Актер нақты режиссер болып кетпесе де, оның қыр-сырын іштей біліп тұрады ғой.

Ұлан: Қара домбырамен қасиетті өнерге келіп, өз тыңдарманы бар «Денар» тобының да бағын жандырғаныңыз халық жадында. Ал режиссерлік қырыңызды «Мағжанның мұңы» атты əнді орындағаныңыздан байқап қалдық…

Е.Жұматаев: Ол рас. Əрбір əн − кішігірім спектакль. Мен солай есептеймін. Негізі актер əрі əнші болған керемет. Өзіңіз де байқағандай, композитор Мақсат Жəутіковтің жеке концертінде сол əнді алғаш сахнада орындадым.

Ұлан: Мағжанның мұңлы монологы көпке дейін есімнен кетпеді…

Е.Жұматаев: Жоқ, бұл жақында жазылған əн емес. Үш жылдан астам уақыт бұрын жазылған еді. Ауыр əн болғандықтан, кез келген ортада орындау мүмкін емес. Мағжанның қазасынан бұрын артына бір қарап, сол сəттің өзінде өткен-кеткенінің бəрін оймен тізбектегенін ақын бір параққа сыйдырып қойғандай əсер қалдырды. Өлеңін жазған Ибрагим Исаев. Маған қатты ұнады. Басқаша əсер етті. Сондықтан бірден осы əнді жаздырдым. Əн жазу барысында ешқандай қиындық болған жоқ. Үйге барып бірнеше мəрте гитарамен орындадым. Əуен құлағымнан кетпей қойды. Əр шығармашылық адамының кеудесінде

Сұхбаттасқан Әлия Іңкәрбек

“Ұлан” (№19, 9 мамыр 2017)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз