Кейде түн ұйқымызды бөліп, керемет спорт бәсекелерін көреміз. Ертесі күні əлеуметтік желілерде спортшылармен қатар, сол кешті жүргізген комментатор туралы пікірлер талқыға түсіп  жатады. Көп жағдайда қазақ комментаторларын іске алғысыз етіп тастайды. Бүгінгі кейіпкеріміз – спорт комментаторы Ермек Төрениязов. Алғашқы сұрағымызды да ə дегеннен сол мəселеден бастадық.

– Спорт комментаторлары көп сыналады. Неге?

– Біріншіден, комментаторлық біздің кəсіби мамандығымыз емес. «Қазспорттың» штаттағы спорт журналистері де коммента-торлықпен кəсіби түрде айналыспайды. «Қазспорт» журналистерінің негізгі жұмысы – жаңалықтар дайындау, репортаж жасау. Комментаторлық əркімнің қалауына қарай. Уақыты бар, ынтасы бар спорт журналистері істеп жатады. Бірақ, мұның негізгі жұмысқа еш қатысы жоқ. Комментаторлық – қалам-ақыға жасалатын жұмыс. Сол себепті де дəл қазір Қазақстанда кəсіби комментатор бар деп айта алмаймын. Кəсіби комментатор деп кімді айта аласыз? Тəжірибелі ағаларымызды айтар болсақ,  Есей Жеңісұлы да кəсіби комментатор емес.  Оған түбегейлі бет бұрған емес. Хоббиі ғана. Қосымша, үшінші немесе төртінші жұмысы. Əрине, бұл комментаторлар өз ісіне немқұрайды қарайды деген сөз емес. Бірақ, басты табыс көзінің, негізгі қызметінің басқа болуы тереңнен зерттеуге мүмкіндік бермей жатады. Комментаторға əрбір ойыншыны толық зерттеп, ізденуге уақыт жетпейді.

Оның үстіне, таңертең волейболды жүргізсең, кешке биатлонды жүргізуге тура келеді. 1 жылдың айналасында 300-ге жуық спорт түріне комментаторлық жасауың мүмкін. Ал 300 спорт түрінің 30000-ға жуық танымал спортшысы бар. 30000 спортшының бəрінің өмірін, спортқа қалай келгені, жетістікке қалай жеткені, қандай өзіне ғана тиесілі əдіс-тəсілдері бар екені сияқты маңызды детальдардың бəрін зерттеп білу мүмкін емес. Ал комментатор ойын барысында мұның барлығын біліп, қажетті тұсында дөп айта білуі керек.

– Шебер комментатор қандай болуы керек?

– Əр комментатордың өз артықшылығы, өз фишкасы бар. Есей ағамыз суреткер-комментатор. Ол кісі əдемі суреттеуімен көрерменнің көңілінен шығып жүр. Ермұхаммед Мəулен тапқырлығымен, суырыпсалмалығымен алып шығады. Кей комментаторлар статистиканы ойнатады. Статистиканы айтудың да өз орны бар. Бас салып статистиканы айтып, ойынды ұмытып кетуге болмайды. Комментатор ең алдымен картинкамен жұмыс істеуі керек. Алдын ала міндетті түрде дайындалып, жазып алуы керек.  Əрине, комментаторлықтың жақсы шығуына стадионның, дəлірек айтқанда стадиондағы жанкүйерлердің əсері мол. Кейде стадионның аурасы жақсы əсер етсе, кейде «қорыққан мен қуанған бірдей» деп, комментаторлар айтатын сөзін ұмытып қалып та жатады. Жанкүйерлердің у-шуынан ақпараттың қайда кеткенін білмей қаламыз. Сол үшін ең қызықты ақпараттарды жазып жүру керек. Мысалы, Криштиану Роналду гол соқты делік. Дəл сол секундта «бұл оның карьерасындағы 700-голы» деп қызықты деректі айтып жіберсеңіз, қандай тамаша! Гол соққаннан 20 минут кейін айтсаңыз, оның маңызы жоқ. Темірді қызған кезде соғу керек. Қай стадионда өтеді, сол қаланың танымал тұрғындары, команданың танымал жанкүйерлері туралы ақпарат біліп алу керек. Көрермендердің арасында небір жұлдыздар, актерлар, бұрынғы футболшылар келіп отыруы мүмкін. Оларды жылт еткізіп көрсетіп қалғанда, кім екенін, еліне қандай еңбегі сіңгенін айтып қалсаңыз, телекөрерменге де қызық. Тағы бір кемшілік – кейде бұрмаланған ақпараттар тарап кетіп жатады. Орыс сайттарында нақтыланбаған ақпараттарды жариялайтын кездері де болады. Осының салдарынан біз де бұрмаланған ақпаратты таратып жатамыз. Осы жағын ескергенде, ағылшын тілін үйрену керек. Ағылшын тілін білу əр команданың ресми сайтынан тексерілген ақпаратты алуға мүмкіндік береді. Жалпы, таным кең болуы керек.

– Бұл салаға қандай өзгерістер керек? Комментаторлықты жоғары деңгейге көтеру үшін не істеген дұрыс?

– Əмбебаптықтан қашып, салалық комментаторлыққа бет бұруымыз керек. Күндіз волейболды жүргізіп, түнде футболды жүргізу кəсіби комментаторлыққа алып келмейді. Күніне 3-4 спорт түрінен эфир жүргізетін кездеріміз болып жатады. Мұндай кезде ойыншылардың атын шатастыруың мүмкін.  300-ге жуық спорт түрінде жүрген спортшылардың əрбірін зерттеу физикалық тұрғыдан мүмкін емес.  Ал салалық комментаторлыққа көшер болсақ, əрбір спортшыны зерттеуге мүмкіндігіміз болады. Спортшылардың жеке жаттығуларына барып, бапкерлерімен танысу, ыңғайсыз қарсыласын анықтау комментаторлықтың сəтті шығуына əсер етеді.

– Салалық журналистикаға көшер болсақ, сіз қай спорт түрінің кəсіби комментаторы болар едіңіз?

– Дзюдо күресіне қатты көңілім ауып жүр. Ережелерін, əдістерін, спортшыларды зерттеп көргеннен кейін, дзюдо күресі ерекше ұнап кетті. Меніңше, комментатор студияда отырып сайрай беретін адам емес, спортшылармен бірге оқу-жаттығуларына қатысып, олардың дайындығын көріп, демалғанда сұхбаттасып жүруі керек деп есептеймін. Бұл спортты тереңінен білуге мүмкіндік береді. Сапалы жұмыс осындай еңбектің нəтижесінде пайда болады. Сол себепті де мен қолым босай қалса, дзюдошыларға баруға тырысамын. Мысалы, Елдос Сметовті карьерасын алғаш бастаған сəтінен бастап, бақылап келемін. Мені қуантатыны – алғашқыда қазақшадан қиналатын Елдостың қазір қазақшасы əжептəуір жақсарып қалған.

 

АЛҒАШ КОММЕНТАТОР БОЛҒАНЫМДА
80 ПАЙЫЗ ХАБАРДЫ ЕСЕЙ АҒА АЛЫП ШЫҚТЫ

– Алғаш комментаторлыққа келген кезіңіз есіңізде ме?

– Бала кезімде журналист болам деп емес, футболист болам деп армандағанмын. Сол арманым журналистикаға алып келді. 2011 жылы кастинг арқылы «Қазақстан» ұлттық арнасына келдім. Алғашқы комментаторлық қызметім «Челси» мен «Наполидің» матчынан басталды. Есей ағамен бірге жүргіздім. Түнімен ұйықтамай, «Челси» мен «Наполи» туралы барлық ақпаратты қағазға шығарып алдым. Келсем, Есей Жеңісұлының қолында бір ғана кітап бар екен. «Мына кісі дайындалмай келген бе?» деп ойлап қоямын. Есей аға «ал, кеттік» деп бастады. Дайындап келген ақпаратымның 5 пайызын ғана пайдаландым. Өзім жатқа білетін ойыншылардың атын шатастыра бастадым. Хабардың 80 пайызын Есей Жеңісұлы алып шықты. Ойын аяқталды. Есей ағаға қарадым, «Жарайсың!» деп қолымнан алды. Барлық қателігімді көріп тұрса да, қолдау білдіргені маған жігер берді. «Əлде жақсы жүргіздім бе?» деп ойлап та қалдым. Абырой болғанда, ол кезде əлеуметтік желінің қазіргідей бұлқынып тұрған шағы емес. Содан да болар, білінбей кетті. Қазір бір əріптен қателессең, «гу» ете қалады.

– Комментатор ретіндегі өзіңізге мəлім кемшіліктеріңіз қандай?

– Маған эмоция жетіспейді. Гол соққан кезде, гол соғылардың алдында эмоциямен жүргізген жақсы. Бірақ, шынайы шыққан эмоция ғана сəтті. Озеровтардай эмоциямен жүргізгенге не жетсін? Ресейлік Журавель  де эмоцияға жоқ. Бір матчта Торс «сұрапыл» гол соқты. Еш эмоциясыз «Гол» деп қана айтты. Сонда серіктес-комментаторы Черданцев: «Мынандай голды күнде көріп жүргендей айттыңыз ғой» дегені бар. Футболға эмоция өте керек. Ал басқа спорт түрлерінде көбіне анализ басты рөл атқарады. Көрермен ретінде де жіліктеп беретін комментаторларды жақсы көремін. Жандос Айтбайдың жүргізгені ұнайды. Жілігін шағып тұрып айтып береді.

– Сынға көзқарасыңыз қандай?

– Сын көп айтылады. Оның ішінде қабылдайтын сын бар да, қабылдамайтын сын бар. Сын атаулының барлығын жүрекпен қабылдай беру комментаторлықтан кетуге алып келеді. Кəсіби мамандардың немесе көзіқарақты көрерменнің сынын жақсы қабылдаймыз. Алайда, еш дəлелсіз сынай беретіндер де бар. Сосын көрермен орыс тілін ұғынықты, түсінікті деп, қазақ тілін түсініксіз деп бағалап жатады. Бұл, əрине, дұрыс емес.

– Комментаторлыққа барғысы келетін жас талапкерлердің бойында қандай қасиеттер болуы керек?

– Ең бірінші – табандылық, қайсарлық. Қазір бізге студенттер, университетті енді ғана бітірген жас мамандар келеді. «Мына жері дұрыс емес» десең, кетіп қалып жатады. Ə дегеннен мықты комментатор болып кету мүмкін емес. Ал кейде жас журналистердің жазып алып келген дүниесін жөндеп бересің. «Екінші рет жазып алып кел» десең, тура сол қателікті қайталап келіп тұрады. Бұл да дұрыс емес. Қателікті жөндеп, нəтиже шығару керек. Қайтпай үйреніп жатқан комментаторларды көрсек, қуанып қаламыз.

– Əңгімеңізге рахмет!

Бақытжан БАЙМАХАНҚЫЗЫ,
ЕҰУ-дың студенті

«Ұлан» газеті, №34
22.08.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз