Былтыр «Буряттар арасындағы бір қазақ» туралы жазғанымыз естеріңізге болар. Сол кейіпкеріміз Ринчин ол жақтағы өзінен басқа тағы бір қазақ туралы айтқан. «Елге келгенге дейін көрген жалғыз қандасым сол» деп еді. «Оның қайта аты-жөні қазақша – Ерлан Сейітқазинов, өзінің қазақ екенін де біліп өскен» деген. «Біршама танымал шоумен, тележүргізуші, КВН ойыншысы» деп таныстырған сырттай. Сол улануделік Ерлан жақында Алматыға келді. Желідегі парақшаларын шолып шықтым. Еліміздегі бірталай өнерпаз жастармен достығы байқалады. Өзі дайындаған телевизиялық хабарларына Ресейдегі танымал қазақ жастарын жиі шақырады екен. Содан мен де оны сұхбатқа шақырдым. Осындағы немере ағасы Саматпен келіп, «Буряттар арасына қайдан тап болған қазақ» екенін әңгімелеп берді…

1

− Мен Алматы облысы, Талғар ауданында дүниеге келдім. 4-сынып оқып жүрген шағымда отбасымызбен Бурятияға көшіп бардық. Оған дейін осында өмір сүрдім, қазақ тілін де жақсы білдім. Ол күндері ата-апамыз да бар еді. Бауырларыммен қой да бақтым. Алматының маңындағы Қосқұдық деген ауылды білесіз бе? Теміржол бекеті бар кішкентай ғана ауыл. Бала күнгі естеліктерімді Шыңғыс Айтматовтың шығармаларындағы көріністерге ұқсатам. Теміржол бекеті, шағын ауыл өмірі…

Анам – буряттың қызы. Буряттармен байланысымыздың себебі – сол мәселе. Нағашылар еліне әкемізбен бірге бәріміз көшіп бардық. Алайда, мен 7-сыныпта оқып жүргенде әке-шешем ажырасып кетті. Екеуі балалары үшін әлі күнге араласып, сөйлесіп тұрады. Туған елден жыраққа неге көштік? 90-жылдардан кейінгі қиын кезең естеріңізде шығар? Ол кезде ауылда жұмыс болмады. Бала-шағаны асырау қиынға түскен. Сонда шешеміз «Бурятияға барайық, бір реті болады» деп, әкемді үгіттеумен әлек болғаны әлі есте. Әкеміз үстелдің үстін жұдырықпен қойып қалып, «елден кетпеймін!» дейтіні де көз алдымда. Әкем де, шешем де – Мәскеуде білім алған мамандар. Сөйте тұра, екеуі де ауыл арасында ұсақ-түйек тірлікпен айналысып кетті. Шешем торт та пісіріп сатты. Менің өзім пияз өсіріп, теміржол бойында сатқанмын. Қай пойыз қашан жүретінін жатқа білетінмін. 3-4 сынып оқушысы болғанда сондай бизнесім болған (күліп). Кей көршілер қалаға көше бастады, ауыл қаңырап қалды. Сол кезде әкем бала-шағаның қамы деп, алыстағы қайынжұрттың еліне көшуге көнеді. Үйдегі сата алған нәрселерімізді саттық та, бір-екі чемоданымызды арқалап Бурятияға кеттік. «Бірер жылдан соң қайта келеміз» деген әкеміз сонда.

2

Менің алдымда төрт жас үлкен ағам Болат пен төрт жас кіші қарындасым Дарима бар. Жетісулық Жалайырдың балалары бір-ақ күнде Сібірге тұрақтадық. Алғашқы кезде буряттардың есімдерін де жаттай алмай қиналатынмын. Маған бурятша сөйлесе, не деп жатқандарын ұқпай, дал болатынмын. Бұл жақта қайта орысша да сөйлейді, ал мен ауылда өссем де, орыс сыныбында оқығанмын. Үйде қазақша сөйлесетінбіз, бірақ мектепте қазақ сыныбы болмады. Менің аты-жөнімді де ол жақтағылар дұрыс айтпайтын. Әр кездескен адам атымның не мағына беретінін сұрайтын. «Бұл жаққа қалай тап болдың?» деген сұрақтан да жалығатынмын. Арада бір жыл өткен соң нағашы апам мені республикалық мектеп-интернатқа орналастырды. Ол мектепке бурят тілін білмейтіндерді қабылдамайды. Бірақ, маған түсіністік танытып, қатарларына қосты. Сыныбымызда менен басқа да өзге ұлттың балалары болды. Бурят тілін білмейтіндерге сабақтан кейін арнайы қосымша сабақ өткізетін. Сөйтіп-сөйтіп, айналамды түсіне бастадым.

3

Қазір 29 жастамын. Жырақта жүрген 20 шақты жылда қазақ тілін ұмытып та қалдым, өкініштісі. Өйткені, қазақша сөйлесетін адам болмады. Әкеміз де ажырасқан соң бөлек кетті. Ортаға сіңісу үшін бурят тілін үйрене бастадық. Үйдегі балалар интернатта жатып оқыдық. Әйтпесе, шешеміз де қазақ тілін жетік біледі. Мектепте қасымдағы балалар «қазақша сөйлеші» деп қызықтайтын. «Қазақша «нан» деген қалай болады?» дейді, мысалы. Ал мен бурятша аудармасын айтып қаламын. «Бурятша айтып тұрсың ғой» дейді. Сөйтсем, жас баланың миы осылай шатаса бастайды екен ғой. Сол кезде бала болсам да, қазақшаны ұмыта бастағаныма іштей жабырқайтынмын. Бір қымбат дүниемнен қол үзіп бара жатқаныма қынжылатынмын. Көңілімдегі ол кірбің әлі бар. Айналып келгенде не бурятшаны жетік меңгермедім, қазақшамды да ұмыттым. Орыстілді боп кеттім. Бурятия Ресей құрамындағы автономиялы ел болғандықтан, орыс тілі мұнда басым ғой. Ал Қазақстанға келсем, айналамдағы жұрттың бәрі қазақша сөйлеседі. Әсіресе, туғандарымның ортасында біртүрлі күй кешем. Бауырларыммен туған тілімде түсінісе алмайтыныма намыстанып кетем. Дегенмен, қазақ тілі жүрегімнің түбінде сақтаулы. Кей-кейде әңгімелерін түсініп қаламын.

Бала кезден кейін былтыр елге бірінші рет келдім. Сонда көліктің артқы жағында отырған бауырыма қолымдағы сусынның бөтелкесін беріп, «Самат, аузын жапшы?» дедім. Сосын «Мен жаңа саған қазақша айттым ба?» дедім. «Иә» дейді. Қуанып кеттім. Осылай-осылай, қазақшам қайта қалпына келіп жатқан секілді. Бала кезде ең алғаш үйренген дөрекі сөздерімізден бастап еске түсе бастады. «Бейшара» деген сөздер, мысалы (күліп). Шелпек, бауырсақ, көрпе… деген күнделікті сөздерді шетінен қайта қолдана бастадым. «Қайдасың?», «қай елсің?», «кімсің?» деген сұрақтарды оп-оңай түсініп, акцентсіз айтады екем. Қазақ тілім менен ешқайда да кетпепті. Өзіммен бірге орысша-қазақша сөздік алып жүремін. Кино мен бағдарламаларды қазақ тілінде көруді өзіме мақсат етіп жүрмін. Алматыда көшеде кетіп бара жатып та, бауырларымнан «анау не сөз, мынау ше?» деп сұрап жүремін. Солай шетінен қайта үйреніп жатырмын.

4

Мен Ұлан-Удеде қонақүй, мейрамхана ісі мамандығы бойынша сырттай оқу бітіргем. Оған дейін Санкт-Петербор қаласында төрт жыл аэроғарыш инженері мамандығын оқыдым. Негізгі оқу 7 жыл еді. Қаржылай қиындықтарым болып, оқуды аяқтай алмадым. Кейінгі дипломым бойынша да жұмыс жасамадым. Мені жастайымнан шығармашылық жұмыстар қызықтыратын. Алайда үй-ішім сахналық талпынысымды қолдамады. Бастапқыда қонақүй ісімен біраз айналыстым. Ағам екеуміздің кішігірім бизнесіміз де болды. Соның арасында сценарий жазып, концерттерді жүргізіп жүрдім. Бірте-бірте сахналық, шығармашылық жұмыстарым артып, басқа жұмыстарды қойдым. 19-20 жасымда алғаш рет үш бурят досыммен бірге креативті шығармашылық топ құрдық. Түрлі мәдени шаралар өткізетінбіз. Айтпақшы, топтың атын «Arman» деп, қазақша атағанбыз. Сөйтіп, қазір шығармашылықпен ғана айналысып жүрмін. Кезінде Санкт-Петерборда құрылыста қара жұмыс та істедім. Бурятиялық «ТНТ-Аригус» телеарнасында екі авторлық бағдарламамды жүргіздім. Интернет арналарында да жүргізген жобаларым бар. Бурятияда қазақ мәдениетін кинолары арқылы ерекше құрметтейді. Мәселен, «Рэкетир», «Алқызыл қоян туралы аңыз» фильмдері біздің көрермендерге де танымал. Соның арқасында талай қазақ жастарымен сұхбаттар түсірдік. Жалпы, Ресей аумағында дүниеге келген біраз талантты қазақ жастарымен де сұхбаттар түсіргенбіз. Азамат Мұсағалиевті бәріңіз танисыздар, мәселен. Актер Әнуар Нұрпейісовпен де біраз жылдан бері доспыз. Оның үйіне де қонаққа барғанмын. Бізге келгенінде Байкалға қыдырғанбыз.

 5

Былтыр елге араға 17 жыл салып келіппін. 4-сыныптан кейін 8-сыныпта ма екен, атамыздың асына келгенбіз… Былтыр мен бір түсті қайталап көре бердім. Түсімде ылғи бала күнгідей Қосқұдықта теміржолдың бойымен мектептен үйге бара жатқанымды көремін. Ауылымдағы иіске дейін мұрныма келетін. Бұл түс осы қалпында бірнеше мәрте қайталанды. Анама айтсам: «Есейдің, балам, туған жеріңнің топырағы шақырып жатқан болар…» – деді. Бұл сөзге мән бере қоймадым. Былтыр жаз бойы концерт, түрлі шара, тойлардан қолым босамады. Содан бір күні анам «Дацанға бірге барып келейікші?» деген өтініш айтты. Дацан деген – буддалардың сыйынатын орны. Анам алыс жолға шығар алдында бір рәсімдер орындағысы келді. Мен әншейін анама серік болып бардым. Ішіне кірдім де, анамды үнсіз күтіп отырғам. Мұсылмандарда молда бар, ал будда дініндегілерді лама деп атайды. Өз бетімше отырған маған лама жақындап: «Сен қай жерде дүниеге келдің? Сені бірдеңе мазалап жүр ме?» − деп сұрады. «Ештеңе мазалап жүрген жоқ», − дедім. «Сені бір түс мазалап жүрген жоқ па?» − деді. «Иә, кейде Қазақстандағы туған ауылым түсіме енеді», − дедім. «Тыңда, сені туған жеріңнің топырағы шақырып жатыр», − деді. Бұл сөзді естігенде аң-таң болдым. «Бәрін таста да, еліңе бар! Туған топырағыңды аяғыңмен басуың керек», − деді лама. Сосын көрген түсімді анықтап сұрады. Елге қашан баратынымды сұрады. «Жаз аяқталып барады. Шаруам көп. Жақын арада бара алмаймын. Санкт-Петерборға немесе АҚШ-қа көшсем деп жоспарлап жүрмін», − деп жауап бердім. Сонда лама: «Сен алдымен Қазақстанға баруың керек, содан кейін қай жаққа барам десең де жолың ашық, туған жеріңнің топырағы бойыңа қуат береді», − деді. Содан бір күн ішінде алдын ала келісілген шараларымның бәрін шегеріп, біраз кісіден кешірім өтініп, жолға жиналдым. Содан неше ай бұрын інім Мақсат тойға шақырған еді. «Бара алмаймын-ау» деп ойлап қойғам. Енді ойласам, 20 тамыз күнгі тойға тура түспекпін. Анам мен Томскіде тұратын қарындасым да бірге баратын болды. Бәріміз жан-жақтан Новосібір қаласында бас қосып, бірге ұшып келдік. Бүкіл туған-туыстарымызды көріп, мәз болдық. Ал әкем бір шаруаларымен бара алмаймын деді. Айтпақшы, ата-анам ажырасқан соң, әкем сол жақта қазақтың қызын тауып, қайта үйленген болатын. «Балаларымнан алысқа кетпеймін» деп, сол жақта қалып қойды. Бала дегенде біз үшеумізді айтып отыр. Кейінгі некесінен бауырларым жоқ.

6

Әке-шешем Мәскеуде оқып жүргендерінде танысқан. Екеуінің қосылуына екі жақтағы туыстар да қарсы болған. Анамның шешесі тіпті қорыққан екен. «Сен қаланың қызысың ғой, басқа елде, онда да түкпірдегі кішкентай ауылда қалай күн көресің?» деп уайымдаған. «Ішек-қарын тазалап жүресің бе?» деген ғой (Ерлан бұл сөзін қазақша айтты – Қ.Д.). Әкем оқуынан келгенше, тіпті, бір қызбен аталарымыз сырттай атастырып та қойыпты. Бірақ, екі жастың махаббатына ешкім қарсы келе алмаған. Анамыз ауылға келіп, нағыз қазақтың келіні атанды.  Әлі күнге ет те асады, бауырсақ та пісіреді. Қазір анамнан бөлек тұрамын. Анама барған сайын қазақша тамақ пісіріп беруін сұраймын. Әсіресе, ет пен орама нанды жақсы көремін. Ағам Ұлан-Удеде тұрады. Отбасылы, Даяна және Дәнел есімді екі қызы бар. Анамыз қазір Моңғолияда Ұлан-Батырда тұрады. Әкем де Ұлан-Удеде. Ал мен Қазақстанға оралуды ойлап жүрмін. Елге келгелі басқа жақты ойлағым келмей қалды. Келсем, екі қолға бір жұмыс табармын деп сенемін. Бауырларым бар, далада қалмаспын. Біздің қазақ бауырмал ғой. Бірақ, қазір бір күліп еске алатын оқиғам бар. Санкт-Петерборда мені «Бурятиядан келген қазақ» дейтін. Ол жақта бірнеше қазақ баласымен таныс болдым. Ал бір қазақ жігіті «Сен қиын кезде Отанын тастап қашқан сатқынсың!» деп айыптады. «Әй, қайдағы сатқын? Мен ол кезде бала болдым. Менің пікірімді ешкім сұрамады да» деймін. Әлгі бауырым сөз ұқпайды. «Өлтіру керек сендейлерді» деп, қыр көрсеткен еді. Қызық… Байкал мен Алатаудың ортасында екі елдің талантты жастары үшін мәдени көпір орнатқым келеді. Қазір ойда біраз жобалар бар. Әнуар Нұрпейісов екеуміз бір жоба ойластырып жатырмыз. Алдағы қыста ұзақ уақытқа келсем деймін…

Қарлығаш ДОСАНОВА

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз