Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметінде жүріп, шетелге оқуға кеткен белгілі журналист Шыңғыс Мұқан Инстаграмдағы парақшасына: «Америкаға үйрену үшін келсек, Американы үйретіп жүрген қазақ жігіттері бар екен. Солардың бірі – Еркін Кітапбаев. Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген, PhD қорғаған, қазір Бостон университетінде профессордың көмекшісі ретінде сабақ береді әрі математикалық қаржы бойынша зерттеу жүргізіп жүр», – деп қиырда жүрген қазақтың қаршадай баласы туралы жазыпты. Осыдан кейін Еркін Кітапбаевты Фейсбук әлеуметтік желісі арқылы тауып алдық. 

«Мен 1989 жылы Алматыда дүниеге келгенмін. Негізгі түп-тамырым Шығыс Қазақстаннан», – деді Еркін. – 8-сыныпта Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебіне түсіп, 2006 жылы аяқтадым. Сондай-ақ шахмат турнирлеріне қатысып, «шахмат шеберіне кандидат» атандым. Мектепте оқып жүргенде математикадан Ломоносов олимпиадасында жеңімпаз болып, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне грант ұтып алдым. Сол жерде механика-математика бөлімінде ықтималдық теориясы (Probaility theory) мамандығы бойынша білім алдым. 2011 жылы оқуымды үздік аяқтаған соң, Англиядағы Манчестер университетінің PhD бағдарламасы бойынша математикалық қаржы (Mathematical finance) мамандығына түстім.

– Бостон университетінде профессордың көмекшісі ретінде қызмет атқарады деп естіген едік. Сол жұмысыңыздың қыр-сырын білгіміз келіп отыр.

– Қазір Бостон университетіндегі бизнес – мектепте шақырылған профессормын. Магистранттарға қаржы курсынан сабақ беремін. Сондай-ақ математикалық қаржы саласында зерттеулер жасап, халықаралық журналдарға мақалалар жариялап жүрмін. Солтүстік Америка мен Еуропада түрлі конференциялар мен семинарларға қатыстым.

– Жұмысқа тұру үшін қандай өткелектерден өттіңіз?

– 2014 жылы Манчестер университетінің PhD бағдарламасын бітірген соң, сол факультетке постдокторлық (postdoc) зерттеуші болып қалуға шақырды. Ол жерде 6 ай жұмыс істедім. Менің міндетім практикалық инженерлік проблемаларды шешу үшін ықтималдық әдістерді қолдану болды. Сол кезде Бостон университетінде жұмыс бар екенін хабарландырудан көріп қалып, өтініш жібердім. Skype арқылы өткен ресми сұхбаттасудан өткен соң, жұмысқа шақырту алдым. Осылайша 2015 жылдың тамыз айында Құрама Штаттарының зияткерлік орталығы болып саналатын Бостонға келдім.

– Сіз зерттеп жүрген математикалық қаржы саласы нені зерттейді? Бұл зерттеу жұмыстары несімен қызық?

– Математикалық қаржы – қаржы саласының салыстырмалы жаңа бағыты. 1960-70 жылдары экономистер қаржы проблемаларын шешу үшін күрделі математикалық және ықтималдық әдістерін пайдалана бастаған. Бұл математиктерді жоғарыда аталған құралдарды пайдалана отырып қаржы мәселелерін шешуге ынталандырған. Қазір математикалық қаржы бүкіл әлем бойынша көптеген магистратура және докторантура студенттерінің қызығушылығын тудырып отыр. Әдетте олар бұл саланы АҚШ пен Еуропаға барып оқиды. Оқуды аяқтағаннан кейін студенттердің көпшілігі сандық сарапшылар ретінде банктер мен хедж-қорларға жұмысқа тұрады. Олар сауда және тәуекелді басқаруда математикалық құралдар мен модельдерді пайдалана отырып қызмет атқарады.

– Негізгі мамандығыңыз қандай?

– Кең мағынада айтатын болсам, мен – ықтималдық теориясын зерттеуші математикпін. Мені ықтималдық териясын қаржылық бағытта қолдану қызықтырады. Әу баста математиканы қатты ұнаттым және оны шынайы мәселелерде қолданғым келді.

– Қазақстанға келу ойыңызда бар ма?

– Иә, әрине. Оған дейін шетелде бірнеше жыл жұмыс істеп, зерттеу және білім беру саласында тәжірибе жинасам деймін. Халықаралық мамандармен байланыс орнатқым келеді. Сосын Қазақстанда математикалық қаржы саласының дамуына үлесімді қосқым келеді.

– Кішкентай оқырмандарымызға қандай кеңес берер едіңіз?

– Алдымен өзіне ұнаған мамандықты таңдап, оны шынайы жақсы көріп, оны оқығаннан рахаттана білген жөн деп кеңес берер ем. Күн сайын жата-жастана оқыған жөн. Таңдап алған мамандықты тек университетте ғана емес, сол саланың жаңалығын өмір бойы ойға түйе оқудың маңызы өте жоғары. Жастар алдарына өршіл мақсаттар қойып, соған жету үшін бар күштерін жұмсаған абзал. «Ақ желкеннің» жас оқырмандарының болашағына сәттілік тілеймін!

– Рахмет!

Әңгімелескен
Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз