Қазақтың «Мессиі» атанған Еркебұлан Сейдахметтің болашағынан үлкен үміт күтетінімізді айтып, әлемдік футбол саңлақтарының қатарынан көрінуі ғажап емес екенін жазған едік. Расында да да, Қазақстан құрамасының Венгрия құрамасына қарсы өткізген жолдастық кездесуінде Еркебұланның ойыны күллі жанкүйерді тамсандырған. Қазақтың «Мессиі» Венгрияға гол соғып қана қоймай, командаласының да гол соғуына мүмкіндік жасап берген. Еркебұланның өзін жасыл алаңда еркін сезінуі, керек жерден табыла білетіні сол ойында-ақ байқалды. Кейіннен білгеніміздей, Еркебұланның отбасында футболмен кәсіби түрде айналысатын тағы да бір бала бар. Ол – інісі Арман Сейдахмет. Арман 9 жаста болса да, «Монтажник» футбол клубының негізгі ойыншысына айналып үлгерген. Тіпті бапкерлері оның талабын Еркебұландікінен де жоғары бағалап, нағыз «Месси» сол болатынын айтты. Жас болса да, арманы асқақ жас өренімізбен тілдесуді жөн көрдік.
– Доп тебуді үш жасымнан бастап үйрендім. 6 жасқа толғанымда Еркебұлан ағам өзі қатысқан «Монтажник» футбол клубына ертіп апарды. Содан бері осы спортты серік еттім. Қазір аптасына төрт рет, екі сағаттан жаттығу жасаймын. Біраз жарыстарға да қатысып үлгердім. «Монтажник» командасында өзіммен жастылармен және үлкен балалармен де ойнаймын. Жақында Қырғызстан елінде 13 жастағы жеткіншектер арасында өткен «Достар Кубогы» халықаралық турниріне қатыстым. Алты команда қатысқан жарыста біздің команда финалға шығып, алтын жүлде үшін ойында гол соқтым. Өкінішке қарай, бұл ойында жеңіліп қалдық. Дегенмен осындай маңызды ойында гол салғаныма өте қуаныштымын, – деді Арман.
Арман «Мон-тажник» клубы-ның негізгі сұрмергендерінің бірі. Алайда соққан голдары мен команда сапында өткізген матчтарын санамапты.
– Әр ойын сайын гол соғуға тырысамын. Өйткені мен сол қапталда ойнайтын шабуылшымын. Әр ойында коман-дамды алға сүйреп, жеңіске жетуді қалаймын. Еркебұлан ағам да «көп гол соға бер» деп ақыл айтады. Болашақта Иньеста сияқты футболшылардың қатарынан болғым келеді. Сол үшін 8 нөмірін таңдадым. Сондай-ақ, Неймардың да ойынын жақсы көремін. Олар сияқты болу үшін қазірден бастап жаттығуларды жібермей, көп еңбектенуім қажет. Қазір бапкерлерім дұрыс пас беруді, доппен дұрыс жұмыс істеуді үйретіп жатыр. Шабуылшы болғандықтан алдасып жүріп гол соққанды ұнатамын, – деді тағы.

Арман жас болса да, бірнеше командадан шақырту алыпты. Бірақ жас өреніміз өзінің сүйікті клубы «Монтажниктен» кеткісі жоқ.
– Иә, мені өздеріне шақырған командалар болды. Соның ішінде «Тараз» командасы да бар. Өзімнің сүйікті командамнан кеткім келмейді. Ал болашақта «Астана» командасының сапында өнер көрсеткім келеді. Неге десеңіз, бұл – Қазақстан футболындағы ең үздік командалардың бірі. Олардың жеткен жетістігі қазақ футболы үшін үлкен мәртебе. Сол үшін де «Астана» футбол клубының қатарында өнер көрсеткім келеді. Сондай-ақ, «Барселона» сапында доп тепсем деген үлкен арманым бар. Қазақстан біріншілігінде «Тараз» командасына жанкүйермін, ал әлемдік командадан «Барселона» клубына жанкүйерлік етемін.
«Мессидің» інісі сабақты да жақсы оқиды екен. Бос кезде ақын-жазушылардың өлеңдерін оқығанды ұнатады.
– Мен математика пәнін сүйіп оқимын. Қазақ тілі мен қазақ әдебиетін де жақсы көремін. Абай атамыздың өлеңдерін оқығанды ұнатамын. Құрдастарыма спортпен айналысыңдар дегім келеді. Сабақты да жақсы оқып, спортпен де шұғылдану керек. Ағаммен күніге хабарласып, сөйлесіп тұрамын. Еркебұлан әрқашан ақылын айтып отырады. Маған әрдайым: «Жаттығудан қалма, еріншек болма, бапкерлеріңнің айтқанын бұлжытпай орында, голды көп соқ», – деп білгенін үйретеді. Мен де ағамның ойынын үзбей көремін. Оның жеткен жетістіктері мен үшін мотивация. Мен де ағам сияқты Қазақстан Ұлттық құрамасында өнер көрсетіп, әлем чемпионы атанғым келеді. Құдай қаласа, сол мақсатқа ағаммен бірге жетемін деп ойлаймын.
Сөзге Еркебұланның анасы Рига апай араласты:
– Еркебұлан да Арманға әке орнына әке болып, інісінің бар еркелігін көтереді. Інісімен бар білгенімен бөлісіп, жаттығуларын өзі қадағалап отырады. Арманды әрқашан жанынан тастамай, өзімен бірге алып жүреді. Тіпті екеуі бірге ұйықтайды. Бірақ Арманның мінезі Еркебұланға қарағанда ашықтау, кез келген адаммен оңай тіл табысып кетеді. Кейде, тіл алмай қойғанда «Еркебұланға айтамыз» десек, бірден басылып қалады. Арман Еркебұланға қатты сенеді. Болашақта ағасы сияқты «Месси» атанғысы келеді.

Жазып алған
Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз