Ерікті деген арнайы бір мақсатта құрылған ұйым-дарға өз еркімен мүше болатын адамдар. Еріктілер ең алғаш Италия, Франция және Англиядағы әскериұйымдар сапында болған. Қазір елімізде еріктілер елеулі қызмет етіп жүр десек те болады. Еріктілердің еңбегі, атқарып жүрген қызметтері жайында «Жас қадам» жастар қоғамдық бірлестігінің басшысы Мәди АХМЕТПЕН сұқбаттастық.

– Мәди мырза, ерікті деген кім? Қазақ қоғамында ерікті қандай рөл атқарады?

– Аты айтып тұрғандай, еріктілер өз еркімен ешқандай ақысыз қоғамға қызмет ететін адам. Біраз жыл бұрын ерікті деген ұғым болған жоқ. Ішінара көзі ашықтар байыбына барғанмен, жете түсіне де бермейтін. Қазір еріктілер қоғамның бір мүшесі болып қалыптасты десек те болады. Заман талабына сай еріктілер де ұдайы дамып тұруы керек. Жастарды елмен, халықпен бірге жұмыс жасауға үйрету үшін де осындай ұйымдардың болуы шарт.

– «Жас қадам» жастар қоғамдық ұйымының құрылуы, мақсаты жайында айтсаңыз…

– Ең алдымен ұйымды жастардың қолқа салуымен құрдық. Өзім де ұйым құрсам деп ойлағанмен, мойным жар бермей жүрген еді. Көзі ашық, көкірегі ояу достарым, әр университеттің белсенді жастары ұйымның еріктісі болып кіре салы-сымен, жастық жалын қысып, үлкен істерді қолға алдық та кеттік. Біз ашылған жарты жылдың ішінде негізгі бағытты қайырымдылыққа, мәдениетке, саясатқа бұрып, біршама жұмыс атқардық.
Ұйымды ашқанмен, логотипін сәнді жасағанмен, бәріне жар салып
жариялағанмен, алға қойған негізгі бағыты, идеясы, жүйесі болмаса, кез келген жұмыс қайырлы болмай-ды. Біз құрылған соң төрт ай қарқынды жұмыс жасадық. Бірақ, ұйымның негізгі мүшелері еріктілер болғандықтан, олар демалысқа кетіп, аялдап қалдық. Белсенділікті қыркүйек айының орта тұсынан бастап қолға алып, қамданбақпыз. Осы жерде айта кететін жайт, біз мемлекеттік ұйым емеспіз, үкіметтен қаржы сұрап, алақан жаймаймыз. Белгілі бір жоба аясында демеушілер тауып, өз ісімізді атқарып жүрміз. Анығырақ, еріктілерден құралған еркін ұйымбыз.

– Ендеше еркін ұйым ретінде еріктілерге қандай талаптар қоясыздар? Белгілі бизнесмен, көшбасшылық мектептің басшысы Асхат Абжанов еріктілерді төрт топқа бөледі. Ал сіз еріктілерді санаттарға бөлесіз бе?

– Біріншіден, ерікті – өз еркімен келетін адам. Мен уақытын бөліп, қатарға қосылып жүргеніне бір тиын ақша төлемеймін, сондықтан оған бұйрық бере алмаймын, зекіп ұрса да алмаймын. Бірақ ол «мен қоғамға көмектесемін, ұйымның белсенді мүшесі боламын, белгілі бір дәрежеге көтерілемін, артылған жүкке жауапкершілікпен қараймын» деп келіп отыр ғой. Демек, менің талабым – алғашқы мақсатты соңына дейін ұстансын. Берген сөзінде тұрсын. «Аузымен айды алып, қолымен қосаяқ соға алмайтын» жасанды, көзбояушы еріктілер де болады. Жасаған қайырымдылығын жарияға жар салып, Инстаграмға пост салып жүру үшін емес, әрбір ерікті өзі үшін, рухани тазаруы, кемелденуі үшін қоғамға қызмет етуі керек. Мысалы, Италияға барғанымда үлкен кісілер көше сыпырып жүрді. Көбі жұмыс киім киген, арасында қымбат киім кигендер де жүр. Бірақ бәрі киімдерінің сыртынан арнайы қызғылт-сары форма киіп алған, артында «ерікті» деген жазуы бар. Сұрастыра келе көзімнің жеткені, итальяндықтар түскі уақытқа берілген бір сағат демалыстың жартысын тамақтануға, қалғанын қоғамға пайдалы іспен айналысуға арнайды екен. Сонымен қатар, сағаттап отырғандағы қарысып қалған денелерін осылай жазып, ауру-сырқаудың алдын алады. «Бір оқпен екі қоян ату» үлгісі, қысқасы. Ерікті – жұмысшы емес! Ал санатқа бөлу тақырыбында көсіліп ештеңе айтпаймын. Себебі біздің құрам аса көп емес. Иә, еріктілерді өз дәрежелеріне бөле білген дұрыс. Өз-өздерін жетілдіріп, өзінен жоғарыдағыға қызығып, алға ұмтылса несі жаман?! Санат жайында келешекте міндетті түрде жоспар құрмақпын.

– Өзіңіз белсенді ерікті бола білдіңіз бе?

10-сыныптан мектеп жұмысына, аудан шаруаларына белсене аралас-тым. ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне түсуім белсенділігімді арттыра түсті. Өзім белсенді болып жүрген жеті жыл ішінде атқарған бүкіл жұмысым қоғам мүддесі үшін болды деп ойлаймын. 2016 жылы өз еркіммен еріктілер сапына кіріп, қалалық шараларға қатыса бастадым. Содан еріктілерді басқарып жүріп, жаңа ұйымның кірпішін қаладық.

– Бүгінде Алматы қаласындағы ұйымдар мен еріктілер саны нешеге таяды?

– Қазір «Еріктілер қозғалысы» жұмыс істейді. Әр университетте өз бөлімшесі бар. Басшысы журна-листика факультетінің түлегі Айсұлу Ерниязова. Жастар арасында кеңі-нен тараған «Жас Отан» жастар қанатының еріктілері саясат пен қоғамды ұштастыра біледі. 15 жылдан бері қоғам өміріне белсене араласып жүрген Дәурен Бабамұратов «Жастар үні» және «Болашақ» атты екі ұйымның негізін қалаушы ретінде жақсы жобалардың баста-машысы болып жүр. Одан бөлек, республика бойынша «Жастар альянсы» ұйымы жұмыс атқарады. Бұл Алматы қаласындағы ұйымдар. Ал университет көлеміндегі ұйым-дарды саптап, сараптаудың жөні бір бөлек. 2016 жылғы сайлау науқаны кезінде 300 еріктінің басы қосылды. 2017 жылы Алматы қаласында бүкіләлемдік қысқы уни-версиада ойындары кезінде 3000-нан астам еріктінің басын қостық. Мен ұйым-дастырушы ретінде 500-ден астам еріктіні басқарғанмын. Астанада ЭКСПО өткен кезде әрбір бесінші ерікті Алматы қаласынан барды. Қаламыздан барған 900-ден астам ерікті Астанада жұмыс істеді. Жуырда «Алматы Аренада» болған Футболдан әлем чемпионаты секілді ауқымды шаралар еріктілерді дамы-туға үлкен септігін тигізіп отыр. Санға келер болсақ, жалпы еріктілер саны 10-15 мың адам.

– Сіз «Жас Отан-ның» Алматыдағы филиалында төраға болдыңыз, қазір де жастар саясатының басы-қасында жүрсіз. Ұжымдағы және ұйымдағы көшбасшылық жайында айта кетсеңіз? Еріктіден көшбасшыға апарар жол қандай?

– Қазір Инстаграмға көз қиығын сала қалсаңыз, көбі көшбасшы-лықты дәріптейді, тренинг пен семинарды өткізу үшін жан алып, жан береді. Ондай ақылы тренингтің біріне де қатысқан емеспін. Көшбасшы болу – «әр жерде бірінші болу» деген сөз. Мысалы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев саясатты да, экономиканы да, мәдениет пен әдебиетті де қатар алып, мәселесін шеше білетін адам. Мен көшбасшыны осылай түсінемін. Еріктіден көшбасшыға айналғысы келетіндерге хәкім Абайдың бір сөзімен жауап беруге болады. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап». Көшбасшы болу үшін білімнің де бәсекеге түсетінін ұмытпау керек. Адаммен сөйлессең де, кітап оқысаң да, кино көрсең де, музыка тыңдасаң да пайдалы мағлұмат алу керек. Бұл – уақытыңды босқа өткізбе деген сөз. Алайда көшбасшыны «көшбасшы» деп танитын қоғам екенін ұмытпаған жөн.

– Сұқбатыңызға рақмет!

Альфия АДАМБЕК,
«Ақ желкеннің» жас тілшісі.
Алматы қаласы

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз