Сегізбұрышты серік еткен саңлақтар немесе ережесіз жекпе-жектегі қазақ спортшылары туралы не білеміз?

Қазіргі таңда ережесіз жекпе-жек спорты күннен-күнге қарқынды дамып келеді. Аралас, кейде ережесіз жекпе-жек деп аталады. Тарихы ежелгі Грекиядан бастау алатыны айтылып жүр. Ережесіз жекпе-жекөнерінің қатарына кіретін «панкратион» спорты Олимпиада бағдарламасында болған. Ережесіз жекпе-жектен алғашқы айқас 1976 жылы аты аңызға айналған боксшы, атақты Мұхаммед Әли мен жапондық Кандзи «Антонио» Инокидың арасында өткен. Алғашында екі спортшы аралас жекпе-жектің ережесімен өнер көрсетпекші еді. Жарысқа екі күн қалғанда жапон спортшысына тек бір тізесі партерге тигенде ғана аяқпен тебуге рұқсат етілді. Жалпы ММА, яғни ережесіз жекпе-жек спортынан алғашқы халықаралық деңгейдегі жарыс 1993 жылы Америка Құрама Штаттарында өтіп, спорттың бұл түріне деген жаңа көзқарас қалыптасты. Спорттың аса қауіпті түрі саналатын ережесіз жекпе-жек майталмандарының сегіз бұрышта жер жастанған кездері де болған. Мысалы,  2007 жылы Сэм Васкес есімді спортшы жекпе-жекте алған жойқын соққыдан нокаутқа түсіп, ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Миына қан кеткен спортшы екі күннен кейін көз жұмды. Дейтұрғанмен, қазір ережесіз жекпе-жектің де өзіне тән ережелері жасалып, заман ағымына сай түрленген. Ережесіз жекпе-жектің басты ерекшелігі жекелеген спорт (күрес, бокс, муай-тай, джу-джитсу) түрлерінің барлық айла-тәсілдерін қолдануға болады.

Ережесіз жекпе-жек – нағыз жүрек жұтқан жігіттердің алапат айқасы. Сондықтан бұл спортта сайдың тасындай іріктелген сайыпқырандар сайысқа түседі.

Аралас жекпе-жекті «Ер өнері білінбес, Қоян-қолтық алыспай» деген қазақ халқының да қанында бар өнер деуге болады. Заманында елін, жерін жекпе-жекке шығып қорғаған батыр бабалардың ұрпағы үшін бұл таңсық дүние емес. Десек те, ережесіз жекпе-жектің заманауи түрі елімізге жаңадан енсе де, сегізбұрышты серік еткен саңлақтарымыз жетерлік. Олардың басым көпшілігі белді промоушендармен келісімшартқа отырып, әлемнің түкпір-түкпірінде ел абыройын асқақтатып жүр. Алайда ең танымал UFC тұжырымында өнер көрсететін қазақ жігіттерінің жоқтығы көңілге қаяу салады. Қазақ жекпе-жек майталмандары атақты UFC тұжырымында қашан өнер көрсетеді және бұл тұжырымда кімдердің жекпе-жектерін көруіміз мүмкін деген сұрақтың басы ашық. ACB, Fight Nights Global, M-1 Global, One FCChampionship сынды белгілі тұжырымдарда өнер көрсететін спортшыларымыздың әлеуетін бағамдап, неліктен ережесіз жекпе-жекті таңдағанын сұрап көрдік.

Кеше ғана Алматы қаласындағы «Алматы Арена» спорт кешенінде өткен  Fight Nights Global 80 турнирінде өнер көрсетіп, қарсыласын айқын басымдықпен жеңген Жұман Жұмабековтің болашағынан зор үміт күтуге болады. 1990 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласында дүниеге келген Жұман алғашында қазақша күреспен айналысқан. «6-сыныптан бастап қазақша күреспен машықтандым. Өсе келе ережесіз жекпе-жекке деген қызығушылығым оянып, осы спортты серік еттім. Ең алғашқы кәсіпқой жекпе-жегімді 2012 жылы өткізіп, қарсыласымды нокаутпен жеңдім. Сол жекпе-жегімде аз да болса алғашқы нәпақамды таптым. Елімнің көк туын әлемдік аренада желбіретіп, қазақтың қайсарлығын көрсеткім келеді. Әлбетте, ондай жетістікке жету үшін талмай еңбек ету керек. Әр спорттың қиыншылығы бар, дегенмен ережесіз жекпе-жек темірдей тәртіпті қатаң талап етеді», – дейді Жұман. «Бейбарыс» лақап атымен танылған Жұман сегізбұрышта 9 жекпе-жек өткізіп, 7 мәрте қарсыласынан басым түссе, 2 рет жеңілген. 61 келі салмақ дәрежесінде сынға түсетін отандасымыз Fight Nights тұжырымымен 6 жекпе-жекке келісімшартқа отырып, бір кездесуінде жеңілсе, бір жекпе-жегінде жеңіске жетті. Талантты спортшыны болашақта Fight Nights тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанғанын көруіміз ғажап емес.

Дәл осы тұжырымда өнер көрсететін Жалғас Жұмағұлов чемпиондық атаққа бір табан жақын еді. Астанада өткен Fight Nights Global 65 турнирінде 56 келі келі армениялық Вартан Асатрянмен чемпиондық атақты сарапқа салып, төрешілер шешімі бойынша есе жіберді. Сол жекпе-жектен кейін Жалғас Алматыда өткен Fight Nights Global 80 турнирінде  сынға түсті. Ол осы тұжырымның үздік спортшыларының бірі Шадж Хакты төрешілер шешімі бойынша жеңіп, чемпиондық атақтан әлі де үмітті екенін көрсетті. Жалғас спортқа кеш келсе де, біраз белестерді бағындырған. «Алғашқы жекпе-жегімді 24 жасымда өткізіп, 300 доллар көлемінде сыйақы алдым. Ережесіз жекпе-жекте спорттың барлық айла-тәсілдерін қолдануға болады. Маған сонысымен ұнайды. Денсаулыққа да аса қатты зияны бар деп айта алмаймын», – дейді Жұмағұлов. Сегізбұрышта 13 жекпе-жек өткізіп, 10 рет қарсыласының мысын басса, 3 мәрте есе жіберді. «Найман» деген лақап атпен жүрген Қуат Хамитов – еліміздегі ережесіз жекпе-жектің танымал өкілінің бірі. Хамитов та әлемдік рейтингте төртінші орында тұрған Fight Nights Global тұжырымында сынға түседі. Қуат 3-сыныптан бастап спорттың каратэ, гимнастика және күрес секілді түрлерімен айналысқан. Ережесіз жекпе-жекпегі алғашқы кездесуін 2011 жылы өткізіп, қарсыласын нокаутпен жеңген болатын. Сөйтіп, ережесіз жекпе-жектегі алғашқы кездесуінде жарқын жеңіске жеткен «Найман» әлемнің түкпір-түкпіріндегі промоушендарда бағын сынап, әжептеуір нәтижелерге қол жеткізді. Қытайдағы WBK тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанса, Сингапурдағы One FC championchip тұжырымында өнер көрсеткен алғашқы қазақ спортшысы болды. Қуат Fight Nights Global тұжырымындағы алғашқы кездесуінде-ақ дағыстандық Гаджи Рабадановты қылқындыру әдісімен ұтып, бірден титулдық жекпе-жек өткізуге мүмкіндік алды. Отандасымыз Fight Nights Global тұжырымының жеңіл (70 келі) салмақтағы әлем чемпионы атағын Магомедсайгид Алибековпен сарапқа салып, өкінішке қарай, чемпиондық атаққа қол жеткізе алмады.

Дегенмен, Хамитов жақында ғана Алматыда өткен Fight Nights Global 80 турнирінде UFC-дің жарқын жұлдызы, атақты Конор МакГрегордың спарринг қарсыласы Питер Куиллиді тұқыртты. Қуат: «Егер осы кездесуе жеңіске жетсем, маған чемпиондық атаққа таласуға тағы бір мүмкіндік береді», – деген еді. Демек, «Найман» Fight Nights Global тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанатын тұңғыш қазақ болуы мүмкін. 29 жастағы спортшы сегізбұрышта 24 кездесу өткізіп, 18-ін жеңіспен аяқтаса, 6 рет жеңілістің кермек дәмін татқан. Болашағынан үлкен үміт күттіретін, еліміздегі ең үздік жекпе-жек өкілдерінің бірі – Арман «Мұстафа Өзтүрік» Әшімов. Арман 7-сыныптан бастап былғары қолғапты серік етіп, сосын қызығушылығы джиу-джитсу спортына ауған. Джиу-джитсудан Қазақстан чемпионатында үш мәрте топ жарғаннан кейін, Әшімов кикбокс спортында бағын сынап көрді. Бұл спортта да әжептеуір нәтижеге қол жеткізіп, әлем чемпионатында ел намысын қорғады. Әуесқойлар арасында сынға түсіп жүрген Арман кәсіпқой жекпе-жектегі дебюттік кездесуін 2014 жылы өткізді. «Шынымды айтсам, ережесіз жекпе-жекке қалай келгенімді де білмеймін. Алғаш рет жекпе-жектен 2014 жылы өткен Қазақстан кубында топ жарып, содан бері осы спорттың жетегіндемін», – дейді Әшімов. Ол лақап атын бекер «Мұстафа Өзтүрік» деп атамағанын да айтты. «Лақап атымды «Мұстафа Өзтүрік» деп Алматы облысындағы Мұстафа Өзтүрік спорт кешенінің президенті Қайыр Мейірбеков ағам қойды. Мұстафадай қазақты әлемге паш ететін батыр азамат болсын деген мақсатпен қойған болатын. Жалпы, қазақтың қанында бар жекпе-жек өнеріндегі басты мақсатым – бабаларымыздың қандай қайсар халық болғанын көрсету. Сондай-ақ, әлемдік аренада көк туымызды биікте желбіретіп, еліміздің абыройын асқақтату. Бізге қарап бой түзейтін жастарға лайықты үлгі көрсеткім келеді», – дейді Арман. Арманның басты ерекшелігі жеңіл салмақта (56келі) өнер көрсетсе де, қарсыластарын нокаутқа жібереді. Әшімов M-1 Global тұжырымымен келісімшартқа отырып, екі жекпе-жек өткізді. Отандасымыз екі кездесуінде де қарсыластарын ауыр нокаутқа жіберіп, жиналған жанкүйерлердің қошеметіне бөленді. Тіпті, тұжырым басшылары Арманның сегізбұрыштағы өнеріне тәнті болып, келесі кездесуінде чемпиондық атаққа таласуы мүмкін екенін айтқан. Әшімов сегізбұрышта 11 жекпе-жек өткізіп, тек екеуінде ғана жеңіліске ұшыраған.

Дәл осы тұжырымда өнер көрсететін тағы бір қандасымыз, Орынбордың тумасы Дамир Исмағұловты спортсүйер қауымның бәрі біледі. Исмағұлов – M-1 Gobal тұжырымы бойынша әлем чемпионы (77 келіде) атанған тұңғыш қазақ. Жалпы Дамир 20 жасқа дейін соққыны қалай жұмсайтынын да білмеген. Мектеп бітіргенше доп теуіп, теннисті ғана қызықтаған. Ережесіз жекпе-жекке деген құлшынысы мүлдем болмаған. Әлдебір себеппен, қандасымыз қызығушылықпен ережесіз жекпе-жек залына келіп, осы спорттың айла-тәсілдерін үйреніп көреді. Екі апта өткеннен кейін жарысқа шығып, қарсыласын қаусатып салды. Осы кездесуден кейін-ақ ережесіз жекпе-жекке түбегейлі бет бұрды Қайтпас қайсар мінезі мен еңбекқорлығының арқасында барған жарысынан  жеңіспен оралып жүрді. Дамир сегізбұрышта 14 кездесу өткізіп, 12 жекпе-жекті өз пайдасына шешсе, 2 мәрте қарсыласына есе жіберген. Орынбордың қазағы қазіргі таңда UFC тұжырымында өнер көрсетуге бір табан жақын тұр. Әр жекпе-жек сайысында қазақстандық жанкүйерлеріне алғыс айтатын Дамир Қазақстанда жекпе-жек өткізуді армандайды.

Қайрат «Қазақ» Ахметов те әлемдегі белді промоушендердің бірі One FC championship тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ болған. Бала күнінде грек-рим күресінен Олимп шыңын бағындыруды армандаған Қайрат бозкілемдегі сәтсіздіктерден кейін, ережесіз жекпе-жекте бағын сынап көруді көздепті. 2011 жылы «Алаш прайд» клубы ұйымдастырған жекпе-жекте топ жарып, команда бір мүшесі болып қабылданған екен. Қайрат 2015 жылы One FC championship тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағына бразилиялық Адриан Мораеспен таласып, төрешілер шешімі бойынша жеңіске жеткен болатын. Ахметов көк туды желбіретіп қоймай, қазақтың қара жорғасын билегенде марқайып қалған едік. Сегізбұрышта 21 кездесу өткізіп, 20 рет жеңіс тұғырынан көрінсе, 1 рет қана жеңілген. Еліміздегі ең үздік жекпе жек майталмандарының бірі һәм бірегейі Арман «Сұңқар» Оспанов екені анық. Кезінде Қазақстан мен Ресей президенттері бірге  тамашалаған ережесіз жекпе-жек сайысында Сұңқар ресейлік спортшы Алексей Полпудниковты нокаутқа жіберіп, Елбасымыз марқайып, ризашылығын білдірген. Жауынгерлік самбодан әлемнің қатарынан үш дүркін чемпионы атанған «Сұңқар» ережесіз жекпе-жекте де ешкімге дес бермей жүр. Арман әлемдегі ең үздік тұжырымдардың рейтингінде екінші сатыда тұрған АСВ-де өнер көрсетеді. Алматыда өткен АСВ 69 турнирінде жарақат алып қалса да, айқас алаңына шығамын деп, жеңіліп қалғаны кезі де бар. Қазіргі таңда UFC-дің ең мықты спортшыларымен бірге жаттығатын отандасымыз келесі жылы UFC-дің спортшысы атануы әбден мүмкін. Міне, еліміздегі ережесіз жекпе-жектің жайы осы.

 

 

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз