Лондонның «Арсенал» командасының жартылай қорғаушысы Месут Озил 9 жылдан кейін Германия құрамасымен қоштасуға  мәжбүр болды. Футболшының мұндай шешім қабылдауына нәсілшілдік себеп болған. Ол туралы Озил әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Мамыр айында Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ұлыбританияға барған сапарында сол елдің чемпионатында доп теуіп жүрген ұлты түрік қандастарымен кездеседі. Олардың арасында Германия құрамасының қос ойыншысы Месут Озил мен Июлкай Гюндоган да бар.

Кездесуден кейін екі футболшы естелік ретінде Ердоғанға клубтағы жейделерін табыстайды. Алайда бұл жағдай неміс қоғамына ұнай қойған жоқ. Елде жанжал туындады. «Құрама ойыншылары өзге елдің президентімен неге бірге түстенеді?» деген сұрақ барлығын мазалады. Өйткені мұның бәрі Түркиядағы президент сайлауының алдында болған жағдай. Гюндоган бірнеше рет кешірім сұрап, сұхбат беріп, бұл тақырыптан әзер құтылған болатын.

Ал Озилдің жағдайы одан қиын. Алдымен футболшымен серіктестік орнатып жүрген Mercedes компаниясы бас тартты. Кейіннен өзі демеушілік ететін «Бергер Фельд» футбол мектебінің басшылары Месутті көргілері келмейтінін мәлімдеді. Әлем чемпионатындағы Германия құрамасының сәтсіздігінен кейін бар кінәні Озилға жапқандар көбейді.

Оңтүстік Кореядан жеңілген соң неміс жанкүйерлері «түрік шошқасы» деген секілді ауыр сөздер айтып айғайлағалады.

Футболшыға қарсы шабуыл мұнымен де тоқтаған жоқ. Елге келгеннен кейін «Гамбург» клубының президенті Йенис Майер «Германия құрамасы Озил болмағанда жақсы ойнайтын еді» деп мәлімдеме жасады.

Германия футболының аңызы Лотар Маттеус газетке мақала жазып, Месутты айыптады. Оның айтуынша, футболшы құрамада ойнағысы келмейді, әлем чемпионатынан кейін карьерасын аяқтайды делінген.

Ең белсенді қарсы шабуыл DFB президенті (Германия футбол қауымдастығы) Райнхард Гриндель мен құраманың PR менеджері Оливер Бирхофф тарапынан болды.

8 шілде күні Kicker журналы жариялаған сұхбатта Гриндель футболшыны айыптауын жалғастырған.

«Месут әлі күнге дейін жағдайды түсіндірмеді. Бұл көптеген жанкүйерлердің ашуын туғызды. Себебі олар жауап күтіп отыр. Менің ойымша, бұл дұрыс. Озил демалыстан шыққан соң, ол көпшілікке түсініктеме беруі керек», – деді Гриндель.

Сұхбаттың соңында неміс футболының басшысы Озилдің құрамадағы жағдайы әлі шешілмегенін айтты.

 «Біз бас бапкер Левтің спорттық көрсеткіштер бойынша сараптамасын күтіп отырмыз. Озилдің қазіргі спорттық бабы қандай, күзгі ойындарға шақыруға қаншалықты жарамды екенін анықтауымыз керек».

Шенеуніктердің арызы күдік тудырады. Өйткені әлем чемпионатының алдында Озил мен Гриндель кездесіп, мәселе шешілгендей көрінген.

Ал футболшының өзі жағдайдың әрі қарай ушығуына Гриндельдің саяси қызығушылығы себеп болғанын айтады.

 «Мен осы уақыт аралығында Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен кездестім. Басқосуда Илкай мен Штайнмайер ғана болды. Бұл кездесу Гриндельге ұнаған жоқ. Ол өзінің саяси мүддесін көздеді. Біз президентпен бірге осы жағдайға байланысты ортақ түсініктеме бермекші болдық. Сөйтіп тақырыпты жапқымыз келген. Ал Гриндельге ұнамаған себебі, кездесудің оның жағында емес, Штайнмайердің кеңсесінде болатыны»,дейді Озил.

Екі ай бойы Месут ел алдына шығып немесе әлеуметтік желіде бұл туралы ләм-мим деген жоқ. Есесіне серіктестері қолдады. Олардың арасында Жером Боатенг, Кевин Кураньи бар.

Бұл жағдай бәрінен бұрын футболшының әкесі Мұстафа Озилге қатты батқан көрінеді. Екі апта бұрын немістің Bild am Sonntag атты ақпарат құралына сұхбат берген ол баласына құрамамен қош айтысу туралы кеңесін айтты.

«Егер мен оның орнында болғанда, «рақмет, осы да жеткілікті!» деп айтар едім. Месуттың қатты көңілі қалды, кемсітіп жатқандар көп. Өзінің жеке фанаттары әлем чемпионатының алдында қолдаудың орнына қарсылық білдіруі баламның сағын сындырғандай болды».

Негізі шу енді Озилдің құрамамен кетемін деп айтқан мәлімдесінен кейін көтеріліп жатыр. Футболшының туиттердегі сол жазбасынан үзінді келтірсек.

«Гриндельдің көзімен қарасақ, жеңіп жатқан кезде мен неміспін. Ал керісінше Германия құрамасы ұтылған тұста ол үшін –  иммигрантпын. Германия азаматы ретінде салығымды төлеп, әлем чемпионатындағы сыйақымды футбол мектебіне салсам да, әлі күні неміс қоғамы мені қабылдаған жоқ. Маған жат біреу сияқты қарайтындар көп. Менің құрамада бірге ойнаған достарым Лукаш Подольски мен Мирослов Клозенің ұлты поляк болса да, оларға ондай бөтен көзбен қараған ешкімді байқамадым. Мені герман-түрік деп қабылдайтындар бар. Өйткені бұл Түркия? Себебі мен мұсылманмын. Меніңше, бұл аса маңызды проблема. Германияда туып-өстім, соған қарамастан адамдар неге мені неміс деп қабылдамайды», – деп ашынады Озил.

Енді оның сөзінен аңғарғанымыз, DFB және басқалардың қысымынан кейін футболшы құрама жейдесін қайтадан кигісі келмейді. Сөйтіп, карьерасын аяқтайтынын мәлімдеді.

«Германия футбол федерациясының маған деген қарым-қатынасы ұлттық құрама жейдесінен бас тартуға мәжбүрледі. Енді құрамада ойнағым келмей қалды. Мен өзімді керексіз сезіндім.Өйткені маған деген құрметтің жоғалғанын және нәсілшілдік бар екенін байқадым. Бұл шешім оңайға соққан жоқ. Әрдайым командалас әріптестерім және бапкеріміз үшін бар күшімді салып ойнадым. Ал енді DFB-ның жоғары шенді басшылары маған осылай қарап, түрік екенімді алға тартып, саяси насихат үшін нәсілшілдікке жол беретін болса, құрамадағы карьерамды аяқтауға тура келеді», – деп түйіндеді сөзін Месут.


Месут Озил Германия құрамасы сапында 2009 жылдан бастап ойнады. Осы уақыт аралығында 92 матчта 23 гол соқты. 2014 жылы Бразилия жерінде әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ Еуропа біріншілігінде екі рет қола жүлде еншілеген.

Жалпы, Германияда ұлты түрік 3 миллион халық тұрады. Оның ішінде әлемге танылған футболшылар өте көп. Кейіннен Түркия құрамасының азаматтығын алып құрамада ойнағандары да бар. Мысалы, ағайынды Хамит жән Халил Алтынтоп, Нури Шахин, Хакан Чалханоглу, Дженк Тосун, Йылдырай Баштюрк, Үміт Давала, Эмер Топырақ секілді футболшыларды айта берсе болады.

Ал Месут Озил, Эмре Жан, Коран Гюнтер, Илкай Гюндоган, Синан Курт, Огузхан Айдоган, Сердар Таски, тағы басқа бірнеше футболшы өздері туып-өскен Германия құрамасын таңдады.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №31
31 шілде 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз