Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары Дильназ Қамалова мен Дана Ерлан альцгеймермен ауыратын науқастарға көмектесетін қосымша жасапты. Тапқыр қыздардың тың жобасына қызығушылар көп…

«Адам үлкейген сайын ұмытшақ әрі бала сияқты болады. Бұл кезеңді «алжу» дейміз. Медицина ғылымында альцгеймер дейді. Адамның не себепті алжитынын Альцгеймер атты дәрігер анықтапты. Ғылыми жаңалыққа дәрігердің есімі беріліпті. Ми шаршағандықтан, есте сақтау қабілеті нашарлайды екен.

«Сикуэнс» қосымшасы қазақ тіліне аударғанда «жүйелілік» деген мағынаны білдіреді. Яғни науқасқа дәрі қабылдайтын уақытты еске салып, жүйе сақтап отырады. Қосымшаға науқастың жақын адамдары дәрі-дәрмекті қабылдау уақытын белгілеп қояды. Дәріні ішкен соң батырманы басып, белгі білдіреді. Бұл белгі науқастың жақын адамына жетеді. Тек альцгеймер ғана емес, балаларға, жасы үлкен адамдарға да көмекші құрал», – дейді Дильназ.

«Біздің мектеп математика, физика және компьютер ғылымын тереңдете оқытады. Сабақты өте жақсы оқимыз. Олимпиада кезінде сабақты жіберіп алатыным бар. «Sumsung Coding Lab» компаниясында алты ай оқып, Java мобильді қосымшада жазуды үйрендім. Жазғы демалыста «Zero to one labs» тәжірибеден өттім. Бұл компания мобильді қосымша жасаумен айналысады. Осы жерде жүріп, «React Native» арқылы андроидқа бағдарлама жасауға болатынын білдім. Құрастырған бағдарламам ең үздік 20 жұмыстың қатарына кірді.

«Сикуэнс» жобасымен бірнеше жарысқа қатысып, жеңімпаз болдық. Жобаның ең басты ерекшелігі – әлемнің қай бұрышында жүрсеңіз де, құрылғы арқылы жақыныңызды бақылай аласыз. Дәрі қорабында қажетті дәрі-дәрмектер салынады. Құрылғы мобильді қосымша арқылы басқарылады. «Microsoft oit hackathon 2018» мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін шешуге арналған жоба жарысында 1-орын алдық. Жобаны дамытуға қаржы берді. АҚШ-та өткен «VEX World Championship» (Kentucky United States) жарысында финалға шықтым. Мәскеуде болған «Profest Moscow 2018» білім сайысында 2-орын алдым. Осы кезге дейін бағдарламалау мен Arduino, Vex платформасымен жұмыс істейтінбіз», – дейді Дана.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

Ұлан газеті», №43
23 қазан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз