ҚАЗАҚ КИНОСЫН ҚАЛАЙ БАҒАЛАУҒА БОЛАДЫ?

Бізде кино бар, көрермен жоқ, яки көрермен бар, кино жоқ. Қалыптасқан осындай парадокстық сұрақтың тууына кім кінәлі? Қазақ көрермені білмейтін қазақ киносы жайлы қаузағымыз келді. Авторлық, артхаустық кино деген не? Стильдік ерекшеліктері қандай? Авторлық фильмдер арқылы әлеуметтік мәселелер, адам жаны, қоғам келбеті қаншалықты сөз болуда? Осы бағыттағы отандық режиссерлердің ізденістері қандай? Қазақ көрермені авторлық фильмдермен неге таныс емес? Көптің көкейіндегі бұл сауалдарды осы бағытта ізденіп жүрген режиссерлердің өздеріне қойып көрдік…

Елзат ЕСКЕНДІР, режиссер, Оңтүстік Кореядағы BIFF кинофестивалінің «Үздік қысқаметражды фильм» номинациясы бойынша Гран-При иегері:

– Мен үшін авторлық фильм және артхаустық фильм деген атаулардың айырмашылығы жоқ. Екі атау да алма-кезек қолданыла береді. Табиғаты, формасы жағынан бір-бірінен өз алдына ерекшеленбейді. Екеуі бір ұғым. Айырмашылығы жоқ екенін астын сызып айтып отырған себебім, бірқатар режиссерлер, кинотанушылар, киносыншылар авторлық және артхаустық фильмдер деп екіге бөліп қарастырып жатады. Шын мәнісінде, бұл қате. Өзім үшін артхаустық фильм дегеннен гөрі, авторлық фильм деген ұғым үлкен мағынаға ие. Көбіне бізде артхаустық фильмдер дегенде, бозарған боз дала, қуарған ағаш, жалғыз тоқал там, сосын жұпыны тіршілік кешіп жатқан адамдар өмірін өте баяу суреттейтін фильмдер деп сипаттама беріп жатады. Маған солай суреттелген фильмдер де авторлық фильмдер. Себебі, авторлық фильмдер дегеніміздің өзі осы бағыттағы ізденістің ар жағында авторы бар дегенге саяды. Авторы бар деген сөз – сол туындыда автордың көзқарасы, философиялық танымы, пікірі, ұстанымы тұрғанының айғағы. Бұлай дейтінім, авторы жоқ туындылар да болады. Ондай туындалар айтар ойы таптаурын, қалыпты, көрсеткен дүниесі өмір шындығынан алыс, философиялық танымға бойламаған, суреткерлік шеберлікті мақсат тұтпайды. Тіптен, айтар ойының салмағынан гөрі ойын-сауықтық, еліктіргіштік мақсаты басым боп тұруы мүмкін. Әрине, қандай да бір ой болар, бірақ, ойды жеткізуде адамның ішкі сезімдеріне үңіліп емес, еліктіргіштік формаға салады. Әрине, мұндай фильмдерді кино саласында көркемдік тұрғыдан жеке бағыт ретінде қарастырады. Жалпыхалықтық ортақ терминмен айтсақ, мейнстримдік, попкорндық фильмдер деуге әбден негіз бар. Киноның ендігі бір тармағы, идеологиялық фильмдер. Қандай да бір мемлекеттің идеологиясын өз заманында жүргізуге бағытталған кино. Дегенмен, кино саласын өнер ретінде, қоғамның рухани айқындауышы, оның этикалық, эстетикалық таным-түсінігін, талғамын қалыптастыратын негізгі бағыты, – авторлық фильмдер. Бейресми дерек бойынша, дүниежүзінде алты мыңнан аса кинофестиваль бар екен. Көлеміне, тарихына, бағытына қарай бұл фестивальдер ішінара түрлі-түрлі деңгейлерге бөлініп отырады. Бірақ, солардың ішіндегі ең тарихы терең, беделі жоғары үш фестиваль бар: Францияда өтетін Канн фестивалі, Германияда өтетін Берлин фестивалі және Италияда өтетін Венеция фестивалі. Бұлар А класына жатады. Ары қарай Торонто, Сандэнс, Локарно, шығыстағы Пусан, Шанхай, Токио кинофестивальдерін айтамыз. Осы аталған фестивальдер авторлық фильмдердің тұсауын кесетін жәрмеңке іспетті үлкен бәйге. Авторлық фильмдер сол фестивальдерде тұсауын кесу арқылы дүниежүзі көрерменіне таралады. Бұлар осы мақсатта құрылған жобалар. Бұдан бөлек Голливудтық жүйе бар. Ойын-сауықтық, идеологиялық фильмдер арқылы көп аудитория жинайды да, көрерменнің көңілін көтеру, сол мезеттегі эмоциясына әсер ету бағытында жұмыс жасайды. Ең басты мүдде сол арқылы қыруар қаржы жинау, бір сөзбен айтқанда, бизнес. Голливудтық жүйе дегеніміз осы. Құндылықтарды екінші орынға ысырған Голливудтық жүйедегі мейнстримдік фильмдерден, адамзат санасына эстетикалық, этикалық, рухани азық болуды көздейтін авторлық фильмдерді арашалап алу, өрістету үшін жоғарыда айтқан фестивальдер жасалған. Кино саласының мамандары, өнер интеллигенциясы, журналистер осындай фильмдерді даралап көрсетіп отырмаса, жалпы халық өздігінен таразылап, ажырата алмауы мүмкін. Өз кезегінде авторлық фильмдер де барша көрерменнің рухани жан дүниесіне, философиялық пайымдарына, көзқарасына, эрудициясына, интеллектуалдық дамуына ықпал ету үшін жасалады.

Кино ең кенже өнер бола тұра, авторлық фильмдер арқылы, адам жанын, қоғам келбетін суреттеуде үлкен жетістіктерге жетті. Себебі, авторлық бағыттың өзі әуел бастан адамның ішкі әлемін, оның түрлі сезім-түйсіктерін, мақсат-мұратын, арман-тілегін, сенімі мен үмітін суреттейтін, сол арқылы қоғамға ой тастайтын фильмдер жасауды мақсат тұтқан. Өзім әлемдік фестивальдер арқылы сондай фильмдерді үзбей көріп, бақылап отырамын. Дүниенің түкпір-түкпірінде түрлі интеллектуал авторлар бар. Ресейде Андрей Звягинцев, Алексей Герман (кіші), Сергей Лозница, Иранда Асгар Фархади, Джафар Панахи, Бахман Гобади, Самира Махмальбаф, Қытайда Цзя Чжанкэ, Ван Сяошуай, Чуан Лу, бұлардың барлық фильмдерінде өз қоғамы, өз әлеуметтік ортасы, сондағы адамдардың ішкі жан дүниесі суреттелуде. Еуропалық авторлар, австриялық Михаэль Ханеке, румын киносының «жаңа толқыны» өкілдері Кристиан Мунджиу, Кристиан Пую, Калин Питер Нецер, Корнелиу Порумбойу (кешегі посткеңестік елдің бүгінгі келбетін суреттеген қырық пен елу жас аралығындағы авторлар), Африка киносының авторлары Абдеррахман Сиссако, Сулейман Сиссе, Махамат Салех Харун (Африка халықтарының тұрмысы, Чад еліндегі Азамат соғысы, әке мен баланың қатынасы, мүгедек адамдардың өмірге деген құлшынысын шынайы суреттеген), түріктен Нури Бильге Джейлан, Семих Капланоглу (бұларда отбасылық қарым-қатынас, дәстүр мен жаңашылдықтың мәдени қақтығысында өмір сүріп жатқан адамдар тіршілігі керемет көрініс тапқан), босниялық әйел режиссер Айда Бегич («Қар», «Сараево балалары» фильмдері арқылы соғыс көріп өскен балалардың есейсе де жоғалмаған үрейін көрсеткен), Венеция секілді үлкен фестивальдерден орын алып жүрген Латын Америкасы режиссерлері Пабло Траперо, Жозе Падилья қандай, Израиль киносынан Йосеф Сидар, Самуэль Маоз (Ливан-Израиль арасындағы саяси қақтығыстардың салдарынан зардап шеккен әскерилер, қарапайым адамдар өміріне құрылған туындылары ойға жетелейді). Осылардың бәрінің фильмдері өз қоғамының айнасы.

Авторлық фильмнің миссиясы ақиқатты айту. Авторлар идеологияға салынып, мүмкін басқа да себептермен өз қоғамының кейбір көлеңкелі тұстарын жасырып қалуы да ықтимал. Әйтсе де, шындық жоқ жерде өнер жоқ. Ұлтына, нәсіліне қарамай, адам бойында ақиқатқа деген бір ғана аңсар бар, яғни ақиқатты анық көруге құштарлық бар. Осы аңсарды тілін тауып көркем суреттей алса, біз айтып отырған авторлық фильм тудыра алғаны.

Өз елінің мәдениетін, ой-танымын, ұлттық ерекшелігін, мемлекетін танытуда авторлық фильмдердің алатын орны орасан үлкен. Біз өзіміздің ұлттық философиялық танымымызды, этикалық-эстетикалық түсінігімізді, адами интеллектуалдық потенциалымызды әлем көрермендеріне жеткіземіз. Сондықтан, авторлық фильмдерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі міндетті. Киносының дамығаны мемлекеттің имиджі үшін өте пайдалы. Кейде бізде осы бағытта мемлекеттің имиджі үшін халықаралық прокатқа идеологиялық жобалар жасалып жатады. Бірақ, олардың бәрі ешқандай нәтиже бермей, сәтсіз аяқталуда. Себебі, империалистік елдерден өзге ешбір мемлекеттің идеологиялық, ойын-сауықтық фильмдері халықаралық прокатқа шыға алмайды, әлемге таралмайды. Жүйе солай жасалған. Жүйені жасаған да сол елдердің мамандары. Ал, авторлық фильмдеріміз арқылы фестивальдерге шығып, одан жүлделі болсақ, одан ары батыс-шығыс, желдік-түстіктегі көрермендерге жетуге мүмкіндігіміз мол. Бұл тарапта жол ашық. Міне, фестиваль дегеніміз осы үшін жасалған.

Қазақ киносының тарихына үңілсек, сүбелі дүниелердің көбі авторлық бағытта түсірілген. Мысалы, Абдолла Қарсақбаевтың «Қилы заманының» өзегінде авторлық таным жатыр. Кеңес идеологиясының қыспағында тұрып, жиырмасыншы ғасырдың басындағы тарихтың шындығын тануға, қуғын-сүргіндегі халықтың ішіне бойлауға деген қазақ режиссерінің ұмтылысы авторлық бағыттағы үлкен ізденістің көрінісі. Сосын Мәжит Бегалиннің «Тұлпардың ізі» фильмінде авторлық тереңдік жатыр. Тоқсаныншы жылдардағы режиссерлердің бәрі де авторлық дүниелер тудырды. Сатыбалды Нарымбетов, «жаңа толқындықтар» Дәрежан Өмірбаев, Серік Апрымов, Әмір Қарақұлов, Рашид Нұғымановтар, замандастырымыз Эмир Байғазин, Әділхан Ержановтар авторлық бағыттың өкілдері. Мен тек біржақты авторлық-интеллектуалдық бағыттағы фильмдер болсын демеймін. Идеологиялық, ойын-сауықтық фильмдер де жасалсын. Көрермен көптікті білдіреді. Көптің талғамы қашан да әрқилы. Көрермен қай бағыттағы да киноны көргісі келеді. Бірақ, рухани сұранысты қанағаттандыратын, ол – авторлық фильмдер.

 

Жазып алған Үсен ТОРТАЙ
«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз