Елшат НЫҒМЕТОЛЛАҰЛЫ: «Ұлтымның кемшілігін көргім келмейді»

0
260

«Қазақ жауынгері» сияқты лақап атты екінің бірі таңдай бермейді. Елшат Нығметоллаұлы – Қытайдағы танымал, атақты қазақ боксшысы. Жоғарыдағыдай лақап аты бар. Ең жеңіл саналатын 53,5 келі салмақта жұдырықтасады. Әлемдік рейтингтегі ең мықты 100 боксшының қатарына кірген. Қытайда өз салмағының көшін бастап тұр. Жақында WBC тұжырымы бойынша Азия чемпионы атанып, кәсіпқой бокстағы үлкен жетіс-тіктерінің біріне қол жеткізді. Чемпиондық атағын қорғау үшін Алматыға дайындығын шыңдауға келген қандасымызбен сұқбаттасудың сәті түсті.

– Елшат, естуімізше Қанат Исламның жерлесі екенсің…

– Иә, мен 1994 жылы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы, Алтай округінің Каба қаласында дүниеге келдім. Отбасында жалғыз бала болдым. 9 жасымда ата-анамнан айырылып, әжемнің қолында өстім. Әжемнің үйі қалаға жақын аймақта орналасқан болатын. Әжем қалаға оқуға жіберіп, көзімді ашты. Қаланың өміріне үйренбегендіктен көп дүние таңсық болды.

– Боксты серік етуіңе кім себеп-кер болды?

– Бастауыш сыныпты бітірген-нен кейін қаланың орталығында орналасқан мектепке ауыстым. Қысқы демалыс кезінде «Бокс үйір-месіне шақырамыз» деген жарнамаға
көзім түсіп, қызығушылығым оянды. Бірақ әжемнің ақшасы болмай, сол жылы бокс үйірмесіне бара алмадым. Бокс үйірмесінде машықтанып жүрген балаларға қатты қызығып, күніге терезелерінен қарайтынмын. Бір күні сабақтан қашып кетіп, жаттығу залының сыртында қарап тұрғанымда ту сыртымнан келген бапкерді байқамай қалыппым. «Не істеп тұрсың? Боксқа қызығушылығың бар ма? Боксшы болу арманың ба?» – деп сұрақтың астына алды. Мен ойланбастан боксшы болғым келетінін айттым. «Сені осы маңайдан күнде көре-мін. Ақыры қызығушылығың болса, ертең кел. Мен сені тегін жаттықтырайын», – деген сөзін естігенде, төбем көкке жеткендей болды. Бұл өмірімдегі ең үлкен қуаныштың бірі еді. Бокс әліппесін үйренгеннен соң Алтай өлкесінің ішкі біріншілігінде сайысқа түстім. Былғары қолғапты алғаш рет 15 жа-сымда киіп, жарты жылдың ішінде Алтай чемпионы атандым.

Ешқандай ақша сұрамай-ақ бокстың қыр-сырын үйреткен бапкер кім болды?

– Қанат Исламның алғашқы бапкері Мұрат Бошайұлы туралы естіген шығарсыздар? Мұрат ағай бокстың қыр-сырын үйретіп қана қоймай, дін мен ділімізді, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеуді үйретті. Біздің бабаларымыздың батыр болғанын санамызға құйып отырды. Қытайда жүрсе де ұлты үшін маңдай терін төгіп, елеулі еңбек еткен адам. Көптеген қазақ баласын спортқа баулып, тәлім-тәрбие берді. Менің де үлкен жетістіктерге қол жеткізуіме себепкер болды.

– Кәсіпқой бокстағы алғашқы қадамың қалай басталды?

– Алғашқы жарысымдағы алтын жүлдемнен кейін Мұрат ағай мені бірден қойын дәптеріне түртіп алды. 2012 жылы Шыңжаңда өткен чемпионатта 52 келі салмақта топ жардым. Осы жарыстан кейін ауылға қайтып кеттім. Бірақ бапкерім ылғи хабарласып, үлкен үміт күтетін айтып жүрді. Әрқашан жігерлендіріп, жақсы жерге орналастыратынын айтты. Арада бір жарым ай өткен соң: «Елшат, сені ішкі Қытайға жіберем. Үлкен жарыстарға дайындайтын адамдармен сөйлестім», – деді. Бірақ үйдегілер мені жібергісі келмей, қарсы болды. Бар арманым әлем чемпионы болу, ұлтымның абыройын асқақтату екенін жақындарыма түсіндіре алмадым. Дегенмен әжем батасын беріп, ішкі Қытайға кетуіме рұқсатын берді. Сөйтіп, Бейсен Нәсиоллаұлы деген құрдасым екеуміз Үрімжіге аттандық (Бейсен де Қы-тайдағы танымал былғары қолғап шеберлерінің бірі). Үрімжіде бізді 40 баланың ішінен таңдап алды. Содан кейін Бейсен екеуміз ішкі Қытайдың чемпионатында өнер көрсеттік. Мен 54 келі салмақта чемпион атандым, Бейсен күміс жүлдеге ие болды. Негізі Қытайдың ішкі біріншілігінде чемпион болу деген мүмкін емес дүние еді. Чемпионы атансақ та біраз қиындықты бастан өткердік. Қытайдың жылына бір рет өткізетін «шаған» деп аталатын ұлттық мейрамы бар. Осы мейрам кезінде қытай бапкеріміз бір жарым ай той тойлап, жағдайымыз қиындай түсті. Бір маусымдық киімді төрт маусым киген күніміз болды. Ақшамыз да таусылып, ішер тамағымыз да қалмады. Ақыры шарасыздықтан басқа қалалардағы жаттығу залдарын ғаламтордан іздей бастадым. Жаттықтырушыларға мән-жайды түсіндіріп хабарласып едім: «Келсең болды, барлық жағдайыңды жасаймыз», – деді. Сөйтіп бір күнде кетіп қалдым. Өкінішке қарай, бастапқыда бәрі жақсы болғанымен бұл жақта да күніміз оңбады. Не жарысқа қатыспадық, не ішетін тамағымыз бен жататын жеріміз жайлы болмады. Соңында бәрін тастап ауылға тарттым да кеттім.

– Бапкеріңе неге хабарласпадың?

– Шынымды айтсам, бапкеріме де, үйдегілерге де болған жайтты айтуға ұялдым. Ауылға келгеннен кейін үйдегілерге «бір айға үйге баруға рұқсат берді» деп өтірік айттым. Үйде жүріп, тағы да ғаламтордан жаттығатын, жағдайыма бей-жай қарамайтын жаттықтырушы іздедім. Таныс ағайыма бір мекен жайды айтып, мән-жайды біліп беруін өтіндім. Ол кісі мен айтқан жерге хабарласқанын айтып, «бара берсең болады» деді. Сөйтіп қайтадан ішкі Қытайға, келіскен мекен-жайға келдім. Бірақ нағыз қиыншылықты осы жақта көрдім. Бір апта далада түнеп, жаңбырлы күндері жүк көліктерінің астында жаттым. Күніне бір мезгіл ғана тамақтанып, жаттығуды да дұрыстап жасай алмадым. Ақшам да таусылып, тағы да бір аптадай далада түнеп жүрдім. Денсаулығыма да біршама зақым келтірдім. Бір күні сол жерде жаттығатын қытай бала: «Қайда тұрасың? Мен жалғыз өзім пәтер жалдап тұрамын, қаласаң бірге тұрайық», – деді. Мен де сыр бермей, бірге тұруға келістім. Бірақ тамағымды сырттан ішіп жүрдім. Қолымда көк тиын қалмаған соң, сол жақта оқып жүрген сыныптастарымнан ақша сұрадым. Әупірімдеп әрең жүрген сыныптастарым әйтеуір барынша көмектесіп, ақша тауып берді. Екі айдан кейін жарысқа қатысатын болдым. Жаттығуымды тыңғылықты жасап, жарысқа барынша бабымда шығуға тырыстым. Жарыста қарсыласымды нокаутқа жіберіп, шаршы алаңдағы кезекті жеңісіме қол жеткіздім. Осы жарыстан кейін сол жақтағы бапкерлердің көзіне түсіп, қаржылай жағдайымды да жақсарттым. Ақыры сол бапкер менің барлық жағдайымды жасап, арнайы ақша үшін жұдырықтасатын бокс кештерінде сайысқа түсуге мүмкіндік жасады. Осылайша 4-5 жекпе-жек өткізіп, әжептеуір қаражат таптым. Ал 2014 жылы кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегімді өткізіп, жеңіске жеттім. 2016 жылы WBA тұжырымы бойынша Қытай чемпионы атанып, алтын белбеуге ие болдым. Аллаға шүкір, жақында ғана WBC тұжырымы бойынша Азия чемпионы атандым. Енді кезекті жекпе-жегіме дайындығымды пысықтау үшін арнайы Алматыға келдім. Алматыда ең үздік бапкерлердің бірі саналатын Сағатбек Мұсахановтың қоластында жаттығып жатырмын.

– Алматыға алғаш рет келуің бе? Бұл жақтағы ағайындар қалай қарсы алып жатыр?

– Бала күнімнен бастап Қазақ-станды бір көруді армандаған едім. Шынымды айтсам, өз ұлтымның кемшілігін көргім келмейді. Сондықтан «мына жақта мынандай екен» деп айта алмаймын. Қалың қытайдың арасында жүрсек те, ұлтымды әрқашан мақтан тұтып, қазағымның намысын биік қоямын. Бірақ тіл мәселесінен аздаған қиындықтар туындағаны рас.

– Үлгі тұтатын спортшыларың бар ма? Қай спортшының жетістігі сені шабыттандырады?

– Біздің үлкен спортқа жолымызды ашқан Қанат Ислам ағамыз. Ол кісі тек біздің емес, күллі Қытайдағы бокстың сара жолын салып берді десем артық айтқаным емес. Қанат Исламға еліктемеген қазақ жоқ шығар. Мен де Қанат ағамызды үлгі тұтып, бой түзеп өстім. Ал әлемдік былғары қолғап шеберлерінен Майк Тайсон, Флойд Мейвезер, Мэнни Пакьяо сынды спортшыларға еліктедік. Алла қаласа, бұлар жеткен жетістікке жету үшін барымды саламын.

– Ендігі жоспар қандай?

– Қытайдағы ең ірі промоутерлік компаниялардың бірімен 5 жылға келісімшартқа отырғанмын, бір жарым жылдан кейін аяқталады. Бірақ келісімшартты ары қарай
созуға құлқым жоқ. Сол уақыттың ішінде екі рет WBC тұжырымы бойынша чемпиондық атағымды қорғауым керек. Сәтті қорғасам, әлемнің үздік боксшыларымен қолғап түйістіруім мүмкін. Тамыз айында тағы да шаршы алаңға шығамын. Алға қойған арман-мақсатым көп, соның жолында аянбай тер төгуге дайынмын. Кім біледі, бәлкім Алаш туының астында айқасатын күн туатын шығар. Алаштың абыройын асқақтатудан асқан арманым жоқ.

– Жас та болсаң, өмір жолың көркем шығарма секілді екен. Қайда жүрсең де жолың болсын. Әңгімеңе рақмет!

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз