«Ақ желкен», кішкене күнімдегі қателігім өмірлік өкінішке айналғалы тұр.
«Р»-ды айта алмайтындарға еліктедім. Алғашында айта алмағаным рас, кейін
қалыптасып кетті. Жаттығу ештеңе жасамадым. Ата-анам да елемепті. Енді 9-сыныптамын. «Р» әрпі бар сөздерді қоспай сөйлеймін. Ол тіпті қиын. Айтайын десем де, айта алмаймын, не істеуге болады?

Мейірім
Қызылорда облысынан.

Жас жеткіншектің жанайқайына Алматыдағы №2 арнайы түзету мектебінің мұғалімі
Айнұр САТЫБАЛДИЕВА жауап береді:

Мейірім, қысылма. Оның шешімі бар. Қазір медицина дамыды. Тілдегі түрлі кемістіктерді емдеуге болады. Сендегі кемістік туабітті ме, әлде жүре келе пайда болды ма, соны анықтау керек. Саған арнайы орталыққа бару тиімді. Мұндай ақауларды дефектолог, психолог, логопед, сурдопедагог секілді мамандар бірлесіп емдейді. Сондай-ақ, орыс-
тар «уздечка» дейді, яғни тіліңнің астындағы үзікке назар сал. Үзіктің қысқалығынан көп бала таңдай- үсті дыбыстарды айта алмайды. Мамандар тіліп жіберсе, тілдегі ауа ағымы шұғыл дыбыстарды айтуға көмек береді. Айта алмайтын әріптеріңді дефектолог қойып береді. Акустика-артикуляциямен жұмыс жасап үйренесің. Ол үшін күнделікті жаттығу керек. Бұл қиын емес. Айна алдында отырып, айта алмайтын әріптерді қайтала. Табанды еңбектенудің арқасында ғана нәтиже болады. Бұл сенің бойыңдағы комплекс болып қалмасын. Кемістігі бар адамның бір артықшылығы болады, осыны естен шығарма!

Қыз баланың ерекшелігін түсіндіріңізші…

Сәлеметсіздер ме? Биыл 8-сыныпта оқимыз. Сұрайын дегенім, қыз баланың төсінің өсуі қай жастан басталады? Сыныбымызда біріміздікі үлкен, біріміздікі кішкентай. Ұлдар қылжақтап, «шөшіре», «манты», «алма» деп келе-кетеді. Менікі көзге көрініп қалды. Сондайда тіпті көзін жойғым келеді. Жауап беріңіздерші…

Маржан,
Батыс Қазақстаннан.

Маржанды мазалаған сұраққа Педиатрия және
бала хирургиясы ғылыми орталығының маманы
Қарақат АЙСАНҚЫЗЫ тіл қатады:

– Физиологиялық жетілу әр адамда әртүрлі. Омыраудан қысылудың қажеті жоқ. Уақыт өте келе оның бәрі өткінші нәрсе екенін түсінесің. Біз – анамыз. Омырауымыз арқылы ұрпақ өсіреміз. Ең бастысы, емшек бездерін жарақаттап алмау керек. Оны көрсетпеу үшін қысып тұратын төстартқыш кию зиян. Ұзақ уақыт тақпай жүруге де болмайды. Эстетикалық, этикалық жағынан дұрыс емес. Сосын дәрі іздеп те қажеті жоқ. Мүсінің дұрыс қалыптассын десең, спортпен айналыс. Тек тар киім киме. Ал ұлдардың келемежіне келсек, ызаланба, елемей қоюға да болады.

Дайындаған Құралай МАНАРБЕК

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз