1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дəуір, тұлға, қоғам»  атты көшпелі көрмесі ашылды. Көрменің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Тəуелсіз Қазақстанның тарихи өміріндегі рөлін жүйелі түрде кеңінен көрсету. Орталық мемлекеттік мұражайға алғаш рет Елбасының жеке мұрағатынан 800-ге жуық құнды жəдігер жеткізілген. Мұндай іс-шара Тұңғыш Президент күні мен еліміздің Тəуелсіздік күні қарсаңына орайластырылып отыр. Көрме төрт үлкен бөліктен тұрады. Алғашқы бөлімі «Көшбасшы жолы» деп аталады. Бұл бөлім Елбасының туыпөскен жері Үшқоңырдан басталып, отбасы, мектепте бірге оқыған сыныптастарымен жалғасады. Днепродзержинскіде оқыған кезі, Теміртауда жұмыс істеген шағы, Алматыда қызмет еткен жылдары, сондайақ, алғаш рет Президент болып сайланған кезі туралы сыр шертеді. Екінші бөлімге «Көшбасшы феномені» деген атау берілген. Мұнда Елбасының кемел жұмыстарының бір парасы – қазақ халқына қасірет əкелген Семей полигонының жабылуынан бастап, аспан кеңістігіне ұшқан ғарышкерлеріміз, елтаңбамыз, туымыз, теңгеміз секілді құнды дүниелер көрсетіледі. Көрмеге қатысушылар бұл бөлімнен Қазақстан халқы Ассамблеясы жөнінде, мемлекет басшысының ел астанасын ауыстыру идеясын жүзеге асыруға дейінгі тарихи маңызы бар шешімдері мен бастамалары туралы хабардар болады. Үшінші бөлім «Елбасы мəртебесі – ел мəртебесі» деп аталады. Бұл жерде Көшбасшының жəне Қазақстан халқының жаһандық үдерістердің тұрақтылығы мен өркендеуіне қосқан үлесін тану ретінде жұрт назарына Елбасы алған 40-тан астам шетелдің жоғары наградалары туралы баяндалады. «Əлем қадірлеген Елбасы» атты төртінші бөлімде Мемлекет басшысының көшбасшы ретінде əлемге қалай танылғанынан бастап деректер беріледі. Бұдан бөлек, Қазақстанның сыртқы саясаттағы еңбектері көрсетілген. Олардың арасында көршілес Ресей Федерациясымен, Қытай Халық Республикасымен, сондайақ, Америка Құрама Штаттарымен саяси, экономикалық қарым-қатынастар алғаш орнаған кезеңінен мағлұматтар сөйлейді. Сыртқы саясат болғандықтан мұсылман елдерімен, Еуропа елдерімен арадағы қарым-қатынас та, еліміздің халықаралық ұйымдармен бірге атқарған жұмыстары да назардан тыс қалмаған.

Елбасы кітапханасының қорында 28 мыңнан астам басылым бар. Соның ішінде Құран Кəрімнің бірегей түрлері жинақталған. ХVIII-XIX ғасырларда басылған көне раритеттік баспа өкілдері, ғарышқа жол жүріп келген ерекше басылымдар, сонымен қатар, Елбасына сыйға берілген Борис Ельцин, Маргарет Тэтчер сияқты мемлекет басшыларының қолтаңбалары бар еңбектері немесе танымал шығармалары ұсынылады. Сондай-ақ, Президенттің əлем тілдеріне аударылған еңбектері де көрме барысында халықтың назарына ұсынылды. Музейдегі санитарлық демалыс – тек сейсенбі күні ғана, басқа күндері тақырыптық жəне шолу экскурсиялары өткізіледі. 2018 жылдың 14 қаңтарына дейін қала жұртшылығы көрмені тамашалай алады.

«Ұлан» газеті, №48
28.11.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз