Жақында Алматыда жеңіл атлетикадан Рим Олимпиадасының күміс жүлдегері Ғұсман Қосановты еске алуға арналған халықаралық Мемориал өтті. Осы жарыста əйелдер арасындағы 4х400 метрлік эстафетада əріптестерімен бірге чемпион атанған Мерджен Ишангулыеваны əңгімеге тартқан едік.

Мерджен – Түркіменстанда дүниеге келген. Жаңа ғасырдың алғашы 10 жылдығында сол елдің үздік жеңіл атлеттерінің бірі болды. Мысалы, 2008 жылы Ишангулиева Түркіменстан чемпионатында 100,400 метрге және 400 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру бойынша чемпион атанған. Түркіменстан құрамасы сапында Қазақстанға бірнеше рет келіп, Қосанов Мемориалында жүлдеге іліккен. 2009 жылы Берлиндегі әлем чемпионатына қатысқан.

Бірақ кейіннен Алматыға қоныс аударып, Қазақстан азаматтығын алды. Жеңіл атлет аяқ астынан боксқа ауысады. 2014 жылы наурыз айында бокстан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысады. Тіпті, сол біріншілікте 51 келіде күміс жүлдеге ілігеді. Кейіннен ұлттық құрама сапында 2014 жылғы Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында өткен әлем чемпионатында өнер көрсетті. Бірақ 1/8 финалда АҚШ-тан келген Марлен Эспарзеден жеңілді. Сол чемпионата қолын жарақаттап алып, әріқарай боксты жалғастырған жоқ.

2014 жылы жарақатына байланысты бокстағы карьерасын аяқтаған соң, жеңіл атлетикаға қайта оралды. 2015 жылы 400 метрге тосқауылдар арқылы жүгіруден халықтар Спартакиадасы мен Қосанов Мемориалын жеңіп алды. 2017 жылы жеңіл атлетикадан ұлттық құраманың штатына ілінді.

Ишангулиева еліміздегі беделді бапкерлердің бірі Любовь Никитенконың қарамағында жаттығады. Бұл маманның танымал шәкірттері өте көп. Олардың арасында 1988 жылы КСРО құрамсы сапында 4х100 бойынша командалық эстафетада Олимпиада чемпионы атанған Виталий Савин, Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ольга Шишигина, 400 метрге тосқауылдар арқылы жүгіруден үш дүркін Азия ойындарының чемпионы атанған Наталья Әлімжанова (Торшина) және т.б спортшылар бар.

2017 жылдан бастап Мерджен 400 метрге жүгіру және 400 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру бойынша өнер көрсетіп жүр. Тосқауылдар арқылы жүгіруден Қазақстан чемпионаты мен кубогында жеңіске жетті. Сондай-ақ өзінің жеке рекордың орнатты – 57.72 секунд.

Ол өзінің әмбебап спортшы екенін әрдайым дәлелдеп жүреді. Тіпті Алматыда өтетін халықаралық марафонда 21 шақырымға жүгіріп, жүлделі орынға іліккен.

– Мерджен, сізді көптен бері жарыс жолына көрген жоқпыз.

– Басында жүгіру қиынға соқты. Өйткені денсаулығымда мәселе бар еді. Көп уақытым жарақатымды емдеумен кетті. Айығуым ұзақ уақытқа созылды. Қазір енді бәрі қайтадан қалыпқа келіп жатыр. Жазғы маусымды Қосанов Мемориалынан бастап отырмын. Алдымен 4х400 метрлік эстафетаға қатысуды жөн көрдім. Енді алдағы жарыстарда өзімнің оң жамбасыма келетін 400 метрге тосқауылдар арқылы жүгіруден қатысамын.

Былтыр жаңа маусымда 800 метрге жүгіруге ауысады деп еді?

– 800 метрге әлі жүгірген жоқпын. Былтыр тек жаттығуда байқап көрдім. Сол кезде нәтижем 2:07 минут болған. Сосын биыл осы қашықтықта өзімді сынап көремін деп ойлағанмын. Оған жарақат алып, жаттығуға толық кірісе алмадым. 800 метрге жүгіру үшін көп күш керек.

Биылғы жылдың ең басты додасы деп, жазғы Азия ойындарын айтуға болады. Индонезиядағы жарыста қандай мақсатыңыз бар?

– Әлбетте, әрбір спортшының өз мақсаты, жоспары бар. Менің мақсатым –жазғы Азия ойындарына қатысу және жақсы нәтиже көрсету. Ең бастысы, ел намысын абыроймен қорғау.

Қазіргі кезде Қостанай облысының намысын қорғап жүр екенсіз? Бұған не себеп болды?

– Осыған дейін жарыстарға Алматы облысының атынан қатысқанмын. Биыл Қостанай облысынан ұсыныс келіп түсті. Мен өз келісімді бердім. Бар болғаны сол.

– Әмбебап спортшы екеніңізді білемін. Тіпті, бір кездері тәп-тәуір боксшы болдыңыз ғой.  Бокс қолғабын киюудің себебін айтып өтсеңіз?

– Спорттың осы түрінен өзімді сынап көргім келді. Жаттығуды бастап кеттім, жекпе-жектердің дәмін сездім.  Уақыт өте келе әр түрлі жарыста жүлдегерлер қатарынан көріндім. 2014 жылы Қазақстан чемпионатында финалға дейін жетіп, күміс жүлдеге ие болдым. Соның арқасында Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында өткен әлем чемпионатына қатыстым. Бірінші кездесуде румыниялық қарсыласымды жеңдім. Бірақ 1/8 финалда Американың мықты боксшы қызы Марлен Эспарзеден ұтылып қалдым. Осы жекпе-жекте қолымды жарақаттап, бокспен қоштасуға тура келді. Алайда спортсыз өмір сүре алмайды екенмін. Сосын қайтадан жеңіл атлетикаға оралдым. Оның үстіне, ешқашан «Спорт падишасын» ұмытқан емеспін.

Енді тағы да басқа спорт түрлерімен айналысып көру жоспарыңызда жоқ па?

– Жеңіл атлетикадан басқа спорт түрлеріне ауыспаймын. Әрқайсысының басын бір шала беретін 18 жастағы қыз емеспін. Менің қазір өз мақсатым, жоспарым бар. Сол бойынша әрекет етіп жатырмын.

2009 жылы Түркіменстанның атынан Берлиндегі әлем чемпионатына қатысқаныңызды білеміз. Енді Қазақстанның спортшысы ретінде осындай халықаралық ір додаларда бақ сынау арманыңыз шығар?

– Әрине, Олимпиада ойындарына, әлем чемпионатына қатысуды кез келген кәсіби спортшы қалайды ғой. Жеңіл атлетикада ол үшін норматив орындау керек. Бұл спорт түрінде ол оңай емес. Кезінде Түркіменстанда жүргенде «Спорт шебері» нормативіне жүгіріп, қосымша квота арқылы әлем чемпионатына барғанимын.

Қазақстан азаматтығын алғаңызға да біраз болды. Бауыр басып үлгердіңіз бе?

– Мен Қазақстанды жақсы көремін. Қазақстан – менің отаным. Бұл ел маған жаттығу жасауға, жарыстарға қатысуға, өз мақсатыма жетуге көмектесіп жатыр.

– Мерджен спорттан басқа қандай қызығушылығыңыз бар?

– Өмірімде барлығы спортпен байланысты. Бос уақытым өте аз. Соған қарамастан өзімді бапкер ретінде байқап көріп жүрмін. Әуесқой деңгейдегі әр түрлі жастағы жүгіруге қызығатындарды жаттықтырамын. Сондай-ақ Алматыдағы кросс-орталықтардың бірінде өзімді тәжірибеден өткізіп жүрмін. Маған адамдармен жұмыс істеген ұнайды. Дегенмен, әлі карьерасын аяқтамаған спортшы болғандықтан бар ойым өзімнің жүгіру жолағындағы көрсеткіштерім екенін айта кетейін.

  Спорт сіздің өміріңіз бе?

– Әрине. Спорт менің өмірім.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №27
10 шілде 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз