Достар, сендер егінге судың қалай келетінін білесіңдер ме? Ал жайылым қалай суарылып, мал қайдан су ішеді? Су болса, жақын жерде ел бар деген сөз. Су тіршілік көзі. Бұрын ата-бабамыздың өзен мен көл жағалай көшетіні содан. Бірақ өзен жағасына бар халықты сыйғыза алмаймыз ғой. Сол үшін де өзеннен су жіберетін арна салынды. Су қоймасы мен су торабы жасалды. Барлығы да елге суды толық жеткізу мен су қорын сақтаудың амалы. Ал бұл үшеуінің айырмашылығын білесіңдер ме? Біз Су ресурстары комитеті ұйымдастырған «Көрікті мекен» жобасына қатысқанда нақты біліп алдық. Бұл жолы Жамбыл облысындағы су қоймасы мен су тораптарын араладық. Облыстың ауыл шаруашылығына арналған суының 80 пайызы Қырғызстанға тәуелді екен. Қырғыз ағайындармен су жөнінде қалай тіл табысып жүргенін айтып берейік. Әңгіме тек шаруашылыққа арналған су жөнінде болмақ.

Су бір орында тұрмайтынын білесіңдер. Бір өзен екіншісіне, одан көлге құйып жатады. Халық сұрағанда дер кезінде су беру үшін суды сақтап отыру керек. Ол үшін ағып жатқан өзеннің арнасына су қоймасын салады. Айтпақшы, қойма, канал салу дегеннің шығыны орасан көп. Миллионмен немесе миллиардтап есептеледі. Су қоймаға бір немесе бірнеше өзеннің құюы арқылы су жиналады. Сонан соң қыстағы жауған қардың, көктем мен күзгі жаңбырдың маңызы зор. Қар қалың болса, көктемде су көп болады. Ол астық та мол түседі деген сөз. Ал шамадан көп жауса, су қоймасы тасып кетуі мүмкін. Оның да айласы бар. Қоймаға түсіп жатқан  су көп болған кезде, артық суды  өзен арнасы арқылы төмен қарай «тастайды» және төменде орналасқан кішігірім көлдерді толтырып отырады. Бұл жағдай әдетте көктемде болады екен.

Енді су торабына келейік. Ол да ағынды өзеннің арансына салынады. Негізгі мақсаты – өзен суының ағысын реттеу. Су торабтың бірнеше қақпалары болады. Біріншісі кәдімгі өзен ағысын реттейтін қақпалар. Екіншісі егінге су беретін каналдың қақпасы. Су торабтан бір немесе бірнеше канал басталуы мүмкін. Су тораптары мен каналдың арқасында судан қашық орналасқан аймақтардың суға қолы жетеді.

Жамбыл облысындағы өзен-көлдің басы Қырғызстанда. Көрші ел өздері егін мен малға жеткілікті су жинап алған соң барып бізге жібереді. Жинап алған соң деп отырғанымыз су қоймасына сақтап алып, каналдарға су жіберген соң да бірталай су артылады. Бір жағы Жамбыл облысына жібермей қоя алмайды да. Олай етсе, су тасып кетер еді.

Алматыдан жеңіл көлікке мініп, Қордайға тарттық. Мұнда Қақпатас су қоймасы бар. 1988 жылы салынған, қойманың суды жинау көлемі 10,5 миллион м³. 2017 жылы су қоймадан диқандарға су тартатын жаңа бетонды канал салынған. Алғышында диқандарға егін суын жер арнамен беріп келген. Жер арнамен берілген судың ысырабы 63 пайыз еді. Канал салған соң судың ысырабы 15 пайыз ғана болған. Бұрын 640 гектар жерді игерсе, канал салынған соң 1200 гектар жерді суғаруға болады.

Қырғыз еліне судан тәуелділікті азайту үшін бұл саланың мамандары не істеп жатыр деп ойландық. Сұрағымызға «Қазсушар» РМК «Қордай» өндірістік бөлімшесінің  басшысы Денис Коновалов жауап берді:

– Қазір Ырғайты мен Қалғұты өзендеріне екі су қоймасы салынып жатыр. Қақпатастың су қоймасының көлемі 10,5 миллион м³ болса, Ырғайтынікі 19 миллион м³  болмақ. Ал Қалғұтының су жинау көлемі 14,6 миллион м³  жетеді. Кейде көрші ел біз сұраған көлемдегі суды толық бермейді. Оларға ресми сапармен барып, проблеманы шешіп қайтқанша егін суды күтіп отыра алмайды. Сол кезде осы екі су қоймасына жинап қойған суды елге бере тұрамыз.

Енді егінсуға халық 20 тиын ғана төлейді

Қордайға кеш жеткен соң Шу өңіріне барып үлгере алмай қалдық. Қараңғы түсіп кетті. Түнделетіп Меркі ауданына іліндік. Баспасөз турларында ұйқың қанғанша ұйықтау деген жоқ. Әр сағат жоспарланады. Меркі үңгіріне барып, Меркі өзені мен су торабын көруге үлгеру үшін қонақүйден таңғы жетіде шығып кеттік. Негізі бұл ауданның тарихы терең. Әлі де көп зерттелуі қажет. Жамбылдағы тау Қаратау деп аталады. Ол Алматыдағы Алатаудың жалғасы. Меркідегі аласа таулар Қаратаудың жалғасы. Оны мұнда Мақпал таулар деп атайды. Олай деуі тегін емес екен. Тау шынында да өте әдемі. Тарихы әлі де болса құпия Меркі үңгірі осы тауда орналасқан. Зерттеушілер оның ұзындығын 30 метр дейді. Іші қап-қараңғы. Мұндай үңгірді тек фильмдерден ғана көргенмін. Топ болып кірген соң бойымызда қорқыныш болмады. Үңгірдің бұрылыстары да бар екен. Бірақ аса ұзын емес. Тарихтан ақтар мен қызылдардың айқасын білесіңдер ғой. Мұндағы халық қызылдардың басқыншылығынан осы үңгірге келіп тығылған деседі. Сонша халықты аман алып қалған қасиетті үңгір екен. Ішіндегі тасы күйе. Дымқыл тартып тұратыны белгілі. Үңгірге келушілер көп екен. Өкініштісі, үңгірдің түбінен де бос бөтелке мен тәттілердің қағазын байқадық. Табиғатқа пайдаң тимесе де, зиян келтірмеу керектігін білмейтіндер әлі де көп болып тұр.

Мұнда бізді Аспара су торабының басшысы Мәлік Әділқұлов алып жүрді. Бір қызығы, Аспара Қырғыз ағайынға қарай ағады. Содан осы су торабы арқылы көршімізге су жібереміз. Әр шаруа қожалығы егіп жатқан дақылына қарай көктемде суға сұраныс жазады. Диқан егініне жақын каналдан керек су мөлшерін өлшеп алады.

Жамбылға барғаннан су мамандарының аузынан су тарифінің төмендеп кеткені түспеді. Су тарифі дегеніміз – бір текше метр суға төленетін ақы. Ол бұрын Жамбыл облысында 60 тиын болатын. Қазір жалпы республикалық тариф бекітілді. 20 тиын. Халыққа жеткізіп берген қызметі, каналды бақылап отыру, суды есептеу мен каналдың жұмысын қадағалайтын гидротехниктің айлығы тарифтен түсетін ақшаға байланысты. Ойда жоқта үш есеге түсіп кеткенде егінсудың мамандары қайтерін білмей қалғанын жасырмады. Ең бірінші жоғарыдағы шығындарды қалай өтейміз деп емес, банктен алған займды қалай қайтарамыз деп уайымдады. Жамбыл облысында 229 мың гектар игерілетін жер бар. Оның 88 мыңы бос жатыр. Бірден-бір себеп – каналдардың тозығы жетуі. Ал канал жөндеудің шығыны көп екенін айттық. Су ресурстары комитеті Еуропа қайта құру және даму банкінен каналдар мен су тораптарын жөндеуден өткізу үшін 60 миллиард теңге қарыз алайын деп жатыр. Әрине, қарызды алып береді. Бірақ оны канал салынған аймақ қайтаруы керек. Бұл кісілер дәл банктен қарыз аларда судың тарифін неге түсіріп тастағанына алаңдауда. Облысқа Су ресурстары комитетінің басшысы Ислам Әбішев келгенде қойған алғашқы сауалымыз да осы болды. Тариф неге түсті? Филиалдар енді қарызды қалай қайтарады?

– Бұрын әр облыстағы судың тарифі жөндеу жұмыстары филиалдың өзінен болғандықтан әртүрлі болатын. Төмендетуіміздің бір себебі – енді ол жұмыстарды банктен алған ақшаға істейміз. Ертең ақшаны қайтаратын кез келгенде тарифті қайта көтереміз. Бірақ бір текше метр көлем үшін 1 теңгеден асырмайтынымыз анық. Банктен қарызды 15 жылға алдық. Оның алғашқы 3 жылы демалыс. Құрылыс жұмыстарын жүргіземіз. Қарызды тек үш жылдан кейін ғана қайтаруды бастаймыз. Жалпыреспубликалық тариф енгізудің де себебі бар. Банктен алған ақшаны қайтаратын кезде сол облысқа ауыр соғады. Сәйкесінше тарифті бір Жамбыл облысының өзінде 4-5 теңгеге көтеру керек болар еді. Ал біз қайтаратын қарызды жалпы республикаға шашып жібердік, – дейді комитет басшысы.

Ауыз су саласын кім басқарады?

Ислам мырзаның назарын осы тұста ауыз су мәселесіне аудардық. Қазақстанда халықты ауыз сумен қамту деңгейі өте төмен. Өткенде әріптестеріміздің Шымкенттің Ақжар ауданы тұрғындарының құрттаған су ішіп отырғаны туралы хабарын көрдік. Су құбыры әлі жетпеген аудандарда 70 мыңнан аса халық тұрады. Олар он жылдан бері таза ауыз су іше алмай отыр. Тұрғындар тазартылмаған судың кесірінен түрлі ауруға шалдыққан. Ауыз суға зәру аймақ мәселесінің мәнісін су комитетінен сұрадық. Бірақ, ауыз су саласы бұл комитеттің құзырына кірмейді екен. Ауыз суды басқаратын – Инновация және даму министрлігі. Олар бөлінген қаржыны облыстық әкімдікке береді. Әр әкімдік қаржыны ауыз су саласында оңтайлы игеруге міндетті. Құбыр тартылған ауылдың қуанышы айналасы бір жылдың ішінде су сепкендей басылатынын көріп жүрміз. Кеше ғана жер қазып салған құбыр бүгінде шіріп, тесіліп қалған. Көп ауылда суды үнемдеп пайдалануға да тура келеді. Мысалы, қалада тұратындар таңғы төртте тұрып та суға түсе алады. Ал су толық жетпеген ауылды жерде олай емес. Судың халыққа берілетін уақыты болады. Түске дейін екі сағат, кешке үш сағат деген сияқты. Тұрғындар сол уақытта су сыятын ыдыстарын толтырып алуға тырысады. Демек бұл орталықтандырылған суға қолжетімділік жоқ деген сөз. Бюджеттен қаржы бөлінетіні рас. Тек оны игеруде кемшін тұстар көп. Біздіңше, судың жайын білетін мекеме жауапты болмағандықтан ауыз су дауы әлі ушығып тұр. Осы мәселені шешуді Су ресурстары комитеті Үкіметке төрт жыдан бері ұсынып жүр екен. Әзірге Үкіметтің елейтін түрі жоқ.

Жастар су саласына барғысы келмейді

Су шаруашылығын аралап жүргенде бір нәрсені байқадық. Барлық жерде жұмыс істеп жүргендер орта жастағылар мен орта жастан асқан мамандар. Жыл сайын осы салаға жүздеген оқу гранттары бөлінеді. Соны бітіріп шығып жатқан жастар қайда жүр деп таңғаласың. Сөйтсек, айлығы аз деп келмейді екен. Айлықты неге көтермейді дейміз ғой енді. Әр салада айлыққа байланысты бекітілген тарификация деген нәрсе болады. Бірінші жыл істесе, осынша айлық төленеді деген сияқты. Су шаруашылығында жалақы су төлеген диқандардың ақысымен төленеді. Айлық көтерейін десе егін егіп отырған диқандарға ауырлау болып кетпек. Бұл жағдайдан қалай шығуға болады? Осы бағытпен кете берсе, алдағы он жылдықта мықты мамандар әбден азаятын түрі бар. Су қоймасында КСРО кезінен, жас шағынан бастап істеп жатқан мамандар бар. Су қоймасында істейтін адамның судың жанында тұратыны белгілі. Капитализм орнағанда мемлекеттен жұмысшыға уақытша берілген үйлер соларға толығымен өтіп кеткен еді. Әлгі су маманының баласы, немересі бар. Ол әкесінің су қоймасында не істеп жүргенін күн сайын көріп жүр. Санасында жатталып қалды. Сол балалардың өздерімен келісіп, оқытамыз. Енді ол әкесінің жолын жалғап қана қоймай, егінсу саласындағы жас маманға айналды.

Жуалы ауданындағы Аса су торабына, Теріс-Ащыбұлақ су қоймасына, Талас пен Көксай су тораптарымен сапарды аяқтадық. Бұл аймаққа судың ең көп келген кезі 2017 жылдың көктемі екен. Наурыз, сәуір айлары. Аса су қоймасының қызмет басшысы Әдібаев Мұхтар ағамен бір-екі ауыз тілдестік.

– Аса өзені Қырғыз еліндегі Күркіреу өзенінен басталады. Біздегі жалғасы Аса деп аталады. Егінге су қажет болмағандықтан қазір суды Билікөл секілді көлдерге жіберіп жатырмыз. Былтыр минутына 150-180 текшеметр су өткен. Ал қалыптысы 50-60 текшеметрден аспайтын. Су тасығанда егінсудан бөлек келіп тұрған суды Ақкөл, Бөлекқызыл көлдеріне қарай ашып жібердік. Бұрын бекітпелердің бәрін қолмен ашатынбыз. Былтыр түгел автоматтандыруға көшірді. Кабинетте отырып-ақ компьютермен бәрін басқара аламыз. Су тасығанда су торабтың ортасы құмға толып қалды. Оны тазалап алдық. Осы салада істеп жүргеніме 35 жыл. Асада қазір жеті адам істейді. Ең үлкені мен. Су саласында алып бара жатқан қиындық жоқ. Өз ісіңді біліп, судың көтерілу-түсуін бақылай білсең болғаны.

Дайындаған
Таңшолпан БЕГАЛЫҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №45
6 қараша 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз