2018 жылы «Ақ желкен» журналы оқырман назарына «Егерде…» деп аталатын жаңа айдар ұсынған болатын. Бұл айдар аясында жер бетінде болуы мүмкін көптеген ситуация мен құбылыстың нәтижелері талқыланды. Әрине, бұл айдарда барлық оқиғалардың болуы мүмкін емес. Журналымыздың бұл айдары сол ситуациялар мен құбылыстар арқылы оқырманға жаңа ақпараттар жеткізуді көздейді.

«Егерде…» айдары 2019 жылы да өз жалғасын тауып, оқырман қауымға қызықты деректер ұсына береді. Сонымен, егерде жарнамаға тыйым салынса…

Жарнама – бүгінгі қоғамның бөлінбес бөлшегіне айналып кетті. Оның неше алуан түрлері шығып, тіпті жеке ғылым ретінде дамып келеді. Бүгінгі таңда көшедегі жарнама баннерлері мен интернеттегі кез келген сайтқа кіргенде пайда бола кететін жарнамаларды халық тіптен байқамауға айналған. Бұл – жарнама «өнерінің» әбден дамығанының айғағы болса керек. Өйткені бүгінгі дамыған жарнама адамға тек тауар ұсынып қана қоймай, тауарды адам эмоциясына лайықтап ұсынуды үйренген. Сонымен қатар, адам санасына бүгінгі жарнамалар бейсаналы түрде енгізіледі. Ғылыми негізде жарнаманың 25 түрі саналады.

Жалпы жарнама атауы ең бірінші ежелгі Мысырда пайда болған. Біздің дәуірімізге дейінгі ғасырлардың өзінде пирамидалар елінің көшелерінен құл сатушылардың «жарнамалық баннерлерін» көруге болатын еді. Олар папирус қағаздарына жазылып, халық көп жиналатын орындарға ілінетін. Тіпті сол кездегі, қазіргі тілмен айтқанда «PR менеджерлер» жәй хабарлама емес, құлдардың мақтауын асырып та жазатын. Бұл жарнаманың бізге жеткен заттай деректері ғана. Ал ауызша жарнама өркениеттегі сауда-саттықтың басталған күнінен бастап адамзатпен бірге жасасып келе жатқанына дау жоқ. Ал сол жарнамаға бүгінгі күні тыйым салынса қалай болар еді?

Бірінші кезекте, көшедегі әртүрлі брендтердің атаулары жазылған баннерлер, үлкен ғимараттардың шатырындағы жазулар мен интернеттегі экран шетінде жыпылықтап кедергі келтіретін жарнаманың барлығы жойылады. Бір сағат теледидар алдында отырып, сіз 15 минут жарнама тамашалайтыныңызды білесіз бе? Яғни адамның екі жыл өмірі жарнама көрумен өтеді. Ендігі кезекте сіздің сүйікті сериалыңыз бен көріп отырған киноңызға жарнама кедергі келтірмейді.

Екінші кезекте әлемде он мыңға тарта жарнама агенттіктері жұмыс істейді десек, оларда жүздеген миллион қызметкер жұмыс атқарады. Яғни жер бетіндегі 200 миллион жұмыссыздардың қатары екі есеге артады.

Үшінші кезекте жарнама арқылы табыс тауып отырған мыңдаған сайт жабылып, әлемдік алпауыт Google, Yandex, Facebook, Instagram сынды желілердің табысы күрт төмендемек. Тіпті бүкіләлемдік брендтердің табысы төмендейді. Өйткені жыл сайын әлемде жарнамаға 7 триллион доллар ақша жұмсалады. Яғни «жарнамасыз монета сарайы ғана ақша жасай алады» деген Томас Маколейдің сөзінің жаны бар.

Жарнама туралы қызықты деректер

«Coca-Cola» компаниясының жарнамаға бөлінетін жылдық қаражаты 3,3 млрд. долларды құрайды және бұл жарнаманың барлығы екі, тіпті үш есе пайда әкеледі. Бірақ «Coca-Cola» компаниясының араб мемлекетінде жасаған жарнамасы өз-өзін ақтаған жоқ. Тіпті бұл мемлекеттегі сусын сатылымын қатты төмендеткен. Бұл жарнама баннерінде шағыл құмдар ішінде шөлдеп, өлім аузында келе жатқан адамның «Coca-Cola» сусынын ішіп сергіп, бойына қуат алғаны бейнеленген. Сусын саудасын тым төмендететіндей бұл жарнаманың несі бар дерсіз. Себебі, жарнама дизайнерлері араб жазуының ерекшелігін ескермеген. Әлемнің көптеген мемлекетінде жазу солдан оңға қарай жазылса, араб жазуы керісінше жазылады. Яғни араб халқы «Coca-Cola» баннеріндегі суретті оңнан солға қарай қарап, керісінше түсінген.

Әлем тарихындағы ең қызықты жарнама ХХ ғасыр басында, ату жазасына кесілген қылмыскердің қолымен жасалды дейді. Ол дәл атылардың алдындағы соңғы сөзінде: «Ван Гуттен» какаосын ішіңіздер», – деп айқай салады. Әдетінше бұл сөз бұқаралық ақпарат құралдарында жаппай басылып, шынында да «Ван Гуттен» какаосының сатылымы бірнеше есеге өскен. Какао шығаратын компания жарнама үшін қылмыскердің туыстарына үлкен көлемде қаржылай сыйақы тағайындаған.

Сонымен жарнамаға тыйым салу уақыт үнемдігімен, адамзаттың рухани өмірі мен материалдық әлеуетінің төмендеуіне әкеліп соғады.

Құрметті оқырман! «Ақ желкен» журналының бүгінгі санында біз жарнамасыз әлем туралы әңгіме толғадық. Ал журналдың келесі санында біз музыкасыз әлем туралы сөз қозғайтын боламыз.

ТӨЛБАСЫ

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз