1988 жылы Тынық мұхитынан жаңа құрлық табылғаны туралы білесіз бе? Оның ауданы 1,5 миллион шаршы метр. Яғни, Жапония мемлекетінің жер көлемінен 4 есе үлкен. Әлемде жер көлемі жөнінен 9-шы орындағы Қазақстанның жерінің жартысына тең. Ең қызығы, бұл құрлық әлі де үлкейіп келеді. Бірақ, жаңа жерлерді басып алғысы келетін ешбір мемлекет бұл құрлыққа қызыққан емес. Онда адамдар өмір сүрмейді. Себебі ол құрлық толықтай қоқыстан құралған. 80 пайызы құрлықтан, 20 пайызы кемелер арқылы теңізге тасталатын бұл қоқыстың жалпы салмағы 100 миллион тоннадан асып жығылады. Бұл 1988 жылғы есеп бойынша ғана. Жауапты алыстан іздеудің қажеті жоқ. Мұның барлығы адамзаттың кінәсі.

Ал сол адамзат жер бетінен жоғалып кетсе ше?

Дәл қазіргі таңда адамдардың орта салмағы – 60 кг. Мұны жер бетіндегі 7 миллиард 300 миллион адамның салмағына көбейтіңіз. Яғни жер планетасы адамзат жойылып кететін болса, 438 миллиард килограммға жеңілдейді. Бұл 110 Хеопс пирамидасының немесе 43000 Эйфель мұнарасының салмағына тең.

Адамзат жойылса кейін бірнеше күн ішінде барлық Электр станциялары істен шығады. Жел электр станциялары біраз уақыт істеуі мүмкін. Су электр станцияларының дамбалары 150-200 жылға шыдамды етіп салынған. Бірақ, адамның күтімінсіз олар да 50 жылдың айналасында суға ағып кетеді.

Жыл сайын адамзат кесірінен 20-ға тарта жан-жануар түрлері жойылып кетеді. 11 миллион шаршы метр аумақтағы ормандар адамзат игілігі үшін кесіледі. Ал адамзат жойылса бұлардың бірі де болмай, жер планетасы гармониялық қалпына оралады.

Дәл қазіргі күні, ғарышта 15 мыңға тарта жер серік ұшып жүр. Адамзаттың әсерінсіз оның барлығы жыл өтпей жерге құлай бастайды.

25 жылдың ішінде әлемдегі барлық қалалар топырақ астында қалады немесе орманды қалаларға айналады. Бүгінгі күні жалпы құрлықтың 1 пайызына асфальт төселген болса, 25 жылдан кейін олардың 80 пайызы көк шалғынды алқапқа айналады. Табиғат барлығын жұтып, өз-өзін емдейді. 1986 жылы атом электр станциясының жарылысынан кейін бос қалған Укаринадағы Припять қаласының көшелерінде бүгінде асфальт тіптен қалмаған десе де болады.

Бүгінгі күні жер бетінде миллиардтаған тонна қоқыс бар. Жәй ғана, біз сусын ішіп жүрген альюмини банкаларының бір жылдық қоқысынан бір мемлекет әскерінің ұшақтарын жасап шығаруға болады. Ол қоқыстардың топыраққа айналып кетуіне мыңдаған жылдар кетеді. Мысалы, темекі тұқылы топыраққа айналу үшін 100 жыл уақыт кетеді. Ал қолыңыздағы журнал, газет қағаздары топыраққа сіңісу үшін 2-3 ай жеткілікті. Темір қалдықтар 11-13 жылда тот басып үгітіліп кетеді. Консерві банкалары 10 жылда, бетон мен автокөлік аккумляторлары 100 жылда, ал күнделікті қолданыстағы батарейкалар 110 жылда залалсызданады. Резина 120-140 жылда толықтай топыраққа тарайтын болса, полиэтилен пакеттері 500 жылға дейін өз құрамын өзгертпейді. Яғни, полиэтилен пакеттерінің пайда болғанына 70 жыл уақыт өткен болса, сол алғашқы пакеттердің өзі әлі құрамын өзгерткен жоқ.

4-5 күннің ішінде әлемдегі бірнеше қаланың жерасты метролары суға толады. Себебі, олардың көбісіне құйылатын суды адамдар насостар арқылы басқа арнаға бұрып отырады.

300 жылдан кейін жер бетіндегі Эйфель мұнарасы, Стамбұлдағы Босфор көпірі секілді негізгі бөлігі темірден тұратын құрылымдар құлай бастайды. Себебі ондағы темірлерді сырлап, тоттанудан қорғайтын адам жоқ. Осы кезеңнен 50 жыл өтпей бүкіл қалалардағы ғимараттардың жаппай құлауы басталады. Өйткені бетон ішіндегі темірлер әбден шіріп бітеді.

500 жылдан кейін жер бетін толықтай орман басады. Ал шөлді алқаптардағы қалалардың құмның астында болар-болмас шірінділері ғана қалады.

10000 жыл өткенде жер бетінде тек тастан жасалған пирамидалар ғана адамзаттан хабар береді.

100 миллион жыл өткенде жер бетінде адам қолы тиген ешбір дүние қалмайды. Иә, біздің планетамыз өте жанкешті. Ол өзін-өзі емдей алады. Тек, біз соған мүмкіндік бермейміз.

Бұл жәй ғана ақпарат емес, сіздің әрбір істі жасар алдындағы ойыңызда болуы керек дүниелер.

Сонымен, сіз өмір сүріп жатқан планета өз осі бойынша айналып жатқанын білетін шығарсыз. Қарапайым глобусты айналдырып көріңіз. Ал егер сол миллиардтаған жылдар бойы секунд тоқтамай айналып тұрған жер планетасын кілт тоқтатып көрейікші…

Бұл туралы келесі санда.

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз