Нұрəлі Бейсеқожаның жасы 13-те. Фортепианоға деген қызығушылығы 4 жасында басталған. Бірқатар халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы. «Гамманы шебер орындау», «Пьесаны шебер орындау» байқауларының 1-орын иегері. 2015 жылы ҚР Композиторлар одағының шешімі бойынша «Қазақстандағы ең жас композитор» атанды.

Ұлан: Нұрəлі, өзіңді қалай таныстырар едің?

Нұрəлі: Сəлеметсіз. Мен Алматы қаласында Ахмет Жұбанов атындағы республикалық музыка мектебінің оқушысымын.

Ұлан: Бəрекелді! Алғашқы туындың қалай дүниеге келді?

Нұрəлі: 4 жасымда ағамның фортепианосына қызығып, ойнап көрдім. Алғашында қарапайым əуендерден бастадым. Кейіннен қызығушылығым артып, 5 жасымда өз ойымдағы туындыны шығардым. 6 жасқа толғанда ата-анам қабілетімді шыңдай түсу үшін музыка мектебіне береміз деп шешті. Қазір 7-сыныпта оқимын.

Ұлан: Шығармашылықпен айналысатын адамдардың музасы болады деп жатады. Шабытты неден аласың?

Нұрəлі: Табиғатты тамашалағанды ұнатамын. Ата-анамның сөздерінен қуат аламын. Отбасыммен табиғат аясында серуендегенде ерекше күйге енемін. Сол сəтте ойыма музыка келеді, тезірек аспапта ойнауға асығамын.

Ұлан: Сабағың қалай?

Нұрəлі: Сабағыма үлгеремін, жақсы оқимын.

Ұлан: Неге фортепианоны таңдадың?

Нұрəлі: Қазір негізгі аспап ретінде скрипкада ойнаймын. Ал фортепиано мені кішкентай кезімнен-ақ өзіне баурап алды. Маған бұл аспаптың дауысы, əуезділігі, ырғағы ұнайды. Болашақта домбыраны да жақсылап меңгерсем деймін.

Ұлан: Өз туындыларыңа тоқтала кетсең…

Нұрəлі: Алғашқы шығармам – «Анашым» деп аталады. Анама арнап 5 жасымда шығарған едім. Жалпы, жүректен шыққан дүниенің барлығы жүрекке жетеді ғой. Аталған туынды аса үлкен сезімге бөледі.

Ұлан: Байқап жүрміз, талантты балалар мүмкіндігінше шетелге кетуге асық. Егер саған шақырту келсе, кетер ме едің?

Нұрəлі: Əрине, барар едім. Бірақ білім алып, кəсіби тұрғыда дайындығымды арттырған соң нəтижесін өз Отанымда көрсетер едім.

Ұлан: Алдағы уақытқа қойған қандай жоспарларың бар?

Нұрəлі: Өзімді дамытып, шығармашылық концерт қоюды қалаймын. Шығармаларым арқылы еліміз бен шет мемлекеттерге шыққым келеді.

Ұлан: Талантыңа шүбə келтірмейміз, дегенмен басқа мамандық иесі болғың келмей ме?

Нұрəлі: Арманым – композитор болу. Болашақта да осы салада еңбек етуді дұрыс деп санаймын. Футбол ойнағанды жақсы көремін.

Ұлан: Композиторлардан кімдерді үлгі тұтасың?

Нұрəлі: Классика жанрында Фредерик Шопенді атар едім. Бах, Моцартты тыңдаймын. Ал қазақстандық композиторлардан əлбетте Абайды, Шəмші Қалдаяқовты үлгі тұтамын.

Ұлан: Денис Тенге арнаған «Аққан жұлдыз» атты туындыңды тыңдадым. Өте əсерлі, сəтті шыққан шығарма екен.

Нұрəлі: Қайғылы хабар жаныма қатты батты. Денис Теннің өнері классикамен тығыз байланысты болған соң ба, өз сезімімді күйсандыққа қиналмай түсірдім. Еліміздің атын əлемдік аренада асқақтатып жүрген спортшымызға неге өз туындымды арнамасқа деген ой келді. «Аққан жұлдыздың» толыққанды жазылуына 2 күн кетті. Кейіннен Денис ағаға арналған фото көрмеде осы шығармамды орындадым.

Ұлан: Композиторлық шығармаларың ерекше атауға ие. Оларды өзің ойлап табасың ба?

Нұрəлі: Бастапқы ой менікі болғанымен, ат беру тұрғысында ата-анам көмектеседі. Ақылдасып, ортақ шешім қабылдаймыз.

Ұлан: Балаларға арналған мəнді əндердің қатары сиреді. Балғын балалыққа арнап тəп-тəтті композиция жазу ойда бар ма?

Нұрəлі: «Славян базарында» 3-орын алған Əбілқайыр деген баламен келісіп, «Қазақстаным» деген əн жаздым. Бірге орындап, видео түсіріп, ғаламторға жүктедік. Жалпы, жоспарда бар.

Ұлан: Қатысқан байқауларың туралы айтып берші…

Нұрəлі: Республикалық байқауларға қатыстым. Бірақ, өкінішке қарай, композиторлық байқаулар сирек ұйымдастырылады. Ата-анам түрлі сайыстарға қатысуға өтініш берген. Əзірше шақырту ала қоймадым. Шоқ секілді тұтанған талантты ары қарай лаулату үшін еңбек етуім керек екенін білемін.

Ұлан: Өз бойыңда ұнамайтын тұстарың бар ма?

Нұрəлі: Бар жəне ол көп шығар. Ал өзіме ойымды анық жеткізе алмайтыным ұнамайды. Маған ойымды музыкамен жеткізу əлдеқайда жеңіл.

Осы сəтте Нұрəлінің айтқысы келгенін музыка арқылы түсінгім келіп, күйсандықта өз шығармасын орындап беруін сұрадым. Қуанып кетті. Алғашқы пернелерді басқаннан-ақ бағанадан бері сөйлеуге қысылып отырған Нұрəліні таппай қалдым. Кейіпкерімізді шаршатып алмайын деп, ағасы, күйші-композитор, Жұбанов мектебінің оқушысы Ғаламат Бейсеқожаны сөзге тарттым.

Ағайынды Бейсеқожалар

Ұлан: Нұрəлінің туындылары вальс ырғағына, əннің музыкасына əдемі үйлеседі екен.

Ғаламат: Иə, Нұрəлінің бірнеше əні де бар. Еліміздің мақтанышы Димаш Құдайбергенге арнаған шығармасын Димаш аға əлеуметтік желіде көріп, алғысын айтып, тілегін арнаған еді. Ол шығарма əннің музыкасына лайықталған.

Ұлан: Жұбанов мектебінде оқитын балалардың барлығы өнерлі деп білеміз…

Ғаламат: Оқушылар əртүрлі аспапта ойнауды меңгерген. Мықты ұстаздардан тəлім алып, жан-жақты дамып жатыр. Бірақ, мойындау керек, композиторлық бағытқа түскендер əлі кездеспеді. Мектепте 1-12-сынып оқушылары оқиды. Музыкалық мектеп болғандықтан, барлық аспаптың түрлерін, дирижерлікті, вокалды қатар үйретеді. 1-сыныпқа келген балалардың тыңдау қабілетін тексереді. Оқырмандарыңыздың ішінде музыкалық білім алғысы келетіндер болса, айта кетейін, нота білмеу кемшілік емес. Бастысы – тыңдау қабілетін арттыру. Мектебіміз музыкалық бағытта болғанымен, сабағымызға да баса назар аударылады. Себебі, қателеспесем, соңғы 3 жылдың көлемінде бізге ҰБТ тапсыру міндеттелді. Сабақ үлгерімі үш сабақтан төмендеп кетсе, оқушы мектептен шығарылады.

Ұлан: Ақпаратыңа рақмет! Ғаламат, өзіңе келсек, сен де жеке шығармашылық кешін өткіздің. Отбасында бəрі өнерлі сияқты…

Ғаламат: Ата-анамыз кəсіби музыканттар болмағанымен, өнердің жанашырлары. Біздің қолдаушымыз. Ол кісілерге деген алғысымыз шексіз. Ал өнердің даруы – ең əуелі Жаратушының нығметі. Мені домбыраға қызықтырған – үлкен ағам Нұрсəт Бейсеқожа. Ол да күйші. Алғашында ғаламтордан «Əлқиссаны» үйренгенім əлі күнге дейін есімде.

Ұлан: Астанада үлкен кеш өткіздің. Бір кеште 50 күй орындау үшін қанша дайындалдың?

Ғаламат: Елбасы қорының қолдауымен Астана қаласында ағам екеуміз шығармашылық кеш өткіздік. Концерт өткіземіз деген күннен бастап дайындыққа
кірістік. Құрманғазы бабамыздан бастап, қазақ музыка өнерінің марқасқалары шығарған күйлерді орындадық. Сонымен қатар, өзімнің оншақты туындым мен ағамның күйлеріне де кезек бердік. Концерт 3 сағаттан аса уақытқа созылды. Жалпы алғанда, естен кетпес əдемі кеш, зор тəжірибе болды.

Ұлан: Нұрəлі, 10 жылдан кейін өзіңді қалай елестетесің?

Нұрəлі: Тек композиторлықпен айналысып қана қоймай, шəкірт тəрбиелегім келеді. Балалар үйіне, қарттар үйіне көмек көрсету – адамдық борышым.

Ұлан: Оқырмандарымызға айтар лебіздерің болса, мархабат!

Нұрəлі: Музыка – қызықты əлем. Əркім жан қалауымен, өзі ұнатқан істі орындауы керек деп ойлаймын.

Ғаламат: Уақытты бос өткізу біздің басты кемшілігіміз шығар. Осы əдеттен ел болып арылуымыз керек деп есептеймін. Бір рет болатын сəтсіздік үшін өнерден бас тартпаңыздар дегім келеді. Елімізде талантты балалар өте көп, талантты тасада қалдырмайық!

Ұлан: Əңгімелеріңе көп рақмет!

Мадина ОҚАС,
«Ұланның» жас тілшісі

«Ұлан» газеті, №6
5 ақпан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз