1.Көрші атадан күнде бата алған

Əкесі үйге «Кантата-204» атты үлкен радио сатып əкелді. Радиодан музыка төгіліп жататын. Ешкім үйретпей-ақ қарғадай Ержан өздігінен билей бастады. Туған топырағы Мағжан ақын ұран жырға қосқан Түркістан, дəл іргесіндегі Төрткүл ауылы.

Түркістан – екі дүние есігі ғой,

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.

Тамаша Түркістандай жерде туған

Түріктің Тəңірі берген несібі ғой.

Түркістанда 1399 жылы Əмір Темір 7 түрлі қымбат металл қоспасынан əйгілі шеберге құйдырған тайқазан Эрмитажда жарты ғасырдан аса тұрып, 1989 жылы күзде Қожа Ахмет Иассауи кесенесіндегі тарихи орнына қайта қойылуы қазақ халқы үшін құтты оқиға болды. Тайқазанды қайтару үшін қоғам қайраткері, ұлтын сүйген ер Өзбекəлі Жəнібеков тер төккен. Қазаны қаңсымайтын Түркістан үшін үйге жиі қонақ келу үйреншікті құбылыс. Мұхтар Əуезовтің «Көксерек» атты əңгімесіндегі Құрмаш сияқты əжесінің қойнында жататын бес жасар Ержан үйге қонақ келгенін елден ерек жақсы көретін. Ежелден қазақ қырықтың бірі Қыдыр деп қонақ сүйген ел. Мейман келсе, балақай жүгіріп кеп, тізесіне отыра кетеді. Ел қызық көріп, құрттай ұлды тойға апарып билетеді. Ержан биші бала атанды. Алты жаста қолына домбыра алып, сабалай беретін. Ес кірген 7 жаста жұрт алдында билеуден ұялатын болды. Ескі салтпен Өтепбек атасы бəйбіше, тоқалымен  бəрі бір үйде тұрады.

Өтепбектің кіші əйелі Білəн апа – Ержанның əкесі Амангелдінің шешесі, суырып салма ақындығы бар. Қабырғада майда-майда суреттер ілініп тұрады. Білəн апа ісмер кісі, істен қолы қалт етсе, оңашада 40 жаста дүниеден озған қызының суретіне қарап, жылап отырып, жоқтау өлең айта береді.

Білəн апасы бір бастаса, «Гүлсара, айналайын» деп жоқтауын тоқтамайды. Ержан апасын мойнынан құшақтап, «Жылама, апа!» десе, үлкен шешесі сарынын бұзғысы келмей ме, немересін ақырын шымшиды. Үндеме дегені. Əкесі Ержанға «Елім-ай» атты халық əнін үйретті, есте сақтау қабілеті күшті, бір естісе қағып алып, көкейінде жатталып қалады. Алты жасар Ержан  əкесі айтқан бір сөзге құлап түсіп, анық мəртебе көрді. «Үлкен кісі көрсең сəлем бер!» – деді Амангелді кішкентай ұлына. Баласы үлкенге амандасуды əуезе қылып аларын, тек сəлем беру үшін далаға арнайы кісі іздеп шығарын қайдан білсін. Көрші Аят шал есегіне мініп, шаруасын қамдауға шығады. Оның қашан  үйінен шығарын анық білетін бала танауы делдиіп, жүгіріп алдынан шыға қояды. «Ассалаумағалейкум, ата!», – деп қос қолын ұсынып, дауыстап сəлем береді. Күніге амандасу керек. «Уағалейкумассалам, балам! Кімнің баласысың?»  – деп сұрайды Аят шал баланы əбден танып тұрса да. «Амангелдінің баласымын!». «О, балам! Таудай бол!»  – дейді Аят ата. Бұл көрініс күн сайын қайталана береді, жұдырықтай бала сəлем беруден, ақсақал жөн сұрап, ақ батасын беруден жалықпайды. Бұл қазақ дəстүрінде бар сүйекке сіңген далалық мінез. Бала мен ата диалогы. Ержан Нұрымбет мектеп бітіргенде опералық əнші болғысы келген. Консерваторияға барып, бағын сынауға бекінді. Алматыға жол жүруге екі күн қалғанда əкесі айныды. Амангелді қазақы мінезге салып: «Əй, балам, əртіс болып қайтесің, шамадан арқалап жүресің?!»  – деп ұлын тоқтатты. Ержан 1992 жылы Шымкентте Қазақ-Кувейт университетінің араб аудармасы бөліміне оқуға түсті. Кинотеатрға жүгіріп, фильмдерді шетінен көре береді. Фильмдерде тап бір өзі ойнап жүргендей рахаттанып, жаны жай табады. Екі жылдан соң оқуды оқыс тастады.

Шымкентте режиссер Ардақ Əмірқұлов түсірген «Отырардың күйреуі» атты жаңа фильмнің премьерасы болды. Жас Ержанға тарихи фильм қатты əсер етті. Фильмге Тұңғышбай Жаманқұлов, қырғыз актері Доғдырбек Қыдырəлиев түскен. Ержан Нұрымбет кейін осы екі актермен бірге киноға түсерін сол сəтте сезбеген, бірақ жүрегінің түбінде кино өнеріне керемет құлшынған арман-мұраты жанартаудай оянып, атқылап жатқанын еміс-еміс сезінген сияқты, асау көңіл көкке ұмтылып, қашағандай алағызған. Алматыға кетемін деген ой көкейіне түсті. Елеңдейді де тұрады. Сол жылы əкесі қайтты. Жанына қайғы батты. Алматыға бару туралы арман ұзап бара жатты.

Құдайтағала адамды арман-мұратының шынайылығына қарай жарылқайды. Ержанның бағына Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде ҚР халық əртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Райымбек Сейтметов актерлік факультет ашты. Мұны естіген Ержан бір түнде шешім қабылдап, үйден қашып кетті. Оқуға түсіп келіп, үй ішіне айтса сенбейді. Вокалдан беретін Алма Қожахметова Ержанға сен опера əншісі болуға лайықсың деп айта берді. Төрт жыл оқып, 23 жасында бітірді. Түркістан театрында артист болып қалды. Көкейін тескен ойы көкжиегін кеңейтуге асықтырды. Қазақта бір жақсы мақал бар, астары мол. «Қасқыр орманға қарап ұлиды». Жан дүниесі қанатын қомданған құстай биікті аңсап, алысқа талпына берді.  Кинорежиссер Болат Қалымбетов Ержанды 2002 жылы «Сардар» атты фильмге шақырды. Тілеген есімді фотограф суретін түсіріп əкеткен. Суретін  көрген. Бұл фильмде Ержан Нұрымбет Қуандық Қыстықбаевпен қатар түсті. Екі жігіт жұбы жазылмай достасып кетті. Уақыт озғанда екеуі əлі бірнеше фильмде қатар ойнайтын болады. Əзір білмеген.

  1. Өлең оқуды Сейтметовтен үйренді

Қ.Қуанышбаев атындағы Астана театры 2004-05 жылдары Түркістанға гастрольге келді. Ержанның көңілі бұзыла бастаған.Ол жүйріктердің ортасына түскісі келді. Ішінен серт қылды: «Не бүк боламын, не шік боламын!».Түркістан театрында жақсы спектакльдерде ойнады. Əзірбайжан Мəмбетов 2004 жылы «Сардар» фильмінің премьерасында Нүркен Өтеуіловтен «Кто это дурак?» деп сұрайды, ол кісінің сөйлеу мəнерін білмеген адам жақтырмай тұр деп ойлауы мүмкін, артынша: «Кəне, бізге келсін!»  – деген. Мəмбетов Астанаға шақырғанын: «Əзекең сені сұрап жатыр!»  – деп Ержан досына Қуандық та айтты. Ержан ойланды, Райымбек ағаның қасында сол ойланғаннан үш жыл өтті. Ол 31 жасқа толған күні директорға барып, жұмыстан шығу туралы өтініш беріп кетті. Райымбек Сейтметов Ержанға қатты ренжіді. Бір жұма үйден шықпай жатып алды.

Отбасында екі қызы бар. Шағын қала, жұрттың бəрі бір-бірінің тірлігінен хабардар болып отырады. Қыстың көзі қырауда оңтүстіктен Арқаға отбасымен көшіп барғанда жас балаларына қиын тиерін ұқты. Қажыбек Бекбосынов жұмысқа шақырып, Ержан Қазақ-Түрік университетінде I курсқа əншіліктен сабақ беріп жүрген.  Əшірбек Сығаев Түркістанға келіп дəріс оқып кетеді. Ержанды іздепті. Əшірбек аға ақылын айтты: «Сен мұнда неғып жүрсің? Театрдан неге кеттің? Əй, бала, сен бүйтіп бекер жүрме. Бұл сенің орның емес. Сен одан да Алматыға кел! Бұл жерде жоқ болып кетесің».

Астана театрында досы Қуандық Қыстықбаев бар. Ержан əріптесін сезіп қалды. жасқа толған күні директорға барып, жұмыстан шығу туралы өтініш беріп кетті. Райымбек Сейтметов Ержанға қатты ренжіді. Бір жұма үйден шықпай жатып алды.

Отбасында екі қызы бар. Шағын қала, жұрттың бəрі бір-бірінің тірлігінен хабардар болып отырады. Қыстың көзі қырауда оңтүстіктен Арқаға отбасымен көшіп барғанда жас балаларына қиын тиерін ұқты. Қажыбек Бекбосынов жұмысқа шақырып, Ержан Қазақ-Түрік университетінде I курсқа Жаз бастала Елордаға жол тартты. Қаллеки театрында орын толық екен. Ержан Нұрымбетті жұмысқа көркемдік кеңеспен қабылдады. Қиыншылық содан кейін басталды.Түркістанда үйренгені негіз сияқты болып қалды. Бірақ мына жерде кəсібилігін нөлден бастады. Ол күш-қуатын аяп қалмады. Жаңа театрдың талабы, стихиясы, тынысы бөлек. Сондықтан жанын салуға тура келді. Ішкі комплекс тұр. Əуелде кетемін деген ой келгені рас. Бөтен жердің мысы басады екен. «Мен не үшін келдім?» – деп қанша уақыт ойланып жүрді. Арада екі жыл өтті. Ілініп қалып қалу үшін осынша мерзім керек болды. Ол өзгерісті бірте-бірте, əрең қабылдайтын. Қаллеки театрына сіңісіп, өз адамына айналғанын сезіну оңайға түспеген. Ержан адалдықты қастерлейтін жігіт. Сахнаға сол қасиетін бұлжытпай алып шығуды қалайды. Сахнада өтірік айта алмайды. Шекспирдің тілі ақ өлең ғой, ұйқасын келтіру қиын. Бір жерінен мүлт кетсең қиын. Рекең өлең оқудың шебері болды. Ержан ұстазынан өлең оқуды үйренсе, Райымбек Сейтметов Шəкен Аймановтан үйренген. Ержан лирикалық рөлдерді Райымбек ұстазы қойған пьесаларда көп ойнады, сол қанына сіңді.

Ержан Нұрымбет сахнада киноны жасайтын нəрсені көп қолданады. Оның ойынша, театрдағы ірі план – іркіліс-пауза. Сахнада сəл ғана үнсіз тұру өте қиынға соғады. Сол кезде артистің ішкі дүниесі жұмыс істеп тұруы керек. Артист көрерменге сөзбен емес, көзбен ой салғысы келеді, себебі көз алдамайды. Сөзбен кез келген нəрсені жасыруға болады. Орыстың ұлы ақыны Тютчевтің үнсіздікті дəріптеп, «Мысль изреченная есть ложь», – деп жырға қосуы мағыналы. Араб мəтелі: «Көз, сөз ерді көрге түсіреді, түйені қазанға түсіреді». Сөз ет жүрексіз айтылса өліге саналады. Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек» атты драмасын 2013 жылы Сайлау Қамиев Астана театрында дипломдық жұмысы етіп қойды. Ожарлығы бір бөлек Бекежан рөлін қос құрамда Ержан Нұрымбет пен Асылбек Қапаев кəсіби энтузиазммен алып шықты. Шекспирдің «Гамлет» атты трагедиясында туған ағасын өлтіріп, корольдің тағы мен əйеліне ие болатын Клавдий образын Ержан рахаттана ойнады. Адамзат жан дүниесі қатпарға толы, кісі қанша жақсы болғанымен ішінде ит өліп жатады. Ол жағымсыз рөлдер арқылы өз ішіндегі екінші «менін» сыртқа шығарады. Режиссер Болат Ұзақов мұны байқаған сияқты. Клавдий бейнесін сомдауда Ержан сахнада Гитлердің сөйлеу үлгісін, қимыл-жүрісін пайдаланды. Клавдийдің зұлымдығы жымысқы жасалғандықтан сұмдық болып есептелген жоқ. Жаза тартқанда білінді.

Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» атты драмасында бөрінің көсемі Абадан Шерағаң, жазушының өзі сияқтанады. Негізгі ой түйіні – тектілік. Абадан – жыраулар өлеңінде кесек тектілік. Шалкиіз жырау:

«Ау, бөрілер, бөрілер,

Бөрімін деп жүрерлер!

Һəрбірінің баласы

Алтау болар, бес болар,

Ішінде абаданы бір болар.

Абаданынан айрылса,

Олардың һəрбіреуі Һəрбір итке жем болар», – деп жырға қосты. Қазақ дүниетанымының алтын өзегін ұрпаққа аманаттаушы жыраулар əрі ақын, əрі батыр болған.Мұхтар Əуезовтің «Қараш-Қараш» повесін Қалихан Ысқақов жаңғыртқан осы аттас драмада Бақтығұл бейнесіне, классикалық рөлге қос құрамда Қ.Қыстықбаев пен Е.Нұрымбет бек лайық таңдалған. Драманы Əлімбек Оразбек қойды.

  1. Бізге бір үнсіздік жетпейді

Спектакльден соң Ержан сөйлемей қояды, өйткені таусылып қалады. Дертінен айыққандай күй кешеді. Қазақта сөйлегіштер көп қой, қазаққа бір үнсіздік жетпейді. Ержанның ұғымында, үнсіздік – артистің іші. Тілсіздікте ақсүйек тектілік бар. Тютчев бұл қасиетті түйсінген соң үнсіздікті философиялық сарынмен жырлаған: «Силенциум». Сергей Есенин: «Я хочу быть тихим и строгим,  И молчанью у звезд учусь», – деп жазды. Театр даңғұр-дұңғыр, жарқ-жұрқ нəрседен шаршады, ойлы дүние керек. Жұрт тұтынушылықты асқақтатып жіберді. Қазіргі адамдар əсіре қызылға құмар. Оның тез оңарын ойлауға көпшілік ерінеді. Театр мен кинодағы образды жасау екі түрлі. Ол сахнада не жасаса да көрерменді ұмытпайды. Кинода ішіндегі «менімен» бірге қалады. Ол тағы көз арқылы шығады. Спектакльдегі рөліне көңілі толмай, айызы қанбай шықса ұйықтай алмай қалады. Театрдан жанын мұздай суға салып шыққандай тазарып шығады. Театр тіршілік үшін жанталасып жүруден қолы босамайтын адам баласына ой салу үшін керек. Кейбір кісілер айтатындай ол театрды тəрбиелік орын деп қабылдай алмайды. Күйбең тіршіліктен басқа нəрсе бар екенін білдіру үшін театр туған. Өнер жерұйықты аңсаудан туады. Өмір тек нан табу, күн көріс, жымқыру, бəсекеден тұрмайды. Ержан Нұрымбет өміріндегі ең басты рөліне қолы жетуі үшін сатылап келе жатқандай алағызған күй кешеді. Ол əр рөлінен өз шындығын іздейді.

Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық музыкалық қазақ театрының артисі Ержан Нұрымбеттің кинематографияда да өз жолы қалыптасты. Ол Қазақфильм түсірген «Сардар» (реж. Болат Қалымбетов, 2002), «Келін» (2008) жəне «Жат» (2015, реж. Ермек Тұрсынов), «Жеңіс семсері» (2010, реж. Əсия Сүлеева) жəне украин режиссері Юрий Ковальковтың «Күзет бекеті» (2016) атты бірталай кинофильмге түсті. Тұрсынов түсірген екі фильм де американдық Оскардан үмітті болды. «Жат» фильміндегі рөлі үшін Ержан Нұрымбет халықаралық кинофестивальде «Ең үздік ер адам рөлі» атауына ие болды. Ковальков Ержанның бір дубльден табиғи шығатын ойынына тəнті еді. Фильмде шайқасу сəттері өте көп, бір жарым минуттық үзбей қылыштасатын эпизодты түсіру оңайға соқпаған, кішкене жылдамдық жетпей қалатын болса, жекпе-жек қайта басталады. Түсіру алаңында қазақ артисінің ширақ қимылына əрдайым сүйсінген кинорежиссер оның жауынгер халықтан шыққанын, қанында бар қасиетті ризашылықпен мойындады. Ержан Нұрымбет арнайы Тарас Шевченко елінде өтетін фильмнің премьерасына шақырылды. Бұл да жəйдан-жəй бола қойған нəрсе емес. Ержан бүгінгі күрделі психологиялық образдарға түр-тұлғасы да, табиғаты да үйлесіп тұрған актер. Экран мен сахнада қатарынан танымал тұлғаға айналып үлгерді. Соңғы жылдардағы атышулы фильмдердің біразына түсті. Бірақ, оның жұлдызды шағы алда деп үміттенеміз.

Айгүл Кемелбаева,

«Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

«Ақ желкен» журналы, №3

Наурыз, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз