Біздің халық спорттың ішінде жекпе-жек өнерін, əсіресе, боксты жақсы көреді. Қанымызға, жанымызға жақын бокстағы қызықты деректердің бірін бөлісуді жөн көрдік.

Қазақстан тəуелсіздік алып, дербес ел ретінде алғаш рет Олимпиада ойындарына 1994 жылы қатысты. Сол жолы шаңғышы Владимир Смирнов қазаққа қысқы Олимпиаданың тұңғыш, əзірге жалғыз алтынын əперген болатын. Осыдан-ақ қазақтың спорттың ең биік тұғырынан дəмесі бар екенін көрсетті.

Арада екі жыл өткенде жазғы Олимпиаданың да кезегі келді. Жазғы ойындардың жөні тым бөлек. Қатысатын мемлекеттер де, спортшылар да көп. Соған сəйкес бəсекелестік те жоғары. АҚШ-тың Атланта қаласындағы ойынға елімізден 96 спортшы аттанды. Осылардың арасында, əсіресе, боксшылардың орны ерекше еді. Бас бапкер Əбдісалан Нұрмаханов мұхиттың ар жағында өткен төртжылдықтың басты додасына 8 боксшыны баптап барды. Алғашқы жекпе-жектер аяқталған соң, үш боксшымыз рингтен шығып қалды. Олар Бектас Əубəкіров (54 келі), Бақтияр Төлегенов (57 келі), Михаил Юрченко (+91келі) болатын. Ширек финалға бес боксшымыз жолдама алды. Нұржан Сманов, Болат Ниязымбетов, Ермахан Ыбырайымов, Болат Жұмаділов бастаған төрт қаракөздің арасында көзінен от шашып тұрған ерекше бір сары баламыз болды. Ол Балқаш қаласының 22 жастағы жас қыраны Василий Жиров еді.

Жиров Атланта шаршы алаңындағы алғашқы кездесуін Мексика үкілеген Хулиа Сесар Гонсалеске қарсы өткізіп, оны 2-раундта нокаутқа жіберді. Бұл боксшы кейіннен кəсіпқой рингке ауысып, WBO тұжырымы бойынша əлем чемпионы атанды. 2012 жылы жол апатынан қаза тапты.

Екінші кездесуінде италиялық Пьетро Ауриноның осал тұсын тапты. Ширек финалда Канададан келген Трой Россты үйіне қайтарды. Жартылай финалда бір жыл бұрын Берлинде өзі есе жіберген америкалық Антонио Тарвермен жолы түйісті. Есе қайтаруға тамаша мүмкіндік болатын. Осыны жақсы түсінген жерлесіміз өзінің нағыз бабында екенін əрі шеберлігі толысқанын көрсетті.

Алғашқы үш минуттың қорытындысы бойынша Антонио 4:2 есебімен алда тұрды. Екінші раундта Вася жылдамдығын үдете түсті. Тарверге сол қолымен бокстың «джеб», «апперкот» секілді əдістерін тамаша қолдана білді. Екінші кезең 9:8 есебімен жерлесіміздің жеңісімен аяқталды. Соңғы раундта ара қашықты ұстай білген Жиров кездесуді жеңіспен аяқтады. Қорытынды есеп – 15:9.

Бұл жеңісінен кейін бокс мамандары Василий Жировты Баркер кубогына лайық деп шешті. Бұрын-соңды жартылай финалдан соң мұндай шешім қабылданбайтын. Баркер кубогының иесін анықтау үшін міндетті түрде финалдық айқастарды күтетін.

Сол Олимпиада ойындарында Баркер кубогына үш үміткер болған екен. Біреуі – сол жолы екінші Олимпиадасының алтынын алуға келген кубалық Феликс Савон, екіншісі – мажар боксшысы Иштван Ковач. Соңғысы – өзіміздің жерлесіміз Василий Жиров. Осылардың арасында Василий көп дауыс жинады. Финалға дейін-ақ үздік боксшыға берілетін кубоктың иегері атанып қояды. Дегенмен, Вася ақтық сында кəріс боксшысын еш қиындықсыз жеңіп, Олимпиаданың алтынын жеңіп алды. Осылайша, Баркер кубогына нағыз лайық боксшы екенін көрсетеді. Жировтың жеңісті жолы кейінгі Олимпиадаларда жалғасын тапты.

Василий 1974 жылы 4 сəуір күні Қарағанды облысының Балқаш қаласында дүниеге келген. Бокстағы «төрт бұрыш» секілді Жировтың туған жылында да 4 саны көп кездеседі. Өзі мұның бəрі кездейсоқ емес деп санайды. Боксшы болуына көрген киносының да əсері болыпты.

– Мен боксқа «Рокки» фильмін көрген соң келдім. Рокки секілді болуды армандадым. Алғашында рингте жұдырықтасу қиынға соқты. Соққы аласың, көзің ісиді, басқа да қауіп-қатерлері бар. Дегенмен, боксшы боламын десең, осы кезеңдердің барлығынан өтуің керек. Алғашқы бапкерім Александр Иванович Апачинскийдің осы дəрежеге жетуіме қосқан үлесі зор. Мен сол кісінің арқасында тек боксшы ғана емес, адам болып жетілдім. Өте қатал бапкер болатын. Мені кез келген қиындықпен күресуге, соңына дейін шыдауға үйретті, – дейді Василий Жиров.

«Балқаштың жолбарысын» əлемге танымал еткен бапкер Александр Апачинский осыдан үш жарым жыл бұрын өмірден озды. Шəкірті айтқандай, ол шынымен де қатал жаттықтырушы болды. Апачинский Васяны жастайынан темірдей тəртіпке, жаттығуды мүлтіксіз орындауға үйретті. Жаттығу кезінде шүмектеп тер төкпесе, чемпион болу мүмкін емес екенін құлағына құйып бақты. Тіпті, соңына арсылдаған ит қосып дайындағанын біреу білсе, біреу білмес. Бапкердің «Джек» деп аталатын неміс овчаркасы болған екен. Сол итті боксшы жүгіргенде артынан қосып қуатын көрінеді. Тіпті, бірнеше рет арқасынан тістеп те алған. Жиров соның бəріне шыдады. Оны басқалардан ерекше даралайтын бір қасиеті де осы төзімділігі болатын.

Апачинскийдің шəкірті бокспен айналысқан төрт жылдың ішінде КСРО спорт шебері нормасын орындайды (1990 жылы). Ол кездері КСРО-ның спорт шебері болу бақыты кім көрінгенге бұйыра бермейтін. Арада бір жыл өткенде, яғни 1991 жылы КСРО-ның жасөспірімдер құрамасына қабылданды. Міне, осы кезден бастап Жировтың бокстағы жеңісті жолы басталды. Алғаш 1992 жылы КСРО құрамасы сапында Шотландияда өткен Еуропа біріншілігінде 75 келіге дейінгі салмақта топ жарады. Сондай-ақ, осы жылы тұңғыш рет Қазақстан біріншілігінің бас жүлдесін жеңіп алды. 1992-1995 жылдар аралығында төрт жыл бойы ел біріншілігінде бірінші орынды ешкімге берген емес.

1993 жылы ТМД кубогында қарсылас шақ келтірмеді. Бір өкініштісі, Васяға əуесқой бокста əлем чемпионатының алтыны бұйырмай кетті. Екі жылда бір өтетін дүниежүзілік додаға екі рет қатысып, екеуінде де үшінші орынмен шектелді. Ал құрлық біріншілігінде 1995 жылы топ жарды. Оның алдында Азия ойындары мен Тегерандағы құрлық біріншілігінде қолаға ие болған еді.

Василий əуесқой бокста 217 кездесу өткізіп, соның 207-сінде жеңіске жеткен. 24 ірі халықаралық турнирде топ жарған.

Олимпиаданың биік шыңын бағындырған соң, «Балқаштың жолбарысы» кəсіпқой боксқа бет бұрады. 1996 жылдың соңында танымал бокс промоутері Боб Аруммен келісім-шартқа отырды.Кəсіпқой бокс рингіндегі алғашқы жекпе-жегін 1997 жылдың 18 қаңтарында соған дейін жеңіліссіз келе жатқан АҚШ-тың Винсент Браун деген боксшысымен өткізіп, екінші раундта нокаутқа түсірді. Васяның кəсіпқой бокстағы кездесулерінің көпшілігі нокаутпен аяқталып жүрді. Брауннен кейін АҚШ-тың тəжірибелі Арт Джиммерсон, Джейсон Николсон, Рич Ламонтанье, Джон Кайсер, Артур Уильямс секілді былғары қолғап шеберлерін бірінен соң бірін қалағанынша төпеледі. Ламонтаньені жеңіп, WBC тұжырымының чемпионы атанды. Ал 1999, 2000 жылдары рингте оған қарсы шыққан канадалық Дэйл Браун мен италиялық Сол Монтана да жерлесімізге қарсылас болып жарытпады.

2001 жылы Василий бір кездесуін Қазақстанда өткізуді жөн көреді. Чемпиондық тəжін қорғау үшін пуэртоамерикалық Алекс Гонсалеспен қолғап түйістірді. Алматыда өткен жекпе-жекті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы тамашалаған болатын. Бұл бокс кеші тым ерте аяқталды. Бар-жоғы бір раундтың ішінде Гонсалесті нокаутқа түсірген Жиров IBF тұжырымы бойынша өз белбеуін үшінші рет сəтті қорғады.

Сонымен, жерлесіміздің кəсіпқой бокстағы жетістіктеріне тоқталсақ:

IBF, WBO тұжырымдары бойынша əлем чемпионы, WBC тұжырымы бойынша Америка чемпионы. Кəсіпқой бокс рингіне 1997-2009 жылдар аралығында 48 рет көтеріліп, соның 38-інде жеңіске жеткен. 32 жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтаған атақты нокаутерлердің бірі.

Жақында Василий Жиров АҚШ-тан Қазақстанға келіп кетті. Туған жері Балқашта, Қарағандыда көпшілікпен кездесті. Астанадағы біраз мерекелік шараларға қатысты. Сондай-ақ, Ораза айт күні елордадағы «Нұр-Астана» мешітіне барып, мұсылмандармен бірге айт намазына қатысты. Осыдан соң боксшының ислам дінін қабылдағанын жарыса жазып жатқан басылымдар көп болды. Бірақ, Жиров өзі бұл туралы əлі нақты комментарий берген жоқ.

Бек ТӨЛЕУОВ
«Ұлан» газеті, №30
25 шілде, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз