Ілгеріде Дархан Мыңбай деген азамат Мәдениет және ақпарат министрі болды. Дархан мырзаға ақын Есенғали Раушанов інілерінің бірінің шаруасымен барыпты. Біреудің қызметін өсіру керек бола ма, орнында қалдыру қажет пе, әйтеуір кісінің шаруасы. Дархан кісікиік ағаны мұндай жұмыспен келеді деп ойламаса керек, таңғалыпты. Сөйтіпті де: «Ау, сіздің ондайыңыз жоқ еді ғой?!» – деп күліпті. Есенғали аға бұл сөзге қысылыңқырап қалыпты да: «Енді мен де қартайыңқырап қалдым, елуден астым», – деп құтылыпты. «Дархан айтқанымды жерге тастамай, барған шаруамды шешіп берді. Сол жағдай есіме түссе, әлі ыңғайсызданамын. Бірақ, тағы сондай жағдай туса, «мен де қартайдым ғой енді» деген әңгімемді тағы айтар едім». Өмірдің усойқысындай осы әңгімені Есенғали ағаның аузынан жақында ғана естіп ем.

Күні кеше белгілі жазушы, қарымды драматург Дулат Исабековтің 75 жылдық мерейтойы тойланды. М.Әуезов атындағы академиялық мемлекеттік драма театрында ине шаншар орын болмады. Халықтың ықыласына бір кісідей-ақ бөленген жазушы ғой, елдің ілтипаты да ерекше болды.

Исабековтің пьесасы Лондонда қойылып, қазақ драматургиясын әлемдік деңгейге көтеріп тастады. Лондонда лордтар палатасында сөйлеген сөзі қазақ әдебиетін бір белеске биіктетіп жіберді. Сонда Дулат ағамызға Әбең, Әбдіжәмил Нұрпейісов телефон шалып: «Әй, сен бала, айды аспанға бір-ақ шығардың ғой», – деп риза болыпты. «Ай орнында тұр ғой, тек сол орнынан түспесе болды енді», – деді Дулат ағамыз.

Исабековтің «Жаужүрек» спектаклі бірнеше жыл бұрын Әуезов театрында үлкен аншлагпен өтті. «Жүз жылдық махаббат» спектаклінде Мағжан мен Зылиқаның зұлмат жылдардың ызғарындағы махаббатын қандай әсерлі жеткізген, шіркін! Балуан Шолақтың Ғалияға деген сезімін Татьянаға аударған драматургтың шеберлігіне спектакль көріп отырып сүйсінесің, тіпті. «Актрисасы» мен «Транзиттік жолаушысынан» әйел жанының қырық шырақты екеніне тағы бір көз жеткізесің. «Құстар фестивалінен» қазіргі заманның сықпытын көресің. Бұл кісінің сахнада қойылған қай шығармасы да жаныңды тебірентпей қоймайды, әйтеуір. «Сүйекші» деген әңгімесін көздің жасын көл қылып оқыдық бала күнімізде. «Дерменесі» де бір деммен оқылады. Бірнеше рет қайта басылған «Қарғын» романындағы Бағилаға еліктедік бір кездері. Бағила сынды бірмінезді, көп оқыған көрікті қыз болғымыз келді. Сосын жазушылардың арасынан Жасынды іздедік. Бір өкініштісі, асқақ мінезді Асқар Сүлейменов біздің заманымыздан бұрын туып қойыпты.

«Біз соғысты көрген жоқпыз» повесін ұзақ түндер уһілеп отырып оқығанбыз. Көздің жасын бір сығып алып, повеске қайта көз жүгіртетінбіз. Жеңіс көктемі жеткенде кейіпкерлермен бірге қуандық.

«Әпкеден» Дулат ағаның тағдырын көрдік. Оның әпкелеріндей әпке өзіміздің қасымызда жүргенін, әпкелердің жанашырлығын көргенде жүрегіміз езіліп кете жаздады. Осының бәрін жазған, барлығын басынан өткерген, көп оқыса да, «аз оқыдым, оқып үлгере алмай жатырмын» деп өкінетін жазушы сөз алды кеш соңында.

Президентіміздің өзі бұл кісіге құттықтау хатын жолдап, иығына зерлі шапан жібертіпті. Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев та, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев та, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек те аманат арқалаған азаматтар арқылы ілтипат көрсетіп жатты. Бірақ…

Дулат Исабеков – Англияның Ұлттық кітапханасына шығармалары қойылған қазіргі жалғыз қаламгер. «Оны көргенде Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтің, Әбдіжәмил Нұрпейісовтің, Оралхан Бөкейдің кітаптары неге қойылмады?» деп өкіндім», – дейді.

«Қазақтың мәдениетін, менталитетін тек өз тілінде сөйлейтін ағылшындарға таныстырып қайттым. Қазір ұлттық код туралы айтып жүрміз, ұлттық код ең алдымен елдің менталитетінен, мәдениеті мен әдебиетінен көрінеді. Мен соны сонау Англияға мойындатып қайттым. Сөйтіп келгенде Мәдениет министрлігінің тілдей құттықтау хатын алмадым», – деп ашына сөйледі қаламгер ағамыз. Мерейтойында ашынып емес, марқайып сөйлейтін жөні бар еді.

Бұл кештен ақын-жазушылардан бөлек, белгілі ғалымдар мен мәдениет қайраткерлерін көріп, көтеріліп-ақ қалдық. Қарымды қаламгерін құрметтеу – қай кезде де зиялылықтың белгісі.

Мәдениеттің бір өкілі әнші Жазира мен Жанболат жазушыны құттықтап келіп, бір құшақ гүл мен жалғыз астау сыйлады. «Дулат ата, сіз руға, жерге, жүзге бөлінгенді ұнатпайсыз. Әйтсе де, сіздің алдыңызда ән салған Ләззат Байырбекова мен мына менің өзіңізбен бір ауылдан екеніме марқайып тұрмын», – деп сөйледі әнші Жазира. Сыңғырлаған нәзік үніне жанындағы Жанболаты қосылып, «Жазылмасын жұбымыз мәңгі» деген әнді Дулат ағамыздың үйіндегі жеңгейдің махаббатындай етіп шырқады сосын. Халықтың қаламгерге деген ізет-құрметі театрдың ішін кеулеген шапалақтан-ақ сезіліп тұрды. Шығармашылық адамына одан асқан бақыт жоқ шығар?!

Дулат ағамыз «Ақ желкенге» Мейіржан Жылқыбай деген жақсы жазушыны тауып берді. Осыдан төрт-бес жыл бұрын: «Мына баланың жазғандарын оқып, тегі сүйсіндім, көз алдымнан мультфильм жүріп өткендей болды. Балалардың журналысыңдар ғой, қараңдаршы», – деп разы кейіппен бірнеше парақ әңгімені редакцияға алып келді. Сол Мейіржан үздік балалар шығармасын жазып, «Дарабозда» топ жарды. Аты дардай жазушының жас баланың жазғанына соншалықты мейірленгенін алғаш көруіміз сонда. «Дара-боздан» жүлде алған дырау қамшыдай қысқа бала әкесін қасына жетектеп, дардай жазушыға рақмет айтуға келді бір күні. Дулат ағамызға қарап, «ұлық болсаң, кішік бол» деген халық мақалын еске түсірдік сонда.

Министр Абаевтың құттықтау хатында құр мақтамай, Дулат Исабековтің шығармашылығын әдебиет, драматургия, кино бойынша бес қолдың саласындай ғып жіктеп бергені көңілімізді көншітті. «Дулат Исабековтің 75 жылдығына қызмет етуге келдік», – деп тағы біраз танымал адамдардың жүгірісіп жүргенін көрдік.

Тағы бір қызықты айтайын, Алматыдағы бір мектеп Дулат Исабековті кездесуге шақырыпты қай жылы. Жазушының «Әпкесін» мектеп оқушылары сахналады. Артынша қаламгермен еркін сұқбат өрбіді. Қолтаңба алып, суретке түсті жас буын. Кеш сондай жылы, әсерлі-ақ өрбіген. Диктофонға түсірген сұқбатты компьютерге түсіруге баспалдақпен асығып келе жатқан көңілімді бір оқушының жарты ауыз сөзі нілдей бұзды. «Апай, ақын жазушылармен осылай жиі-жиі келіп тұрыңыздаршы. Өткенде біздің мектепке Бердібек Соқпақбаев та келіп кетті», – деді. Не күлерімді, не жыларымды білмедім…

Дулат ағаның мерейтой кешінен кейін бірер аялдама жалғыз өзім жаяу жүргім келді. Көз алдымнан Жазира мен Жанболат әкелген жалғыз астау кетпей қойды. Бүктеме қағазынан білінбепті, жалғыз астау емес, бір жұп астау екенін жанымнан көмекші бала алып өткенде білдім.

Қоңыр күздің ызғары қойын-қонышыма кіріп барады. Ызғарлы ауа да дымымды құрта берді. Осыдан апта бұрын ай бойы тамбай, әрең тамған жаңбыр жауған жаңбырдан романтика іздеп жүрген мені ұшырып түсірген. Мейрамбектің концертіне билет іздеп, жаңбырда жүре беріппін. «Теңізін тәуекелдің кешсем бе екен, сен жүрген жету үшін жағалауға» деген жолдары бар Мейрамбектің әнін тыңдап, бір сағаттай сыртта жүріп қалыппын. Қайта-қайта тыңдағаным соншалық, құлағымның жарғағы жарыла жаздады тіпті. Қасымдағы қолшатыр ұстаған құрбыма: «Романтиканы бұзбай, қолшатырыңды жинашы» деп нем бар деші?! Табанымнан сыз өтіп барады. Мейрамбектің концертіне барардағыдай екі тізем көнектей боп ісіп кетпесін дедім тағы. Автобусқа отырдым. Көңілімнен жаңағы жалғыз астау кетпей қойды және. Дулат Исабеков, Жазира мен Жанболат және жалғыз астау деген тіркес те ойымды түрткілеп тұрып алды.

Сөздің басын Есенғали Раушановпен бастадық қой. Есенғали аға мені жұмысыма іздеп келген күн «жұлдыздығым» ұстады. «Мені көзі тірі классик іздеп келді» деп қоқиландым айналама. Мен қызмет істейтін мемлекеттік мекеменің алдынан әрі-бері өткендерге мақтанғым келді. «Мені классик ақын өзі іздеп келіп тұр» деп айқайлағым келді. Әйтпесе, өзім кіріп шықпақшы ем сол күні. «Сұқбат жақсы шығыпты. Бір-бірімізді ашқан сияқтымыз» деген ілтипат сөзді естіп, Есағам қолымды қысқанында төбем көкке, екі езуім делдиіп, екі құлағыма жетердей болды. Бірақ, шынашақтай журналисті классиктің іздеп келгенін ешкім елемеді, ол кісіні танымады ешкім, анығы. Егер мен Төреғалидан немесе Қайрат Нұртастан сұқбат алып, олардың бірі мені іздеп келсе, сол күні-ақ интернетте суретім жүрер еді. Тіпті, кино түсіріліп, киноның кейіпкеріне айналып кетсем де, таңғалмайтын едім. Ал адамның көңіл терезесіне үңіліп, сезімнің сынықтарын сынған айнаның бетінен жиыстырғандай жауһар өлеңдер жазған ақынды айналамның танымауына қоғам емес, біз өзіміз кінәлі едік. Кітап оқымайтын нәумездігіміз кінәлі…

Дулат Исабеков, Жазира мен Жанболат және жалғыз астау деген ойдың айналасынан шиырлап шыға алмағаным да осы нәумездіктен еді…

Қарлыға ИБРАГИМОВА

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз