Балалық шақ деген ең бір тəтті кезең ғой. Мүмкіндік болса, оған қайта-қайта барғың келеді, қайта-қайта шегініс жасағың келіп тұрады. Балалығың туралы айтқан сайын сағынышың да, оның бағасы да арта түседі. Сендер қазір сондай риясыз, алаңсыз, бақытты шақты бастан кешіп жатырсыңдар. Адам баласы жастық шақта жеткен жетістігін де, орта жастағы атқарған қызметін де дəл балалығын сағынғандай сағынбайды. Сондықтан қазіргі сəттеріңнің қадірін біліңдер.

Балалық шағым жайлауда өтті. Əкем мен анам мал бақты. Ата-анаң қайда болса, сен де сондасың. Кейін оқушы болған жылдары тоқсандық демалысымда да, жазғы үш айлық демалысымда да əке-шешеме қолғабыс еттім. Қазіргі балалар демалысты асыға күтеді ғой. Себебі олар демалыстарын қалай өткізетіні туралы жоспар жасайды, қыдырады, саяхаттайды, лагерьге барады. Ал біздің демалысымыз тек жайлауда өтетін.

Түскі ас кезінде əкем бір отар қойды үйдің маңына жақындатып, тамақтануға кіреді. Бір отарда шамамен 500-600 қой болады. Əкемнің атына мініп, қой бағуға мен шығам. Үйден шыққаннан айқайлап əн айтып жүреді екем. Ол кезде əнші болам деп əн шырқамайтынмын. Малшының бірінші жауы ит-құс қой. Бала болсақ та қасқырдың қойға шапқанын талай көргенбіз. Соларға сес көрсетейін, мал басында адам бар екенін сезсін деген оймен айқайға басады екем. Оны өзім де кейін түсіндім. Иен далада бір отар қоймен жалғыз қалу жас балаға қорқынышты ғой. Əкем түскі асын ішіп шығып, мал басына келгенше жағым тынбастан айғайлай беретінмін. Содан əкем жүрген жерінде: «Осы баламды қойға жіберсем, көңілім тыныш болады. Бар екенін, аман екенін білдіріп, айғайлап əн шырқап жүреді. Содан ба екен тамағым да сіңімді болады», – деп мақтап, риза болып отыратын.

Алғашында атымды Досмұқасан деп қоймақ бопты. Ол заманда баланың куəлігін ауылдық кеңестен алады ғой. Тура құжат алатын сəтте əкімдіктегілер: «Балаңның атын Досым деп қойсаңшы, болмаса жанына өзіңнің «жаныңды» қос» деп ақыл айтыпты. Досымжан деген есімім осылай өмірге келген. Ес білгелі өлең айтпай жүре алмайды екенмін. Тіпті сабақ үстінде де ыңылдап бір əуенді айтып отыратынмын. Қой бағып жүрсем де, балалармен ойнап жүрсем де, шаруа істеп жүрсем де əн айту автоматты түрде орындала береді. Əлі солай. Кейде жанымда жүрген адамдар «Мынау жынды ма?» деген кейіппен қарап қалады. Сол кезде барып əн айтып келе жатқанымды, адамдардың арасында жүргенімді түсінем. Алайда əн айту, əуенге еліту – менің еркімнен тыс құбылыс.

Бала күнімнен өнерпаз болуға талпынсам керек. Есімізді енді біле бастағанда «Досмұқасанның» дəуірлеп тұрған кезі еді. Ауыл-аудандарда соған ұқсас ансамбльдер құрылып, солардың стилінде əн шырқау сəнге айналған. Сəннен қалмайын деп мен де бір күні өзімше ансамбль құрмақ болдым. Анамның құрт жаятын жалпақ табағы бар еді. Соның түбін тесіп ағаштың бетіне қойдым. Сүт сауатын шелектің екі-үшеуін теріс қаратып, музыкалық аспаптың орнына қолдандым. Ол кезде кір жуатын легендер алюминийден жасалады. Дыбысы қатты шығады ғой деп оны тастың үстіне қойдым. Тасқа тиген сайын тарс-тұрс етеді. Тақтайға «Досымжан» деп атымды жазып алып, өнер көрсеттім. Барлық «аспапта» өзім ойнаймын. Қолыма екі таяқты алып, темір аспаптарымды тарс еткізем де, айқайлап əн шырқаймын. Өзімді керемет бір өнерпаз сезінгенмін сол кезде. Бірақ өнерпаздығым ұзаққа бармады. «Аспаптарымның» иесі табағы мен легенін тауып алған күні оңбай таяқ жегенім есімде. Енді қайтсін, табағының түбін тесіп, бояуын көшіріп жібергенмін. Шелекті ұра-ұра түбін тесіп тастаппын. Кір жуатын леген де тесілген. Бүтін бір үйдің шаруашылығы «Досымжан» дейтін ансамбльдің жолында осылайша құрбан болған.

Малшылардың ауылында тері алушылар бақуатты тұратын. Елден бұрын көлік мініп, жақсы табыс табатындар да солар еді. Олардың қызметі – малшылардан тері, сүт жинау. Жинағандарын орталық-қа апарып өткізіп, көп ақша табатын. Ата-анамның арманы – менің заготовитель болуым еді. «Тері жинауды, тері өңдеуді меңгеріп алсаң, бізді асырайсың» деп ақыл айтатын. Мектеп бітірген соң инженер-технолог мамандығының тері өңдеу бөліміне оқуға түстім. Жамбыл облысында сол кезде тері комбинатының беделі де дүркіреп тұр еді. Ата-анам алдымен осы оқуды оқып ал, одан кейін өнерпаз болу қиын емес қой деп қоймай оқытты. Бұл таңдауыма өкінген емеспін.

Баланың қалыптасуына оның отбасы, ата-бабасының қанындағы қабілет əсер етеді деген рас. Біздің Таңатаровтар əулетінен екі бала тараған. Оның бірі біздің атамыз Айнабек, екіншісі – Ақырапбай. Айнабек атамыз елдің ортасында жүрген, ел басқарған өнерлі адам болыпты. Ол кісіден тараған ұрпақ гуманитарлық салаға жақын. Өнерде, білім беру саласында еңбек етіп жүр. Ал Ақырапбай атадан тараған ұрпақ спортқа жақын. Мысалы, олимпиада жүлдегері Ақжүрек Таңатаровтың əкесі де, ағасы да спортшы. Бірі боксшы, бірі күрескер… Сол үйдегі кісілердің ең кемі көкпаршы. Қанат Бейсенбаев дейтін ағамыз: «Ақжүрек олимпиадаға кеткенше Досымжан Таңатаровтың інісі болды, олимпиададан медаль алып келген соң Досымжан Ақжүрек Таңатаровтың ағасы болды», – деп айтатын еді. Расымен, солай болды. Ақжүрек олимпиадаға қатысып, медаль алып келген соң маған расымен «олимпиада чемпионының ағасы» деген қосымша атақ берілді. Əулетіңнен шыққан тағы бір батыр атағыңа атақ қосып жатса, нұр үстіне нұр болғандай екен. Басқа іні-қарындастарымыз да өнер мен спорттың айналасында жүр.

Далада, жайлауда өскен бала еркін болады. Кең далада атқа мініп өстім. Қазіргі кейбір балалардың қатігез, тасжүрек болып ержетуі өскен жеріне де байланысты ма деп қалам. Дала да, ата-ана да біздің еркіндігімізді шектемейтін, асты-үстімізге түсіп аяламайтын. Қалағаныңды жасайтынсың. Жаман нəрсе көрмегендіктен, əрине, жақсы нəрсе жасайтынбыз. Ал қазіргі қаланың балалары жалтақ, жасықтау болып келеді. Себебі шектеу көп. Қағылып қаласың, соғылып қаласың, түсіп кетесің, жоғалып кетесің дегенді естіп өскен бала үнемі бір қорқыныш үстінде жүреді ғой.

Екі қыз, бір ұлым бар. Үлкен қызым биыл Еуразия Ұлттық университетінің 2-курсын аяқтады. Ғылыми география факультетінде оқиды. Өндірістік тəжірибе аясында Қазақстанның тарихи орындарын аралауға бір айға сапарға кетті. Ұлымның жасы 14-те. Биыл Дарын мектеп-лицейінің 7-сыныбын бітірді. Қапшағайға лагерьге кетті. Қырыққа келгенде көрген Айшуақ деген кішкентай қызым бар. Өзім далада өскеніммен, балаларым қалада өсіп жатыр. Бірақ демалыста болсын, мерекеде болсын мейлінше ауылға жіберіп тұруға тырысам. Ауылдан келгенде баламды танымай қалам. Бойы да, ойы да өсіп келеді. Онда қандай құдірет, дəрі барын білмедім. Бірақ ауылдан қол үзбеуге тырысу керектігін түсіндім.

«Адам боп келдім өмірге, Адам боп өту тілегім,Бəріңе соны тіледім», – деген ұстаным бала күнімнен өмірлік ұраныма айналды. Əке-шешем малшы болса да, жайлауда жүрсе де, балаларына барынша жақсы тəлім-тəрбие беріп, қатарынан кем қылмай оқытуға тырысты. Қандай маман болсаң да, ұстаз болсаң да, керемет ұста болсаң да, тіпті əнші болсаң да қызметің мен беделің маңызды емес. Басты мақсат – адам боп қалу. Өзімнің балаларыма да осыны үнемі өсиет етіп жүрем.

Қазақта «Ортаға өнеріңмен емес, мінезіңмен сыясың» деген сөз бар. Адамның адамгершілігі мен иманы оның адам болып қалыптасуы мен маман болып қалыптасуында үлкен рөл атқарады.

 

Дайындаған
Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №26
26 маусым 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз