Живописьтің тұла бойы тұнып тұрған тарих,
Живописьті көзбен емес, көңілмен де таниық.
Живопись – ол айғайлаған өлеңі емес ақынның,
Сыры ішінде, тілі ішінде өрнегі ғой ақылдың!

Мұқағали МАҚАТАЕВ

«Қасымда тағы бір суретші бар» – деп телефон тұтқасын тастағаннан кейін көп күттірген жоқ. Суретшіге тəн маңғаздықпен амандасып:

– Ренат Елубаев деген суретші, – деп жанындағы жігітті таныстырды. Амандық-саулықтан соң, музейдің үшінші қабатына көтерілдік. Біздің негізгі ой санада көп түсінбестік туғызған Масловтың көрмесіне ауыңқырап тұр. Тек көк түспен салынған портреттер мен Париж көшелерінде Мона Лиза Наполеонды кездестіріп, артқы фонға Ван Гогты сыйғызған суретшінің картиналарының кілтін табуға деген асығыстық бар. Бірден оң қапталдағы Масловтың көрмесіне сүйрегіміз келіп, ыңғай танытып едік:

– Қазақ сурет өнерінің бастауына амандасайық, – деп, «Өнер – заманның энергиясы» атты Əубəкір Ысмайыловтың көрмесіне бет алды. Осы сəттен бастап диктофон қосулы болды. Бірақ, бір жарым сағаттық жазбаның алғашқы бес минутынан тек аяқтардың тасырлағаны мен Ренат Елубаевтың əр картина алдындағы таңданған дауысы естіледі. Алмас Сырғабай əлі сөз бастаған жоқ. Кезекті картинада билеп тұрған шалдың суреті тұр. «Шалдың биі» деп аталады. Əңгіме осы тұста басталды:

– Аға, осы көрмедегі бізді ең қызықтырғаны би қимылдарының суреттері болды…

– Қызықтыратындай бар, əрине. Əрі, бұл кісінің биші болғанының өзі қызық. Əубəкір Ысмайылов Əбілхан Қастеевтермен бірге тек қазақ сурет өнерінің ғана емес, қазақ сахнасындағы би өнерінің де негізін салушылардың бірі. Өзің білесің, ХХ ғасыр басында қазақ даласына жаңа өнер түрлері келе бастады. Мəдениеті жоғары елдерде əлдеқашан дамып кеткен сурет өнері, əдебиеттегі проза мен драматургия, театр өнері біздің даламызға осы замандарда ғана бас сұқты. Біздің əлемдік осы өнер түрлеріне қарсы қоятын төл туындыларымыздың керектігін сол замандағы зиялы қауым бірден ұққан. Осылай қазақ даласында алғаш рет Əбілхан, Əубəкірлердің қылқаламының ұшымен кенепке бояу сіңірткен сурет өнері өз дамуын бастаса, ақ қағазға сия сіңіртіп проза мен драматургияда Бейімбет, Міржақыптардың қаламдарының қадамы құтты болды. Əркім өз икеміндегі іспен шұғылданып жүре берер болса, кейбір өнер түрлері мүлде кешеуілдеп қалары айқын еді. Осылай, ақын болып келгендер прозаға, суретшілер режиссураға, тіпті, би өнеріне дейін ден қойып кетті. Жалпы, ХХ ғасыр қазақ өнерін түгендеумен басталды. Ғали Ормановтар топ болып халық арасына ескі жыр-дастандар мен ертегі-аңыздар жинауға барғанда қасына Əубəкір Ысмайыловты ертіп алады екен. Ол жыр-дастандарды жеткізген кісілердің суретін салып отырған. Қай жылы екені есімде жоқ, қазақ даласында би өнерінен байқау жарияланады. Əубəкір Ысмайылов сол байқаудың басы-қасында болып, ерекше билердің қимылдарын сəтінде қағазға түсіріп отырған. Тіпті, бүгінгі күнгі қазақ биі деп биленіп жүрген билердің 90 пайыз элементі Ысмайлов арқылы жеткен десек артық айтқандық бола қоймас. Суретшінің ең негізгі қасиеті – көру қабілеті арқылы есте сақтау. Көз ілеспес жылдамдықпен биленіп жатқан бидің қимылдарын есінде сақтап, қағазға түсіріп отырғаны Əубəкір Ысмайыловтың шын суретші екенінің айғағы.

Алмас ағаның көзі төрде тұрған ағаштың тамырынан жасалып, терімен қапталған қобызға ұқсас декоративтік бұйымға түсті. Анықтап қарап, əңгімесін ары қарай жалғастыра бастады:

Суретшілерде бутафор деген жанр бар.

Көбіне декоративтік өнерде қолданылады. Қазақ өнеріндегі осы жанрдың да алғашқы негізін қалаушылардың бірі Əубəкір Ысмайылов болуы мүмкін.

– Қалайша?

– Бұл кісі өмірінің көп бөлігін театр суретшілігіне арнады. Ал, театрда қойылым репертуардан алынғаннан кейін сол қойылым үшін жасалған сахналық реквизиттерді қоқысқа тастай салуға болмайды ғой. Театр суретшілері оларды кесіп, қиып, сəндік бұйымдар жасайды. Бутафоржанры осылай пайда болған. Ендеше, қазақ даласындағы алғашқы театр суретшілерінің бірі Əубəкір Ысмайыловтың да осындай бұйымдар жасауы əбден мүмкін.

Үлкен залды аралап, есік аузындағы латын əліпбиімен жазылған афишаның алдына келіп тоқтадық. «Отелло». 1934 жыл. Аударған: Мұхтар Əуезов. Режиссер:  Əубəкір Ысмайылов. Режиссердің ассистенті: Шəкен Айманов.

Екі суретші бір-біріне қарады. Мен оларға қарадым. Қазақтың кəсіпқой режиссері суретші Ысмайыловтың ассистенті. Бірдеңе деудің өзі артық болатын.

ХХ ғасырдың басын артымызға тастап, ХХІ ғасырға қарай аяқ бастық. Көк түсті бояулар қаптаған залға кіргенімізде артымызда елу қадам, жүз жыл, əлем сурет өнері үшін екі-үш ғасыр қалды.

– Сергей Маслов қиын суретші. Қай жанрдың суретшісі екенін айырып алғысыз. Не мистик, не импрессионист, не басқа деп айту қиын. Мұнда бəрі бар. Ал, бұл салада Ренат Елубаев сөйлейді.

Иə, Сергей Масловтың өмірі қызық-ақ. Артынан аңыз ертуге құмарлау болғаны көрінеді. Оның өзі жазған өмірбаянын оқып отырып таңғалмасқа шараң қалмайды. Көрмеге кіреберісте оның өз қолымен жазған өмірбаяны ілінген:

«Мен, Сергей Николаевич, құрсақтағы дамуымның басым көпшілігін Ленинградта өткізсем де, 1952 жылғы 16 наурызда Самара қаласында дүниеге келдім. Анам мерзімі жақындағанда босану үшін өз анасына барады. Мені үйрету бірінші күннен басталады, мені əрбір ұлы тұлға үшін бір қасықтан ботқа жеуге мəжбүрледі, сондықтан кез келген адам мен үшін бір қасық ботқа жеуге де, балықтың майын ішуге де келісетін адам болайын деп шештім».

Алдына қойған мақсаты қызық. Біз Масловтың автопортретінің алдында тұрмыз. Қанық көк түс. Кейбір тұстары қараға жақын.

– Көп суретшілердің автопортреттері өзіне ұқсай бермейтінін көріп жүрміз. Бірақ, дəл мынадай мəнердегі автопортретті бірінші көріп тұрғаным…

Екі суретшіге де қарата айтылған сөз болса да, Ренат Елубаев суретшілердің ерекше халық екенінен бастады.

– Суретшілердің көздері өзгелердікіне ұқсай бермейді. Олар басқалар көре алмас құбылыстарды көреді немесе өзгелер көрген өмірді басқаша түсте көреді. Əрине, суретшілердің көбі жындыханаға түскені, кейбірі емделіп шығып, тіпті, кейбірі сонда қайтыс болғаны да жасырын емес.

Жын, кейде адамдарға, біздің жағдайда суретшілердің көзіне көрінуі мүмкін екенін ескерсек, бұл автопортрет Сергей Масловтың жыны деп те айтуымызға болады.

Мүмкін. Мұндай дүниелер батыс əдебиетінде көптеп кездеседі. Адамдарының өз жанын ібіліске сатуы сияқты сюжеттер Гетенің «Фаустынан» бастау алған десек қателеспеспіз. Тіпті, одан ары болмаса.  Егер дəл осылай болса, Маслов осы тұста тума топырағына біртабан жақынырақ. Қазақ өнеріне шығыстың нəзіктігімен қоса, шым-шым батыстық дөрекілік сіңсе де, далалық өнер мүлде бөлек. Ол дөрекілікке де емес, нəзіктікке де емес, ізгілікке құрылған. Олай дейтініміз, жоғарыдағы жанын ібіліске сату сияқты сюжеттер біздің далада да кездеседі. Тек басқаша мотивте.  Қазақтың өнер адамдары туралы аңыздарын есіңізге түсіріңізші. Жапан түзде ұйықтап кеткен балаға қария жолығып: «Балам, көген аласың ба, өлең аласың ба?» – деп сұрайды. Біздің далада кездескен қария мейірімді əрі адамды ізгілікке итермелейді. Біздің топшылауымызша, екі аңыздың түбі бір. Тек екі халық өз табиғаттарына икемдеп алған.

Ренат Елубаев суретшілерді жаман атаулыларға жақындастырып, Масловты да сол қатарға қосқысы келеді. Бірақ, суретші өзінің көк түстері үшін күнделігінде:

«Мен реңкті жек көріп кеттім. Реңк – жастардың жəне ақымақтардың рахаты, манекеншілердің жəне визажистердің ермегі, сандырақ. Өмірге əбден тойған шал, маған оның керегі не? Мен реңктерді жинауға, оларды бір гаммаға үйлестіруге ерінемін. Бұл сəндік тірлік негізгі мəннен бұрып жібереді. Реңк миды анаша сияқты тұмандатады, валерамен жүзіп жүресің, бірақ түк те түсінбейсің. Ашық қара маған реңкімен ұнамайды, қоңыр бұрынғы шеберлерді еске салады, мəселен, Рембрандты. Ал қызыл жəне жасыл, мен жақында байқап көрермін, көк түсті бояу бітсінші. Менің көздерім көгілдір, бəлкім сондықтан болар?

Мен биязы, мейірімді жəне ұялшақ адаммын. Ешкімге, ешқашан жоқ дей алмаймын. Мен көркем суреттен жалықтым, əсіресе, реңктерден, сурет салған кезіңде Басқа əлемге түсіп кетесің. Ол өзің өмір сүріп жатқандағыдан артық. Мен бəрін бір түспен саламын. Көкпен. «Көк кезең» сияқты нəрсе шығады».

Күнделігінен байқап отырғанымыздай, Маслов түспен ойнаудан саналы түрде бас тартқан. Мүмкін, өзінше басқа дүние жасағысы келді ме екен? Эксперимент. Ең қызығы, суретші көк түспен ғана сурет салуды өмірінің соңында қолға алған. Қартайғанда өз жанрын өзгертуден қорықпау батылдық деп айтуға əбден боларлық іс.

Біз «Көше» деп аталатын картинаның алдында тұрмыз. Париж көшесіне ұқсайды. Қызыл көйлек киген əйел, велосипед теуіп жүрген адамның силуэті жəне бұлыңғыр көше сыпырып жүрген шал. Ренат Елубаев маңғазданып сөйледі:

– Мынау нағыз импрессионистік сурет.

– Ол не жанр?

– Монэ деген суретші күннің батып бара жатқанын салып, аяқсыз қалдырады. Суретте күннің батып бара жатқанынан басқа бұлыңғыр қамал ғана бар. Жəне суретші оны біткен картина ретінде көрмесіне қойған. «Картинаң аяқталмаған ғой», – дегендерге: «Менің күннің батып бара жатқанынан қалған сезімім осы ғана», – деп жауап берген екен. Импрессионизм осы тұстан басталады. Адамның сəттік сезімдері жазылған картина. Мына суретте байқасаңыз, суретшінің бұл көшеде бұрын болғанын аңғарасыз. Жəне мынау екінші немесе үшінші келгендегі сезімінің кенепке түскен бейнесі. Мысалы, мына қызыл көйлекті əйел қанық салынған. Бұл осы келісіндегі бірінші рет көріп тұрған адамы. Ал, мынау велосипед теуіп жүрген баланың силуэті ғана. Боялмаған. Мүмкін, ол бала қайтыс болып кеткен болар. Ал, көше сыпырушы шал бұлыңғыр. Ол өлмеген. Тек, ол басқа көшені сыпыратын болар. Картина аяқсыз қалған секілді. Бірақ, суретші үшін аяқталған жəне бұл көшені алғаш көргендегі сезіміне сағынышы десек болар. Масловтың əр картинасына дайындықпен келу керек. Өйткені, ол өзін суреттегі көптеген жанрларда сынап көрген. Сондықтан, əр картинаны жеке-жеке талдауға тура келеді. Бұл суретшіге жалпылай пікір жүр-мейді жəне мықты суретші екенін мойындай тұра маған ұнамайтын тұстары да бар. Кейбір суреттерде əйелдің тəнін жалаңаш беруін өнер туындысы болса да қабылдай алмаймын. Өйткені, бұл біздің менталитетке жат, əрі көрген адамды жаман ойларға жетелейді.

– Сонда өнер адамзатты тəрбиелеу құралы ма?

Осы тұста Алмас аға сөзге араласты.

– Мен екі бастан қолдаймын. Өнер ұрпақты тəрбиелеуі керек. Онсыз болмайды. Тек сурет, бейнелеу өнерін ғана алып қарайық. Біздің ата-бабамыз осы өнер арқылы ұрпағын сұлулыққа, əсемдікке тəрбиелеген. Біз Еуропаға еліктейміз. Біз ұлы сурет, ұлы картина ретінде тек кенепке жазылып, көрмеге ілінген суреттерді мойындаймыз. Еуропа біздің санамызға сурет өнерін солай сіңдірген. Себебі, оларда біздікі сияқты өнер болған емес. Сақтардан бастап қарайық. Алтын адамның денесінен табылған оюлар, өрнектер, бұйымдардың ешбірі əлемде кездеспейді. Жəне ол бұйымдардағы суретшінің, шебердің қиялына таңғалмасқа шараң жоқ. Жылқының басын идіріп əкеліп, басқа бейнеге айналдырады. Апаларымыз басқан текеметтердегі, сырмақтардағы оюлар мен өрнектердің өзіндік сұлулығы мен мəні бар. Өнер дамыды дейміз. Жоқ. Біз тек еуропалық бағытта дамыдық. Еуропалық стильге ауыстық. Ирандықтар, жапондықтар сияқты өз дəстүрімізді сақтап қала алмадық. Күштеп алшақтатты, не өреміз жетпеді. Өреміз жетпегенінен болар, осы уақытқа дейін қай қазақтың суретшісі жаңа ою немесе өрнек ойлап тапты? Əлі сол қошқармүйізге ілініп жүрміз. Əрі-беріден кейін, қазақтан асырып суретпен айналысқан халық жоқ дер едім жəне қазақтағы өнер халықпен біте қайнасып, тұрмысы қайсы, өнері қайсы ажырата алмас дəрежеге жеткен. Менің ойымша, өнердің шыңы осы сияқты.

– Қазақтан асырып суретпен айналысқан халық жоқ деймісіз?

– Иə. Мысалы қазақтың қызы жеті жасқа толғаннан кейін анасына қолғабыс етеді. Ол қызға жеті жасынан бастап жасау дайындалады. Жасауды анасы бастап, соңында қызы екеуі бірге аяқтаған. Ал, жасаудың ішіне нелер кіретінін өзің ойлай бер. Соның барлығын қазақтың əрбір қызы білген. Текемет басу, сырмақ сыру оңай деймісің? Мен технологиясын емес, жəй ғана өрнектер жөнінде айтайын. Оларға түстерді таңдау, қай түспен қай түстің үйлесетінін көз алдына елестете отырып, сұлу сурет шығару. Суретшілік емей немене? Жігітті атынан, ертоқымынан таныған. Қарапайым соғылған қай қазақтың ерін көрдің? Əр жігіт өз ерінің, қамшысының, тіпті, бəкісінің өзін əдіптеп сұлулап, өрнектеп ұстаған. Ал бұл суретшілік емес пе? Меніңше, еуропалық стильдегі суреттер де біздің текемет, сырмақ немесе сандықтың бетін əсемдеуде қолданылуы мүмкін еді. Тек, біздің менталитет басқа, дін басқа. Егер өнердің бір критерийі адамға эстетикалық лəззəт сыйлаумен қатар ой салу болса, қазақтың оюлары да сөйлейтін болар. Тек, біз күйдің тілін түсінуден қалып бара жатқанымыздай, оюдың да тілін ұмытқан болармыз…

Осы тұста Масловтың «Байқоңыр 2» атты инсталляциясына көзім түсті. Ортада зымыранға ұқсас киіз үй тұр. Ал оның сипаттамасында:

«Қазақтар жерге 2000 жыл бұрын қоныстанған жəне гендік инженерияның көмегімен маймылдан адам жасаған, Сириустан ұшып келген басқа планеталықтардың ең таза əрі тікелей ұрпағы болып табылады. Христиандыққа беделін арттыра түсу үшін əлемдік тарихты бірнеше рет ұлғайтқан еуропалық монахтар Жер өркениетін қатты бұрмалаған.  Басқа планеталықтардың Му континентінде өз мекені болды. Нəтижесінде Му континенті мен Атлантида жəне көптеген сүтқоректілер мен қосмекенділер жойылған планеталық апатқа алып келген ірі метеорит Жерге жақындаған кезде қазақтар Айға уақытша қоныстанады. Айдағы өмір жағдайының қатал болуы жəне ғарышқа ұшушы командалар арасындағы өзара тартыс ғарыш көшпелілері өркениетінің құлдырауына алып келді. Бірнеше экипаж ғылымның басты жетістіктерін сақтау мақсатымен Жерге оралады да өмірге аз бейімделген аймақтарға жасырынады. Олар ұрпақтарын отанына қайтара алатын ғарыш кемелерін өздерінің басты байлығы деп санады. Экипаж мүшелерінің ұрпақтары өздерін тауып алмас үшін жұлдызды машиналардың орналасқан орнын үнемі ауыстырып отырады. ХХ ғасырдың 30-жылдары Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының Ішкі Істер Халық комиссариатының тыңшылары зымырандарды тауып алады да ғылыми сараптама үшін алып қояды. Тартып алынған зымырандардың үлгісімен КСРО-да1959 жылы ашық ғарышқа шыға алған жеңілдетілген ғарыш корабльдері жасалды.

Ғарыштан келген көшпенділердің сарапшылары ғарышқа ұшушылардың қолға түсіп қалу немесе жойылып кету ықтималдығын жоққа шығарған жоқ. Сондықтан қазақтар өз нəсілдері үшін кез келген сəтте жетілдіру арқылы алдыңғы қатарлы ұшатын аппарат жасауға болатын ғарыш ракетасына ұқсас киіз үйлерді жасап шығарды».

Əрине, күлкілі суретшілік қиял ғана. 2000 жыл бұрын ұшып келді деуінің өзі қазақтың түпкі тамырын жоққа шығарады. Бірақ, бұл қиял болғанымен, шындықтың ізімен құрылған қиялға ұқсайды. Бізді бір кездері күштеп айырған құндылықтарымыздан қазір еркімізбен айрылып жатырмыз. «Қария келініне сол баяғы ескі киіз үйін бекер тастатпайды-ау деймін». Санадағы майшамдай жалп етіп сөнген ой еріксіз езу жидыртады.

– Алмас аға, Масловтың жəне əлемнің қазіргі сурет өнерін өнер деп айтуға келмей ме сонда?

– Жоқ, əрине, өнер. Жоғарыда айтқанымдай, өнер эстетикалық лəззатпен қоса ой салу керек. Бірақ, қазіргі сурет тек философия мен ойға жұмыс істеп бара жатыр. Біз бұрынғыдай суреттен сұлулық емес, ой мен пəлсапа іздейміз. Меніңше, екеуі тең қойылу керек сияқты. Біз бұл суреттерден абстракцияны үйренуіміз керек. Көзіңе елестетші, Қаратаудың кейпінде Кетбұға қобызын сарнатып отырған суретті. Адам кейпіндегі тау. Ақыры қазіргі өнер абстракцияны қалайды екен, жырауларымызды, ертегілерімізді, батырларымызды абстракциялық композициямен алып келейік. Алып келу емес, тек солар турасында картиналар жазайықшы. Өйткені, оның барлығы өзінше тұнған абстракция. Бірақ, тағы да айтам, сурет сұлу болсын.

Екі суретшімен бірге Əубəкір Ысмайыловтың «Өнер – заманның энергиясы» атты көрме залына қайта оралдық. Кеңес өкіметінің алғаш құрылған кездеріндегі жұмысшылар өмірін суреттейтін картинаның алдында тұрмыз.

– Жастық максимализм ба, түсінбеушілік пе, білмедім. Бірақ, осындай өндірістік тақырыптағы суреттер менің қатарым үшін түкке тұрмайды. Тапсырыспен, саясат үшін салынған суреттер сияқты көрінеді де тұрады…

– Олай емес, бұл тарих. Ертеңге керек тарих. Қазақфильмдегі кеңес өкіметінің алғаш құрылған кезі туралы фильмдердің көбі осы тарихи суреттер арқылы түсірілген. Өйткені, бұл суреттер өндірістің басында тұрып, фотоаппараттар келмей тұрып салынған. Ол кездегі адамдардың киімдері, тұрмысы осы суреттерде сақталған. Сондықтан, бұл сурет болашақ ұрпақ үшін керек. Оның үстіне ойланшы, дəл қазір осы жер қандай? Дəл осы сұлулығын сақтап тұр ма?

Беймəлім ғой, аға! Қазір не орнында тұр дейсіз? Құлағы айныған домбыраның да күйіне тік тұрып шапалақ ұрып жүрген шығармыз. Мүмкін, өзіміздің құлағымыздың бұрауы айныды ма? Кейде даңғаза əуеннен кейін күйдің өзіне құлақ тосырқайды. Əлемдік классиканың өзін заманауи өңдеуде тыңдап, түпнұсқасына шыдам жетпейді. Кейде осылай айтсаң, кертартпа, заманның ағымына ілесе алмағандай көрінесің. Пікір көп, пəтуə аз. Мүмкін, əбден пəтуəсіздіктің шегіне жеткенде қазақтың қырсық қариясындай қолымызды бір сілтеп, Сириусқа ұшып кетерміз. Рухы көшпенділікті сүйетін Сергей Маслов солай дейді. Ал, Сириуста тіршілік болу мүмкін екені, ежелгі тайпаларға сол ғаламшардан құдайлар ұшып келгені туралы аңыздар мен Сириус планетасының Құранда айтылуы жөніндегі əңгімелер мүлде басқа тақырып.

Иə, киіз үйлерімізді жасақтап, шындығында да ұшып бара жатсақ… Ауылдағы əрбір үйдің сарайында əлі күнге бір киіз үйдің сүйегі жатыр. Ол үйлердің де қарияларының көзі тірі болар. Ал, қаладағы біз ше? Кейбір мейрамдарда ғана тігілер киіз үйлерге сыяр ма екенбіз?

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз