Сəлем, оқырман! Араға жұма салып өздеріңмен қайта қауышқаныма қуаныштымын. Апта бойы қызықты ақпараттар жинап, өздеріңмен бөлісер сəтті тағатсыздана күттім. Ендеше, жазбада жазылған дүниелерге көз жүгіртіп, өзіңе керегіңді аларсың деген сенімдемін.

Оқырмандар арасында футболмен əуестеніп, аяқдоп əлеміндегі жаңалықтарды қалт жібермейтін достарымыздың саны біршама деп ойлаймын. Теңбіл доптың құдіреті ме екен, білмедім, дүйім жұрттың осы спорт түріне деген махаббаты ерекше. «…доп қуалаған – тозар» деген тіркестің ескіліктің еншісіне кеткелі қашан.

Допты алдына салып алып, жүйтки жөнелетін, бірнеше қарсыласын қапы қалдырып, аладопты қақпаға шегедей қағатын, қос бүйірден қыспақтап, қорғаушыларды əбігерге салатын, допты ұршықша иіріп, тоғыздықты «топ» еткізіп, торды «бүлк» еткізген əлемдік деңгейдегі ойыншылардың өнері көпті таңғалдыратыны анық. Арагідік «қандастарымыздың арасынан осындай футболшы қашан шығар екен?» деп қиялға бататынымыз да жасырын емес. Осындайда футболға бөлінген есіл қаржының еш кетіп жатқанын көріп, ашуға
булығатындар көп. Əсте, олар қазақ футболындағы ілгерілеуді байқамақ емес. «Көрмес – түйені де көрмес» дегеннің кебі. Клубтар мемлекет қаржысымен күнкөріп, тиесілі деңгейді көрсетпей жүргені рас. Бұл – бөлек əңгіме. Ал, жасөспірімдерге жағдай жасауға кеткен ақшаның қайтарымы бар екенін ескерген жөн.

Өткен аптада елдегі футбол думаны аяқталды. «Астана» командасы кезекті чемпиондық атағына қол жеткізіп, оны өкшелеген «Қайрат» тағы да жаза басты.
Қазақ футболындағы соңғы төрт жылдағы сценарий, міне, осындай. Енді алматылықтар кубок финалындағы «мұнайшыларға» қарсы матчта жеңіске жетуге тиіс. Кемінде осы атаққа қол жеткізіп, өкпесі қара қазандай болған жанкүйерлердің ішіне сəл де болсын жылулық сыйлауға міндетті. Өз кезегінде «Астана» үшін жауапты сынның шеті шығып тұр. Еуропа лигасында бақ сынап жатқан елордалықтар топтық кезеңнен ары жылжып, өткен жылғы көрсеткішті қайталай отырып, жаңа белесті бағындыруға дəмелі. Ұлттық құрама болса, Ұлттар лигасындағы сүреңсіз ойындарынан кейін топтан шығу мүмкіндігінен қағылғанын ескерсек, қалған кездесулерде жаңа буынға сенім артқаны жөн. Осы маусымдағы қазақ футболының жағдай-ақпары, яки пошымы осылай.

Чемпионат мəреге жеткеннен соң басылымдардың жазары көбейді. Сараптама, статистикалық мəліметтерді жинақтап, кезең бойы өткен-кеткенге тоқталады.
Алайда жасөспірімдер футболына көз жүгіртіп, олардың шыққан биігін саралап, ауыс-түйістерге мəн беріп, халықтың назарына ұсынуды көбі естен шығаруда. Осы тұста олқылықтың орнын толтырып, «Ұланның» жас достарына өзімен қатар немесе бірнеше жас үлкендігі бар замандастарының аладоп əлеміндегі өнеріне шолу жасауды жөн көрдім. Зейініңді салып оқуға кеңес беремін. Бəлкім, сенің де футбол əлеміндегі орныңды қалыптастыруыңа септігін тизігер.

«Ағадан үлгі алғандар»

«Астана» ұжымының біріншілікте оза шапқанын жоғарыда айтқан болатынмын. Дəл осы жеңісті жолды жастар құрамы да қайталап, қатарластарын шаң қаптырды. 18 клубтың арасында мықтылық танытып, 89 ұпай еншіледі. Оған қоса, қарсыластар қақпасына енгізген доптар саны жүзден асып жығылды (106 гол). Екінші сатыда орналасқан «Оңтүстік» академиясында 19-21 жас аралығындағы ойыншылардың үздіктері топталып, жақсы нəтиже көрсетіп жүргені белгілі. Спорттық базасы соңғы үлгіде салынып, еуропалық құралдармен жабдықталған «Қайрат» жастарының да өз дегені бар. Алайда құрылғанына толық он жыл болмаған команданың Қазақстанда бес жыл бойы дербес көш бастауы, онымен қатар жастарының да биіктен көрінуі таңғаларлық дүние. Бұл – селекция қызметінің мінсіз екенінің айғағы. Клуб басшылығы еліміздің түкпір-түкпірінен жас балдырғандарды жинақтап, оларға осы өнердің қыр-сырын үйретіп, аламанға қосуда.
Тиісінше, берері мол дүниенің пайдасына кенеліп-ақ отыр. Бізден құлаққағыс болсын, «Астананың» жейдесін киіп, əлемдік ареналарда Қазақстанның намысын қорғауды армандасаң, сенде үлкен мүмкіндік бар. Қазақстанның басты командасы жылына екі рет іріктеу өткізіп, көзге түскендерді қатарына қосады. Маңыздысы, шын дарын болып, əл-ауқатыңды байқатқан жағдайда тегін тəлім алуға мүмкіндігің бар.

Астаналық өрендердің тағы бір оң жаңалығы бар. «Астана» U19 жасөспірімдер арасындағы чемпиондар лигасында жақсы нəтижелер тіркеуде. Бұғанағы қатпаған ойыншылар кəрі құрлықта біразға шабары анық. Жалпы, Еуропа төрінде қазақ футболының даңқы астаналық жігіттердің арқасында аспандап тұр.

«Жас келсе – іске»

Маусым бойына тəп-тəуір доп теуіп, көзге түскен жастарға кезек берсек. «Қайраттықтар» биылдан бастап төл түлектеріне көбірек сенім артуда. Кубоктық
бəсекеде тек қана қазақстандық ойыншылармен сынға түсіп, финалға жолдама алды. Солардың арасында футбол əліпбиін аяқтап, үлкен футболға аяқ басуға лайықты біршама жастың қатары көрінуде. Чемпионаттың алғашқы турынан бастап тұрақты түрде тізімге ілініп жүрген Нұрəлі Əліп, кубоктық кездесулерде бірнеше гол соққан Вячеслав Швырев, алаң ортасында ойқастап, құлаштап тұрып доп беретін Рамазан Оразов секілді футболшылардың аты-жөні жанкүйерлерге қазірден мəшһүр.Бұл қатарға Мəди Жақыпбаев, Сұлтан Сағынаев, Владислав Прокопенколарды қосыңыз. Демек, үлкендермен үзеңгілес болып, оларды тізімнен ығыстырып шығаратын жаңа буын өсуде. Əрине, көңіл қуантарлық жағдай. Бəсекелестік бар жерде екі есе нəтиже болатыны мəлім.

Өзге елде сұлтан болғандар

Бізде жас күнінен көзге түсіп, қатарластарының алды болып жүрген футболшылар жетерлік. Неге екені белгісіз, бейнесі ойда сақталып, көңілге медеу болған жігіттердің біразы орта жолдан сөніп қалады. Аяқдоп шебері болғаннан соң өз-өзін дамытып, кəсібилікке ұмтылу қажет.
Оның барлығы мол тəжірибеден жинақталады. Меніңше, жас ойыншылар ақшаның буына ілеспей, жас шағынан бастап өзін өзге ареналарда сынап көргені жөн. Серб жеріне аттанып, бір клубта ойнаған Сергей Хижниченко мен Абзал Бейсебеков, одан бөлек Георгий Жуков, Бауыржан Жолшиевтер осы шешімдерінен опық жеді деп айта алмаймын. Биыл да қос бірдей қыранымыз клуб ауыстырып, өзге бəсекеде бақ сынап көруде. «Гранаткин» турнирінің үздік шабуылшысы атанған Еркебұлан Сейдахмет – ресейлік «Уфаның», жастар арасындағы чемпиондар лигасында жақсы іс-қимылдарымен есте қалып, «екінші Исаэльге» баланған Акмаль Бақтияр армяндық «Арцах» сапын толықтырды. Елден жырақ кетіп, бақ сынап жатқан қандастарымызға бағы мен бабы қатар шабуын тілейміз.

Болашақ…

Ұлттық құраманың ойыны ала-құла. Тұрақтылық жоқтың қасы. Футболшылардың да орта жасы бірыңғай емес. Бүгінгі таңда алаңға шығып жүрген спортшылар «зейнетке» кеткенде, олардың орнын кім баспақ? Еш уайымдамаңыз. Себебі лайықты жəне таза қазақ футболының түлектері алыстан менмұндалап көрінуде. Бекхан Шайзада секілді қырағы қақпашы, мадридтік «Атлектикода» тəлім алған Димаш Қашкен, «Астана» жастарының капитаны Самат Бортай сынды тасқамал қорғаушылар, Айбол Əбікен, Бақтияр Зайнутдинов сияқты орталық алаңның марғасқалары, Бақдəулет Жүзбай, Ғалымжан Кенжебектердей мерген шабуылшылар бар бізде. Əрқайсысы жас ерекшеліктеріне қарай əртүрлі бəсекеде шыңдалып жатыр. Шынында, шын болаттай шыңдалған шымырлардың шартарапқа қазақ футбол мектебінің жай-жапсарын көрсетер күні алыс емес.

Ілияс СƏРСЕНБАЙ

«Ұлан» газеті, №46
13 қараша 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз