Біздің үйдегілердің бəрі дерлік өнердің айналасында жүргендер. Атам аудандық мəдениет бөлімінде басшы болған соң балаларын да өнерге баулыса керек. Əке-шешем мен əжем де менен музыкант жасағысы келді. Фортепианоның екі сыныбын, домбыраның екі сыныбын, баянның бір сыныбын оқыдым. Ақыры, менен музыкант шықпайтынын мен де түсіндім, олар да мойындады. Соңында өзім қалаған журналистика жолын таңдадым. Сол кезде менен домбырашы шықпағанына өкінген адамдар үшін Ұлттық домбыра күні қарсаңында домбыра туралы, оны үйрену жолдары туралы материал жазғым келді. Сəтсіз болса да өз тəжірибемнен сəтсіздікке ұшырамаудың жолдарын да айттым. Қаншалықты қолымнан келгенін білмеймін. Оны оқып болған соң оқырманнан сұрау керек шығар… Шындығында, музыка мектебінің табалдырығын тоздырып, аспапта ойнап үйренгенім үшін ешқашан өкінген емеспін. Қазақтың қасиетті қара домбырасында ойнай білу –баршамыздың борышымыз деп білем. Ал ұлттық аспапта ойнап үйренудің ең оңай əрі тиімді жолы қандай екенін білесіңдер ме? Ол туралы «Мұрагер» өнер орталығының директоры Нұрым Темірмұратұлы айтып берді.

Ұлан: «Мұрагер» мектебі қашан, қалай ашылды?

Нұрым Темірмұратұлы: Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық конверваториясында 8 жыл оқыдым. Екі жыл дайындық курсында, төрт жыл бакалаврда, екі жыл магистратурада оқыдым. 2 курста оқып жүргенімде балаларды оқушы кезінен өнерге баулитын орталық ашу туралы ой келді. «Мұрагер» музыка мектебі 2015 жылы ашылды. Алғашында тек аспаптарда ойнауды үйрететін музыка мектебі болғанымен, қазір басқа да қызмет түрлерін қосып, өнер орталығына айналдырдық. Жұмыс істегеніне 3 жыл болды.

Ұлан: Балаға домбыраны неше жастан бастап үйреткен дұрыс? «Мұрагер» өнер орталығына қабылдауда жас мөлшеріне қандай да бір шектеу бар ма?

Нұрым Темірмұратұлы: Негізі баланы бес жастан бастап домбыраға баулуға болады. Бес жастан бастап бала тұлға болып қалыптасуға алғашқы әрекеттерін бастайды. Осы кезде ата-анасы оны дұрыс жолға, дұрыс бағытқа бағдарлап, тәрбиелеуі керек. Біздің «Мұрагер» өнер мектебінде жасқа шектеу жоқ. 5 жастан бастап 65 жасқа дейінгі адамдарды қабылдап, үйрете береміз. Тіпті, немерелерімен, балаларымен бірге келіп домбыра үйренетін кісілер де бар. Өнерді үйрену ешқашан кеш емес. Бастысы – ниет.

Жас түгіл, қатысушылардың ұлтына да шектеу қоймаймыз. Былтыр Жапонияның азаматы бізде бір жыл бойы домбыра курсына қатысып, 30-дан астам шығарма ойнауды үйреніп кетті. Үйренем деушілерге есігіміз ашық.

Ұлан: Домбыраны қанша уақытта меңгеруге болады?

Нұрым Темірмұратұлы: Мектебімізде домбыра ойнауды үйретудің үш түрлі тәсілі бар. Алғашқысы «құймақұлақ» әдісі. Мұнда тыңдау арқылы (слух) жақсы қабылдайтын адамдарды үйретеміз. Бұл әдіс бойынша адам кез келген әуенді домбыраға сала алады. Ал екінші тәсіл күрделі әрі пайдалы, нота арқылы үйрену. Бұл тәсіл арқылы шәкірттің музыкалық сауатын қалыптастырып, болашақ кәсіби мамандыққа дайындаудың әліпбиін үйретеміз. Үшінші тәсіл – ең жаңа тәсіл, санау арқылы үйрету. Қазір «Цифрлы Қазақстан», жаңа технологиялар заманына сәйкес кез келген нәрсені автоматтандыру, сандық жүйеге көшіруге көп көңіл бөлінеді. Білім саласында болсын, өнер саласында болсын, экономикада болсын сандық жүйе жұмысты жеңілдетеді деген түсінік қалыптасқан. Аталған үш тәсілдің ішінде домбыраны ең жылдам үйрететін ұтымды әдіс те осы санау жүйесі. Жалпы, домбыраны үйрену үшін аса көп уақыттың қажеті жоқ.

Ұлан: Домбыраның әліппесі неден басталады?

Нұрым Темірмұратұлы: Жекеменшік мектептердің мақсаты жедел түрде білім беру. Сондықтан, теория мен тарихты қазбалап отырмай бірден іске кіріскенді жөн көреміз. Алғашқы сынақ сабағында қатысушының аспаппен таныстығын, деңгейін тексеріп топқа бөлеміз. Келген оқушының қолына бірден домбыра беріп, оны қалай ұстау керектігін, аяқты қалай, қолды қалай қою керектігін, орындықта дұрыс отыру тәртібін үйретеміз. Бір сабақта бір шығарманы негізін үйретуге тырысамыз. Күй, домбыра, өнер деген әрбір қазақтың қанында бар нәрсе. Сондықтан, кез келген адам жылдам қабылдайды.

Ұлан: Сонда домбырада ойнауды кез келген адамға үйретуге бола ма?

Нұрым Темірмұратұлы: Әрине, бастысы ниет болса болғаны. Талант пен дарын да маңызды. Алайда, дарынды, қабілеті бар, алайда ниеті мен ықыласы жоқ адамды, дарынсыз болса да еңбекқор, ықыласы үлкен өнерпаз басып озады. Осы күнге дейін алдыма келген адамға домбыра шертуді үйрете алмай-ақ қойдым деген ұстазды көрмеппін.

Ұлан: Жастар жаңашылдыққа жақын болады ғой. Барлық сала жаңалыққа бет бұрып жатқанда ұлттық өнер де бұл үрдістен қалмақ емес. Домбыраны үйретудің жаңа әдістері, дәстүрлі өнерді заманауи өнерге ыңғайлауға қалай қарайсыз?

Нұрым Темірмұратұлы: Барлық нәрсеге екіжақты қарауға тырысамын. Тек қана өнер саласы емес, еліміздегі барлық сала жаңаша даму жолын бастан кешіріп жатыр. Оның пайдалы тұсы да, зияны да бар. Мысалы, dombyraparty отырыстары, Ұлттық домбыра күні деген бастамалар ұлттық өнердің дамуына жақсы әсер етеді. Ал өзім ковер ойнайтындар мен домбыраны билететіндерге немесе домбырамен билейтіндерге қарсымын.

Ұлан: Ұлттық туындыларымыз тыңдалмай жатыр дейміз. Ал тыңдармандар дәстүрлі әншілердің азайып кеткенін алға тартады. Өнерде осындай парадокс пайда болды. Кім кінәлі?

Нұрым Темірмұратұлы: Абай Құнанбаев атамыз бен Біржан салдың кездесуі туралы оқығаным есіме түсіп отыр. Абай атамыз Біржан салға: «Сендей әнші қазақта қайта туылар ма екен?», -дегенде ол: «Мендей әнші туылады-ау, алайда сіз секілді тыңдарман туыла қоймас» деген екен. «Ән түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» дегендей, өз әнімізді өзіміз ұлықтамасақ басқа кімге керек?

Қазір нарық заманында эстрада әндері мен бейнебаяндары, шоу бағдарламалар өтімді болып тұр. Алайда, әр нәрсенің өз дәуірі, шарықтайтын кезі болады. Сондай-ақ, уақыт пен ақшаға бағынбайтын құндылықтар болады. Ұлттық өнеріміз – осындай құндылық.

«Домбыраның екі құлағы сынғанда, екі тісім сынғандай болды»

Қазақтардың бас ауруына ешқандай дәрі көмектесе алмайды. Оны тек екі-ақ нәрсемен емдеуге болады: бірі – шәй, екіншісі – күй. Өзім Маңғыстау облысында туып-өскенмін. Біздің үйдегілер күй тыңдамаса басы ауыратындардың қатарынан. Қазіргі таңда кез келген нәрседен, Күннен, Желден, Жерден де қуат  алатын тәсілдер ойлап тауып жатыр ғой. Ал адамдар рухани қуатты осы өнерден алады. Адамды тәрбиелеуде, ой-өрісін қалыптастыруда күйдің рөлі зор. Жылқыға міну арқылы, табиғатта жүру арқылы, жаттығу арқылы физикалық немесе медициналық терапия жасауға болады. Сол сияқты ән тыңдағанда жазылып кеткен адамдарды да көрдім.

Музыкада тілсіз. Сондықтан, өнер әлем халықтарына ортақ. Муызка адам талғамайды. Мысалы, домбыраны үйрену үшін көздің де, құлақтың да қажеті жоқ. Мысалы, Орал қаласындағы әнші, жыршы-термеші, айтыскер ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиевтің көзі көрмейді. Алайда, өнерге деген махаббаттың көзі ашық.

Қасиетті қара домбыраға деген құрметім бала кезден қалыптасса керек. Әлі күнге дейін оның қасиетін жоғары қоямын. Жерде жатқан домбыраны, сынып қалған домбыраны көрсем жүрегім ауырады. Бірде байқауға қатысып жүргенде көлікке асығыс мінемін деп домбырамның құлағын есікке қысып сындырып алдым. Домбыраның екі құлағы сынғанда өзімнің екі тісімнен айырылғандай болдым. Өзім дәстүрлі әншімін. Дәстүрлі өнер адамдарының оң қанаты қара домбырасы болса, сол қанаты дауысы мен халық мұрасы.

Қазіргі дәстүрлі өнерпаздардың басты міндеті жаңа туынды жасау емес, ертеден келе жатқан ұлттық дәстүріміз бен өнерімізді насихаттау, оларды келер ұрпаққа аман-есен жеткізу деп білемін.

Дана Қанатқызы

«Ұлан» газеті, №27
2 шілде 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз