Мiне, мектеп бiтiруге де жақындадым. Оқу мен қоғамдық жұмысты бiрге атқара жүрiп, үйренгенiм де аз емес. Інілерім мен сіңлілерім де белсенді болғанын қалар едім. Сол үшiн «Жас ұлан» қатарында жүрiп жасаған өз бағдарламамды ұсынып отырмын.

Менің ұланбасы болудағы басты мақсатым – тəуелсіз мемлекетіміздің болашағына аудан тарапынан үлес қосуға атсалысу. Мектеп жасындағы оқушыларға бағдарлама құру үшін
7 түрлі бағыт көрсетілген. Мен үшін сол бағыттардың ішінде руханият саласы басым болып тұрады. Руханият – адам бойындағы өз ұлтына тəн ерекшеліктерін, яғни тілін, ділін білу.
Сондай-ақ өнерлі болуды да табиғатпен ұштасып жатқан рухани қасиеттерге жатқызар едім. Жүрекке иман ұялату тұрғысында ата-баба ұстанған дінді де осы салаға қосқым келеді. Əйтсе де, жер шарында белең алған дінге қатысты қайғылы, қасіретті жағдайлар
менің замандастарымды дінге не сенерін, не сенбесін білмей, екіұшты жағдайда қалдырып отыр. Сол үшін бізге əрбір ағымның айтқанына еріп жүре бермейтін азаматтық ұстаным
қажет. Өйткені кез келген ағымға «иманды тəрбие береміз» деп, дін шарттарын орындатумен кіргізеді. Кəмелеттік жасқа жетпей басы айналып қалған замандастарым шырмауға қалай шырмалып қалғанын сезбей қалады. Қазіргі кейбір ағымдардың ұлттық
құндылықтарды, өнер-білімді, ата-бабаға құрмет көрсетуді шектейтін тұстары да жоқ емес. Сондықтан бала ешкімнің ықпалына ермей, халықаралық стандарттағы біліммен сусындағаны дұрыс. Сырт елдерден келіп, діни ықпал жүргізетін миссионерлерді қылмыскер деп танысақ та, артық болмайды. Елбасымыз Н.Ə.Назарбаев анықтаған
ізгі бағыттарды жүзеге асыру үшін оқушылар тарапынан біз де үлесімізді қосамыз. Мұндай жоба таңдауда руханият, зерде, салауатты өмір салты, эко əлем, отан, еңбек жəне жеті
жарғы тақырыптары берілген екен. Соларға жеке-жеке тоқталайық. Зерде бағытын таңдасақ, зердені, білімді, тапқырлықты ту еткеніміз. Бірақ бойында отансүйгіштік қасиеті болмаса, ол мықты зердесімен, білімімен, ақша үшін шетелде тұрақтап қалудан да тайынбайды. Ал отансүйгіштік тақырыбына тоқталсақ, отансүйгіш болу үшін əуелі өзінің туып-өскен топырағынан, ананың сүтімен, тілімен келген рухани құндылықтары болуы
керек. Ал салауатты өмір салты ұлтқа ғана емес, адамзатқа тəн жалпылама бағыт. Арақтан, темекіден, нашадан, бұзақылықтан аулақ болып, спортпен шұғылдану үшін де рухани тəрбие керек. Эко əлем, еңбек, жеті жарғыға келер болсақ, табиғатты аялау үшін де адамның жан тазалығы керек. Жаны тазаның ары да таза. Адамның ары таза болмаса, жеті жарғыдан жеті есе артық заң болса да, əділет пен шындықтан тайсақтап, ұлттың небір арыстарын репрессия құрбандарына айналдырудан тайынбайды. Рухани құндылықтарды
бойға сіңіру үшін адамға рухани кеңістік керек. Мұндай кеңістік жан-жақты біліммен қалыптасады. Ал білімді бойға сіңіретін – еңбек. Ата-ана мен ұстаздар дұрыс бағыт бере алса, бала 5-6 жастан еңбектенеді. Мұның бəрі де аталған жеті тақырыптың көш басында руханияттың тұратынын көрсетеді. Сондай-ақ ұланбасы болсам, елбасы көрсеткен жемқорлыққа қарсылықты білім орталықтарынан бастар едім.

Жемқорлыққа кейде ата-аналар мен ұстаздар өздері итермелейтін жағдайлар кездеседі. Əлеуметтік жағдайы жақсы отбасының баласы мен ата-анасы пəтер жалдап тұратын отбасының балалары бір сыныпта оқитынын ескеруіміз керек. Сондықтан мектепті
базарға айналдырмас үшін барымызды салғым келеді. Ол үшін оқушыларға көшедегі ойын алаңдарының, тойымсыз өнер топтарының билетін, қосалқы методикалық құралдарды, түлектер альбомын сатуды тоқтатқан жөн. Осы орайда мен ұланбасы болсам:

1. Жастарға патриоттық тəрбие беретін, өнер-білімге баулитын бірлестік ашу;
2. «Ұлан», «Балдырған» басылымдарының мектеп ішіндегі қабырға газетін ұйымдастыру;
3. Республикалық «Əнші балапан», «Айгөлек» сияқты телевизиялық өнер сайыстарына, білім байқауларына, спорттық жарыстарға қатысуға əрекет жасау;
4. Мектепішілік мұражайлар ұйымдастырып, ұлттық жəдігерлер жинастыру;
5. «Тимур командасы» сияқты ұлттық балалар тобын құрып, ардагерлер мен жағдайы төмен отбасыларға көмектесу;
6. Ерікті жасақшылар тобын құрып, бұзақылыққа əрекеттенген балаларды жəне жемқорлыққа қатысты күдікті жағдайларды бақылап, реттеуге атсалысу;
7. Жақсы оқитын балаларды ұйымдастырып, қабілеті төмен балалардың сабағына көмектесу;
8. Оқу бағдарламасында айтыла бермейтін, танымдық кеңістікті қалыптастыратын пікірсайыс клубын құру;
9. Белсенді балалардың сабағына кедергі жасамай, спорттық, мəдени, рухани тəрбиелік іс-шараларды өткізуге бəріміз көмектесуді қолға алар едік.

Ақерке КƏРІПЖАН,
№123 мектеп-гимназияның
оқушысы,
М.Əуезов ауданы оқушыларының
Ұланбасы.
Алматы қаласы

«Ұлан», №24
12 маусым, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз