Адамдардың дені артық салмақ мәселесімен «ауырады» ғой, менің де дертім осы еді. Бойым мен салмағым сәйкес келмейді. Әдемі киімдердің өлшемі үстімен қонбай қалғанда, өзіме «ұрсып» аламын. Әркім әртүрлі ақпар беріп, артық салмақтан құтылу жолын айтады. Алайда маманның айтары мүлдем бөлек…

Мазалап жүрген сұрақтарыма жауап алу үшін кейіпкеріммен жолығатын уақытты асыға күттім. Диетолог маман Арай Әміремен арадғы әңгімеміз екі сағатқа жуықтап, былайша өрбіді…

– Әлем бойынша адамдардың 72 пайызы семіздікке ұшыраған. Соңғы кезде бұл жасөспірімдердің де проблемасына айналды. Ата-аналардың көбі балаларына фастфуд жеу үшін ақша береді. Жеңіл түрде әзірленетін тағамдар семіздік ауруына шалдықтырады. Адамдардың басым бөлігі артық салмақ пен семіздіктің, дұрыс тамақтанбау салдарынан туындайтын өзге де аурулардың алдын-алуда тамақтану мен дене шынықтыру факторларын ескермейді. Яғни, өзіне салғырт қараған адам семіздікке ұшырайды.

– Семіздікке шалдыққанын қалай білуге болады?

– Адамның бойы мен салмағы шамалас болуы керек. Бойынан салмағының бес-алты келіге төмен болуы қалыпты өлшемді көрсетеді. Мысалы, сіздің салмағыңыз бен бойыңыз қанша?

– Бойым 1 метр, 58 сантиметр. Салмағым – 64 келі.

– Сіздің салмағыңыз 54 келі болуы керек. Қазіргі салмағыңыз «семізсің» деген сөз емес. Жас қыздардың барлығы «90-60-90» болуды қалайтыны жасырын емес. Алайда, ол ескі «мода» болып қалған. Қазір жастарымызға дененің сымбаты емес, саулығының маңызды екенін ұғындыруымыз керек.

– Менің бір құрбым бар. Тамақ ішпей салмақ тастайды. Бір мезгіл ғана тамақ ішеді. Оның «қолдан жасап алған» диетасы дұрыс па?

– Дұрыс емес. «Тамақ ішпей азамын» деген сөз рас, бірақ зиян. Үш мезгіл тамақ ішпей, салмақ тастау денсаулыққа өте қауіпті. Ол кезде қан айналым жүйесі, ас қорыту процесі дұрыс жұмыс жасамайды. Қан айналым болмағасын адамның ағзасы әлсірейді. Зат алмасу процесі төмендейді. Оны көріп  «салмақ тастап жатырмын» деп қуанамыз. Зат алмасу – жасушаның тіршілігін қамтамасыз ететін, ағзада жүріп жататын барлық химиялық процестердің жиынтығы. Кейбір ағзада зат алмасу дұрыс жұмыс жасамағанда, адам тамақтан қанша тыйылса да, керісінше  салмақ қосып алады.

– Тұзды тамақтарды азайту арықтауға көмектесе ала ма?

– Адамдар күнделікті тұзды қанша мөлшерде қолданып жатқандарына бас ауыртпайды. Алайда, бұл – үлкен қателік. Өйткені, артық тұздың әсерінен қатты зардап шегетін – жүрек. Аз мөлшердегі тұздың өзі жүрек үшін өте қауіпті. Тұз – жүрек бұлшық еттерінің жұмысын ауырлатады, жүректің соғысын жиілетеді. Тағам арқылы шамадан артық түскен тұз қанға сіңеді, сосын байланыстыратын тамырдың жақтауларына тұрып қалады. Бұның әсерінен тамыр жолдары тарылады, судың сыртқа шығуы қиындайды да адам ісінеді. Ағзадағы натрий мен судың сыртқа шығуының қиындауы қанның көлемін ұлғайтады. Осының әсерінен қан қысымы жоғарылайды. Тұздан ақырындап бас тарту керек. Оған екі аптадай уақыт кетеді. Тұздан бас тартқан кезде, ағза өзінен-өзі сөл бөледі. Бұрыннан жиналып қалған тұзды сөл ыдыратып жібереді. Тұзды тағам дәмді болатыны, тәбетті ашатыны рас. Бірақ семіздікке бейім адамдар немесе салмақ тастағысы келетін жандар тұзды асты шектеуі қажет. Себебі, тұз ағзадан сұйықтықты сыртқа шығармайды. Одан кейін адам тола бастайды.

– Фастфуд өнімдеріне адамдардың сонша тәуелді болуының сыры неде?

– Сіздер сияқты мен де фастфуд жеймін. Достарыммен кездескенде міндетті түрде фастфуд алдырамыз. Өйткені, олардың құрамында адамның ағзасы тәуелді болып қалатын дәрумендер бар. Ондай тағамдарды үйде де жасауға болады, бірақ  аса дәмді болмайды. Қандай қоспалар қосатынын білмейміз. Оны шетелден алып келеді. Бұл – маркетинг. Біздің сатып алған өнімдеріміздің қаржысы бір адамның ғана қалтасына кетіп отыр. Айына бір рет қана фастфуд жеймін. Кола ішпеймін. КҒС-ді де 100-200 грамм ғана жеймін. Тауық таяқшыларын бір рет қуырған сұйық майға қайталап, бірнеше рет қуыра береді. Алайда, 100 градуста қайнаған майды екінші рет пайлануға болмайды. Отбасымызбен фастфуд өнімдеріне құмар емеспіз. Бірақ эксперимент жасау үшін барлық өнімдердің дәмін татып көргенмін. Үйде зерттеу үшін аламын. Фастфуд өнімдерінің ішінде пицца ғана зиянсыз. Қай түрін де жей беруге болады.

– Өзіңіздің тамақтану тәртібіңіз қандай?

– Менің қатып қалған тамақтану тәртібім жоқ. Таңғы асымды кешкісін жасап қоямын. Таңғы асты екі шыны су ішуден бастаймын. Бір жұмыртқа, нан, қияр мен қызанақ жеймін. Арасында пицца дайындаймын. Таңғы асқа ботқа пайдалы. Оны суға пісіріп, сүтке араластырамын. Кофе немесе шай ішемін. «Қазақстан» шоколадын жеймін. Ірімшік жеуге болады.

Түс кезінде отыз минут бұрын су ішу керек. Өйткені, су ағзадағы қант пен тұздың мөлшерін реттейді. Түсте жеңіл тамақтар ішкенді жақсы көремін. Сорпа, борщ, кейде, мысалы, манты жеймін. Сорпа ішкеннен кейін кез келген елу грамм тамақты жесеңіз тойып қаласыз. Жаңадан жасалған жеңіл салатты мәзірден алмаған дұрыс. Таңғы астан кейін сөмкемізге айран немесе «активиа» деген сусынды салып жүргеніңіз жөн. Өйткені, екі сағатта сіздің асқазаныңыз қорытылып, зат алмасу жүруі керек. Зат алмасу үшін асқазанға жеңіл сұйықтық барады. Соның нәтижесінде, зат алмасу процесі жақсы жүріп, асқазаныңыз сіздің мазаңызды алмайды. Көкөністер де болады. Ауылда жүргенде ата-әжелеріміз төрттің шайын ішетін. Қалада ол ұмытылып қалды. Бірақ, мен төрттің шайын ішемін. Ол кезде азғантай қант салып, қара шай және тәтті бәліш жегенді жақсы көремін. Күні бойы жұмыста жүрген адамның ағзасы да шаршайды. Түстен кейінгі шайдың пайдасы бар. Миға глюкоза жібереді. Кешкі асқа асылған ет пен бұқтырылған тағамдар жеймін. Өзіме ұнайтын салаттарды жасаймын. Майонезді мүлдем пайдаланбаймын. Оны қаймақпен алмастырып тастағанмын. Кешкі асымды ұйықтардан төрт сағат бұрын ішемін.

– Таңғы асты уақытымен ішесіз бе?

– Біз ұйқыны жақсы көргендіктен, таңғы асты ішуге уақытымыз болмай қалады. Таңғы ас ішкеннің орнына ұйықтап алғанды жөн көреміз. Бірақ ағзаға зиян келтіріп жатқанынан хабарсызбыз. Адамға алты сағаттық ұйқы жетеді. Таңғы ас алдында екі кесе су ішу керек. Ол ағзадағы қалып қойған асты реттейді. Мен бес жарымда тұрамын. Бес пен тоғыз аралығында істелген жұмыс нәтижелі болады. Таңғы ас адамның ағзасын оятады.

– Қазіргі салмағыңызға көңіліңіз тола ма?

– Әрине толады. Қазіргі салмағым – 54 келі. Адамның салмақ қосуы табиғат құбылыстарына да байланысты. 11-сыныпта ауылдық жерде оқыдым. Сол кезде климат алмасқаннан болуы керек, он келідей салмақ қостым. Томпақ болып кеттім. Сол салмақтан арылу үшін күні-түні тынбай ізденіп, диеталар ұстап, қалпыма келдім. Интернет-дүкендерінде арықтататын дәрілер, түрлі коктейльдердің жарнамасынан көз сүрінеді. Олар ағзаға әртүрлі әсер етеді. Бір ғана емдік суды пайдаланып, салмақ тастадыңыз. Сізге жақсы нәтиже берді. Алайда, оны қойып кетсеңіз, қайтадан толып аласыз. Адамдар оңай жолмен салмақ тастағысы келеді. Арықтататын дәрілер басқа ағзаңызға зиян келтіруі мүмкін. Қимыл-қозғалыстың адамға тигізер пайдасы мол. Мен кеңседе екі сағат қана отырамын. Қалған уақытта қозғалыста жүремін. Баратын жерім қашық болса да, жаяу жетуге тырысамын.

– Арықтататын арнайы құралдардың пайдасы мен зияны қандай? Мен белімді шығару үшін екі жыл қатарынан корсет кигенмін. Осы дұрыс болды ма?

– Ол сізге сөзсіз жақсы нәтиже берді. Денеңіз жинақталып, беліңіз пайда болды. Бірақ… Корсетті таққан кезде ағзамыздағы майлар жиырылады. Тек артық сулар ғана шығады. Ауа өтпейді. Бүйрек пен бауырыңызды жұқа түссіз қапшық қаптап тұрады. Сол жұқа қапшықтарға зақым келеді. Әншілердің жарнамалап жүргендеріне сене берудің қажеті жоқ. Сіз жай ғана бір кәсіпкердің саудасын жүргізіп отырсыз. Маған да «жарнамалап беріңізші» деп өтінетіндер бар. Мен үзілді-кесілді қарсы боламын. Таразыға өлшенгенде бұрынғы салмағыңыздан арықтағаныңызды көріп, қуанып қаласыз. Алайда, майлар жиырылып, денеңізде судың ғана салмағы қалады. Соңғы үш жылда мен таразыға тұрмадым. Үйімде таразы да жоқ. Оның орнына медициналық талдаудан өтіп тұрамын. Ол денсаулығым мен тамақ режимімнің қалыптылығын анықтап береді.

– Азып-толғаннан туындайтын тағы бір мәселе терінің жыртылуы және варикоз ауруының пайда болуы деседі. Семіздіктен туындайтын аурулар туралы не айтасыз?

– Кез келген жаста пайда болатын семіздік ағзадағы зат алмасудың созылмалы дерті ретінде қарастырылады. Май тінінің шамадан тыс жиналуы салдарынан пайда болатын семіздік халықтың жалпы сырқаттану деңгейін арттырып, өлім-жітімнің көбеюіне себеп болады. Семіздік жүрек талмасы, миға қан шабу, қан қысымының көтерілуі, холецистит, артрит, панкреатит сияқты ауруларды қоздырады. Терінің жыртылуы да қауіпті. Аяқтағы тамырдың кеңеюі де өте зиян. Теріні қалпына келтірудің ең оңай әдісі балаларға арналған жақпа майды пайдалану. Теріге жағып қойып, оны тамақтың бетіне жабатын пленкамен орап тастайсыз. Біраз уақыт жасап тұруыңыз керек. Бір-екі айда нәтижесін көре аласыз.

– Көкөніс пайдалы дейміз. Алайда, қазір көкөністердің көбі жылыжайларда түрлі химиялық қоспалармен өсіріледі. Олардың қандай зияны бар?

– Мен тек Қазақстанда жасалған тағамдарды ғана аламын. Шетелден келіп жатқан жеміс-жидектер мен көкөністердің қауіптілігінен сақтанған жөн. Өйткені, олар бізге әкелетін тауарлардың құрамына ұзақ жолға жарамды қоспаларды қосып жібереді. Ал Қазақстаннан шығарылған өнімге химиялық қоспа қосылмайды. Шығарылған мекен-жайына да қарауымыз керек. Мен Астана қаласында тұрамын. Дүкеннен Павло-дар мен Қарағандыдан шығарылған азық-түліктерді аламын. Өйткені, олар Астанаға тез жетеді. Шығарылған мерзімін де есептей аласыз. Мысалы, тағамтану академиясы ұсынған «Амиран» зауытының өнімдері – табиғи өнім.

– Жеуге болатын пайдалы тағамдар мен пайдасыз тағамдарды атап айтып беріңізші…

– Мен де тамақ талғамай жеймін. Алайда, ағзаға пайдасы бар өнімдерді көбірек жеуге тырысамын. Балықты көп жеу керек. Күріш асқазанда үш күннен кейін қорытылады. Оны аптасына бір-ақ рет жеген абзал. Нанды көп жеу керек. Нан жемей азамын деген қате түсінік бар. Нанның құрамында В12 дәрумені бар. Адамның ағзасына ол дәрумен жетіспегенде, шашы түседі. Сүт ішу керек. Дүкендерде дәмдеуіштер өте көп. Соя майы сатылады. Басқа елдер осы майға бойкот жариялап жатыр, бірақ Қазақстан соны сатады. Жұмыртқаның ішіндегі сары уызды да бояп қояды. Консервіленген тағамдарды мүлдем жеуге болмайды. «Сникерс», «Марс» шоколадтарын жеуге болмайды. Мүмкіндігінше тамақты булап жеген дұрыс. Асқазанда жақсы қорытылады. Мантыны асқабақпен жасап жеген пайдалырақ.

– Шөлдегенде су ішеміз. Ішіп жүрген суымыз пайдалы ма?

– Фильтрленген су ішкен дұрыс. Тілді үйіретін сусындардан аулақ болғанымыз жөн. Өйткені, оның құрамына қант қосады. Өндірілген қант ағзаға өте қауіпті.

– Сіздің бір күніңіз қалай өтеді?

– Таңғы 5:30 да тұрамын. Бір сағаттай таза ауада демаламын. Таңғы ауа денсаулыққа пайдалы. Таңғы асты ішпес бұрын отыз минут бұрын екі шыны су ішіп аламын. Кеңсеме барып, екі сағаттай жұмыс жасаймын. Одан кейін диетолог мамандармен кездесуге барамын. Құрбыларыммен қыдырамын. Іссапармен шетелге көп шығамын. Косметология пен визаж саласы бойынша оқып жатырмын. Фитнес орталықтарына жиі барамын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз