Әли Тұрғанбековтің жасы 10-да. Ол Ник Вуйчичтің: «Егер өзіңізді осы қалпыңызда қабылдай алмасаңыз, онда басқаларды қабылдауыңыз тым қиындау болады», – деген ұстанымымен өмір сүреді. Туабітті сирек кездесетін сырқатқа шалдықса да, өмірге құштар. Ел қатарлы мектепте білім алып, қосымша үйірмелерге барып, өзін дамытып жүр. Арманы биік, мақсаты айқын. Атағы әлемге жайылған футболшы Диего Марадона мен үлгі тұтар тұлғасы Ник Вуйчичпен жолыққан алғашқы қазақстандық. «Әли қазір қайда жүр?» деген сауалмен хабарластық.

– Талдықорғаннан Астанаға көшіп келдік. Әли «Нұр Орда» мектебінің төртінші сыныбына көшті. Астанаға қоныс аударған себебіміз, ұлымыздың мектепке баруы мен еркін қозғалуына жағдай жасау керек болды. Әли үшін көштік. Ұлымыз осы қалада мектепке барды. Жаңа қала көңілімізден шықты. Сыныптастары Әлиді жатырқамай, жақсы қабылдады. Ұлым мектепке баратын жасқа жеткенде қатты қиналдық. Бір де бір мектеп қабылдамады. Бір күні «Айтуға оңай» бағдарламасына шақырылдық. Білім саласының жанашырлары Астанадағы мектепке орналастыра алатынын жеткізді. Көп ұзамай бас қалаға көшіп келдік. Бірден достар тауып, жақсы араласып кетті. Сабақ беретін мұғалімдерден Әли туралы жақсы пікір естіп, марқайып қаламыз, – дейді анасы Ақмарал Әміреева

Екі қолын аяғынан да артық кәдесіне жаратып отырған Әлидің қимылы ширақ. Бір сәтте бос отыра алмайтын жеткіншектің белсенділігі он екі мүшесі сау адамдікінен кем емес. Спорт десе жанын беретін жеткіншектің сүйікті ісі жүзу мен футбол ойнау.

– Әли бала күнінен тынымсыз болды. Барлық жаңа дүниені ұстап көруге құмар еді. Кітап оқуға құмар. Футболды қатты жақсы көрді. Онымен бірге ойнағандар Әлидің шебер қақпашы екенін айтады. Әйгілі футболшы Диего Марадонамен кездескенін әлі күнге дейін аузынан тастамай айтып жүр. Футбол жұлдызы менің ұлымды өз перзентіндей құшақтап, бауырына басты. Бұл сезімді сөзбен айтып жеткізе алмай, қуаныштан жыладық. Барлығы көрген түстей болды. Әли қақпашы болып, допты қағып алғанда және пас бергенде Диего таңданысын жасырмады. Ұлтымыздың қонақжайлығын көрсетіп, шапан жаптық. Марадона Әлиге жейде сыйлап, оған қолтаңбасын қойды. Ұлымыздың өміріндегі ең жарқын сәттердің бірі болып есте қалды, – дейді ерекше баланың анасы.

Үлгі тұтар тұлғасымен өмірде жүздесуді армандамайтын бала жоқ шығар?!. «Қалай өмір сүреді екен?», «Олардың бізден ерекшелігі қандай екен?» деп ойлайтыны анық. Әли де өзінің кумирі және тағдырлас тұлғасы Ник Вуйчичпен жолығуды армандады. Ол арманын да ата-анасы орындады.

– Әли Ник Вуйчичпен екі рет кездесті. Ресейдің тележүргізушісі Андрей Малаховтың бағдарламасына хат жаздым. Олар бағдарламаның бір санын «ерекше» қажеттілігі бар адамдарға арнады. Әр жерден көп бала жиналды. Біз де қонақ болдық. Бүгінгінің батыры Ник Вуйчич басты кейіпкер болды. Сол жерде таныстық. Одан кейін Алматы қаласында халықаралық форумда кездестік. Ұйымдастырушыларына хат жаздық. Олар Никтің уақыты жоқ екенін айтты. Сосын өзінің поштасына хат жібердік. Әлиді есіне түсіріп, кездесуге келісім берді. Қырық минуттай әңгімелесті.

Осы оқиғадан кейін Әлидің әлеуметтік желідегі парақшасына жазылушылар саны да артыпты. «Қазақтың Ник Вуйчичі» атанып кеткен Әлидің арманы көп. Небәрі 10 жастағы бүлдіршін әлемді мейірім құтқарады дегенге сенеді. Түрік дәрігерлері жасанды аяқты сыйға тартып қуантыпты. Бұл туралы анасы былай деді:

– Әлидің аяғына протез қоюды Стамбұлдағы «Ортопорт» түрік компаниясының өкілдері айтты. Біз алғашқыда Германиядағы клиникамен байланыстық. Олар 52 мың еуро болатынын айтты. Кейін бізге Түркиядағы «Ортопорт» компаниясынан ұсыныс түсті. Олар Әлиге протезді 33 мың долларға жасап беруге келісті. Мұндай бұйымдар өте қымбат бағаға жасалады. Бізге «Асыл бала» қоры қаржылай көмектесті. Астана қаласының әкімдігі 4 мың доллар бөлді. Әлимен бірге басқа да балаларға керек дүние болғандықтан, еліміздің экономикасын жақсартуымыз керек. Техника мен технология дамыса қоғамдағы әлеуметтік мәселелер жеңіл шешілетін еді.

Әли Тұрғанбеков, ерекше бала:

Ақшам көп болса, ата-анама үй салып берер ем…

– Сабақ үлгерімім өте жақсы. Ұстаздарым мені өзге сыныптастарыма үлгі етіп айтып отырады. Ағылшын тілі, дене шынықтыру, математика – сүйікті пәндерім. Футбол ойнағанды жақсы көремін. Марадонамен кездесуім мені жігерлендірді. «Астана» мен «Барселона» командаларының жанкүйерімін. «Барселона» командасынан Месси мен Суарес, «Астана» командасынан Сергей мен Патрик ұнайды. Футболмен тек жаз уақытында айналысамын. Сабақ кезінде спортпен көп шұғылдануға уақытым бола бермейді. Көп отырсам белім ауыратындықтан, кітапты көп оқымаймын. Есесіне футбол ойнап, жүзгенде ешкімге есе жібермеймін. Ақшам көп болса, ата-анама үй салып беретін едім. Қазіргі үйімізді жалға алғанбыз.

Әлидің анасы ұлының түрлі кедергіге тап болатынын да жасырмады. Ерекше балаларға арналған арнайы спорт үйірмелерінің жоқ болуына да ана көңілі қапалы. Бірқатар үйірмелер қабылдаудан бас тартқан. Әлидің денсаулығына байланысты жауапкершілікті мойнына алғысы келмепті. Алайда мақсатына жетпей тынбайтын жеткіншек кедергілерге қарамастан футбол үйірмесі мен жүзуге жазылады. Болашақта осы екі спорт саласының майталманы болуды армандайды.

Жазып алған
Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан газеті», №35
4 қыркүйек 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз