Күнделікті өмірде дәл жәшіктің айналасында шашылып жатқан қоқысты көп байқаймыз. Көзге қораш көрінсе де, «мен тастаған жоқпын ғой» деп аса мән бермей өте шығамыз. Сосын экология бұзылған деп неше түрлі аурудың пайда болуына табиғатты кінәлаймыз. Алайда қоқысты әр адам жәшікке тастап, өзгелер оны үлгі етіп орындаса, біз әлемдегі қатерлі аурулардың алдын алар ма едік?!

Бірде университеттен шыққан соң су ішкен құтымды тастайын деп қоқыс жәшігіне жақындадым. Бір жақсысы, ҚазҰУ қалашығында екі аттам жер сайын қоқыс жәшігі қойылған. Алдымдағы қоқыс жәшігінің жанынан дәл түспей, жан-жағында жатқан бірнеше құтыны көрдім. Жан-жағымда мыңдаған студент әрі-бері өтіп жатыр, көрсе де көрмеген кейіпте. Ашуым келіп кетті де, қоқыс жәшігінің айналасындағы барлық құтыны жәшікке салдым. Сол кезде маған күле қараған студенттерден еш ұялмадым. Қоқысты жәшікке тастау еш қиындық тудырмаса да, біз бұл іске немқұрайды қараймыз. Ал бүгінгі кейіпкеріміз Диас Тастанбеков сөйлей алатын қоқыс жәшігін құрастырған. Бұл шынымен де керемет қой! Диастың негізгі мамандығы – химик. Өзі «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енген. Диас бізге ғылыми жолы жайлы әңгімелеп берді:

 

–Алматы қаласында дүниеге келгенмін. Бірақ бұл жерде көп тұрған жоқпын. Балалық шағым Шымкент қаласында өтті. Туыстарымыздың барлығы сол жақта болғандықтан, қоныс аударуға мәжбүр болдық. 1-сыныптың табалдырығын Алматыда аттадым да, көшіп жүріп, 12 мектеп ауыстырдым. Ақыры елордамыз Астанада аттестатымды алдым. Мектепте үздік оқушы болған жоқпын. Бірақ ұнататын пәндерім математика мен химия болған. Басында математикадан олимпиадаларға қатысатынмын, сосын химияға көштім. Екеуінен де үздік нәтиже алған жоқпын. Алайда осы екі пәнге бар назарды аударып оқыдым. Іргетасы берік қаланған білім нәтижесін бермей қоймайды. Мектеп бітіргеннен кейін бакалавр дәрежесін алу үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия факультетіне мемлекеттік грантқа түстім. Білімімді ары қарай жетілдіру мақсатында «Болашақ» халықаралық шәкіртақысына құжаттарымды тапсырдым. Бағым жанып, химия мамандығы бойынша магистр атандым. Жоғары молекулалық қосылыстарды зерттейтін мамандықты Ұлыбританияда оқыдым. Шетелде оқыған білімімді іс жүзінде жетілдіру үшін елімізге оралдым. Төрт жылға жуық Назарбаев университетінің Nazarbayev University Research and Innovation System ғылыми орталығында кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істей отырып, екі түрлі полимерді, яғни медицина мен күн батареясына арналған құрылымдарды зерттедім. Кейін Қазақ-Британ техникалық университетінде «Альтернативті полимерлі материалдар» саласын зерттейтін жекеменшік зертханамды аштым.  Сонымен қатар, Францияда (Страсбург), АҚШ-та (Беркли), Англияда (Шеффилд) тәжірибеден өттім.

–Химия саласына қызығушылық қалай оянды?

–Бала күнімде кішкентай моторлардан, серіппелерден, яғни қолыма түскен заттардан неше түрлі құрылғыларды құрастыратын едім. Баламын ғой, кейде тіпті қоқыс жәшіктерін қопарып, өзіме қажетті заттарды іздейтінмін. Ғылымға қызығушылық осылай басталды. Сонымен қатар, қараусыз көшеде қаңғырып жүрген үй жануарларын қатты аяйтын едім. Мал дәрігері болып, жануарларды емдеп, қожайындарын тауып бергім келетін. Қатарластарым сияқты ғарышкер болғым келмесе де, өзім зымыран құрастыруды армандайтынмын. Бірақ бұл балалық шақта күнде өзгеріске ұшырайтын армандар еді. Ал жоғары сыныптарды оқығанда, химик боламын деп нақты шешім қабылдадым. Әкемнің негізгі мамандығы – құрылысшы-инженер. Бірақ отбасылық жағдайға байланысты әкімшілік қызметтер атқарды. Анам педиатр болғанымен, мамандығы бойынша жұмыс істемеген. Бар уақытын бала тәрбиесі мен үй шаруасына арнаған. Ал мен математика мен химияға қызығушылығымды білдірген кезде, олар қатты қуанып, маған қолдау көрсетті. Балалық шағымда жаратылыстану ғылымдары бойынша ата-анама көп сұрақ қоятынмын, ал сауалдарымның жауабын естігенде осы химия саласындағы зерттеулер бойынша жауап алдым.

–Алғашқы жобаңыз «Хамелеон-әйнек» екен, оның маңыздылығы қандай?

–Жоба құрастыруды мектеп қабырғасында бастап кеттім. Бірақ олар қағазда ғана жобаланды да, құрастырылған жоқ. Кейбіреулері күнделікті өмірде түкке қажеті жоқ, тым қияли еді. Ойымда сан түрлі жобаның құрылымы болса да, қазіргі таңда бір де біреуі есімде жоқ. Алайда бір жоба ерекше есімде қалыпты. Ол кезде біз Астана қаласында тұрдық. Елордамыздың ерекше аязы тұрғындарды әбден әбігерге салатын. Осы жағдайларды ескере отырып, қолды жылытатын құрылғы ойлап тапқым келді. Алайда ойым іске аспады. Ал «Хамелеон-әйнек» жобасын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Химия факультетінің кафедра жетекшісі Мун Григорий Алексеевич ойлап тапқан. Біз, яғни студенттер болса оны қолдан жасап, іске асыруға тырыстық. Жобаның негізгі мақсаты мынада: терезедегі екі әйнек ортасына құйылған полимер ерітіндісі температураға сезімтал бола тұра, 31 градусқа дейін жылыған кезде, ерітінді мөлдірлігін жоғалтады. Солай әйнек жалюзидің қызметін атқарады. Әлемде осындай «ақылды терезе» технологиясы дамыған, бізде де осындай терезелерді өндіруге болады. Бұл жоба қызықты еді. Жетекшімізбен бірге Ұлттық инновациялық қордың конкурсына қатысып, жартылай финалға дейін өткенбіз.

– «Сөйлей алатын қоқыс жәшігін» құрастыруға не себеп болды?

–Кейбір адамдардың қоқысты жерге тастайтынын көріп, оларды қалай жәшікке тастатқызуға болатынын көп ойланатынмын. Ол үшін мотивация керек деген тұжырымға келіп, күні-түні ізденісте болдым. Қоқыс жәшігі «Рақмет!» деп айтса, жақсы мотивация болады. Соған қызығып адамдар қоқысты жәшікке тастайды-ау деп, Арман Сүлейменовтің Startup School сайысына прототипімді апардым. Жоба бірінші орын алғанымен, оны ары қарай дамыта алмадым. Өйткені маркетинг, бизнес-жоспар дегеннен нақты хабарым жоқ. Бұл жобамен айналысуға бір күні қолым жетеді деп үміттенемін. Бірақ қазіргі уақытта «Аэропоника» атты жобаны Арман Тосқанбаев деген дос-серіктесіммен бірге дамытып жүрмін. Технологияның негізі – топырақсыз, яғни қоректі заттар тікелей су арқылы тамырларға жіберіліп, автоматты түрде өсімдіктерді өсіреді. Технологияны ойлап тапқан біз емеспіз, біз тек оны өз күшімізбен іске асыра алдық. Жылыжайымыз жақын арада Қарағандыдан Алматыға жақын жерге көшті. Күзде өнімдерді сата бастаймыз деп ойлаймын.

 –«100 жаңа есімнің» қатарына қалай ендіңіз?

–«100 жаңа есімнің» қатарына қалай енгенімді білген жоқпын. Бұл мен үшін күтпеген жаңалық болды. Досым кандидатурамды берген екен, оны кейіннен білдім. Дауыс беру болған екен, оған да көңіл бөлген жоқпын. Тек нәтиже шыққан кезде бұл қандай есімдер тізімі екенін білдім. Аты-жөнімді көріп, қатты таңғалдым. Әр адамда әртүрлі жағдай болады. Бірақ сізге сүйікті ісіңізбен айналысуға мүмкіндік болса, ол мүмкіндікті жоғалтып алмаңыз. Себебі өзіңізге ұнайтын іспен айналыссаңыз, ол жұмысты жақсы істейсіз. Жақсы жасалған жұмыстың нәтижесі сапалы болады. Сапалы өнім үшін қоғам сізге алғысты эмоция түрінде де, қаржалай да білдіреді. Өз ісіңізді табыңыз. Ал менікі – химия.

–Әңгімеңізге рақмет! Ғылымда табысты болыңыз!

Назым САПАРОВА,
«Ұланның» жас тілшісі,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Филология және әлем тілдері факультетінің
2-курс студенті

«Ұлан» газеті, №34.

21 тамыз 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз