Қазір елімізде ғылымға ден қойған жастар қатары өсіп келеді. Бұл жақсы үрдіс. Сенсорлы телефондардың шыққаны күні кеше ғана сияқты еді. Бүгін міне, оған да он жылға таяу уақыт өтіпті. IT технология саласының қарыштап дамығанын күнделікті қолданып жүрген гаджеттерге қарап байқауға болады. Бір ғана «ақылды» айфонның өзі IT саласын жаңа кезеңге шығарды. Бұл салаға отандық өнертапқыштар да шама-шарқынша өз үлесін қосуда. Солардың бірі Назарбаев зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы, жас өнертапқыш Диана Жалғас. Оның ойлап тапқан өнертабысы –«Әмбебап медициналық жапсырма – Advanced MedPatch» деп аталады. Жас өнертапқышты аз-кем әңгімеге тартқан едік…

– Диана, бойыңда мұндай қабілет барын қай кезде байқадың? Ең алғашқы өнертабысың қандай?

– Бұрынғы мектебімнен Назарбаев зияткерлік мектебіне ауысып келгенімде қатты таңғалған едім. Себебі, мұндағы жүйе мүлде бөлек екен. Информатика сабағы өзгеше өтеді. Жалпы орта білім беретін мектептерде жағдай мұндай емес. Мұнда біз сабақ кезінде сайттарды қалай құрастыруды, код жазуды тереңдете оқи бастадық. Осы кезде ғана менің алғашқы жобамның нобайы ойыма оралды.

– Бұл жобаңның идеясы қалай келді?

– Ол кезде үйдегі сіңілім 6 жаста болатын. Кейде оны үйге жалғыз тастап кететінбіз. Ата-анам жұмыста жүргенде оны қатты уайымдайтын. Осы секілді себептерге байланысты қалада тұратын ата-аналар балаларына қарайтын үй күтушісін жалдайды. Көп жағдайда үй күтушісі сенімсіз болады. Үйдегі кішкентайларға қалай қарайтынын қасында болмаған соң білмейсің. Шынымды айтсам, мені де осы жағдай алаңдататын еді. Осы мәселені қалай шешуге болады деп көп ойланып жүріп, ақыры бір шешімін тапқандай болдым. Сөйтіп, барымды салып ізденіп, ата-ана баласын алыстан бақылап отыратын осындай құрылғыны ойлап таптым.

– Ойлап тапқан құрылғың туралы айтып берсең… Қандай пайдасы бар?

– Бұл құрылғы арнайы тетіктерден тұрады. Тетіктер қолға, денеге қойылғанда адамның температурасы, қан қысымы туралы ақпарат ұялы телефонға орнатылған арнайы қосымшадан көрінеді. Мұнымен қоса, құрылғы жедел жәрдемге сигнал жібереді. Осы арқылы адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Көбіне адамдар қан қысымының көтеріліп кеткенін байқай бермейді. Бұл құрылғы осы мәселені реттеп, барлық ақпаратты жадында сақтайды. Дәрігерге қаралуға барғанда дертіңіздің аптаның қай күні басталғаны, қандай өзгерістер болғаны туралы толық мәлімет бере аласыз. Егер жиі ауыратын болсаңыз, бұл сізге тез арада дәрігерге барып, ем-дом қабылдау керектігі туралы нұсқау береді. Осылайша біз денсаулығымыздың жай-күйін біліп отырамыз. Бұған тағы бір қосқан дүнием GPS пен тыңдалым (прослушка) функциясы. Қазіргі  уақытта бұл өте қажетті. Себебі, GPS арқылы адамның қай жақта жүргенін білуге, ал тыңдалым (прослушка) арқылы оның қасында не болып жатқанын тыңдауға болады. Былайша айтқанда, адам бойындағы дерттің одан әрі асқынып кетуінен сақтандыра отырып, денсаулыққа қатысты кез келген мәселенің туындауына жол бермеуге, алдын ала сақтық шараларын жасауға мүмкіндік береді.

– Алдағы уақытта мұнан да мықты жобаларды дүниеге әкелу ойыңда бар ма?

– Иә, әрине! Бұған дейін мектепте сайт жасауды оқыдық және оны тәжірибеде қолдандық. Ару қаламыз Алматыға шетелден туристер келгенде қай жаққа бару керектігін біле бермейді. Себебі, ақпараттардың барлығы қазақ және орыс тілдерінде ғана. Ағылшын тілінде өте аз. Сондықтан мен елімізге келген қонақтарға ағылшын тілінде және қызмет көрсету бағасы доллармен көрсетілетін арнайы сайт жасаған едім. Бұл біздің мектепте жасаған жұмысымыздың бірі, бірақ әлі іске қосылмады. Алдағы уақытта осыны ары қарай дамытсам деймін. Сондай-ақ, Android және iOS платформасына әр түрлі бағдарламалар, ойындар жазып үйренгім келеді.  Дәл қазір осындай мақсаттарымды жүзеге асырсам, соның өзі үлкен жетістік деп ойлаймын.

– «Ұстазсыз шәкірт тұл» дейді. Сенің талпынысыңды байқап, талабыңды ұштауға көмектескен ұстазың бар ма?

– Назарбаев зияткерлік мектебінде менің информатика пәніне деген қызығушылығымды оятқан ұстазым Досболов Нұрболат ағай. Бізде IT мамандығын тек ер азаматтар ғана меңгере алады деген стереотип бар. Нұрболат ағай ол стереотипті бұзуға көмектесті. Кейін Шахан Ясинжан ағай бойымдағы қабілетімді ары қарай дамытуға өз септігін тигізді. Міне, осы екі ұстазыма алғысым шексіз. Ұстаз көру, олардың тәрбиесін, біліктілігін бойға сіңіру керек. Оларды ұятқа қалдырмай, арманымның шыңын бағындырсам, бұл менің өмірдегі ең үлкен жетістігім деп білемін.

– Аз уақыттан соң мектепті де тәмамдайсың. Қандай мамандықтың иесі болғың келеді?

– Кішкентай кезімде әкем журналист болғанымды қалайтын. Алайда, Назарбаев зияткерлік мектебіне келгеннен кейін өмірім мүлде басқа арнаға өзгерді. Яғни, гуманитарлық бағыттан жаратылыстану бағытына ауыстым. Шетелде білім алуды жоспарлап отырмын. Әсіресе, АҚШ-та немесе Еуропада оқу ойда бар. Қазір SAT, IELTS сынақтарына дайындалып жүрмін. Computer science (компьютер ғылымы) мамандығын оқығым келеді. Сонымен қатар, бизнес саласында да білімімді жетілдірсем деймін. Себебі, адам өз жұмысын бағалап, оны сата білу керек.

– Назарбаев зияткерлік мектебіне өзің секілді талантты оқушылар көп түседі. Қатарластарыңның қарым-қабілеті қалай?

– Назарбаев зияткерлік мектебін ерекше қылатын білім беру бағдарламасы ғана емес, талантты оқушылар дер едім. Мұндағы атмосфера бөлек. Адамға шабыт сыйлап, бойыңдағы ашылмай жүрген қабілеттеріңді ашуға мүмкіндік береді. Бұл мектеп талантты оқушыларға толы. Менің сыныбымдағы барлық оқушы сайт жасай алады. «Ортаң қандай болса, сен де сондайсың» деген сөз бар еді ғой. Сол секілді, мұндағы талабы зор оқушылардың арасында жүріп көп нәрсе үйренуге болады.

– Ғылым саласында кімдерді үлгі тұтасың?

– Ғылым саласында Microsoft компаниясының негізін салушы Билл Гейтсті танымайтын адам кемде кем. Жалпы, әлемді өзгерткен адамдарға деген құрметім ерекше. Билл Гейтс 13 жасында мектеп компьютерін бұзып қойып, ата-анасы компьютерге жолауға тыйым салған. Тіпті, оның әке-шешесі компьютерді «әзәзіл машинасы» деп атаған. Алайда, Билл әйгілі адамдар, олардың табысқа жету жолдары туралы кітаптарды оқуды жалғастырған. Марисса Майердің жетістігі біз секілді қыз балаларға ерекше әсер етеді. Психологияда мүмкіндігі шектеулі болса да алға ұмтылған Ник Вуйчичтің ерлігі кімге болса да үлгі. Жалпы, осы секілді әйгілі адамдардың өмір жолын оқу арқылы шабыт алам.

– Болашақта адамдар ғылымда бұрын соңды ойламаған жетістіктерге жетеді деген болжам бар. Қалай ойлайсың, алдағы он жылда не өзгеруі мүмкін?

– Менің ойымша, алдағы он жылда білім беру жүйесі біршама өзгеруі мүмкін. Нақты уақыты белгісіз, бәлкім одан да көп. Электронды технология ілгері дамып, барлық оқулықтар электронды форматқа ауысып, оқушылар мектепке кітап арқалап бармауы да мүмкін. Сонымен бірге, тақтаға жазу слайдтық презентацияға ауысуы ғажап емес. Қазірдің өзінде әлемнің кей жерлерінде ғаламтор жоқ. Бәлкім ендігі он жылда ғаламторды бүкіл әлем қолданатын шығар.

– Диананың жетістің формуласы қандай?

Жетістік формуласы – кез келген нәрсені жасап көру. Біз өзімізге сенбейміз. Ең бірінші, адамға үлкен сенім керек. «Менің қолымнан келеді», «мен жасай алам» деп өзіңізді сендірсеңіз, ойға алған дүниеңізді іске асырасыз. Сіздің қолыңыздан бәрі келеді. Әлі өз потенциялыңызды толық білмейсіз. Жетістікке жеткен адамдардың қасында бірге жүру, олармен тілдесу сізді алға жетелейді. Олармен ең құрығанда бір күн бірге болу керек. Сонда бәрін түсінесіз. Адам жасағанды адам жасай алады. Ештеңеден қорқудың қажеті жоқ. Өзіңізге сеніңіз. Үйренгеніңізді тәжірибеде қолданыңыз. Бір нәрсе айтайын, барлығы бірден болмайды. Біртіндеп қана жеңіске жетесіз. Менің жетістік формулам осындай!

Әңгімелескен

Жандарбек ЖҰМАҒҰЛОВ

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз