Заманында олардың есімдерін еңбектеген баладан еңкейген кəріге дейін білетін. Еске түсіріп көрсек: екі мəрте Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев (1948ж., 1958ж.), екі мəрте Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов (1948ж., 1958ж.), екі мəрте Еңбек Ері  Ыбырай Жақаев (1949ж., 1971ж.), екі мəрте Еңбек Ері  Николай Головацкий (1966ж., 1985ж.), Даланың еңбек ардагері атанған Шығанақ Берсиев, Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаева (1981ж.), Еңбек Ері Кəмшат Дөненбаева (1975ж.), Еңбек Ері Мəриям Ниязова (1966ж.), Еңбек Ері Бошай Кітапбаев (1971ж.), осылай жалғасқан тізім біразға барып қалады. Еңбек жарақатынан кейін протез аяғымен қайтадан трактор тізгініне отырған Жадыра Таспамбетованың аты да аңызға айналған. Бəрін қойып, Берсиевтің өмірі Ғабиден Мұстафиннің «Шығанақ» романына, неміс драматургі Бертольд Брехттің «Тары өсіруші» дастанына арқау болғанының өзі неге тұрады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев соғыс жəне еңбек ардагерлерімен болған бір кездесуінде: «Сіздердің ақ шалған шаштарыңыз даналық пен өмір сүрген жылдардың тəжірибесін сақтап келеді. Сіздер майдан мен тылдың қатал мектебінен шыңдалып шықтыңыздар, елді қалпына келтіріп, соғыстан кейінгі жылдардың мұқтаждығы мен азабын тарттыңыздар. Сіздер бейбітшілік пен келісімнің бағасын білесіздер», – деген еді.

Солардың қатарында біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ыбрайымжан Қожахметовтің де аты аталып қалады.

Бар-жоғы алты-ақ кластық оқу мен ФЗО-дан алған азғантай білімі бар адамның соғыстан кейінгі тұралап қалған шаруашылықты қалай аяғынан тұрғызғаны аңызға бергісіз әңгіме. Ондай адамдарды кезінде дала академиктері деп атайтын еді. Ауыл шаруашылығы өндірісі мен ғылымының өркендеуіне қосқан үлестеріөлшеусіз деп бағаланатын. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев олардың өмірі мен еңбегіне құрметпен қарау керек екенін реті келгенде еске де салып жүр.

Тәуелсіздік алған жылдары осы адамдардың біразы ортамызда болған. Мысалы, 1973 жылы Еңбек Ері атағын алған Жолсейіт Молдасановтың кейін жеке шаруашылыққа қалай тез бейімделіп кеткенін көріп те, естіп те жүрдік. Кейіпкеріміз Ыбрайымжан Қожахметов те зейнетке шыққан соң қол қусырып қарап отырып қалмай, жеке шаруашылық қожалығын құрыпты. Бұл кісілер қиын жылдарда елді бірлікке шақырып, жастарды еңбекке баулып, қашан дәм-тұздары таусылғанша талай қайырлы істердің басы-қасында жүріпті. Ыбрайымжан атамыздың ел тілегімен тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың иығына шапан жабу мәртебесіне ие болғанын ұрпағы мақтанышпен еске алады.

Осындай еңбек адамдарының өнегелі өмірі жас ұрпаққа үлгі болсын деген мақсатта «Дала академиктері» атты жаңа айдар аштық. Алдағы уақытта жоғарыда есімдері аталған аңыз адамдар туралы қызғылықты мақалалар жариялап тұрмақшымыз. Даламызда игерілмей жат-қан жерлеріміз қаншама, оқыған жастарымызға жаңадан өндіріс орындарын ашуға да мүмкіндік көбейіп келеді, бір сөзбен айтқанда еңбек етсең қой дейтін адам жоқ. Шетелде оқып келіп жатқан жастарымыздың көрген-білгендері де аз емес. Енді бізге не керек дегенде, алдыңғы аға буын ұрпақтың еңбекке деген ынта-жігері керек дер едік.

МЕКТЕБІН ТАСТАП, МАЛ БАҒЫП, ФЗО-ға БАРЫП, ЖЕР КӨРІП…

Сол уақытта үлкен оқу орнының ректоры болған Мырзатай Жолдасбеков ол туралы: «Қарапайым еді. Еңбекқор еді. Адал еді. Ешқашан асып-тасымаушы еді. Арнасынан шықпаушы еді. Адам баласының көңілін жықпаушы еді. Жұрттың бəріне бірдей мейірімін төгіп тұрушы еді», – деп жазыпты. Қайраткер ғалымды сүйінткен еңбек адамы кім сонда? Алматы облысының Панфилов ауданындағы Алтыүй елдімекеніне қарай жол тарттық. Жол бастаушымыз əке есімін ардақтаушы Тұрсын Ыбрайымжанұлы.

Ыбрайымжан Қожахметов еңбекке ерте араласты. Ағасы Нүсіп пен Заманбек соғысқа кеткенде небары 6-сыныпты оқып жүрген екен. Ата-анасынан ерте айырылып, үлкен шешесі Сəкенің қолында өсіп жатқан кезі. Оқуын тастап, Сəке апасының бір жағына шығысуға тура келді. Сондағы жұмыс – аудан орталығынан 70 шақырым жердегі Ақтам қыстауында алдарына салып берген малдың шып-шығырғасын шығармай бағу. Таңмен таласа тұрып, бір отар қойды өргізіп, күн бата үй табатын Ыбрайымжанның жасы он бесте. Жетпістен асқан шағында отын бұтап, қи ойып, бүкшиіп жүретін шешесі Секе соғысқа кеткен қос ұлын ойлап-ойлап, құр сүлдері қалған. Бір қысқа жеткізуі тиіс 8 келі ұнды үнемдеп, қанша от жақса да жылымайтын жер үйде күнелтеді. Жанын жауратқан осындай сүреңсіз күндерде Ыбрайымжан ағасының соғысқа кетер алдында айтқан бір сөзін жиі-жиі есіне түсіреді: «Жаным, інішегім, біз от пен оқтың ортасына кетіп барамыз. Сенің мойныңа бүкіл ауыртпашылық түседі. Бірақ, қиындықтан қорықпа. Адал еңбегің өзіңді күндердің күнінде шексіз бақытқа бөлейді». Расында да, адал еңбегі оны талай жетістікке жеткізді. Халқына қалаулы, еліне елеулі азамат жасады. 

«Соғыс – қасірет. Оны адам баласының басына енді қайтіп бермесін деп тілеймін. Соғыс жылдары бip отар қойды қарамағыңа алсаң, бір қой ceбeпciз өлсе, не жоғалса басыңмен жауап бepeciң. Онда да қазіргідей сөгіс емес, жиналыста жұрттың алдында тікеңнен тік тұрасың. Сені «халық жауы» деуге дейін баратындар табылып жатады. Жон арқаңнан мұздай тер шығады. Қойдың қорасын өзім жасап, шөбін де өзім дайындадым. Кəрі шешем ғана көмектесті. Төл алу кезінде қазіргідей бестен-алтыдан сақманшы бермейді. Адам жоқ. Бəрін шешем екеуіміз атқардық. Төл мен жүннен тапсырысты орындамасаң да, «халық жауы» боп состиып шыға келуің ғажап емес. Ондай атқа ие болсаң он-он бес жылды арқалап түрмеге кетесің. Жүнін жұлып кетпесін деп, қойды шеңгелге, қалың бұтаға жолатпадым. Сол 4 жылда төлден, жүннен жоспарды орындамаған кезім болған жоқ. Жиналыстарда мақталып жүрдім. Кейбіреулер еркелетіп «Ыбытай» деп атады. Айтпақшы, сен жаңа «қанша еңбек ақы алдыңыз?» дегенде күлдім ғой. Күлмей қайтейін, ол жылдары айлық алып көрген емеспін. Тамаққа деп бір қысқа шешем екеуімізге сегіз келі ұн береді. Міне, менің шопан болған жылдары алған еңбекақым. Бізде бір-ақ арман болды: ол – жауды жеңу», – депті Ыбрайымжан Қожахметов бұрынғы бір сұхбатында. Соғыс əне бітеді, міне бітеді деп жүргенде қос құлынынан жақсы жаңалық күтіп жүрген Секе апаның үмітін үзген «қара қағаз» бірінің артынан бірі келіп, ақыры Секе апа да шыдамай, бір жылдан кейін о дүниелік болыпты. Ыбрайымжанның мойнындағы жауапкершілік бұрынғысынан бетер ауырлай түсіпті. Өйткені, оған бір əулеттің түтінін өшірмеу керек əрі соғыстың кесірінен кетеуі кете бастаған шаруашылықты аяқтан тұрғызу керек.   

«Əкем Ыбрайымжан Қожахметов өте қарапайым кісі болды жəне асып-тасығанды жаны сүймейтін. Содан болар, əлде ислами талаптарды ескерді ме екен, күмбез салмай-ақ, бейітімді қоршап, ескерткіш тас қойсаңдар болды деп қайталап тапсырған еді. Оны өзі айтқандай етіп орындадық.

Атам – Қожахмет 1936 жылы, əжем – Бақтылы 1931 жылы ауыр науқастан қайтыс болыпты. Анасы Бақтылы қайтыс боларында əкем 4 жаста екен. Əжеміз өлерінде «баламды бір иіскеп алайын» деп шақырғанда, «менің шешем Сəке» деп (үлкен шешесі) бармай қойғаны есінде қалыпты. Осыны кейінгі жылдары бір əңгімесінде көзіне жас алып айтып беріп еді.1946 жылы əкем шешеміз Жанатқа үйленеді. Ол кісі Алтыүйдегі байырғы Сулайман, Айнисахан деген кісілердің үлкен қызы болатын. Анам əкеммен тұрмыс құрғанға дейін Талып деген кісіге күйеуге шығыпты. Ол кісі де соғысқа кетіп, қайтпайды. Бірақ, шешемнің қолында 1942 жылы туған Аблеким деген ұлы қалады. Осы жерде айта кетейін, əкем Аблеким ағаны ешқашан өз балаларынан бөлген жоқ, бізден артық көрмесе, кем көрмеді. Оқытты, үйлендірді, Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтын бітіріп келгеннен кейін өзінің қасына алды, колхозда бас инженер болды, ал əкем Мəскеуде жүргенде колхоз төрағасының міндетін атқарды…

Сөйтіп, əкем анам екеуі жылқы бағады. Ол кездері киіз үй деген атымен жоқ. Сондықтан олар Шежіннің жоғары жағында жерді қазып, жер үй жасап, сонда тұрып 5 жыл жылқы баққан. Бала кезімізде бізді əкем талай рет апарып, сол жер үйдің орнын көрсетіп еді. Арасында 1947 жылы əкем ауылдың бір топ жігіттерімен бірге Қарағанды қаласындағы ФЗО-да оқып, əрі жұмыс істеп келеді. Сол жылдары оның кеудесіне алғашқы марапаты – «1941-1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін» медалі тағылады», деп есіне алады ұлы Тұрсын Ыбрайымжанұлы.

ӘБІЛХАН ҚАСТЕЕВТІҢ АУЫЛЫН ҚАЙТА ТҮЛЕТТІ

Ыбрайымжан соғыстан кейін ірілендірген қой фермасына есепші етіп жіберіліпті. Жұмысына пысық, қағылез жігіт кезі екен. Арада бір жыл өткен соң сол қой фермасының меңгерушісі болған екен. Жиырма беске енді толған жас жігіт 28 мың бас қойдың жаз жайлау, қыс қыстаудағы жай-күйіне толық жауап береді. Ол басқарған тауарлы-қой фермасы 1958 жылы төл алу мен жүн қырқудың жоспарын артығымен орындап, аудан бойынша үздік шығады. Сол  жылы Мəскеудегі КСРО Халық шаруашылығының көрмесіне қатысады.

Ыбрайымжанның халық суретшісі Əбілхан Қастеевтің туған ауылы Шежінді қалай көркейткені туралы əңгіме аңыз сияқты айтылады. Сол кезеңді өз көзімен көрген Садық Жұмабай өз естелігінде былай депті: «Əбілхан Қастеевтің туған ауылы айналасы түкті кілемдей түрленген Шежін деген жер еді. Ежелден осында қоныс тепкен жүзге тарта отбасы бар-ды. Осы ауылдың тұрғындарын сонау алпысыншы жылы, сол кездегі колхоз бастығы А.Удалов: «Мұнда істейтін енді жұмыс жоқ. Көш деген соң көш!» – деп бəрін қопара көшірді. Ал шынтуайтқа келгенде ауыл маңындағы ғасырлар бойы бусанып, игерілмей жатқан, жыртсаң cүбeci қақ айырылатын мыңдаған гектар тың жерді игеріп, халық игілігіне пайдалану сол басшының басына кіріп те шықпады. Tiпті, бұл ауылдың тарихы мен адамдарының тағдырын таптап өте шықты. Ол басшы үшін ең жеңіл жол – момын колхозшыларды қоқан-лоққымен көшіру болды. Көшуге ынта білдірмегендердің eciгінің алдын бульдозермен түріп-түріп тастады. Тіпті, айналдырған қысқа-қысқа үш көшені трактормен бұзды. Момын ел баспана іздеп, туған-туыстарын сағалап, Алтыүй жəне Үлкеншыған ауылдарына бейбіт заманда үрке көшті. Айналасы екі-үш айдың ішінде мұржалары состиып, есік-терезелері үңірейген үйлер қаңырап бос қалды. Бейне бip жау шауып кеткендей. Ауыл халқын көшірмеу керектігін айтып сол кезде Ыбрайымжан Қожахметов колхоз төрағасына кіреді. Бірақ, «айттым-бітті» деген байламнан таймайтын басшы жас жігіттің сөзін елемеді. 1966 жылы Ыбрайымжан колхоз төрағасы болып сайланғаннан кейін Шежін ауылына бipнеше рет келіп, оны қайткенде қалпына келтіру жөнінде ойланды. «Алдымен колхоздың экономикасын нығайтып алайын, сонан соң бел шешіп іске кіріссек, Шежін ауылы көркеймек түгіл, ең бай бригада осында болады. Жер бар. Жер болғанда қандай жер! Сонан соң Шежін өзенінің суын темір бетонды арнаны қиялап тартып, тың жерге лап еткіземіз. Сонан соң көр, мұнда жұмыс жоқ дегенді» – деген бepiк байламға бекінді. Осындай мүмкіндік 1971 жылы туды. Шежін ауылының маңындағы жүздеген гектар тың жерді игеруге колхоз төрағасы батыл кірісті. Ең алдымен тұрғын үй, мектеп, клуб салуды алғы жоспарға шығарды. Сонымен қатар аудандық суландыру жүйесімен келісе отырып, екі жүз метр терең сайдағы Шежін өзені суының бip бөлігін темір-бетонды арнаны қиялап салып, таңдайы кеуіп жатқан жерге шығару жұмысын қолға алуды жоспарлады. Бүгінгі тың жер – ертеңгі ағыл-тегіл алтын астық пен ет, сүт, май. Колхоз төрағасы бұл күрделі мəселені колхоз басқармасының кезекті мəжілісінде шешуді жөн көрді. «Келісіп пішкен тон келте болмас» демей ме, колхоз басқармасының мəжілісінде колхозды енді қалай жандандыру керектігі жөніндегі жоспарын айтып, басқарма мүшелерімен ақылдасады. 1977 жылдан бастап Шежін ауылында жаңа үлгідегі тұрғын үйлер бipiнен соң бірі сап түзеді. Бұрынғы көшелердің бəрі қоқыстан тазартылды. Ауыл қайта түлей бастады. Ал мұнда көшіп келген əрбір отбасына колхоз басқармасының шешімі бойынша 1500 сом мөлшерінде көмек көрсетілді. Бригада құру үшін ең алдымен тұрғын үй мен еңбек адамы керек. Бұл проблеманы шешу де жедел қолға алынып, қарқынды түрде жүргізілді. Су құрылысының құрылысшылары да «Жауыр тоғанның» ізімен темір бетонды арнаның құрылысын бастады. Бip кездегі елі кетіп, жері құла-зып қалған ауыл танымастай боп қайта түледі. Бастауыш мектеп, клуб, медпункт, дүкен, моншасы бар. Автобус қатынайды».

Осылайша Ыбрайымжанның тынымсыз еңбегінің арқасында ауылдың сөнген оты қайта жанданып, тіршілік қайта басталады, еңбегі жанып, елдің батасын алады.

ДОМАЛАҚ АРЫЗДЫҢ СЫРЫ

«Əкемнің еңбегі үкімет тарапынан жоғары бағаланып тұрды. Əрине, ол бұған қуанды, жігерлене түсті. Бірақ ол кісі ешқашан атақ немесе марапат үшін жұмыс істеген жоқ. Əрдайым халықтың мүддесін өзінің мүддесінен артық көрді жəне осы ұстанымынан өмірінің соңғы күндеріне дейін айныған жоқ. Ол жұртпен біте қайнасып өскен, бірге сырласқан, қуанышына да, қайғысына да ортақ болған адам еді», – дейді ұлы Тұрсын Қожахметов. Бірақ, күндіз-түні халықтың қамын ойлап, жоғын жоқтап жүрген адамның сыртынан арыз домалатқандар да болыпты.

– Сол жылы жаз айында əкем еңбек демалысына шығып, шешеміз екеуі Бурабай шипажайына жолдамамен демалуға кетіп еді. Бір күн өткеннен кейін қайтып келді. Сөйтсе, аудандық партия комитетінің жауапты қызметкері телефон соғып: «Тез қайтыңыз, сіздің үстіңізден КОКП Орталық Комитеті Бас хатшысының атына «бір топ колхозшылар» деп қол қойған арыз түсіпті. Сол арызды тексеруге облыстық партия комитетінің арнайы комиссиясы келді» – депті. Бұл жайында Садық Жұмабай: «Домалақ» арызды тексеруге арналған партия жиналысына аудандық партия комитетінің екінші хатшысы И.Рафалович басқарған аудандық партия комитетінің бюро мүшелері қатысты. Облыстық партия комитетінен келген комиссияның жетекшісі: «Колхоз төрағасы партия жиналысына қатысса кейбір коммунистер одан қаймығып ойын айта алмауы мүмкін» – деп Ы.Қожахметовті қатыстырмады. Оны өзі де дұрыс көрді. Егер шынымен қылмысы болса, жиналысқа қатысамын деп қасарысып алар еді. Жиналыс ашылды. Ы.Қожахметовтің үстінен жазылған 18 пункттен тұратын арыз оқылғанда, залдағы коммунистер еріксізден толқып кетті. Онда тіпті мынадай сөздер де бар еді. «Ы.Қожахметов колхоз есебінен үй салған. Үйіне электр энергиясын тегін пайдаланады, машина сатқан», тағысын тағылар…» – деп жазыпты.

Партия жиналысында 17 коммунист сөз сөйлеп, бəpi де арызды негізсіз деп табады. Соның өзі «халық үшін» деп жүрген адамға оңайға тимейді. Нақақтан жала жабылып отырса да, Алматыны қойып, Мəскеуге жеткен домалақ арыздың əлегіне шыдамай «жұмысты өткізіп беремін» дейді. Сонда жары Эльза:

«Арыз негізсіз болып шықты. Енді сіз жұмысты өткізіп берсеңіз, кейбіреулер «арыздағы айтылған шын екен» демей ме? Сабыр етіңіз. Cізді халқыңыз, бүкіл коммунистер қолдап, ақ екеніңізді, таза екеніңізді айтыпты. Одан артық қолдау болмайды. Жұмысты өткізгеніңіз – олардың ceнімін аяққа басқаныңыз»,– деп шəй беріп отырып басу айтады. Осы сөзден кейін төрағаның ашуы сейіліп: «Барлық коммунист арызды жала деп, шындықтың бетін ашып берсе, мен неге кетуім керек? Қайта колхозды бұдан да алға бастыра берейін. Сонда көрсін əлгі бұқпантай арыз жазған»,– деп белді шарт буады.

Сол колхозда елу жыл еңбек етіп, отыз жылдай басқарып, халықтың арасында жүреді. Небары 6 сыныптық біліммен колхоз басқарған адамға сол кездері күмəн келтіргендер көп болған. Бірақ, жастайынан шаруаға араласып, бəрін өзі атқарып, одан сабақ ала білгенінің арқасында білікті төраға болды. «Егер мен барлық оқуды бітіріп кеп, бірден осы колхозға төраға болсам, дəл қазіргідей басқара алмас едім-ау деп ойлаймын. Ауылшаруашылығын басқару үшін алдымен қатардағы колхозшы боп жұмыс icтеу керек. Ең төменгі жұмысты жақсы білмей тұрып, үйдің шатырына шығып алып айғайлау кімге болса да абырой əпермес еді. Үйдің ipгeci бepiк болса, қанаты шытынап, шаңырағы шайқалмайды. Əрине, бұл менің өмірден жинақтаған азды-көпті тəжірибемнен қорытқаным» – депті Ыбрайымжан Қожахметов.

1967 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 1973 жылы Ленин орденімен марапатталды. 1982 жылы екінші рет Ленин орденін тағады. 1988 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

«Өсетін іскер маман өзі ізденіп, жұлқынып тұруы керек. Қандай жұмысты болса да жетектетпей өзі істеуі керек жəне ойланып-толғанып, тиянақты, нəтиже беретіндей етіп атқаруы тиіс». Бұл Ыбрайымжан Қожахметовтің маман тəрбиелеуде ұстанған ұстанымы. «Мектепте оқып жүрген кездерде колхоздың жүгерісін жинаудан бір күн қалдырмайтын. Ал мектепті бітірген жылы жоғарғы оқу орнына түсе алмай қалғанымда, ауылдағы басқа қыздарға қосып, құмдағы шабындыққа шөп жинауға жіберген. Осының барлығы бізді еңбек етуге тəрбиелегені екен», – деп естелік айтады қызы Рахилиям.

1950-1954 жылдары Шежін, Надек, Алтыүй, Үлкеншығандағы «Екпінді», «Қызыл кеңес», «Киров», «Молотов», «Ворошилов» колхоздары бірігіп, «Киров» атындағы үлкен колхозға айналады. Ыбрайымжан Қожахметов 1966 жылдан бастап сол ұжымдық шаруашылықтың төрағасы болады. Аз жылдың ішінде  колхоздың экономикасы əжептəуір көтеріліп, аудан асып, республика, одан одаққа танымал шаруашылыққа айналыпты. Зейнеткерлік демалысқа шығар тұста шаруашылықта 5 мың гектарға дейін жүгері өсіріліпті. Оның кеш пісетін сорттарының əр гектарынан 109-115 центнерге дейін, ерте пісетін сорттарынан 54-55 центнерден өнім жинайтын дəрежеге жеткізген. Шаруашылықтың есеп шотында 31 миллион сом, 264 мың АҚШ доллары болыпты. Қой саны 60 мыңға, ірі қараның саны 4 мыңға жетіпті.

 «ӨЗ БАЛАМ» ДЕП ӨБЕКТЕМЕГЕН

Көзкөргендердің айтуы бойынша, Ыбрайымжанның еңбекқорлығынан бөлек, əділдігі бір төбе болған екен. Қандай сөз айтса да, қандай жұмыс істесе де əділдікті əрқашан алдыға салып отырыпты. 1960-70 жылдар арасында колхоздың Іле бойындағы Қызылшелек, Омбы, Тұзкөл деп аталатын бөлімшелерінде жазғы каникулда оқушылардан шөп дайындайтын бригада жасақталыпты. Бір күні машина келіп, сигнал береді. Шығып қараса, колхоз төрағасының машинасы екен. Ыбрайымжан машинадан түсіп: «Қорықпаңдар, ауыл тыныш. Мен сендерге қашқынды алып келдім», – деді де, 9-сыныпта оқитын ұлы Маратты шақырды. Марат төмен қарап, мөлиіп машинадан түсті. Колхоз бастығы шөп жинайтын бригаданың барлық мүшелерін шақырып, жиналыс ашты. «Сендердің ата-аналарың осы колхоздың мүшелері. Сондықтан колхоздың малына жем-шөп дайындау бəрімізге ортақ іс. Мұнда бастықтың баласы колхозшының баласынан артық емес, барлық бригада мүшелері бірдей жұмыс істеуі керек. Мына менің балам Марат кешкісін өз бетімен, ауылдан келген көлікпен ауылға барыпты. Жүргізушіні жазаладым. Енді мұндай жағдай болмайды деп сенемін», –  деп дүйім жұрттың көзінше баласын жөнге салыпты. Кейіннен сол ұлы зооветинститутты бітіріп, талай жыл «Бірлік» колхозында бас зоотехник болып қызмет атқарып, кейін жеке шаруа қожалығын басқарған екен.

Күндіз-түн демей жұмыс істейтін, тіпті, өз балаларына қарауға мұршасы болмайтын колхоз төрағасы бой жазып бір демалуды мүлдем ойламайды. Осыны байқаған қасындағы əріптес-інісі: «Ыбеке, жұмыс, жұмыс деп күндіз-түні шапқылап, бала-шағаны да ұмытып кеттік. Көріңізші, балаларымыз біздің тəрбиемізді көрмей өсіп жатыр. Жұмыс істегеннен кейін демала да білу керек қой. Мына сенбіде бала-шағамызды алып, жоғары Шежін өзенінің бойына барып тынығып қайтайық», – дейді.

«Ғалым, қалай болады, онда төңіректе малшылар бар, ал астында сушылар жүгері суарып жүр. Біз серуендеп, бала-шағамызбен суды жағалап жүрсек, ыңғайсыз болмай ма? Жоқ, кейінірек болсын», – деп төраға келіспей қояды.

1992 жылы еңбек демалысына шыққан соң да қол қусырып отырмай, «Ыбрайым» жеке шаруа қожалығын құрып, оған өзінің ұлдары мен қыздарын еңбектенуге шақырады. Бір баласы мектеп директорлығын тастап, екінші баласы да басшылық қызметін тапсырып, үшіншісі де тəуір қызметін өткізіп, əкелері құрған шаруа қожалыққа мүше болып кіреді. Əкелерінің 50 жыл істеген еңбегін елеп, колхоздан берілген 35 гектар жерді игеріп, əкелерінің айтуымен колхоздан 250 қой, 25 ірі қара, мақта жинауға арналған үш аяқты трактор, Газ-53 автомашинасын сатып алып, жұмысты дөңгелетіп əкетуге бар күштерін салады. Алғашында 15 сауын сиырды өздері сатып, сүтін қалаға əкеліп сатып алып, одан түскен ақшаны өздеріне еңбекақы ретінде алады. «Əке көрген оқ жонар» дегендей, балалары да əкесі мұрындық болып бастап берген шаруаны ұршықша иіріп əкетеді.Ол өз балаларынан бөлек, бес балаға қамқор болыпты. «Мен кеткен соң бір-біріңе сүйеніш болыңдар, сыйласып, тату-тəтті өмір сүріңдер!» – деп аманаттап кетіпті. «Екінші шешеміздің төрт баласын да өз балаларынан кем көрмей, оқытты, тəрбиеледі, жетілдірді. Əкемнің кеңпейілділігі, адамгершілігі, мейірбандығы сөзбен айтып жеткізгісіз. Өмірінің соңына дейін Эльза шешемізбен тату-тəтті өсір сүрді», – дейді қызы Бахарам.

«Мен 4 жасымнан 70 жасқа дейін Ыбрайымжан əкеммен өмір жолым бірге болды. Əкеміз жұмысқа келгенде қатал болатын, уақытты дұрыс пайдаланатын, өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін, өз заманының нағыз еңбек қаһарманы еді. Уақытпен санаспай, таңның атысынан күннің батысына дейін шаруашылықпен айналысты. Бар ғұмырын колхозды көркейтуге арнады. Таңғы сағат төртте тұрып, егіс алқаптарын жаяу аралап келетін. Тіршіліктің қиындығынан ерте есейген əкеміз тұрмыс тауқыметін көп көрсе де, өзінің жеке басының қамынан гөрі, халықтың жағдайын көп ойлайтын, елін сүйген, жерін сүйген нағыз еңбекқор азамат еді. Соғыс кезінде туған ағаларынан айырылып, балалық шағын жетімдік, жоқшылықта өткізсе де, есейген шағы, қарттық өмірі өте бақытты өтті. Құда-жекжаттарымен, дос-жарандарымен жақсы араласып, немере-шөбере сүйген ақылгөй ата атанды. Басшылық қызметінде жүргенде көп адамға қолынан келгенше қол ұшын берді, аудандағы біраз басшы қызметкерлердің, жас мамандардың ұстазы болды. «Адал өмір сүріп, аянбай еңбек етіңдер, қолдарыңнан келгенше жақсылық жасаңдар, балаларыңа дұрыс тəрбие беріңдер» деп отырушы еді», – деп есіне алады ұлы Аблеким.

Ол заманның адамдары құрыштан құйылғандай қайратты екен. Үлкендерден сол заманның адамдары туралы естіген сайын көз алдымызға құрыш адамның бейнесі келе қалатыны сондықтан. Ел дегенде, туған жер дегенде шығарға жаны қалмайтын, өле-өлгенше қызмет істеп кететін адамдар сол заманмен келмеске кеткендей. Қызы Рахилиям: «Бір жылы ауылды сел басты. Сонда ініміз екеуіміз анамызға көмектесіп, аулаға кіретін суды бөгедік. Бақты, қора-қопсыны түгел лай су басып қалыпты. Анамыз істеген еңбегінің зая кеткеніне жаны ашып, жылап жүр. Əкеміз болса колхоздың шаруашылығын селден қорғап, үйге келуге уақыты да болмады. Сонда ренжіген анама: «Мен халықтың жағдайын бірінші ойлауым керек» – деп айтқаны есімде», – депті əкесі туралы естелікте. Осы бір ауыз сөз Ыбрайымжан Қожахметовтың бүкіл болмысын ашып тұрғандай көрінді. Расында, ол заманда өмір сүрген адамдар құрыштан құйылғандай еді-ау… 

Ал, тəуелсіздік тірегі болуға тиісті бүгінгі ұрпақ кімнен кем? Біз масылдық психологиядан қалай құтыламыз? Неге жеңіл өмір сүру жолдарына жүгіре береміз? «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай – 20 қадам» идеясын кімдер жүзеге асырады? Соңғы кезде еңбек туралы неге жиі айтылып жүр? Кəсіптік білім беретін оқу орындарына неліктен назар аударыла бастады? Керекті мамандықтарға оқыту мəселесі жəйдан-жəй көтеріліп жүр ме? Орта жəне шағын кəсіпкерлікті дамытуға ұмтылуымыздың астарында не жатыр? Ойлап қарасаңыз, осы сұрақтардың бəрінің жауабы біреу, ол – еңбек!

  

Ұрпақтар естелігінен ықшамдап дайындаған

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

 «Ақ желкен» журналы, №1

қаңтар, 2017 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз