Дәурен Серғазин. Елімізге танымал театр және кино актері. Бүгінде қазақ өнерінде өзіндік орны бар, жас та болса жарқын жетістіктері жетерлік жігіт. «Жаужүрек мың бала», «Жасұлан», «Қара- шаңырақ», «Ән аға» сынды телехикаялардағы рөлдерінен кейін қазақ киносындағы кассалық рекордты бұзған комедия «Брат или брак» фильмінің жұлдызы. Жақында ғана аталған фильмнің екінші бөлімі түсіріліпті. Бұл жобада да Дәурен бас кейіпкердің рөлін сомдаған екен. Өзі туралы, фильм жайлы, өзге де жаңалықтары жайлы әңгіме өрбіткен едік…

– Әуелі бала Дәурен, оны қалыптастырған орта жайлы айтып берсеңіз…

– Мені қалыптастырған орта – өзімнің ауылым. Кішкене кезімнен көп баланың бірі боп ауылда өстім. Алғаш әліппенің бетін ашып, білім алдым, үлкен өмірге қанатымды қатайттым. Ата-әжемнің, әке-ше-шемнің қолында өстім, сол кісілер еңбекке баулыды. Біздің үй ауылдың шетінде еді. Өзіме қатты ұнайтын. Үйден шықсам болды, кең далаға, алысқа қарайтынмын. Қой бағамыз, кешкісін асық, доп ойнаймыз, ойын-шық мылтықпен атысып та ойнайтын едік. Сол бала кездегі достармен әлі де хабарласып тұрамыз. Қиялшыл едім, көп армандайтынмын. Қой бағып жүргенде арман-қиялым қанат қағатын. Өмірде, өнерде қалыптасуы-ма қызығы көп тартысқа толы ойындарымның, сол ойынпаз достарым-ның, мектебімнің, сыныптастарым мен мұғалімдерімнің тигізген әсері мол, әрине. Ойынға қанбай өстім. Көп ойнайтынмын. Әсіресе допқа құмармын. Аға-әпкемнен қалған кітаптар болатын, соларды оқып өстім. Керемет кітап оқымасам да, энциклопедияларды оқитын едім. Ауылдың көркем табиғаты да осылай қалыптасуыма әсер етті.

– Киноға қалай келдіңіз?

– Біз оқу бітіріп, Астанаға келдік. Театр ашып, сонда өнер көрсетіп жүрдік. Ол кезде Ермек Аманшаев Астанада әкімнің орынбасары болып қызмет етті. Кейін «Қазақфильмнің» басшысы болды. Белгілі продюсер Арман Асенов «Жастар» сарайының директоры болатын. Сол кісілер біздің спектакльді көріп, сол арқылы таныстық. Сосын алғаш киноға тарт-қан еді, яғни кастингке шақырды.

Алғаш Игорь Кончаловскийдің «Қара майор» туралы «А»-ға оралу» деген киносы түсірілді. Арман Асенов ағамыз продюсері болды. Ең бірінші жұмыс істеген режиссерім осы кісі. Ол фильмде бас кейіпкердің баласының рөлін сомдадым. Ермек Аманшаев пен Арман Асенов ағаларымызға айтар алғысым шексіз. Киноға сол кісілердің арқасында қадам бастым. Осылай жолым ашылып, кинодағы рөлдерім жалғасын таба берді. «Жасұлан» сериалы, «Жау жүрек мың бала», «Алдар көсе» деген сияқты…

– Театр және кино актерісіз, театр режиссерісіз, әншілік, ком-позиторлық өнеріңіз бар екен, тағы қандай қырыңыздан көрінгіңіз келеді?

– Негізгі мамандығым – театр және кино актері. Өзімді толыққанды режиссер деп айта алмаймын. Айт-пайтын да шығармын. Бірақ театрда анда-санда қойылымдар қоямын. Бұл актерліктен тыс, ішкі жандү-ниедегі актерлікке сыймайтын кейбір нәрселерді сыртқа шығару. Әлемге деген көзқарасым, азаматтық позициям. Соны режиссерлікте көрсетемін. Ол жерден ала алмаға-нымды кейде ән шығарып ермек етем. Өзіме істеп жатқан нәрселерім өзіме ұнайды. Содан ләззат аламын, қуатымды соған жұмсаймын. Ойымды бөлемін. Менің қырымның бәрі осы театрмен байланысты. Театр – жан-жақты синтездік өнер. Ол жерде ән де айтасың, би де билейсің, спорттың да қатысы бар, фантазияңды оятасың, кейде жұмысшы боп кетесің. Түрлі аспапта ойнау керек болады. Бола-шақта кинорежиссер ретінде бақ сынап көрсем деген ойым бар. Бірақ ол болашақтың еншісінде. Оған білім, уақыт, көп тәжірибе керек. Тіпті жазғым да келеді, ойымда біраз нәрсе бар. Бірақ осы бойымдағы барға да шүкіршілік етемін.

– Еліктейтін, үлгі ететін тұлғаңыз бар ма?

– Дәл мына кісі деп үлгі тұтатын, еліктейтін тұлғам жоқ. Тек өнер жолында сыйлайтын, қадірлейтін өнер адамдары бар. Олар елімізде ғана емес, шетелдік, ресейлік актерлер, режиссерлер. Солардың жеткен жетістігі мені жеңіске ынталандырады. Олардың жасаған дүниесіне қарап тамсанып, бағындырған биіктеріне қарай жолымды бағдарлаймын. Солар жет-кен жетістікке жетуге тырысамын. Өнердегі өзгерістерін, жаңалықтарын қадағалап жүремін. Менің өнерге қадамымды нық бекіткен – Мэл Гибсонның фильмдері. Кім боламын деген көп сұрақ көкейімде жүргенде сол кісінің фильмдерін көргеннен кейін нақты байламға келдім. Қазір шетелде өзі спектакль қойып, өзі ойнап жүрген кісілер бар. Солардың еңбектерін көріп, солар сияқты бол-масам да, сол бағытта жұмыс істегім келеді.

– Сізді қазақтың Джеки Чаны ретінде елестете аламыз ба, әлде дархан даламыздың дара Дәурені болуды көздейсіз бе? Себебі сол актермен ұқсастықты байқаймыз…

– Джеки Чанмен салыстыруға келмейтін шығармын. Джеки Чанның еңбегі, өнері мүлде басқа нәрсе. Өзім де ондай болам деп тырыспаймын, елестете де алмаймын. Джеки Чан түбегейлі киноға берілген адам. Болмысы ерекше, өзі миллионнан бір боп жаралған өнер адамы. Біз театр мен киноны параллель алып жүрген адам болғандықтан кинода ондай жетістікке жету қиындау. Әрине, көп қозғалыс жасайтыным рас. Қозғалысқа өте әуеспін, мүмкін ата-анамнан берілген қасиет шығар, үнемі биге көңілім ауып тұрады. Қазір денсаулық барда, дененің мүмкіншілігі бар кезде неге қолданбасқа?

– Соңғы уақытта қатысқан жобаңыз – «Брат или брак 2» фильмі туралы тарқатып берсеңіз…

– Бұл менің жоспарымда мүлде болмаған. Аяқ астынан хабарласып жалғасын түсірейік деді. Мен бірден құп алмадым. Себебі, бірдеңенің жалғасын онша ұната бермеймін. Екіншіден, фильмде бір образды қайталағым келмейді. Қайталануды ұнатпаймын. Жаңа, басқа образ қызықты. Алайда, сөйлесе келе, ақылдаса келе, осы жобаның айналасындағы кісілерді ойлап, олардың еңбектерін ескеріп, келістім. Жобада жалғыз мен емеспін ғой, мақұл деп жалғастыруға бел будым. Сценарийді оқыдым, қызықты сияқты. Бірақ қалай шығары белгісіз.

Біріншісіне қарағанда қиындау екен. Актерлік жағынан, физикалық жағынан ұсынылған сахналар өте күрделі болды. Бұрын ойнап көрмеген тосын жағдай көп. Жаңадан ізденіп, жаңаша сомдауға тура келді. Бір айға жуық түсірдік. Енді монтаждау жұмыстары ғана қалды. Алдыма қойған мақсатымды, міндетімді орындадым. Ал актерлік құрам сол бұрынғы әріптестер, бәріміз таныспыз, бір-бірімізге үйренгенбіз. Шығармашылық процесс, аура маған ұнайды. Кей жерде өз ойымды қостым, режиссер ойын айтты, құлақ асып талдадық, дұрысын түсірдік. Енді қалғанын экран көрсетеді.

– Актер ретінде ұстанымдарыңыз бар ма? Рөлдерім осындай болуы керек, ол былай істеуі шарт деген сияқты…

– Қатып қалған қағидам жоқ. Әрине, кез келген мамандықтың ұстанымы болады. Маған әке-шешемнің бойыма сіңірген тәрбиесі, мектеп-тегі, академиядағы ұстаздарымның берген білімі, бәрі ұштасып келіп, мамандығыма деген көзқарас қалып-тастырды. Кез келген жобада, қойы-лымда рөліме 100 пайыз берілем. Үлкен-кіші, ақшасы көп немесе аз деп бөлмеймін. Себебі маған баға беретін халық. Халықтың алдына қалай болса солай шығуға болмайды. Ең бастысы өзіме ұнауы керек. Ұнамаған іске кіріспеймін. Үшіншіден, қандай кино немесе қойылым болсын, халыққа берері болуы керек. Өнерім тек белгілі бір сұраққа жауап қана емес, көрерменнің көңіл-күйіне әсер етуі қажет. Көрермен сенің ойыныңнан сабақ алып, ой түйіп, қуанып не күрсініп қайтуы керек. Әйтеуір оның қоғамға, мемлекетімізге бір берері болуы керек. Өнер – бумеранг сияқты. Оған 100 пайыз кіріссең берер ләззаты, қошеметі 100 пайыз болады. Сондықтан бар ынтаммен, шынайы ниетіммен ойнауға тырысам. Мен әркез шынайылықты, логиканы іздеймін. Логикасы жоқ оқиғалар өтірік, жасанды шығады. Өзімнен де шынайылықты талап етемін. Себебі көрерменді сендіру үшін шынайылық керек. Кейде көпшіліктің «қазақ актерлары ойнай алмайды, орыстарға жетпейді» деген сөздері жаныма батады. Сол үшін барымды салам, әріптестерімнен де соны талап етемін.

– Қазақ киносындағы кемшіліктер қандай? Оны шешу жолдарын ұсына аласыз ба?

– Қазақ киносында кемшіліктер бар… Жалпы әлемдік кинода да бар. Кейде кемшілігіміздің артықшылығы болатын тұстары да болады. Біздің кемшілігіміздің басты себебі – халық санының аздығы. Меніңше көп нәрсе санға байланысты сияқты. Бізде жақсы режиссерлер бар, бірақ аз. Сценарий жазу жағы ақсап жатыр. Жақсы жазатындар саусақпен санарлық. Ал жай ортанқол дүние жазатындар көп. Театрда болсын, кинода болсын, бәрі сценарийден басталады. Екіншіден, қаржы мәселесі. Көп нәрсе қаржыға тіреледі. Бізде сапасыз кино көп. Сапасыз дүниені шеберлігі әлсіздеу режиссер түсіреді. Ол актерден шынайылықты, қалай ойнау керек екенін талап ете алмайды. Талап болмағасын актер де шынайы ойнап шыңдалмайды. Бірақ жақсы киноларымыз да жетерлік. Шалыс баспай, қателеспей алдыға ұмтылу мүмкін емес. Қуанарлық жайт – дамып жатырмыз. Бірақ өте баяу. Сосын бізде компьютерлік графика, спецэффект жағынан маман-дарымыз өте аз. Болашақта бәрі жолға қойылады деп ойлаймын.

– Балаларға қандай фильмдерді көруді ұсынасыз?

– Әр ұлт, әр азамат өз тарихынан, өз әдебиетінен сусындауы керек. Ұлттық киноларымыз жетерлік. Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақ-баевтың түсірген жақсы фильмдері бар. Осыларды көру міндетті, себебі олар біздің тарихымыз, дәстүріміз. Бірақ нақты мынаны көріңдер деп айтпаймын. Әр адамның қалауы әртүрлі ғой.

– Бала кездегі арманыңызға жеткен сияқтысыз, ендігі арманыз қандай?

– Ең бастысы – отбасы бақыты. Бала-шаға аман-есен ержетіп, жақсы азамат болып қалыптасса, әке-шеше аман болса деймін. Екіншіден, өнерде Алла белгілеп берген биікке жету. Ешкімнің ала жібін аттамай, өтіріксіз, сатқындықсыз адал жолмен, өз еңбегіммен халықтың батасын алу. Сол батамен өнердің белгілі бір биігіне шығып, артымызда халыққа берері бар өнер қалса, сол – өнер адамының арманы.

– Құпия болмаса, алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз.

– Өнер адамының жоспары өнерге байланысты. Театрда жаңа қойылымдар қою, режиссерлік машықты дамыту, жаңа образдар сомдау. Кинода да сәті түссе комедиядан басқа ауыр-ауыр рөлдерге көшу. Мюзикл қоюға тырысу. Кино мен театрдың жаңа қырларының қызығын көріп, қиындығын жеңу. Алла қаласа, жаңа белестерді бағындыру.

– Әңгімеңізге рақмет. Арманыңыз бен жоспарларыңыз орындалсын, шығармашылық табыс тілеймін!

Сұқбаттасқан
Думан БАҚЫТКЕЛДІ

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз