Бақтияр Əкімжанов деген ұлттық өнерді дəріптеп жүрген замандасымыз бар. Алматыдағы №12 балалар музыка мектебінде дəстүрлі əн бөлімі бойынша сабақ береді. Əр шəкіртінің жетістігіне балаша қуанып жүреді. Əлеуметтік желіде де, былайғы өмірде көріп қалсаң да «мынадай балам байқауға қатысып, лауреат болды» деп сүйіншілеп тұрады. Балаларыңызды көрейікші деп редакцияға арнайы шақырдық. Үш шəкіртін ата-анасымен ертіп келіпті. Жандарында ақ жаулықты əже де бар. «Біздің əжелеріміз сұхбат түгілі əр сабағымызға қатысады. Үйде дайындайтын осы кісілер. Немерелері əнді дұрыс айтпай қалса, ескерту жасап отырады. Бұлардың мектептегі бапкері мен болсам, үйдегі бапкерлері – əжелері», – дейді Бақтияр. Қазақ өнерінің қадірін осы кісілерден артық кім ұқсын дейміз. Жасы сескенге таяса да жаулығына сүрініп, немерелердің тілеуін тілеп жүрген əжелерден айналдық!

13-15 жас шамасындағы жас əншілер редакцияға  ұяла кірді. Өйткені, алғашқы сұхбаттары ғой. Ақарыс Бияхмет пен Алуа Бауыржанқызы №30 Д.Снегин атындағы аралас мектептің, ал Жайсаң Нұғманова Ш.Уəлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназияның оқушылары екен. Бақтияр сабақ беретін мектепте музыка бойынша қосымша оқиды. 

Қазір екі баланың бірі «жұлдыз» болғысы келетін заманда бұл балалардың не себепті дəстүрлі əн мектебін таңдағанын қызық көрдік. Əуелгі сұрақты да содан бастадық. «Ер азамат» деп екі қыз бірінші сөзді орталарындағы Ақарысқа берді. «Дəстүрлі өнердің əсері ғой» деп оған да ішіміз жылып қалды.

Ақарыс: Менің ата-анам əн айтады. Екі атам да ақын болған, айтысқа қатысқан. Ол кісілерді Шығыс Қазақстан аймағы жақсы біледі. Кішкентайымнан домбыраны көріп өскесін қолыма домбыра алуым кездейсоқтық емес.

Алуа: Біздің отбасында өнер жолында жүрген ешкім жоқ. Əжем жақсы əн айтқан екен. Мені дəстүрлі музыкаға алып келген Гүлсім Арысбаева деген апайымыз. Ол кісі №30 мектепке музыка пəнінен сабақ беруге келгенде, менің даусымды тыңдады. Ұнатқан болуы керек, қолымнан жетелеп дəстүрлі музыка сыныбына оқуға қосты. Өзіме де эстрадаға қарағанда, дəстүрлі əн ұнайды. Себебі, дəстүрлі əн – қазақтың тарихы. Оны ары қарай  дəріптеу біздің парызымыз. Домбыраны қолға алып, əуелетіп əн салғанда қазақы қаның ойнап кетеді. Сондай əсері үшін де бұл өнерді жақсы көремін. Оның үстіне эстрадамен əн айту кез келгеннің қолынан келеді. Ал біз ұлттық əндерді айтқанда сол кездегі сезімді береміз. Дəстүрлі əншілер əн айтқанда, жанын жеп айтады. Эстраданы да қосымша алып жүремін. Өйткені, күн сайын домбырамен əн салып жүрген адамға еш қиындық жоқ.

Жайсаң: Мені де Гүлсім апай шақырды. Жаңа нəрсені байқап көру қызық болды. Ұнап қалды. Эстраданы да қосымша алып жүру ойда бар. Мысалы, Рамазан Стамғазиев, Айгүл Қосанова секілді аға-апаларымыз екі жақты да тең ұстап жүр. Эстрада танылуға жақсы. Ал əр өнер адамы танымал болғысы келеді деп ойлаймын.

Ұлан: Өткенде ағайларың сендерді байқауларда жүлдемен оралып жүр деп еді. Сол жайында өздерің айтып беріңдерші…

Ақарыс: Жақында П.Чайковский атындағы колледжде дəстүрлі əншілердің байқауы өтті. Республиканың түкпір-түкпірінен əншілер келді. Ол байқауға колледж студенттері де қатысты. Сонда осы отырған үшеуміз де лауреат атандық.

Алуа: Қолыма домбыра ұстағаннан кейін ең бірінші «Айгөлек» байқауына қатыстым. Одан кейін қалалық, республикалық байқауларда топ жардым. Айта берсем, көп. Байқауларға қатысқанда орын алғаным үшін қуанбаймын, тəжірибе жинағаныма қуанам.

Жайсаң: 8 жасымда Италияда халықаралық байқауға қатыстым. Əлемнің əр елінен балалар келді. Ол кезде мен қазақтың ұлттық өнерінің арқасында 3-орын алдым.

Ұлан: Жаңа өздерің де дəстүрлі əн орындау тарихты оқытады дедіңдер. Осы орайда, сендер не оқып жүрсіңдер? Қазақ композиторларын жақсы білетін шығарсыңдар…

Алуа: Біз Арқа, Жетісу, Батыс мектептерінің əндерін қатар орындаймыз. Ағайымыз бір əнді үйретерде сол əннің қай кезде, қандай жағдайға байланысты шыққанын мұқият айтып береді. Яғни, əнді айтпас бұрын ол əнді сезінуің керек. Мысалы, мен Сəуле Жанпейісова, Айгүл Қосанова апайларымыздың əндерін жиі тыңдап, сол кісілердей əнді халыққа бір дыбысын бұзбай жеткізгім келеді.

Ұлан: Күніне қанша сағат дайындаласыңдар? Дауыстарыңды күту үшін не істейсіңдер? Бибігүл Төлегенова апаларың əлі күнге дейін таңертең ұйқыдан тұрғанда, дауысын «оятады» екен. Барлық өнер адамдары секілді өздерің де «өнер жолы – қиын жол» дейсіңдер. Ал қиын болса, оны қалай дəлелдейсіңдер?

Жайсаң: Тамағымызды үнемі күтімде ұстаймыз. Дауысты оятқанда, Бибігүл апамыз секілді біз де ақырын əн айтамыз. Бірден айқайлап кетпейміз. Айқайласаң, «связкалар» үзіліп кетуі мүмкін.

Алуа: Бақтияр ағайымның кеңесіне құлақ асамын. Дауысымды қыздырар кезде ыңылдап қана жүремін. 10-нан кейін ғана қолыма домбыра аламын.

Ақарыс: Біздің сабағымыз аптасына екі рет болады. Бірақ, бұл екі күн ғана əн саламыз деген сөз емес. Үйде əн айтып жаттығамыз. Ағайымыз үйде жасайтын жаттығулар береді. Мысалы, ішпен демалуды үйренеміз. Ішпен демалып үйренбесең, кейбір əндерді созып айтқанда дем жетпей қалады.

Ұлан: Қандай жаттығулар жасайсыңдар? Сендердікіндей ағайлары жоқ балалар біле отырсын…

Ақарыс: Резинасы қатты шарлардың көмегіне жүгінеміз. Кеудеге емес, ішке дем жинаймыз да, шарды үрлейміз. Қанша дем шығарсаң, шар соншалықты үрленеді. Шармен осы жаттығуды көп істей берсең, шарың да үлкейе береді. Шардың үлкейгені – ішіңдегі демнің дұрыстала бастағаны деген сөз. Сосын əн айтып отырғанда мұрынмен демалып үйрену керек. Ауызбен демалсаң, əнге қосалқы дыбыстар қосылуы мүмкін.

Алуа: Шардан басқа тағы бір жаттығуымыз бар. Айнаға қарап іштегі демді сыртқа шығарып, қайта демалып, іштегі ауамен ішті қозғалтып итеру керек. Ол өте жақсы көмектеседі.

Ақарыс: Көптеген балалардың қателігі – əн айтқанда жағын ашпайды. Жақты дұрыс ашпағаннан үндестік заңы сақталмайды. Содан тыңдарман əннің сөзін түсінбей қалып жатады. Əн айтып отырғанда айнаға қарап, жағымыздың ашылуына да мəн береміз. Айнаға қарап əн айтудың тағы бір жақсы жері – кеудемен демалып қойған сəттеріңді өзің біліп қоясың. Себебі, иық көтеріліп кетеді. Əн айтқанда иық көтерілмеуі керек.

 

Ұлан: Бəрекелді! Бірақ, осы сендер əн деп жүріп, басқа сабақтарды қалдырып қоймайсыңдар ма?

Алуа: Үшеуміздің де  есейгенде өнер жолында қалғымыз келеді. Чайковский колледжінен бастап оқып, сол саладағы білімімізді жетілдіріп, дамытсақ дейміз. Алла тағала əр адамға мүмкіндік береді екен.

Бізге дауыс берген шығар. Сол сыйды күтіп, дамытқан жөн болар. Сонымен қатар,  өзім тіл оқығанды ұнатамын. Кейін қазақ өнерін əлемге дəріптегенде, тіл білгеніміз өзімізге жақсы ғой.

Ұлан: Сендерге тек сəттілік тілейміз! Армандарың орындала берсін!

Сұхбаттың соңында үшеуі де əн салды. Расында да, олар əн айтса, жандарын жеп айтады екен.

Жадыра НАРМАХАНОВА

«Ұлан», №12

21 наурыз, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз