Биік таудың баурайында бұралып аққан өзен болушы еді. Екі жағы сыңсыған ағаш. Сол өзеннің жағасында бір кісі жасы он, он бірлер шамасындағы баласын ертіп қой бағып жүрді. Бала әрнеге әуес. Әкесі қасында болғанда, тынбай сұрақ қойып, сөйлеп жүрсе, оқшау қалғанда, жан-жағына қарап, табиғатты тамашалайды. Бұл баланың аты Ақжол еді. Ақжол сәлден соң биік өскен кәрі қарағайға тап болды. Мұндай алып ағаш көрмеген ол аңтарыла қарап аз тұрды. Жүре бергені сол еді, қарағай бұтағынан әлдененің төмен сырғып түскенін байқады. Қараса, жұдырықтай сұр жағал балапан екен. Қара қылтанақ қанаттары дір-дір етіп, әлсіз тыпыршиды.

Кешікпей үлкендігі кептердей сары ала құс дәл төбесіне келіп, безектеп тұрып алды. Не алыстамайды, не биіктеп ұшып кетпейді.

Бала не істерін білмей, аз бөгелді де, ақыры әлгі балапанды қолына алып, тұра жүгірді

– Әке, мынаны қарашы, – деді әкесі жақын келгенде алақанындағы балапанды көрсетіп. – Қарағайдың бұтағынан құлап түсті. Бір қарап алған әкесі:

– Бекер істегенсің, балам, – деді басын шайқап. Сөйтті де төбеде айналақтап жүрген құсты нұсқап:

– Күйкентай деген құс осы, – деді күрсініп.

– Осыдан бір ай бұрын сен қатты ауырдың. Түнімен от болып қызып, ертесі тағы оңалмадың. Сонда шешең екеуміз нақ мына күйкентайдай шыр-пыр болдық. Анаң ертеңгі шайын ішпей, сені дәрігерге қарату үшін жол жүріп кетті. Сондағы көрген азабымыз… есіме түссе, төбе шашым тік тұрады…

– Онда, – деді есіне әлдене түскен бала бұртия сөйлеп. – Мына құс та менің шешем тәрізді болғаны ғой.

– Дәл солай. Өз баласы үшін аң да, құс та, жәндік те отқа түседі. Ал енді не істемексің?

Бала бір сәт ойға батып, тұрып қалды. Сәлден соң жіті қимылдап, кәрі қарағайға өрмелеп шықты да, балапанды ұясына салды. Жан-жағын жөндеп қойып, жерге түсті.

Құс осы кезде жаны жай тапқандай тына қалды.

Өзі ауырғандағы шешесі туралы әңгіме бала жанына қатты әсер еткен еді. Сол күні ол көпке дейін өзімен-өзі болып, үнсіз ойға батты да жүрді.

«Балдырған» журналы, №8
Тамыз, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз