Біріккен Ұлттар Ұйымы 2013 жылы 19 қарашаны дəретхана күні деп белгілепті. Unilever компаниясының атаулы күнге арнаған шарасына бармасақ, біз де білмеген екенбіз. Əріптестердің «қандай шараға шықтың?» деген сауалына да «бір компанияның шарасы» деп ашығын айтпай зып бердік. «Дəретхана күніне» барам деп қалай айтасың? Ал шарадан шыққан соң өзімнің надандығыма қысылдым. Қазақстанда таза əрі қауіпсіз дəретхана мəселесі ушығып тұр. Ұзақ жолға шыққан кездегі жолда тоқтайтын дəретханалар мен пойыздағы əжет өтеу орындарын былай қоялық. Жұмыс орнының өзінде
дəретхананың таза тұрған уақытынан лас боп жатқан кезі көп. Одан ересектер ғана емес, балалар да вирус жұқтырып жүр.

Студент кезімде еңбек демалысын ала сала əлемді шарлап кететін бір ағайымыз болды. Саяхаттары, əр елдің менталитеті туралы айтып беретін. Былай деп айтқаны есімде қалыпты: «Қанша мемлекетті араласам да, дəретханасы өте нашар екі елді ғана білемін. Олар: Үндістан мен Қазақстан». Үндістанның жағдайына қарасақ, халық санының көптігінен дəретхана жетпейді екен. Ал бізге не жоқ? Бар болғаны дəретханада азаматтар өзін қалай ұстау керек екенін білмейді. Немесе «жинайтын адам бар, менің жұмысым емес» деген оймен жүреді.

Əлемде 4,5 миллиард адам таза, қауіпсіз дəретханаға қол жеткізе алмай отыр. Жоқ, бар мəселе суда емес. Санитария үшін ауыз суды пайдаланбайды. Техникалық су да жарай береді. Бəріне кінəлі – суды жеткізудің дұрыс ойластырылмауы мен инфрақұрылымның əлсіздігі. Соның кесірінен жыл сайын миллиондаған адам су жетіспеу, санитария мен гигиенаны сақтамаудан туатын аурудан көз жұмады. Көбі балалар. Оның ішінде Қазақстан да бар.

Компания «Мектеп» кампаниясы аясында 2016 жылдан бері еліміздегі мектептерге Domestos тазалағышын тегін үлестіріп келеді. Биыл Қазақстандағы 1000 мемлекеттік мектептің оқушыларына жеке гигиенаны сақтаудың маңыздылығына байланысты ашық сабақтар өткен. Бұл мектептерде жалпы 1,3 миллион бала оқиды. Сондай-ақ 500 тазалық қызметкеріне де тренингтер өткізіпті. Бастаманы халықаралық деңгейде ұйымдастырудағы мақсат – 2020 жылға дейін 25 миллион адамның таза дəретханаға қолы жететіндей жағдай жасау.

Мектептегі гигиена сақтау не үшін маңызды? Біріншіден, таза, жақсы жұмыс істейтін дəретхана табиғи қажеттілік үшін керек. Əңгіме тіпті физиологияда ғана емес, психологияда. Unilever Turkey компаниясының менеджері Мерве Етиктің айтуынша, балалар лас дəретханаға барғысы келмейді, дəрет қысып отыра береді. Ал олай ету денсаулыққа зиян. Мұны екінші аргумент дейік.

– Үшіншіден, балалардың үлкендерге қарағанда оқығанын «қағып алатынын» білесіздер. Сол себепті үлкендерден бұрын балаларға дəретхананы ұстау тəртібі туралы айтсақ, болашағымыз біз елестеткеннен де жарқын болатыны анық. Бастама Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де қолға алынып жатыр. Компания əр елдегі проблемаға қарай əрекет етеді. Мəселен, Үндістанда дəретхана ғимараты жетпейді. Сондықтан біз дəретханалар саламыз. Ал сіздердің елдеріңізде дəретхананы ұстауға байланысты тренинг өткізіп, тазалағыш заттарды таратамыз. Жыл сайын компания дəретханасын толықтай жаңартып беретін мектепті таңдайды. Биыл Алматыдағы №35 мектеп-гимназияның дəретханасын жаңартып бердік, – деді менеджер.

Бұл мектеп 70-жылдары салыныпты. Мектепке жөндеу жұмыстары жүріп отырғанымен, дəретхана сирек жөнделетін. Бұрын дəретхана табақтарының
арасында қабырғалар болмаған. Одан, əрине, балалар ыңғайсызданады. Əрі санитарлық техника да ескі. Қазір бəрі жаңарды.

Бүгінде бастамаға «Мейірімділік» қорының директоры Аружан Саин қолдау білдірді. Қоғам қайраткері елімізде канализациясы жоқ, дəретханасы далада, үйден алыс орналасқан өңірдің көп екенін айтты. Ал біз ол айтып отырғаннан да көп дер едік. Мен танитын адамдардың бəрінің ауылында дəретхана сыртқа салынған. Қалада қарашаның суығында дəретхана үшін қадам аттай салатындықтан, ауылдағы ағайынды ойлап бір мұңайып аламыз.

– Ауыл балаларын да сапалы дəретханамен қамтамасыз етсе екен дейміз. Ал денсаулық тұрғысынан мүмкіндігі шектеулі балалар ше? «Ерекше» балалардың дəретханаға баруы да «ерекше». Біз вирустан қатты қауіптенеміз, – деді Аружан
Саин.

Компания Қазақстандағы кеңсесінде қызықты тəжірибе өткізіпті. Бір күнде барлық қабаттағы дəретханаларды жауып тастап, тек бірінші қабаттағысын ғана ашып қойған. Əрине, қызметкерлер мұндай жағдайды күтпеген еді. Дəретхананың аздығына наразы болып, ашулана бастаған. Мұнымен дəретханасы жоқ адамдардың жағдайын басынан өткізіп, сезініп көруді мақсат етіпті.

– Дəретхана – бала өзімен- өзі қалатын орын. Онда мектеп директоры да, ата-анасы мен ата-əжесі де жоқ. Дəретхананы пайдалану адам мəдениетінің деңгейін көрсетеді. Оған əлеуметтік өмір дегеннің қандай болатынын түсіндіріп тұрады. Бала əдемі, жарқын мектепте таза дəретхананы көріп өссе, есейгенде де қоршаған ортаны ластамайды. Сондықтан жарнама ма, жоқ па деп отырмай, бастаманы қолдаймын, – деді қоғам белсендісі Адель Смит.

Ал балаңыздың мектебіндегі дəретхананың жағдайын білесіз бе?

Таңшолпан
БЕГАЛЫҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №48
27 қараша 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз