Әлихан биыл мектеп табалдырығын аттады. 1 «А» сыныбының оқушысы атанды. Кеше Білім күні мерекесіне оны әжесі ертіп барды. Бұдан былай да оны мектепке апару, әкелу әжесінің мойнында. Атасының аяғы ауырады. Көп жүре алмайды. Ата-анасы жұмыста. Ерте кетіп, кеш келеді. 6-сыныпта оқитын әпкесі мен 5-сыныпта оқитын ағасы да өздерімен өздері.

Әлихан үйге әжесінен бұрын жетті. Ауладағы ағаштың саясында отырған атасының қасына келіп, арқасындағы ауыр сөмкесін оның алдына тастай салды.

– Иә, батырым, не тындырып келдің? – деді атасы немересімен әзілдеп ойнайтын әдетіне басып.

– Сабақ оқып келдім.

– Ә-ә, онда көп жұмыс істеп келіпсің. Киіміңді шешіп, тамағыңды іш. Біраз демал. Сонан соң тағы да сабақ оқимыз, – деді атасы немересінің арқасынан қағып. – Әлиханның үйдегі ұстазы атасы. Оған үй тапсырмасын орындату, қосымша сабақтар оқыту атасына жүктелген.

Атасының қасынан қипақтап кете қоймаған Әлихан бір кезде:

– Ата-оу, – деді.

– Ау.

– Білесің бе…? – Әлихан сөзінің арғы жағын айтпай кібіртіктеп қалды.

– Нені?

– Біздің сыныпта бір орыс, бір кәріс бала бар. Екеуі де қазақша жақсы сөйлейді. Бүгін апай екеуін бізге жақсылап таныстырды. Бір-бірлеріңмен дос болыңдар, тату жүріңдер деді. Мен де екеуімен қол алысып достастым.

– Жарайсың, балам! Жаңа достарың құтты болсын! Адамнан адамның артықшылығы жоқ.

Ерекшелігі – тілінде, түрінде, дінінде ғана. Сенің достарың қазақша сайрап тұр екен. Қазақ тілін құрметтеп жүрген олардың ата-анасына рақмет айтып, өздерімен неге дос болмасқа…

– Ата, Олег пен Денисті кейін үйге ертіп келсем бола ма?

– Неге болмайды, болады. Біз де олармен танысайық. Аяғым жазылған соң мектебіңе барып, олардың ата-аналарымен өзім де сөйлесем.  – Атасына риза болған Әлихан үйге кетпек болып еді, атасы тоқтатты.

– Әлихан, тоқта. Мына әңгімені жақсылап есіңе сақтап ал. Жарай ма!

– Ақсақал әңгімесін бастап кетті.

– Қазақстан – көпұлтты мемлекет. 100-ден астам ұлттың өкілдері тұрады. Біздің еліміз әлімсақтан достықтың мекені, бірліктің бесігі. Қазіргі кезде де ұлттар достығы бірінші орында тұр. Елбасы Нұрсұлтан аталарыңның саясаты арқасында ешқандай ұлт араздығы жоқ. Ел іші тыныш. Елбасы 1995 жылы достығымызды паш ететін «Қазақстан халқы ассамблеясы» атты үлкен ұйым құрды. Ол ұйым бірлікті сақтап, достықты дамыту үшін көп жұмыс атқарып жатыр, – деп бір тоқтаған Әлдибек ата өзін бар ынтасымен ойлана тыңдап тұрған немересіне сүйсіне қарады.

– Ал, енді бүгінге осы жарар. Еліміздегі халықтар, олардың достығы туралы әңгіме көп. Айта берсең, таусылмайды. Кейін тағы да айтып берем. Барып тамағыңды іше ғой, – деген ақсақал немересін үйге қарай көзімен ұзатып салды.

 

 

«Балдырған» журналы, №9
Қыркүйек, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз