1 маусым – Балаларды қорғау күніне байланысты Қазақ мемлекеттік циркі қайырымдылық концертке шақырды. Концерттің негізгі көрермендері мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер мен балалар үйінің тәрбиеленушілері.

«Циркте жазғы демалыста қандай қойылым болады?» деген сұрағымызға цирк директоры Бақыт БӨКЕБАЕВ былай деп жауап берді:

– Орталық Азияда цирк әртістерін дайындайтын жалғыз оқу орны бар. Ол –Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжі. Биыл оқу бітіретін он студент көпшілік алдында мемлекеттік емтихан тапсырады. Емтиханды балалар мерекесіне сәйкес арнайы бағдарлама етіп өткіздік.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақ мемлекеттік циркінде штаттағы оркестр қысқарып қалды. Біздің басты жаңалығымыз тарап кеткен оркестрді қайта құрап, сахнаға шығардық. Табиғи нәрсе қашанда әсерлі, әдемі. Жанды әуен зал толы көрерменге әсер етуі керек. Сахнаға әрбір әртіс шыққан сайын оркестр түрлі әуен ойнатады. Цирк сахнасы – іс-әрекеттің көрінісі. Цирк сахнасында қателікке жол жоқ. Бәрі көрерменнің көз алдында өтеді. 

Биыл Елорданың 20 жылдық мерекесіне арнайы мәдени бағдарлама дайындап жатырмыз. «Ер Төстік» ертегісінің желісінде «Скиф» қойылымына дайындық жүріп жатыр. Сахнаға жаңа кейіпкерлер жаңа костюммен шығады. Лазерлік шоуды жарық ретінде қолданып жүр. Біз лазерлік шоуды ертегі желісімен күрделі сурет салмақпыз.

Студенттердің емтиханға мұқият дайындалғанын көрдік. Әсіресе, Ғалымжан оншақты орындықты біріктіріп, оң қолына сүйеніп, күрделі әдістер жасағанда, таңдай қақтық. Сахналық киімдеріне қазақтың ұлттық ою-өрнектерін әдемі үйлестіріпті. Акробат қыз-жігіттер түрлі іс-қимыл жасағанда, қол соқпаған көрермен қалмады. Колледж түлектері ерекше өнер көрсетіп, ұстаздарынан өте жақсы баға алды.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №23
5 маусым 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз