Бүгін біз үлкен екі тақырыпты бір мақалаға сыйдыруға тырысып көрмекпіз. Олардың алғашқысы – Бурабайдағы демалыс. Екіншісі – сол Бурабайда өткен блогқұрылтай.

«Жазғы демалыс жылына бір-ақ рет келеді. Ал оны Бурабайда өткізу керек». Бурабайдағы «Земляничная поляна» демалыс орнында өткен екі күндік шарадан соң біз осындай шешімге келдік. Қандай шара екенін сəл кейінірек айтайық. Алдымен сұлу Көкшенің табиғаты туралы əңгімелейік.

Қазақстандағы Швейцария. Сұлу Көкшенің табиғаты. Бағасы қымбат Бурабай… Мұндай аңызға бергісіз əңгімелерді əркімнің аузынан естиміз. «Мың рет естігеннен бір рет көрген артық». Көрдік Көкшені. Айтса, айтқандай-ақ екен.

Бурабайдағы мені таңғалдырған алғашқы нəрсе – тазалық. Ауаның, табиғаттың, қоршаған ортаның тазалығы. Ауаның таза болғаны сондай, тоймай тыныстай бергің келеді. Ертегі де, аңыз да емес – айтқанымның бəрі ақиқат. Ауасы таза болғандықтан, мұндағы ағаштардың жапырақтарына шаң да қонбайды. Қанша қаланы, қанша ауылды көрсем де жапырақтары жап-жасыл, шаң-тозаң қонбайтын ағашты тек Бурабайдан кездестірдім. Қарапайым үй өсімдіктерін де ай сайын, кейде апта сайын шаң-тозаңнан тазартып тұратындар үшін бұл жақтың тазалығы таңғаларлық дүние.

Екінші ұнағаны – тыныштық. Біз орналасқан демалыс орны у-шудан аулақ орналасқандықтан ба, əлде суға шомылу маусымы əлі қыза қоймағаннан ба, əйтеуір, демалысымыз тыныштықта өтті. Шетелдік туристер көп екен. Бірақ бəрі тып-тыныш. Сосын демалушылардан «Бурабайда бəрі қымбат» деген сөзді жиі еститінбіз. Бұл – миф. Бурабайдағы баға еліміздің басқааймақтарындағы демалыс орындарымен бірдей. Қайыққа міну 500 теңге,балмұздақ 200 теңге деген сияқты. Ал жатын орынның құны расымен қымбаттау. Сондықтан Бурабайға бір күнге ғана саяхаттап барып қайтуды жоспарлаған жөн.

Блогер деген кім? BlogCamp не үшін керек?

Ал біз Бурабайға қалай тап болдық? Көп қазақ үшін демалыс деген ұйқы мен тамақ, теледидар пультін басқару болып көрінетіні жасырын емес. Өз еркімен қаржысын демалысқа жинайтын адамдардың қатары сирек. Біз де Бурабайға демалу үшін бармадық. Блогқұрылтайға бардық. Блогер деген кім? Блогқұрылтайдың мақсаты қандай? Алдымен осыған тоқталайық.

Күнделікті өмірде қарапайым адамдарға блогер деген атау таныс болмағанымен, олардың да қоғамда белгілі бір функциясы бар. Ғаламторға кіретін, сол жерден ақпарат қабылдайтындардың көпшілігінің блогерлер туралы жалпылама түсінігі ғана бар. «Журналист сияқты жазатын адам ғой» деп жатады. Шындығында,  блогер мен журналистің айырмашылығы көп. Блогерлік – азаматтық журналистика ретінде қалыптасқан. Екеуінің де мақсаты бір: халыққа ақпарат жеткізу, қоғамдық ой-санаға қозғау болу. Блогерлік журналистиканы алмастыра алмайды. Журналист – дəрігер болса, блогер – емші сияқты. Журналистке қателік жіберуге болмайды. Себебі, ол дипломды маман. Қоғам алдында мойнына зор жауапкершілік алған. Ал блогер ерікті болғандықтан, оның қателігі кешіріледі.

Шетелде блогерлерге деген көзқарас басқаша. Олар қоғамдағы неғұрлым жеңіл салаға маманданған. Тамақ жасау, қолөнер, тоқыма, фильмдер немесе музыка туралы əңгіме қозғайды. Ал біздің елімізде аталғандардан маңызды мəселелер көбірек. Блогерлердің тілге тиек ететіні де осы маңызды мəселелер. Алайда олар бұл салаларға маман ретінде емес, азамат ретінде пікір білдіреді.

Биыл сегізінші рет ұйымдастырылып отырған блогерлердің жиыны «BlogCamp: жазғы мектеп» деп аталды. Қатысу жарнасы – 25 мың теңге. Бұл сомаға Астана – Бурабай аралығындағы жол, екі күндік жатын орын мен тамақтану, төрт спикердің лекциясы мен семинарлары, əртүрлі шаралар кіреді. Осыған дейін жеті рет ұйымдастырылған шара тегін өтетін. Биылдан бастап ақылы негізге көшіпті. Бұған дейін блогқұрылтай Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды, Талдықорған, Тараз жəне Атырау қалаларында өткен. Шарада елуге жуық қатысушы болды. Олар Алматы, Астана, Қостанай, Атырау, Талдықорған, Шымкент пен Қызылордадан келген. Спикерлер мəтін жазу, телевизия саласы, монтаж үйрету жəне кризистік менеджмент бағыттарын қамтыды. Алғашқы спикер Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы директоры Томас Хельм болды. Ол «Дағдарыс жағдайындағы коммуникация негіздері» тақырыбында сөз қозғады. Томас Хельм медиадағы дағдарыс менеджменті, дағдарыс қайдан, қалай пайда болады, оған БАҚ-тың қандай əсері бар екенін айтып берді. Сондай-ақ, қиын дағдарыс кезеңінен кейін беделді қалпына келтіру үшін үлкен компаниялар журналистермен қандай қарым-қатынас жасауы керектігі туралы нұсқау да көрсетті.

Екінші спикер El.kz интернет жобасының жетекшісі Бэлла Орынбетова оқылымды контент жазудан лайфхак көрсетті. «Қазір мультимедиа заманы. Визуал контенттің қаралымы да, таралымы да əлдеқайда көп. Себебі біз оқырмандар ұнататын əуенге оның көңілінен шығатын бейнематериал салып, ғажайып видеолар ұсына аламыз. Бірақ, ол видеоны миллиондаған адам дəл сіз сияқты көреді. Сіз сияқты əсер алады. Ал мəтін ше? Бала кезде естіген ертегілеріміздің нұсқалары саусақпен санарлық. Ал қиялымыздағы анимациялар ше? Бір өзіміз ғана жүздеген ғаламат нұсқаларын жасадық емес пе? Ғылыми техникалық революцияны жеңетін де, жетелейтін де адамның қиялы. Кез келген продакшн студияның ғажайып шедеврінен асып түсетін контент жасауға бола ма? Әрине. Мәтін құдіреті өз тағынан тайған жоқ. Сіз оқырман қиялын самғатып, оның өзін операторға, режиссерге айналдырып жібере аласыз. Ол үшін не қажет? Жасандылығы мен пафосы, таптаурын теңеулері мен шаблон сюжеттері жоқ қарапайым да уникал мəтін жəне жазу техникасы керек. Əр адамның ішінде шебер жазушы тығылып отырады. Сіз де шытырман оқиғалардың куəгері, сезімтал романтик, теңдессіз философ болуыңыз əбден мүмкін. Енді тек жазу машығын меңгеру керек. Оқылымды контент дайындауда тақырыпқа баса мəн беру керек. Пост пен мақала тақырыбының айырмашылығын анықтау маңызды. Тақырыпта максимум 6 сөз болуы керек жəне ол контент оқылымды болуы үшін SEO-ға лайықтау керек. Ал оқырмандарға қармақ салу үшін, яғни материалды оқуға шақыру үшін алғашқы сөйлемде абстракт сұрақ, елең еткізер статистика, анықтама немесе сентиментал сөйлем болуы керек. Сондай-ақ, қазіргі жазу стилінде қысқа сөйлем, түсінікті тіл жəне шаблонсыз орамдар жоғары бағаланады», – деді Бэлла Орынбетова өзінің шеберлік сабағында.

«Қара қазан һəм тақырып дефициті» деген тақырыпты қозғаған тележурналист Нұрбек Бекбау: «Сырттай қарасаң, жарқ еткізер тақырып іздеп жүрген журналистке қара қазанның еш қатысы жоқ сияқты. Осы ғой, менсінбейміз де, ең керемет мәселе зерттеусіз қалып кетеді. Сонымен, қазан, иә?! Қош, сізде осы анемия ауруының белгісі бар ма? ХХ ғасырдың ортасына дейін бұл бай, ақсүйектерге ғана тəн ауру болған екен. Ал қазір екеудің біреуінде бар. Байып кеттік пе? Жоға! Енді не? Мəселе мынада екен. ХХ ғасырдың ортасына дейін адамдар ас-ауқатты темір қазанда жасап, темір ыдыспен ішкен. Ал бай-бағлан темірдің таты (тот) тамаққа түседі деп, алтын, күмістен ішетін болған. Негізі, темірдің таты тамаққа түскені дұрыс дейді ғалымдар. Сол арқылы организмге темір бөлшегі жетіп тұрады да, адамда анемия деген бəле болмайды. Анемия дегенің – қанның құрамындағы темірдің аздығы емес пе? Ал темір ыдыс-аяқты менсінбеген байлар осы қаназдыққа көп ұрынған. Ал қазір қай ыдыспен ас ішіп жүрміз? Зерттеуді қажет ете ме? Əрине!

Сонымен, жұрт айтып, айтып тізесі шығып кеткен дейтін тақырыптың өзінен ешкім байқамаған, ешкім ол жайында айтпаған мəселені суырып алып шығуға болады. Ол үшін 3 қасиет керек: алабөтен ойлану, креатившілдік, сараптама. Мысалы, тастанды балалар туралы тақырып күн сайын көтеріліп жатқаны сондай, адамдар бұл туралы хабарға назар аудармайтын болып алған. Ал оның түбін зерттеп, babybox, «Аналар үйі», қыз бен жігіттің қарым-қатынасы туралы көптеген жаңа əрі елең еткізетін тақырып тауып алуға болады», –  деп журналистер мен блогерлерді жаңаша ойлауға шақырды.

P.S: Бурабайдағы блогкемптен соң «Блоггер болуға əркімнің-ақ бар таласы, Сонда да олардың бар таңдамасы» дегенді түйіп қайттық. Қазақстан зайырлы, демократиялы ел, əркімнің қолында ақылды қалтафон бар, əркімнің азаматтық пікірі бар. Демек, блогер болу қиын емес. Алайда жақсы блогер болу оңай емес екенін де ескерген жөн.

Дана ҚАНАТҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №26
26 маусым 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз