Болашағы бар саланың бірі – ІТ. Бұл сала күн санап қарқынды дамып келеді. Біз аса мән бере бермейтін ІТ мамандарына шетелде сұраныс жоғары. Мәселен, Америка мен Еуропаның алпауыт компаниялары арасында ақпараттық технологияның қыр-сырын меңгерген қазақ жастарын жұмысқа шақырып, бар жағдайын жасап беріп жүргендері бар. Шетелге іссапарға шығып, саяхаттайтын көпшілікке жанға жайлы
қонақүйлерді брондаумен айналысатын Booking.com компаниясының 120 елдегі бөлімшелерінде 15 мыңнан астам адам қызмет етеді. Ал Амстердамдағы бас кеңсесінде қазіргі таңда 15 қазақстандық жұмыс істеп жүр. Соның бірі – Аман Өтемұратов. Замандасымыз бұл компанияға қалай қабылданғаны жайлы әңгімелеп берген еді.

– Шымкент қаласының тумасымын. №9 Ө.Жолдасбеков атындағы орта мектепті аяқтап, Алматы қаласындағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне оқуға түстім. IT саласындағы білімімді университетте жүріп жинадым. 2014 жылы бакалаврды аяқтағаннан соң білімімді жетілдіру мақсатында магистратураға құжат тапсырамын деп шештім. Күндіз банкте қызмет етіп, кешкісін университетке барып жүрдім. Əрқашан өзімді шыңдауға, қабілетімді жетілдіруге, мүмкіндіктерімді көрсетуге ұмтыламын. Өсіп-жетілуіме пайдасы тиетін IT төңірегіндегі көптеген конкурстарға қатысуға тырысамын. Сол уақытта мен үшін айтулы конкурстардың бірі – «IT-Планета» халықаралық олимпиадасы болды. Бұл олимпиаданы Ресейдің ірі технологиялық компаниялары ұйымдастырады. Осы олимпиадада қазақстандықтар арасында ең жоғары көрсеткішті көрсеттім. Елімізден ақтық мəреге жеткен жалғыз қатысушы болдым. «Бастысы жеңіс емес, бастысы – қатысу» деген ұранды басшылыққа алдым. Жүлде алу бұйырмаса да, көрсеткен нəтижеме разымын. Бағдарламашы болу бала арманым болды деп айта алмаймын. Болашақ ақпараттық технологияға тəуелді болғандықтан, мамандыққа қызығушылығым кейіннен пайда болды.

– Booking.com қандай компания?..

– Booking қонақүйлерге алдын ала тапсырыс беретін іргелі компаниясы 1996 Амстердамда (Нидерланд) құрылған. Компания интернет арқылы кызмет көрсетуді ұсынады. Booking қонақ пен қонақты орналастыру нысаны арасындағы дəнекер қызметін атқарады. Компанияның веб-сайтын əлемнің 43 тілінде оқуға мүмкіндік бар.

Booking компаниясының жұмыс тəртібі біздің отандық компаниялардан айтарлықтай ерекшеленеді. Booking.com-ға жұмысқа орналасу үшін білікті мамандар əлемнің əр түкпірінен жиналады. Сондықтан компания сырттан келген қызметкерге барынша қолдау көрсетеді. Бұл компанияда жеке өмір мен жұмысқа теңдей көңіл бөлу өте маңызды. Компания қызметкерлердің өнімді жұмыс істеуін қадағалап қана қоймай, демалыс шараларына да едəуір көңіл бөледі. Жұмыс уақыты қатаң бақылауда емес. Түрлі тағамдар, жеміс-жидек, сусын беріледі. Қызметкердің кеңседе кештетіп отыруына қажеттілік жоқ. Əрине, төтенше жағдайда қызметкердің көмегі қажет болып жатса, тіпті демалыс күні де жұмысқа баруға тура келеді. Офисте қызметкерлердің тынығып алуына, қолайлы жұмыс істеуіне мүмкіншілік беретін арнайы орындар қарастырылған.

Мұндағы жетекшілер қазақстандық компаниялардағы секілді бөлек кеңседе, жеке кабинетте қамалып отырғанды жөн көрмейді. Əрқашан барлық қызметкермен бір жерде жұмыс істеп, қажет болған жағдайда қоластындағы жұмысшылармен бір жұмыс үстелінде отыра алады. Қызметкерлерге əлдене түсініксіз болған жағдайда, бөлім менеджерінен көмек сұрай алады. Айтып кететін бір жайт, мұнда ешқандай күйзеліске түспейсіз. Себебі міндеттелген тапсырмаңызды уақытында орындамасаңыз немесе жұмыс барысында əлдеқандай қиындыққа тап болсаңыз, ол үшін ешқандай жаза қарастырылмаған. Компания қызметкерлердің қателіктері арқылы тəжірибе жинауына баса мəн береді. Мұндағы басты нəрсе – нəтиже.

– Booking.com компаниясына жұмысқа қалай орналастыңыз жəне қазіргі қызметіңіз қандай?

– Yvision-да жарияланған Әлібек Датбаевтың мақаласын көрдім. Әлібек – Booking компаниясына жұмысқа орналасқан алғашқы қазақ баласы. Оның әңгімесі мені қаншалықты қанаттандырып, шабыттандырғанын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Дәл сол сәттен бастап, Booking компаниясының бір мүшесі болуды көздедім. Әлібекпен LinkedIn арқылы байланыстым. Ол мені рекрутерлерге ұсынды. Нәтижесінде, сұқбат құратын күнді белгіледі. Оған өмірімдегі ең маңызды сынаққа дайындалғандай күш жұмсадым. Әуелгі сұқбаттағы сынақтардан өте алмасам да, бір жыл өткен соң бағымды қайта сынап, сынақтан сүрінбей өтіп, нәтижесінде Booking компаниясының қызметкері атандым. Қазіргі таңда Бэк-энд құрастырушы ретінде жұмыс істеймін. Адамдар қиындықсыз тіркеліп, өздеріне қажетті ақпаратты оңай алуы үшін сайттың жоғары деңгейде жұмыс істеуін бақылаймын. Сондай-ақ жаңа идеяларыммен бөлісіп, Booking компаниясының қызмет көрсету сапасын арттыруға үлес қосып жүрмін.

Шетелде жұмыс істеудің ерекшеліктері қандай? Амстердамда тұру қиын ба?

– Бізге қарағанда Еуропа елдерінде тіпті мамандықты қажет қылмайтын жұмыстарға едәуір көп қаржы бөлінеді. Шетелде жұмыс істеп жүріп, аз мерзім ішінде жап-жақсы табыс табуға болады. Сырт елде жүрген адамның ой-өрісі кеңейеді. Әлемді саяхаттап, жаңа жерлерді көріп шығуға мүмкіндігі туады, кәсіби білігі арта түседі. Дегенмен, адамның туған еліне тең келетін жер таппайсыз. Өзге елде жүргенде адамға психологиялық факторлар әсер етеді. Яғни, бөтен елдің мәдениеті, менталитеті, қағидалары тосын болады.  Шетелде жұмыс істеп қомақты табыс алғаныңыздан бөлек, тұратын орын мен тамаққа да көп қаражат жұмсайсыз. Ал Амстердам – өте көрікті қала. Бұл шаhaр өзінің алуан түрлі ғажап жерлерімен, ерекше әсерлендіретін музейлерімен, арналарымен танымал. Сонымен қатар, Амстердамды  «белесебеттер қаласы» деп айтады. Мұнда олардың түр-түрін көре аласыз. Амстердамдағы белесебеттер мөлшерімен тең келетін жер жоқ екен. Бұл өңірдің өмір сүру салты да, қаланың архитектурасы да қызық. Мұндағы ғимараттардың еркшелігі –  терезелері үлкен. Қала тұрғындары үйдің ішіне көбірек жарық түскенді жақсы көреді. Үйлердің салынғанына жүздеген жылдар өтсе де, ғажайып қалпын сақтаған. Бұл еркіндік жайлаған өңір.

– Қандай кітаптар мен фильмдерді ұнатасыз?

– Әдеби жанрдағы кітаптарға қарағанда, технологиялық кітаптарды көбірек оқимын. Бірақ әдеби жанрда оқыған кітаптарымның ішінен Грегори Дэвидтің «Шантарам», Пауло Куэльоның «Алхимик» романдары қатты ұнады. Ал технология саласында «Clean Code», «Crack the coding interview», «Design Data Intensive applications» деген кітаптарды оқуға кеңес берер едім. Қайталап көруден жалықпайтын фильмдерім – «В  погоне за счастьем», «Игры разума», «Интерстеллар», «Гладиатор».

– Сұқбатыңызға рақмет!

Назым САПАРОВА,
«Ұланның» жас тілшісі,
Əл-Фараби атындағы
ҚазҰУ филология жəне
əлем тілдері факультетінің
2-курс студенті

«Ұлан газеті», №39
25 қыркүйек 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз